1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дайындалған күн - машиналар мен жабдықтардың өндіріс процесі аяқталған күн;
2) жабдықтар - машинаға орнатылатын және машиналардың негізгі және (немесе) қосымша функцияларын орындау үшін, сондай-ақ оларды біртұтас кешенге біріктіру үшін қажетті техникалық құрылғы;
3) жол берілмейтін қатер - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, машиналар мен жабдықтардың адам өмірі мен денсаулығы, қоршаған орта үшін қауіпсіздік деңгейінен асатын қатер;
4) жол берілетін қатер деңгейі - машиналар мен жабдықтардың техникалық регламенттерде және жобалау құжаттамасында белгіленген қауіпсіздік деңгейі;
5) қауіпті аймақ - адам өмірі мен денсаулығына зақым келтіретін қатері бар, машина ішіндегі немесе оның айналасындағы аймақ;
6) қауіпті машиналар мен жабдықтар - адам өмірі мен денсаулығы, қоршаған орта үшін қауіп төндіретін және осы Заң мен техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес емес дел танылған машиналар мен жабдықтар;
7) машина - ең болмаса біреуі қозғала алатын өзара байланысты құрамдас бөліктерден тұратын, энергияны, материалдарды және ақпаратты өзгертуге арналған техникалық құрылғы немесе құрылғылар жиынтығы;
8) машиналардың және (немесе) жабдықтардың жобалаушысы (бұдан әрі - жобалаушы) - машиналарды және (немесе) жабдықтарды пайдалану жөнінде жобалау құжаттамасы мен нұсқаулық әзірлейтін жеке немесе заңды тұлға;
9) машиналар мен жабдықтардың өмірлік циклы - жобалау, өндіріс, пайдалану, (соның ішінде жөндеу, техникалық және сервистік қызмет көрсету), сақтау, тасымалдау, өткізу жою және кәдеге жарату процестері;
10) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі - адам өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келуіне байланысты жол беруге болмайтын қатердің жоқтығы;
11) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігіне жауапты субъектілер - машиналар мен жабдықты жобалаушы, өндіруші, уәкілетті өкіл, импорттаушы, персонал (операторлар), пайдаланушы;
12) машиналар мен жабдықтардың сәйкестігін растау – нәтижесі машиналардың және (немесе) жабдықтардың техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда немесе шарттардың талаптарында белгіленген талаптарға сәйкестігін (сәйкестік туралы декларация немесе сәйкестік сертификаты түрінде) құжатпен куәландыру болып табылатын рәсім;
13) машиналар мен жабдықтардың сәйкестігі туралы декларация - айналысқа шығарылатын машиналардың және (немесе) жабдықтардың белгіленген талаптарға сәйкестігін өндіруші куәландыратын құжат;
14) өндіруші - машиналарды және (немесе) жабдықтарды жасайтын жеке немесе заңды тұлға;
15) пайдаланушы - машиналарды және (немесе) жабдықтарды пайдалануды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
16) персонал (операторлар) - машиналар мен жабдықтарды іске қосумен, пайдаланумен, ретке келтірумен, ағымдық қызмет көрсетумен, тазартумен, жөндеумен, сақтаумен немесе тасымалдаумен айналысатын адамдар;
17) сәйкестік белгісі - машиналардың және (немесе) жабдықтардың сәйкестігін растау рәсімінен өткені туралы сатып алушыларды хабардар ету үшін пайдаланылатын белгі;
18) уәкілетті орган - салалық бағыттылығына сәйкес берілген өкілеттіктер шегінде басшылық жасауды және машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзге де мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
19) уәкілетті өкіл - өндірушінің атынан сауда жүргізуге (жүзеге асыруға) рұқсат ететін, одан алған жазбаша өкілеттіктері бар жеке немесе заңды тұлға;
20) шекті жай-күй - машиналар мен жабдықтардың одан әрі пайдаланылуы не жұмысқа жарамдылық жай-күйінің қалпына келтірілуі мүмкін емес немесе ұтымды болмайтын жай-күйі;
21) істен шығу - машиналар мен жабдықтардың жұмысқа жарамдылық жай-күйінің бұзылуын білдіретін жағдай.
2. Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының осы бапта көрсетілмеген ұғымдары осы Заңның тиісті баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.10.2018 № 184-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдардың біртұтас мемлекеттік жүйесін:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) индустрия саласындағы уәкілетті орган;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган;
4) ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган;
5) энергетика және минералдық ресурстар саласындағы уәкілетті орган;
6) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган;
7) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган құрайды.
2. Осы баптың 1-тармағының 2) – 7) тармақшаларында аталған уәкілетті органдар салалық бағытқа сәйкес машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады.
Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.12.2021 № 87-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:
1) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу;
2) алып тасталды – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3) алып тасталды – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органдардың құзыретіне:
1) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) алып тасталды – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3) машиналар мен жабдықтардың сәйкестігін растау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық және өңірлік ұйымдарда Қазақстан Республикасы атынан өкілдік ету;
3-1) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіру;
4) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
5) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, бекіту немесе келісу;
6) осы Заңның және машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін машиналар мен жабдықтарды анықтау және оларды өткізуге жол бермеу жөнінде шаралар әзірлеу мақсатында тұтыну нарығы мониторингін жүзеге асыру;
7) жергілікті атқарушы органдар оларды жасауды, өткізуді және айналысын тоқтата тұру туралы беретін нұсқаманы, ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарының нарығын қоспағанда, осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін машиналар мен жабдықтарды жасауды, өткізуді және олардың нарықтағы айналысын тоқтата тұру туралы нұсқама беру;
8) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
1. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігіне жауапты субъектілердің:
1) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы дәйекті ақпаратты уақтылы алуға;
2) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі туралы арызбен уәкілетті органдарға жүгінуге құқығы бар.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген құқықтармен қатар өндіруші:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілер әзірлеуге қатысуға;
2) Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының міндетті талаптарына сәйкес келетін ұйымдастыру стандарттарын әзірлеуге және бекітуге;
3) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін өндірістік бақылау бағдарламаларын әзірлеуге;
4) машиналар мен жабдықтардың сапасы мен қауіпсіздігі менеджментінің жүйесін енгізуге;
5) машиналарды және (немесе) жабдықтарды қалпына келтіруге (жөндеуге) немесе айтарлықтай өзгертуге (жаңғыртуға), таратуға құқылы.
3. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігіне жауапты субъектілер:
1) Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауға;
2) машиналар мен жабдықтарға байланысты қатерлерді болғызбау немесе азайту мәселелері бойынша уәкілетті органдармен ынтымақтастық жасасуға міндетті.
4. Осы баптың 3-тармағында көзделген міндеттермен қатар өндіруші:
1) пайдаланушыларға, сондай-ақ машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарға олардың талап етуі бойынша машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін куәландыратын құжаттарды беруге;
2) машиналар мен жабдықтарды "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін, пайдаланушының ықтимал тәуекелдерді бағалауы және оның тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауы үшін қажетті мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі пайдалану жөніндегі нұсқаулықпен және басқа да ақпаратпен қамтамасыз етуге;
3) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін оларды жобалау, жасау, сақтау және тасымалдау процестерінде, сондай-ақ өндіруші қатысатын жөндеу, техникалық және сервистік қызмет көрсету, жаңарту және тарату жағдайларында бақылауды қамтамасыз етуге;
4) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі туралы пайдаланушылардың шағымдарын тексеруді жүзеге асыруға;
5) егер де машиналар мен жабдықтардың қауіпті сипатты алуына әкеп соққан бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, оларды шығару процестерін дереу тоқтатуға, олардың, сатып алушылардан (пайдаланушылардан) кері қайтарып алынуын және сараптама жүргізуді қамтамасыз етуге, содан кейін бұзушылықтарды жоюдың шараларын қолдануға немесе қажет десе оларды кәдеге жаратуды немесе жоюды ұйымдастыруға;
6) машиналар мен жабдықтардың қауіптілігін оларды өткізу, сақтау, жою және кәдеге жарату сатысында сәйкестендіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
7) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес еместігі анықталған жағдайда, пайдаланушының уақтылы және тиімді ескертілуін, сондай-ақ оларды кері қайтарып алуға дейін қажетті іс-шаралар қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.
5. Осы баптың 3-тармағында көзделген міндеттермен қатар уәкілетті өкіл:
1) пайдаланушыларға, сондай-ақ машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарға олардың талап етуі бойынша машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін куәландыратын құжаттарды беруге;
2) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі туралы пайдаланушылардың шағымдарын тексеруді жүзеге асыруға;
3) машиналар мен жабдықтарды өткізу, сақтау және тасымалдау процесінде олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етуге;
4) машиналар мен жабдықтарды өткізу, сақтау, тасымалдау сатысында олардың қауіптілігін сәйкестендіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
5) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі анықталған және олар адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндірген жағдайда, пайдаланушының уақтылы және тиімді ескертілуін, сондай-ақ оларды кері қайтарып алуға дейін қажетті іс-шаралар қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.
6. Осы Заңның 3-тармағында көзделген міндеттермен қатар импорттаушы:
1) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі туралы пайдаланушылардың шағымдарын тексеруді жүзеге асыруға;
2) машиналар мен жабдықтарды өткізу, сақтау және тасымалдау процесінде олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етуге;
3) машиналар мен жабдықтарды өткізу, сақтау, тасымалдау сатысында олардың қауіптілігін сәйкестендіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
4) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі анықталған және олар адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндірген жағдайда, пайдаланушының уақтылы және тиімді ескертілуін, сондай-ақ оларды кері қайтарып алуға дейін қажетті іс-шаралар қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.
7. Осы баптың 3-тармағында көзделген міндеттермен қатар персонал (операторлар):
1) айналысқа шығарылып, пайдалану, тасымалдау, сақтау, жою және кәдеге жарату процесінде қауіпті сипаттар алуына әкеп соққан машиналар мен жабдықтарда осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны және өздері қолданған шаралар туралы уәкілетті органдарды дереу хабардар етуге;
2) машиналар мен жабдықтарды пайдалану, жою және кәдеге жарату процесінде олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етуге міндетті.
8. Осы баптың 3-тармағында көзделген міндеттермен қатар пайдаланушы:
1) айналысқа шығарылған машиналар мен жабдықтардың оларды пайдалану, тасымалдау, сақтау, жою және кәдеге жарату процесінде қауіпті сипаттар алуына әкеп соққан, осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтар туралы және өздері қолданған шаралар туралы уәкілетті органдарды дереу хабардар етуге;
2) машиналар мен жабдықтарды өткізу, сақтау және тасымалдау процесінде олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етуге міндетті.
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Машиналар мен жабдықтарды монтаждауды, пайдалануды және жөндеуді жүзеге асыру кезінде техникалық регламенттер, жүйеге арналған жобалау құжаттамасы және машиналар мен жабдықтарды пайдалану жөніндегі нұсқаулық талаптарының орындалуы қамтамасыз етілуге тиіс.
Аттракциондарды пайдалануға беру және техникалық куәландыру ұлттық стандартқа сәйкес жүзеге асырылады.
2. Машиналардың немесе жабдықтардың конструкциясына өзгерістер енгізу кезінде олардың техникалық құжаттамасында белгіленген қауіпсіздік жөніндегі талаптардың төмендетілуіне жол берілмейді.
3. Машиналарды немесе жабдықты жөндеуді жүзеге асыратын тұлға өндіруші техникалық құжаттамада белгілеген, машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, жобада айқындалған барлық шаралар кешенін орындауға міндетті.
4. Машиналарға немесе жабдықтарға монтаждау немесе жөндеу жүргізілгеннен кейін оператор (персонал), егер техникалық құжаттамада жұмыстың тиісті түрлеріне көзделсе, машиналар мен жабдықтардың қатеріне бағалау жүргізуге тиіс.
Техникалық құжаттамаға сәйкес келмейтін, жөнделген машиналар мен жабдықтар техникалық регламенттерге сәйкес келген жағдайда пайдаланылуы мүмкін.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2020 № 397-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.