Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

ҚР Бюджет кодексi
11-бап. Бюджет түсімдері



Ст. 11 ҚР Бюджет кодексi 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV



 1. Кірістер, бюджет кредиттерін өтеу сомалары, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түскен түсімдер, қарыздар бюджеттің түсімдері болып табылады.  

2. Салықтық, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер, трансферттік түсімдер бюджет кірістері болып табылады.  

3. Нысаналы трансферттерді қоспағанда, кірістер нысаналы мақсатқа ие болмайды. Кірістердің жаңа түрлерін енгізу, қолданылып жүргендерінің күшін жою немесе оларды өзгерту осы Кодекске міндетті түрде өзгерістер немесе толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.  

4. Салықтық түсімдер Қазақстан Республикасының Салық және Кеден кодекстерінде белгіленген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер болып табылады.  

5. Салықтық емес түсімдер негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге жатпайтын, Қазақстан Республикасының Салық кодексінде, кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделгеннен басқа, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде белгіленген, бюджетке міндетті, қайтарымсыз төлемдер, байланысты гранттар, сондай-ақ трансферттерден басқа, бюджетке тегін негізде берілетін ақша болып табылады.  

6. Бюджетке:  

1) мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті сатудан;  

2) мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар сатудан;  

3) мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін жеке меншікке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден не Қазақстан Республикасының заңдарында немесе халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен өзге де тәсілмен өткізуден;  

4) мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақша негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер болып табылады.  

7. Трансферттер түсімдері бюджеттің бір деңгейінен басқасына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін трансферттер түсімдері болып табылады.  

8. Бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары бюджеттен алынған кредиттер бойынша негізгі борышты қайтаруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың төленген мемлекеттік кепілдіктер бойынша талаптарды қайтаруына байланысты бюджетке түсетін түсімдер болып табылады.  

9. Мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер заңды тұлғалардың, оның ішінде мемлекеттік меншіктегі халықаралық ұйымдардың, мүліктік кешен түріндегі мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қатысу үлестерін, бағалы қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргізуіндегі өзге де мемлекеттік мүлікті сатудан бюджетке түсетін түсімдер.  

10. Қарыздар мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға және (немесе) қарыз шарттарын жасасуға байланысты бюджетке ақша түсімдері болып табылады.  

Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 ...9 10 11 12 13 ...245 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 11-бап ҚР Бюджет кодексi 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV