Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) бағалау – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалау объектiсiнiң ықтимал нарықтық немесе өзге құнын айқындау;
2) бағалау амалы – бағалау объектiсiнiң ықтимал нарықтық немесе өзге құнын бiр немесе бiрнеше бағалау әдiсiн пайдаланып айқындау тәсiлi;
3) бағалау әдiсi – бағалау кезінде жасалатын заңдық, қаржылық-экономикалық және ұйымдастырушылық-техникалық сипаттағы іс-қимылдар жиынтығы;
4) бағалау күні – бағалау объектiсiнiң ықтимал нарықтық немесе өзге құны айқындалатын күн немесе уақыт кезеңi;
5) бағалау қызметi – бағалау қызметі субъектілерінің белгiлi бiр күнге бағалау объектiсiне қатысты нарықтық немесе осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және бағалау стандарттарында көзделген өзге құнды белгілеуге бағытталған кәсіптік қызметі;
6) бағалау қызметi саласындағы уәкiлеттi орган – бағалау қызметi саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) бағалау стандарты – бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін, бағалау қызметiнің субъектілері үшін бағалау объектісінің нарықтық немесе өзге құнын айқындауға қойылатын бірыңғай талаптар белгіленетін нормативтiк құқықтық акт;
8) бағалау туралы анық емес есеп – осы Заңның 14-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып, бағалау объектiсiнiң нарықтық немесе өзге құнын бұрмалауға алып келетін анық емес деректердi пайдаланып жасалған жазбаша құжат;
9) бағалау туралы есеп – жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жасалған жазбаша құжат;
10) бағалау туралы есептің сараптамасы – бағалау туралы есептің Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасының және бағалаушылар палатасы стандарттарының талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында бағалаушылар палатасының сарапшылық кеңесі жүргізетін зерттеу;
11) бағалаушы – кәсіптік қызметін бағалаушылар палатасы берген "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің негізінде жүзеге асыратын және бағалаушылар палаталарының біреуінің мүшесі болып табылатын жеке тұлға;
12) "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәлік – адамның арнайы теориялық білімді, практикалық икемдерді, дағдыларды және жұмыс тәжірибесін меңгеруге қойылатын талаптарға сәйкестігін растайтын құжат;
13) бағалаушылар палатасы – өз мүшелерінің бағалау қызметінің сапасын бақылауды жүзеге асыру, бағалаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құрылған, кәсіптік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым;
14) бағалаушылар палатасының қағидасы – бағалаушылар палатасы әзірлейтін және бекітетін, бағалаушылар палатасы мен оның мүшелерінің қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайтын құжат;
15) бағалаушылар палатасының стандарты – бағалаушылар палатасы әзірлейтін және бекітетін, бағалаушылар палатасы мүшелерінің көрсетілетін қызметтеріне қойылатын бірыңғай және міндетті қағидаттарды, сипаттамаларды олардың көп мәрте пайдалануына арналған талаптар белгіленетін құжат;
16) біліктілік комиссиясы – бағалаушылар палатасының "бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алуға үміткер адамдарға біліктілік емтиханын өткізу үшін құрылған мамандандырылған органы;
16-1) жосықсыз бағалаушылар тізілімі – бағалаушылар палаталарының "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) куәліктен айыру және (немесе) куәліктің қолданылуын тоқтату туралы мәліметтерінің негізінде жасалған бағалаушылар тізілімі;
17) мүдделер қақтығысы – бағалаушының, бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаның немесе сарапшының мүдделілігі бағалау туралы есептің немесе сарапшылық қорытындының анықтығына әсер етуі мүмкін жағдай;
18) нарықтық құн – тиісті маркетинг жүргізілгеннен кейін тараптардың әрқайсысы жете хабардар бола отырып, есеппен әрі мәжбүрлеусіз әрекет ететін коммерциялық мәміле нәтижесінде мүдделі тұлға мен сатушы арасында бағалау күніне актив алмасу жасалатын ақшалай есеп айырысу сомасы;
19) өзге құн – бағалау объектісінің нарықтық құнынан басқа өзге құны, оның түрлері бағалау стандарттарында белгіленеді;
20) сарапшы – бағалаушылар палатасы сарапшылық кеңесінің "сарапшы" біліктілігін беру туралы куәлігі бар мүшесі;
21) "сарапшы" біліктілігін беру туралы куәлік – бағалаушылар палатасы белгілеген, сарапшының кәсіптік білім деңгейіне қойылатын талаптарға бағалаушының сәйкестігін растайтын құжат;
22) тапсырыс берушi – бағалау жүргізу шартын жасасқан жеке және (немесе) заңды тұлға;
23) үлестес тұлғалар – бағалаушының қызметіне ықпал етуге қабілетті, бағалау объектісінің ықтимал нарықтық немесе өзге құнын айқындау жөніндегі шешімді тікелей және (немесе) жанама түрде қабылдау және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың біреуінің) қабылданатын осындай шешімдеріне, оның ішінде жасасқан мәмілеге орай тікелей және (немесе) жанама түрде ықпал ету мүмкіндігіне ие жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
24) үшiншi тұлғалар – бағалаушылар, сарапшылар мен тапсырыс берушiлер қатарына кiрмейтiн, бағалау объектісіне, бағалау қызметiне белгiлi бiр қатысы бар тұлғалар;
25) халықаралық бағалау стандарттары – Бағалау стандарттары жөніндегі халықаралық кеңес қабылдаған бағалау стандарттары.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Бағалау объектісінің бағалау туралы есепте белгіленген нарықтық немесе өзге құны шамасының анықтығы туралы, оның ішінде дәл осы объектіні бағалау туралы қолда бар өзге есепке байланысты да дау болған жағдайда, бағалау туралы есептің сараптамасы жүргізілуі мүмкін.
Бағалау туралы есептің сараптамасын бағалау жүргізген бағалаушы мүшесі болып табылатын бағалаушылар палатасының сарапшылық кеңесі жүргізеді.
Бағалау туралы есептің сараптамасы бағалау туралы есепке дау айтатын тапсырыс берушінің және (немесе) үшінші тұлғаның бастамасы бойынша жүргізіледі.
Бағалау туралы есептің сараптамасы бағалау туралы есептің сараптамасына бастама жасаған тараптың есебінен жүргізіледі.
Бағалау туралы есептің сараптамасы бағалау туралы есепке дау айтатын тұлға мен бағалаушылар палатасы арасындағы шарттың негізінде жүргізіледі.
2. Бағалаушылар палатасының сарапшылық кеңесі дайындаған оң немесе теріс сарапшылық қорытынды бағалау туралы есеп сараптамасының нәтижесі болып табылады.
Бағалау туралы есептің Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасының талаптарына сай келетіні туралы және (немесе) бағалау объектісінің бағалау туралы есепте айқындалған құнының расталғаны туралы тұжырым қамтылған сарапшылық қорытынды сарапшылық кеңестің оң қорытындысы болып танылады.
Бағалау туралы есептің Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасының талаптарына сай келмейтіні туралы және (немесе) бағалау объектісінің бағалау туралы есепте айқындалған құнының теріске шығарылғаны туралы тұжырым қамтылған сарапшылық қорытынды сарапшылық кеңестің теріс қорытындысы болып танылады.
3. Сарапшылық кеңес теріс қорытынды берген жағдайда, тапсырыс беруші бағалау туралы есептің сараптамасы үшін төлеген ақыны бағалау туралы есепті жасаған бағалаушы немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға өтейді.
4. Бағалау туралы есептің сараптамасын:
1) бағалау туралы есебіне дау айтылып жатқан;
2) осы Заңның 15-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, сарапшы жүзеге асыруға құқылы емес.
5. Бағалау туралы есептің сараптамасын жүргізу тәртібін, сарапшылық қорытындыға қойылатын талаптар мен оны бекіту тәртібін бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
6 Бағалау туралы есептің сараптамасын жүргізу үшін белгілі бір ғылым, техника, өнер немесе қолөнер саласында арнайы білім қажет болған жағдайларда, сарапшылық кеңес жүргізілген бағалау бейіні бойынша ғалымдар мен мамандар тартуға құқылы.
7. Бағалау туралы есепке дау айтатын тұлға мен сарапшылық қорытындыны берген бағалаушылар палатасы арасында туындайтын дауларды сот қарайды.
Сарапшылық кеңестің қорытындысы сот тәртібімен анық емес деп танылған жағдайда сарапшылық кеңестің мүшелері мен бағалаушылар палатасы осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жауапты болады.
1. Бағалау қызметінің стандарттарына бағалау стандарттары және бағалаушылар палатасының стандарттары жатады.
2. Бағалау стандарттарын бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
Реттелуі өзге мемлекеттік органның құзыретіне кіретін саланы қозғайтын бағалау стандарты тиісті саладағы уәкілетті органмен келісілуге жатады.
3. Бағалау стандарттары халықаралық бағалау стандарттарының негізінде әзірленеді және Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес келуге тиіс.
4. Бағалаушылар палатасы өзінің барлық мүшелерінің орындауы үшін міндетті бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларын бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органмен және өзін-өзі реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеуге және бекітуге құқылы.
5. Бағалау стандарттары Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес қабылдануы жүзеге асырылатын стандарттау жөніндегі құжаттарға жатпайды.
Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.10.2018 № 184-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3-тарау. БАҒАЛАУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
1. Бағалаушы:
1) бағалау қызметiн жүзеге асыру кезiнде осы Заңның, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң және бағалау қызметі стандарттарының талаптарын сақтауға;
2) бағалаушылардың iскерлiк және кәсiптiк әдеп кодексін сақтауға;
3) бағалау туралы анық емес есептің жасалуына жол бермеуге;
4) бір ғана бағалаушылар палатасының мүшесі болуға;
5) бағалаушылар палатасы белгілеген жарналарды төлеуге;
6) объективтi бағалау жүргiзуге кедергi келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, тапсырыс берушiге немесе бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаға өзiнiң бағалау жүргiзуге қатыса алмайтындығы жөнінде хабарлауға;
7) бағалау жүргiзу барысында тапсырыс берушiден және үшiншi тұлғалардан алынатын құжаттардың, ақпараттың сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз етуге;
8) тапсырыс берушінің талап етуі бойынша бағалаушылар палатасына мүшелігі туралы ақпарат беруге;
9) бағалау туралы жасалған есептерді бес жыл бойы сақтауға;
10) өз құқығын басқаға сеніп тапсырмай, бағалау объектiсін тiкелей зерттеп-қарауды жүзеге асыруға, сондай-ақ ол бойынша құжаттаманы зерделеуге;
11) бағалаушы мүшесі болып табылатын бағалаушылар палатасына өзі еңбек шартын жасасқан заңды тұлға туралы ақпаратты, сондай-ақ осы ақпараттың кез келген өзгерістері туралы мәліметтерді еңбек шарты жасалған және (немесе) өзгерістер туындаған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде беруге;
12) есеп жасалған күнді және оның реттік нөмірін, бағалау объектісін, айқындалған құнның түрін көрсете отырып, көрсетілген кезеңде қол қойылған бағалау туралы есептер туралы ақпаратты бағалаушылар палатасы көздеген тәртіппен тоқсан сайын беруге;
12-1) ипотека шартын жасасу кезінде, сондай-ақ кепілге салынған мүлікті өткізу кезінде қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті бағалау туралы есептердің көшірмелерін ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-інен кешіктірмей өзі мүшесі болып табылатын бағалаушылар палатасына беруге;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдардың, өзге ұйымдардың, лауазымды адамдардың, өзі мүшесі болып табылатын бағалаушылар палатасының талап етуі бойынша оларға сақтаулы тұрған бағалау туралы есептердің көшірмелерін немесе ақпаратты беруге;
14) бағалаушылардың біліктілігін арттыру курстарынан әрбір үш жыл сайын өтуге;
15) тапсырыс берушіні жосықсыз бағалаушылар тізілімімен таныстыруға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 8), 9), 12) және 13) тармақшаларының талаптары заңды тұлғамен еңбек шартын жасасқан бағалаушыларға қолданылмайды.
Бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлға осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3), 6), 7), 8), 9), 12), 12-1) және 13) тармақшаларында көзделген талаптарды сақтауға міндетті.
2. Егер:
1) бағалаушының бағалау объектiсiне қатысты шарттан тыс заттық немесе мiндеттемелiк құқықтары болса не ол осы құқықтарды иемденетін болса;
2) бағалаушының бағалау объектiсiне мүліктік мүддесі болса;
3) бағалаушы тапсырыс берушінің үлестес тұлғасы болып табылса;
4) тапсырыс беруші-заңды тұлға бағалаушының кредиторы немесе сақтандырушысы болып табылса;
5) бағалаушы тапсырыс беруші-заңды тұлғаның акционерi, құрылтайшысы, жұмыскерi, меншiк иесi, қатысушысы, кредиторы, дебиторы, демеушiсi болып табылса не бағалаушы жеке тұлғаның – тапсырыс берушiнің жақын туысы немесе жекжаты болып табылса;
6) бағалаушы заңды тұлғаның жұмыскері болып табылғанда, заңды тұлғаның басшысы не ол уәкілеттік берген адам жеке тұлғамен – тапсырыс берушімен және (немесе) заңды тұлғаның басшысымен не уәкілетті адамымен жақын туыстық немесе жекжаттық байланыста болса;
7) жасалған жария шарттардан туындайтын міндеттемелерді қоспағанда, бұл мүдделер қақтығысының туындауына алып келсе немесе осындай қақтығыстың туындау қатерін төндірсе, бағалаушының бағалау жүргізуіне болмайды.
Осы тармақтың талаптары бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаға қолданылады.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-тарау. БАҒАЛАУШЫЛАР ПАЛАТАСЫ
1. Бағалаушылар палатасы коммерциялық емес ұйым нысанында құрылады және міндетті мүшелікке негізделген, кемінде үш жүз бағалаушыны мүшелік шарттарында біріктіретін өзін-өзі реттейтін ұйым болып табылады.
2. Бағалаушылар палатасының қызметі осы Заңмен, өзге де заңдармен, бағалаушылар палатасының жарғысымен, стандартымен және қағидаларымен реттеледі.
3. Бағалаушылар палатасының мәртебесі бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган оны бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымдары тізіліміне енгізген күннен бастап алынады.
4. Бағалаушылар палатасын қайта ұйымдастыру және тарату осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Бағалаушылар палатасы:
1) бағалаушылар палатасы мүшелері жалпы жиналысының шешімі бойынша;
2) сот шешімі бойынша таратылады.
6. Бағалаушылар палатасы:
1) осы Заңның, "Өзін-өзі реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сай келмеу;
2) бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен көп бұзу;
3) Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен көп әкімшілік жауаптылыққа тартылу негіздері бойынша;
4) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 49-бабында көзделген негіздер бойынша таратылуға жатады.
Бағалаушылар палатасы таратылған жағдайда, бағалаушылар кіру жарнасын төлемей, өзге бағалаушылар палаталарына үш ай ішінде кіруге міндетті.
7. Бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалаушылар палатасын тарату туралы бағалаушылар палатасы мүшелері жалпы жиналысының шешімі немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде оны бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымдарының тізілімінен алып тастайды.
1. Бағалаушылар палатасы:
1) мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, заңды тұлғалардың бағалаушылар палатасының, оның мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын не осындай бұзу қатерін төндіретін актілеріне, шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз атынан дау айтуға;
2) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында бағалаушылар палатасына жүктелген функцияларды өзінің орындауы үшін қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан сұратуға және осы органдардан алуға;
3) халықаралық бағалаушылар ұйымдарына кіруге;
4) бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органмен және өзін-өзі реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бағалаушылар палатасының қағидалары мен стандарттарын бекітуге;
5) кіру жарналарын, жыл сайынғы мүшелік жарналарды жинауға және бағалаушылар палаталарының мүлкін Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздерден қалыптастыруға;
6) осы Заңның 18-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайларда, бағалаушылар палатасының мүшесі етіп қабылдаудан бас тартуға;
7) Бағалау стандарттары жөніндегі халықаралық кеңестің жазбаша рұқсаты бойынша халықаралық бағалау стандарттарының аудармасын жүзеге асыруға, сондай-ақ оларды өзінің интернет-ресурсына орналастыруға;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында және бағалаушылар палатасының жарғысында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Бағалаушылар палатасы:
1) бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органды қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы хабардар етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды сақтауға;
3) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және бағалаушылар палатасының жарғысына сәйкес мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ халықаралық бағалаушылар ұйымдарында өз мүшелерінің мүдделерін білдіруге;
4) бағалаушылар мен сарапшылардың біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан өткені туралы сертификаттар беру қағидаларын әзірлеуге және бекітуге;
5) жеке және заңды тұлғалардың бағалаушылар палатасы мүшелерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берген жүгінімдерін қарауға;
6) бағалаушылар палатасының интернет-ресурсында орналастырылатын бағалаушылар палатасы мүшелерінің, сарапшылық кеңес мүшелерінің тізілімдерін жүргізуге;
7) бағалаушылардың, сарапшылардың тәртіптік теріс қылықтары туралы материалдарды қарауға және кінәлі адамдарға тәртіптік жазалар қолдануға;
8) осы Заңның талаптарына сәйкес өз мүшелерін бақылауды жүзеге асыруға;
9) бағалаушылар палатасына мүшелікті осы Заңда көзделген негіздер бойынша тоқтата тұруға және тоқтатуға;
10) бағалаушылардың іскерлік және кәсіптік әдеп кодексін қабылдауға;
11) өз қызметі және өз мүшелерінің қызметі туралы ақпаратты бағалаушылар палатасының интернет-ресурсында орналастыра отырып, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-сы күнінен кешіктірмей, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органға беруге;
11-1) ипотека шартын жасасу кезінде, сондай-ақ кепілге салынған мүлікті өткізу кезінде қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті бағалау туралы есептердің көшірмесі бар ақпаратты тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-ынан кешіктірмей бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органға беруге;
11-2) өз мүшелерінің "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәлігінің қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) куәлігінен айыру және (немесе) куәлігінің қолданылуын тоқтату туралы мәліметтерді шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органға ұсынуға;
12) жыл сайынғы есепті палатаның интернет-ресурсына орналастыру жолымен бағалаушылар палатасының мүшелеріне ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы ақпарат беруге;
13) "бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы куәліктерді беруге;
14) бағалаушылардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау курстарын жүргізуге міндетті.
Қазақстан Республикасының заңдарында және бағалаушылар палатасының жарғысында бағалаушылар палатасының өзге де міндеттері белгіленуі мүмкін.
3. Бағалаушылар палатасы бағалаушылар палатасының және оның мүшелерінің мүдделері қақтығысының туындауына алып келетін немесе осындай қақтығыстың туындауы қатерін төндіретін қызметті жүзеге асыруға және әрекеттерді жасауға құқылы емес.
Мүдделер қақтығысын болғызбау немесе реттеу жөніндегі шараларды бағалаушылар палатасы белгілейді.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Бағалаушы бір ғана бағалаушылар палатасының мүшесі бола алады.
Мыналар:
1) "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәлік;
2) экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылық үшін, сондай-ақ қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болмауы бағалаушылар палатасына мүшеліктің міндетті шарттары болып табылады.
2. Бағалаушылар палатасына мүшелікке кіру үшін жеке тұлға:
1) өтінішті;
2) жеке басын куәландыратын құжатты;
3) "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәлікті;
4) экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылық үшін, сондай-ақ қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін алынбаған және жойылмаған сотталғандығының болмауы туралы анықтаманы;
5) бағалаушылар палатасы белгілеген өзге де құжаттарды ұсынады.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген ережелердің сақталмауы бағалаушылар палатасына мүшелікке қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
4. Өтініш беруші тиісті бағалаушылар палатасына мүшелікке қабылдаудан бас тарту жөніндегі бағалаушылар палатасының әрекеттеріне бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органға немесе сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).
1. "Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуы тоқтатыла тұрған жағдайда бағалаушылар палатасына мүшелік тоқтатыла тұрады.
Бағалаушылар палатасына мүшелігі тоқтатыла тұрған бағалаушы тоқтата тұру кезеңінде бағалау қызметін жүзеге асыра алмайды.
2. Бағалаушылар палатасына мүшелік мынадай негіздер бойынша:
1) бағалаушылар палатасы мүшесінің өтініші бойынша;
2) бағалаушы бағалаушылар палатасының жарғысын, бағалаушылардың іскерлік және кәсіптік әдеп кодексін бірнеше рет бұзған жағдайда;
3) "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтатуға байланысты тоқтатылады.
Бағалаушылар палатасына мүшелігі тоқтатылған бағалаушы бағалау қызметін жүзеге асыра алмайды.
3. Бағалаушылар палатасы бағалаушының бағалаушылар палатасына мүшелігі тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей, ол жөнінде:
1) өзінің мүшелігі тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған бағалаушыны;
2) егер жасалған шарт туралы ақпарат бұрын бағалаушылар палатасына беріліп келген жағдайларда, тапсырыс берушіні және бағалаушы еңбек шартын жасасқан заңды тұлғаны;
3) бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Бағалаушылар палатасына мүшелік осы Заңның 25-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктен айыруға байланысты тоқтатылған жағдайда, бағалаушылар палатасы ол жөнінде бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымдарының тізіліміне енгізілген бағалаушылар палаталарын үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге міндетті.
1. "Бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алуға үміткер кандидаттар біліктілік емтиханын тапсырады.
2. "Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәлікті алу үшін өткізілетін біліктілік емтиханына жоғары білімі бар, бағалаушылар палатасы бекіткен бағдарламаға сәйкес және сағаттар көлемінде оқытудан немесе қайта даярлаудан, сондай-ақ бағалаушыда кемінде бір жыл мерзімде тағылымдамадан өткен жеке тұлғалар жіберіледі.
Бағалаушыға кандидаттарды оқыту, кәсіптік қайта даярлау бағдарламасы мен сағаттар көлемі бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік бағдарламаға сәйкес келуге тиіс.
3. "Сарапшы" біліктілігін беру туралы куәлікті алу үшін өткізілетін біліктілік емтиханына бағалаушылар жіберіледі.
4. Осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда адамдар біліктілік емтиханына жіберілмейді.
Бағалаушылар палатасы адамға біліктілік емтиханына жіберуден бас тарту туралы шешімді өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.
5. Бағалаушылардың, сарапшылардың біліктілік емтиханын өткізуге арналған тест тапсырмаларын бағалаушылар палатасы бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді.
Біліктілік емтиханы жазбаша нысанда жүргізіледі.
6. Біліктілік емтиханын тапсырған адамдар куәліктің нөмірі, тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) көрсетілген "бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алады.
"Бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы шешімдер бағалаушылар палатасының интернет-ресурсында орналастырылады.
7. Біліктілік емтиханын тапсыра алмаған адамдар біліктілік комиссиясы шешім қабылдаған күннен бастап үш ай өткен соң одан қайта өтуге жіберіледі.
8. Бағалаушылар палатасы мүшелерінің, сарапшылық кеңес мүшелерінің және жосықсыз бағалаушылардың тізілімдері нысандарын және оларды жүргізу тәртібін бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
"Бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы куәліктерді беру қағидаларын бағалаушылар палатасы бекітеді.
9. Бағалаушыға, сарапшыға кандидаттардың біліктіліктерін растау үшін біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Біліктілік комиссиясы мамандандырылған орган болып табылады және "бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы куәліктерді алуға үміткер адамдарға біліктілік емтиханын өткізу үшін құрылады.
2. Біліктілік комиссиясы жеті мүшеден тұрады және бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органның, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және бағалаушылар палаталарының мүшелері қатарынан қалыптастырылады.
Бағалаушылар палаталары өкілдерінің саны біліктілік комиссиясы құрамының жалпы санының көпшілігін құрауға тиіс.
3. Біліктілік комиссиясының мүшелері екі жыл мерзімге сайланады.
4. Біліктілік комиссиясының төрағасы бағалаушылар – біліктілік комиссиясының мүшелері қатарынан сайланады.
Бір адам біліктілік комиссиясының төрағасы болып қатарынан екі рет сайлана алмайды.
5. Біліктілік комиссиясының қызмет тәртібін бағалаушылар палатасы белгілейді.
6. Біліктілік комиссиясының отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ алты айда бір реттен сиретпей өткізіледі.
1. "Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру мынадай жағдайларда:
1) өзінің қалауы бойынша;
2) бағалаушының қызметін бақылау немесе жеке және заңды тұлғалардың жүгінімдерін қарау нәтижелері бойынша бағалаушылар палатасының бастамасымен жүзеге асырылады.
Бұл ретте "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру кезеңі "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру мерзімі аяқталғаннан кейін оқу курсынан өте отырып, бағалаушылар палатасына осы шешімге шағымдану құқығынсыз үш жылды құрайды.
2. "Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтату:
1) адам қайтыс болған;
2) адам соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі, қайтыс болған не хабарсыз кеткен деп танылған;
3) экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, сондай-ақ қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
4) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
5) "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктен айырған жағдайларда жүзеге асырылады.
3. "Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтату бағалаушылар палатасының алқалы басқару органының шешімімен жүзеге асырылады.
4. Бағалаушылар палатасы "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктен айыруды:
1) бағалаушы Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған не мемлекеттің, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соқтыра отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген себеп жойылмаған;
3) "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәлікті беруге негіз болған құжаттарда бағалаушының анық емес ақпаратты немесе қасақана бұрмаланған мәліметтерді беру фактісі анықталған;
4) бағалау туралы анық емес есеп екі реттен көп жасалған жағдайларда жүзеге асырады.
"Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктен айырылған адамдар "бағалаушы" біліктілігін растауға "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктен айыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жыл өткен соң жіберіледі.
"Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктен айыру туралы шешім қайта қабылданған кезде аталған адамдар "бағалаушы" біліктілігін растауға жіберілмейді.
"Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктен айыру туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
5. "Бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған жағдайда, бағалаушылар палатасы куәліктің тоқтатылу күні мен уақытын көрсете отырып, бағалаушылар палатасы мүшелерінің тізіліміне тиісті ақпаратты енгізіп, оны палатаның интернет-ресурсында жариялайды.
6. "Сарапшы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуын тоқтату мынадай жағдайларда:
1) адам қайтыс болған;
2) адам соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі, қайтыс болған не хабарсыз кеткен деп танылған;
3) экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, сондай-ақ қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
4) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
5) "сарапшы" біліктілігін беру туралы куәліктен айырған жағдайларда, бағалаушылар палатасының алқалы басқару органының шешімімен жүзеге асырылады.
"Сарапшы" біліктілігін беру туралы куәліктің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, бағалаушылар палатасы куәліктің тоқтатылу күні мен уақытын көрсете отырып, сарапшылық кеңес мүшелерінің тізіліміне тиісті ақпаратты енгізіп, оны палатаның интернет-ресурсында жариялайды.
7. Бағалаушылар палатасы "сарапшы" біліктілігін беру туралы куәліктен айыруды:
1) сарапшы Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған не мемлекеттің, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соқтыра отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған;
2) бағалау объектісінің бағалау туралы есепте көрсетілген нарықтық немесе өзге құны туралы негізсіз сараптамалық қорытынды жасалған;
3) "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәліктен айырған;
4) сарапшы бағалаушылар палатасының талаптарын бірнеше рет бұзған жағдайларда жүзеге асырады.
Бағалаушы "сарапшы" біліктілігін беру туралы куәліктен айыру туралы шешім қабылданғаннан кейін үш жылдан соң ғана "сарапшы" біліктілігін беру туралы куәлікті алуға құқылы.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5-тарау. ТАПСЫРЫС БЕРУШІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
РҚАО-ның ескертпесі!
1-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен ("Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 10.01.2018 № 133-VI ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап қолданысқа енгізіледі).
1. Бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалау қызметі саласындағы бақылауды, бағалаушылар палаталарының Қазақстан Республикасының заңнамасын, бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен ("Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 10.01.2018 № 133-VI ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап қолданысқа енгізіледі).
2. Бағалау қызметі саласында бағалаушылар палаталарының қызметін бақылау тексерулер және бақылаудың өзге нысандарын жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
Бақылаудың өзге нысандары бағалаушылар палатасына бармай, мониторинг, есепке алу және есептілікті бақылау нысанында жүзеге асырылады.
3. Бағалаушылар палатасының қызметіне тексеру жүргізу туралы шешімді бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалаушылар палатасының, оның мүшелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды бұзғаны туралы жеке және заңды тұлғалардың арыздары, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, құқық қорғау органдарының жүгінімдері мен сұрау салулары негізінде қабылдайды.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасын, бағалаушылар палатасының жарғысын және ол қабылдаған қағидалар мен стандарттарды бұзушылық анықталған жағдайда бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалаушылар палатасына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы жібереді.
Бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаған кезде бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды.
Бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бағалаушылар палатасын осы Заңның 16-бабының 6-тармағында көзделген негіздер бойынша кейіннен бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымдары тізілімінен алып тастай отырып мәжбүрлеп тарату жөнінде сотқа жүгінеді.
Бағалау қызметі саласындағы уәкілетті органның құзыретіне:
1) бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) бағалаушылар палатасының қызметін бақылау;
3) бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымдарының тізілімін жүргізу;
3-1) жосықсыз бағалаушылардың тізілімін жүргізу;
4) бағалау қызметі саласындағы реттеушілік әсерге талдау жасау;
5) бағалау қызметі саласындағы оқытудың, кәсіптік қайта даярлаудың үлгілік бағдарламасын және сағаттар көлемін бекіту;
6) бағалаушылар палаталарының қағидалары мен стандарттарын келісу;
7) бағалаушылар палаталарының қызметі туралы ақпарат сұрату;
8) біліктілік комиссиясының құрамына өкілдерін жіберу;
9) бағалаушылар палатасын осы Заңда көзделген негіздер бойынша мәжбүрлеп тарату туралы талап қоюды сотқа беру;
10) бағалаушылардың іскерлік және кәсіптік әдебінің үлгілік кодексін және өз мүшелерінің осы Заңның, бағалаушылар палатасының стандарттары мен қағидаларының талаптарын бұзуына қатысты жүгінімдерді бағалаушылар палатасының қарауы кезінде қойылатын талаптарды бекіту;
11) алып тасталды - ҚР 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілетін осы Заңның 30-бабының 3) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2000 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 20, 381-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 3, 19-құжат; № 10, 54-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2009 ж., № 23, 97-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 49-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 14, 95-құжат; № 15, 97-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат; № 23-ІІ, 172-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. Назарбаев |