Мемлекеттiк кәсiпорын туралы
1-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындар
1. Мемлекеттiк кәсiпорындарға:
1) шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорындар;
2) жедел басқару құқығына негiзделген (қазыналық кәсiпорын) кәсiпорындар жатады.
2. Мемлекеттiк меншiктiң түрлерiне қарай кәсiпорындар:
1) республика меншiгiндегi кәсiпорындар - республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар;
2) коммуналдық меншiктегi кәсiпорындар - коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындар болып бөлiнедi.
3. Басқа мемлекеттiк кәсiпорын құрған мемлекеттiк кәсiпорын еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын болып табылады.
4. (алып тасталды)
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi құратын кәсiпорындар Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi кәсiпорындарының қызметiн құру, реттеу және тоқтату тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген ерекшелiктерiн ескере отырып, осы Заңмен белгiленедi.
Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 2004.06.11 N 561 Заңдарымен.
2-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындардың мiндет-мақсаты
1. Мемлекеттiк кәсiпорындар қызметiнiң негiзгi мiндет-мақсаты қоғам мен мемлекеттiң қажетiне қарай айқындалатын мынадай әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi шешу болып табылады:
1) мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн материалдық жағынан қамтамасыз ету және қоғам мүддесiн қорғау;
2) экономиканың жеке меншiк секторы қамтымаған немесе жеткiлiксiз қамтыған қоғамдық өндiрiстiң буындары мен салаларында бiрiншi қажеттiлiктегi тауарларды өндiру (жұмыстар атқару, қызметтер көрсету);
3) мемлекеттiк монополияға жатқызылған немесе бақылау және қадағалау функцияларын қоспағанда, мемлекеттiң функциясы болып табылатын салалардағы қызметтi жүзеге асыру.
2. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың атаулы тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
Коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындардың атаулы тiзбесiн тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар бекiтедi.
Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 1995.12.23 N 2722 заң күшi бар жарлығымен, 2001.05.04 N 185, 2002.05.21 N 323 Заңдарымен.
3-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындарға қатысты мемлекеттiк
басқару және мемлекеттiк меншiк құқығын жүзеге
асыру
1. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарға қатысты республикалық меншiк құқығы субъектiсiнiң функцияларын республикалық мемлекеттiк меншiкке билiк етуге Қазақстан Республикасының Yкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк орган, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) орындайды.
Министрлiктер, агенттiктер, ведомстволар және Қазақстан Республикасының Yкiметi уәкiлеттiк берген өзге де мемлекеттiк органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарды мемлекеттiк басқару органдары (бұдан әрi - мемлекеттiк басқару органдары) болып табылады.
2. Коммуналдық меншiк құқығы субъектiсiнiң коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындарға қатысты функцияларын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң әкiмияты (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.
Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң әкiмияты не жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, әкiм уәкiлеттiк берген атқарушы орган (бұдан әрi - мемлекеттiк басқару органы) коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындарды мемлекеттiк басқару органы болып табылады.
Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 1995.12.23 N 2722 заң күшi бар жарлығымен, ҚР 1997.07.11 N 154, 2002.05.21 N 323 Заңдарымен.
4-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынды құру
1. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе Ұлттық Банктiң шешiмi бойынша, коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорын - Қазақстан Республикасы Үкiмет белгiлеген тәртiппен жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша құрылады. 2. Мемлекеттiк кәсiпорынның құрылтайшысы уәкiлдi орган болады. 3. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынды құруға, егер ол өзiнiң мiндет-мақсаты бойынша осы Заңның 18-бабында айтылған талаптарға сай келген жағдайда жол берiледi.
Қазыналық кәсiпорынды құруға, егер ол өзiнiң мiндет-мақсаты бойынша осы Заңның 32-бабында айтылған талаптарға сай келген жағдайда жол берiледi. 4. Қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорындарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құру монополияға қарсы органның алдын ала келiсiмiмен жүзеге асырылады.
Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 2002.05.21 N 323, 2008.12.25 N 113-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
5-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындарды тiркеу және
қайта тiркеу
1. Мемлекеттiк кәсiпорын өзi мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап құрылған деп саналады және заңды тұлғаның құқығына ие болады.
Мемлекеттiк кәсiпорындарды тiркеу заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Бұл заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және қайта тiркеу туралы заң актiлерiнде көзделген жағдайда мемлекеттiк кәсiпорын қайта тiркеуге жатқызылады.
6-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның жарғысы
1. Жарғы мемлекеттiк кәсiпорынның құрылтайшы құжаты болып табылады.
Мемлекеттiк кәсiпорынның жарғысын мемлекеттiк басқару органының ұсынуы бойынша оның құрылтайшысы (уәкiлеттi органы) бекiтедi.
2. Мемлекеттiк кәсiпорынның жарғысында: кәсiпорынның түрi, оның фирмалық атауы, құрылтайшысы (уәкiлеттi органы) туралы мәлiмет, кәсiпорынның тұрған жерi, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаты, басшының өкiлеттiгi, жұмыс режимi, кәсiпорын мүлкiнiң құралуы мен табысты бөлу тәртiбi, кәсiпорынды қайта ұйымдастыру мен оның қызметiн тоқтату шарттары болуы тиiс. Жарғыда сондай-ақ кәсiпорын мен құрылтайшы (уәкiлеттi орган), кәсiпорынның әкiмшiлiгi мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастары айқындалады. Жарғыда заңдарға қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн.
Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
7-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның фирмалық атауы
1. Мемлекеттiк кәсiпорынның фирмалық атауында мүлiк иесi мемлекеттiк меншiктiң қай түрiне (республикалық немесе коммуналдық) жататыны және ведомстволық бағыныстылығы көрсетiлуi керек.
Жедел басқару құқығындағы кәсiпорынның фирмалық атауында оның қазыналық болып табылатындығы көрсетiлуi тиiс.
2. Мемлекеттiк кәсiпорынның Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және фирмалық атауы бар мөрi болады.
8-бап. Мемлекеттiк кәсiпорын қызметiнiң мәнi мен
мақсаты
1. Мемлекеттiк кәсiпорын қызметiнiң мәнi мен мақсатын, мемлекеттiк басқару органының ұсынуы бойынша, оның құрылтайшысы (уәкiлеттi органы) айқындайды, бұл кәсiпорынның жарғысында бекiтiледi және шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорындарға қатысты бөлiгiнде - осы Заңның 18-бабының талаптарына, ал қазыналық кәсiпорындарға қатысты бөлiгiнде - осы Заңның 32-бабының талаптарына сәйкес келуi керек.
Мемлекеттiк кәсiпорындарға мемлекеттiк бақылау және қадағалау функцияларын беруге жол берiлмейдi. 2. Мемлекеттiк кәсiпорынға өз Жарғысында көрсетiлген қызметiнiң нысанасы мен мақсатына сай келмейтiн қызметтi жүзеге асыруына, сондай-ақ мәмiлелердi жасауына тыйым салынады. 3. Кәсiпорынның жарғысында айқындалған, қызмет мақсатына қайшы жасаған мәмiлесi заңдарда белгiленген тәртiппен оның құрылтайшысының (уәкiлдi органының) талабы бойынша күшi жоқ деп танылуы мүмкiн.
Кәсiпорын басшысының кәсiпорынның қызметiнде жарғыдан тыс iс-әрекет жасауы еңбек мiндеттерiн бұзған болып табылады және белгiленген ретпен тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту шараларын қолдануға апарып соғады.
Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1999.10.04 N 469, 2001.05.04 N 185, 2002.05.21 N 323 Заңымен.
9-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынды басқару
1. Кәсiпорынды мемлекеттiк басқару органының мыналарға:
1) мемлекеттiк кәсiпорын қызметiнiң басым бағыттарын айқындауға;
2) мемлекеттiк кәсiпорынның қаржы-шаруашылық қызметiнiң жоспарын, оның iшiнде жоспарлы қаржылық көрсеткiштерiн, оларды берудiң мерзiмдiлiгi мен тәртiбiн қарауға және бекiтуге;
3) уәкiлеттi органға тиiстi есептi ол белгiлеген мерзiмде табыс ете отырып, мемлекеттiк кәсiпорынның қаржы-шаруашылық қызметiнiң жоспарлы көрсеткiштерiнiң орындалуын бақылауға және талдауға; V032250
4) Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жекелеген мемлекеттiк бiлiм беру кәсiпорындарының бiрiншi басшыларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн тәртiппен басшыны тағайындауға және оны аттестаттаудан өткiзуге;
5) мемлекеттiк кәсiпорын мүлкiнiң мақсатқа сай пайдаланылуын және сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
6) осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен өзiнiң құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдауға өкiлеттiктерi болады.
2. Заңды тұлға ретiнде кәсiпорынның органы мемлекеттiк басқару органына есеп беретiн кәсiпорынның басшысы болып табылады.
3. Мемлекеттiк басқару органы кәсiпорынның басшысымен қатынасты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шартын жасасу арқылы ресiмдейдi.
Еңбек шартында, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленген талаптардан басқа, кәсiпорын басшысының таза табыстың белгiленген бөлiгiн бюджетке уақтылы аудармағаны және қаржы-шаруашылық есептiлiгi туралы мәлiметтердi уақтылы табыс етпегенi үшiн жауапкершiлiгi айқындалады.
4. Кәсiпорын басшысы меншiк иесiнiң (уәкiлеттi органның) және мемлекеттiк басқару органының алдында кәсiпорындағы iстiң жай- күйi үшiн тiкелей жауапты болады.
5. Кәсiпорын басшысы жеке дара басшылық жасау принциптерi бойынша iс-қимыл жасайды және кәсiпорынның барлық мәселелерiн осы Заң мен кәсiпорын жарғысы белгiлеген құзыретiне сәйкес дербес шешедi.
6. Басшы кәсiпорын атынан сенiмхатсыз iс-қимыл жасайды, барлық органдарда кәсiпорынның мүддесiн бiлдiредi, осы Заңмен белгiленген шектерде кәсiпорынның мүлкiне өкiмдiк етедi, шарттар жасайды, сенiмхат бередi, банкiлiк есеп-шоттарын ашады және өзге де мәмiлелер жасайды, барлық қызметкерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi.
7. Басшы өз құзыретi шегiнде және еңбек заңдарына сәйкес қызметкердi кәсiпорынға жұмысқа қабылдайды және онымен еңбек шартын бұзады, көтермелеу шараларын қолданады және оларды жазаға тартады.
Басшының ұсынысы бойынша мемлекеттiк басқару органы лауазымға тағайындайтын немесе лауазымнан босататын кәсiпорын қызметкерлерiнiң номенклатурасы кәсiпорынның жарғысында белгiленедi.
8. Басшының орынбасарларын кәсiпорын басшының ұсынысы бойынша мемлекеттiк басқару органы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Басшының орынбасарларының және кәсiпорынның басқа да басшы қызметкерлерiнiң құзыретiн басшы белгiлейдi.
Басшының орынбасарлары өздерiнiң құзыретi шегiнде кәсiпорынның атынан iс-қимыл жасайды, оны мемлекеттiк органдарға және басқа кәсiпорындарға танытып бiлдiредi, шаруашылық операцияларын және сенiмхатсыз шарттар жасап, сондай-ақ кәсiпорын қызметкерiне сенiмхат бере алады.
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323, 2004.06.11 N 561, 2006.07.04 N 150, 2007.05.15 N 253 Заңдарымен.
10-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкi
1. Кәсiпорынның мүлкiн құны кәсiпорынның дербес балансында көрсетiлетiн кәсiпорынның барлық активтерi құрайды.
2. Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкi бөлiнбейдi және оны салымдар (үлестер, пайлар) бойынша, соның iшiнде кәсiпорын қызметкерлерiнiң арасында бөлуге болмайды.
3. Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкi:
1) оған меншiк иесi берген мүлiктiң
2) өз қызметiнiң нәтижесiнде сатып алынған мүлiктiң (ақшалай табыстарды қосқанда);
3) заңдармен тыйым салынбаған өзге де қаражат негiздерiнiң есебiнен қалыптастырылады.
4. Мемлекеттiк кәсiпорындардың негiзгi құралдарға жататын, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығында бекiтiлген мүлiкке, сондай-ақ оларға тиесiлi акцияларға қатысты сатуға және сыйға беру мәмiлелерiн жасасуға құқығы жоқ.
5. Шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы мүлiктi алып қою туралы шешiмде уәкiлеттi орган мемлекеттiк кәсiпорынға кейiннен мүлiктi баланстан шығара отырып, оны өзге тұлғаға бергенге дейiн ұстаудың және сақталуын қамтамасыз етудiң мерзiмдерiн белгiлеуге құқылы.
Ескерту. 10-бапқа өзгертулер енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323, 2007.02.28 N 235 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
11-бап. Мемлекеттiк меншiк түрi не ведомстволық
бағыныстылығы ауысқан кезде кәсiпорынның
мүлiктiк құқықтарының сақтаулы
Заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк кәсiпорынды республикалық иелiктен коммуналдық иелiкке бергенде немесе керiсiнше iстегенде, не мемлекеттiк басқарудың бiр органының бағынысынан басқа бiр органның бағынысына берген кезде ондай кәсiпорын өзiне тиiстi мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығын (жедел басқару құқығын) сақтап қалады.
12-бап. Мүлiктiк кешен ретiндегi мемлекеттiк кәсiпорын
1. Мемлекеттiк кәсiпорын тұтас алғанда мүлiк кешенi ретiнде жылжымайтын мүлiк болып танылады және мемлекеттiк меншiк құқығының объектiсi болып табылады.
2. Мүлiктiк меншiк ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, оның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқығы, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атауы, тауар белгiлерi) және басқа да айрықша құқықтар енедi.
3. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорын жөнiнде ол бiртұтас мүлiктiк кешен ретiнде болғанда мәмiлелер (кепiлге беру, жалдау және басқалары) жасауы - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша, ал коммуналдық кәсiпорын жөнiнде - жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
13-бап. Мемлекеттiң тапсырысы
1. Мемлекеттiк кәсiпорын үшiн мемлекеттiң тапсырысын орындау мiндеттi болып табылады.
Егер бұл шарттар мемлекеттiң тапсырысында көзделген болса, кәсiпорынның тауарларды (жұмыстар атқаруды, қызметтер көрсетудi) сатып алушы немесе сатушы ретiнде шарттар жасаудан бас тартуға құқығы жоқ.
2. Мемлекеттiң тапсырысы, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын ұсыну нысандары мен түрлер бойынша медициналық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдарын қоспағанда, кәсiпорынға мемлекеттiк басқару органы арқылы жеткiзiледi.
3. Мемлекеттiң тапсырысында қамтылмаған өнiмдердi (жұмыстар атқаруды, қызметтер көрсетудi) кәсiпорын өз бетiмен сатады.
Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21. N 323, 2009.12.02 N 212-IV (2009.12.05 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
14-бап. Заңсыз келген табыстарды кәсiпорыннан алып қою
Заңдарда тыйым салынған, оның жарғысында көзделмеген, қызметтi жүзеге асырудан кәсiпорынға түскен табыс, сондай-ақ сатылатын тауарлардың (жұмыстар атқарудың, қызметтер көрсетудiң) бағасын көтеру нәтижесiнде түскен табыс Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджетке алып қойылады.
Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
15-бап. Мемлекеттiк органдардың заңсыз iс-әрекеттерiне
кәсiпорынның шағым жасауы
Кәсiпорын мемлекеттiк органдардың заңсыз iс-әрекеттерiне, оған қоса ол уәкiлдi органның кәсiпорын пайдасын алып қоюға, мүлiктi қайта бөлуге, мемлекеттiң тапсырысын беруге, кәсiпорын шығаратын тауарларға (жұмыстар атқаруға, қызметтер көрсетуге) баға қоюға байланысты жасаған, сондай-ақ кәсiпорынның құқығы бұзылатын басқадай iс-әрекеттерiне белгiленген тәртiп бойынша сотқа шағым жасауға құқылы.
16-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынды қайта ұйымдастыру
және тарату
1. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен, ал коммуналдық кәсiпорын - жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен қайта ұйымдастырылады және таратылады.
Кәсiпорын азаматтық заңдарда көзделген басқа негiздемелер бойынша да таратылуы мүмкiн.
Кәсiпорынды қайта ұйымдастыру және таратуды, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша мемлекеттiк басқару органы жүзеге асырады.
2. Таратылған кәсiпорынның кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлкiн уәкiлдi орган қайта бөледi.
Таратылған кәсiпорынның ақшасы осы кәсiпорынның кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалатын мүлкiн сату нәтижесiнде түскен ақша қаражатымен қоса тиiстi бюджеттiң табысына есептеледi.
Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 2002.05.21 N 323 Заңдарымен.
17-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынды жекешелендiру
Мемлекеттiк кәсiпорын жекешелендiру туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жекешелендiрiледi.
2-Тарау. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын
18-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынның
мiндет-мақсаты
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорын мынадай қызметтер аясында құрылуы (бұрын құрылғандарды iс-әрекет жасауы) мүмкiн:
1) қару-жарақты және оның оқ-дәрiсiн, қорғаныс құралдарын, әскеритехникасын, қосалқы бөлшектердi, санатталатын элементтер мен оның приборларын әзiрлеу, өндiру, жөндеу және сату; босатылған әскери-техникалық құралдарды қайта өңдеу және жою (құрту, ұқсату, көму);
2) уранды және басқа бөлшектенетiн материалдарды, сондай-ақ одан жасалатын бұйымдарды алу, өндiру, тасымалдау, қайта өңдеу, көму және сату; арнаулы қорғаныс құралдарын қолданбай-ақ пайдалануға болатын нормадан асатын мөлшерде радиоактивтi заттары бар өнiм шығару және сату;
3) дәрi-дәрмектер, дәрiлiк заттар мен емдеу препараттарын, медициналық жабдықтар мен құрал-сайман жасау және сату;
4) (алып тасталды - ҚР 2001.05.04 N 185 Заңымен).
5) энергиямен, жылумен, сумен жабдықтау, желiлiк көлiк, байланыс, коммуникация, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласында, республикалық және жергiлiктi инфрақұрылымда тiршiлiкте қамтамасыз ететiн басқа жүйелерде өзiнiң табиғи монополия жағдай мен әлеуметтiк экономикалық маңыздылығы жағынан тiкелей мемлекеттiк басқаруын қажет ететiн шаруашылық қызметiн жүзеге асыру;
6) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң өзiне жүктелген мiндеттерiн жүзеге асыруына жәрдемдесетiн және (немесе) қаржы рыногы инфрақұрылымының бiр бөлiгi болып табылатын;
7) заңдарда қаржыландырудың арнайы тәртiбi белгiленген мемлекеттiк автомобиль жолдарының және басқа инфрақұрылым объектiлерiнiң желiсiн ұстау мен дамыту;
8) почта байланысы мен телекоммуникация, жалпыреспубликалық және халықаралық байланыс желiлерiн пайдалану;
9) денсаулық сақтау, ветеринария, табиғатты қорғау, бiлiм беру, әлеуметтiк қорғау, ғылым, мәдениет, туризм және спорт саласындағы өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;
10) бұқаралық ақпарат құралдары, баспа және полиграфия қызметi саласындағы өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;
11) қылмыстық-атқару жүйесi саласындағы өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыру;
12) жер кадастрларын, Қазақстан Pecпубликасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудi қамтамасыз ететiн қызметтi жүзеге асыру;
13) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк материалдық резервiн қалыптастыру және сақтау саласында шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;
14) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, бiрегей және сирек кездесетiн ландшафтарды, тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану саласында шаруашылық қызметтi жүзеге асыру.
Мемлекеттiк органдардың қызметтiк ғимараттарын пайдалануды, оларға көлiк қызметiн көрсетудi және оларды жабдықтау функцияларын орындауды жүзеге асыру мақсатында шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар құруға тыйым салынады.
Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1999.11.04 N 472, 2001.05.04 N 185, 2003.06.03 N 431, 2004.06.11 N 561, 2007.07.26 N 311, 2009.07.10 N 180-IV, 2009.07.24 N 190-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
19-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынның
мазмұны
Шаруашылық жүргiзу құқығы мүлiктi мемлекеттен меншiк иесi ретiнде алған және осы мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және өзге де заң құжаттарында белгiленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорынның заттық құқығы болып табылады. P021297
20-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi
1. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi бола алады.
2. Кәсiпорынның қарамағында тек өзiнiң жарғылық мақсаттарында көзделген қызметтi қамтамасыз ету үшiн қажеттi, не осы қызметтiң өнiмi ретiнде алынған мүлiк қана бола алады.
21-бап. Кәсiпорынның жарғылық және резервтiк капиталдары
1. Кәсiпорынның жарғылық капиталының мөлшерiн оның құрылтайшысы белгiлейдi, бiрақ оның мөлшерi кәсiпорынға берiлген мүлiктiң жалпы құнынан аспауы керек және кәсiпорынды мемлекеттiк тiркеуден өткiзген күннен бастап белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 10.000 кем болмайды.
Жарғылық капиталдың мөлшерi кәсiпорынның жарғысында көрсетiледi.
Жарғылық капиталды меншiк иесi (құрылтайшы) кәсiпорынды мемлекеттiк тiркеуден өту қарсаңында толық құруға тиiс.
2. Жарғыда көрсетiлгендей кәсiпорын резерв капиталын қалыптастыруға мiндеттi және ол жарғылық капиталдың 10 процентiнен кем болмауы керек және резерв қорының белгiленген дәрежесiне жеткенге дейiн өз билiгiнде қалған таза кiрiстiң кем дегенде 5 процентiн осы мақсатқа жұмсауы керек.
Резерв капиталының қаржысы тек қана шығынды жабуға, бюджет алдындағы мiндеттемелердi орындауға, мемлекеттiк кредиттердi өтеуге және кәсiпорынның басқадай қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда сыйақы (мүдде) өтем төлеуге жұмсалады.
3. Егер кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiнде жарғылық және резервтiк капиталдардың өзге тәртiптерiн қалыптастыру мен мөлшерлерi белгiленген болса, онда кәсiпорындар оларды осы актiлерде көзделген мөлшерлерде құрады, бiрақ ол осы баптың 1-тармағында көрсетiлгеннен кем болмауы керек.
Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1997.06.19 N 132, 1997.07.11 N 154, 2002.05.21 N 323, 2004.06.11 N 561 Заңымен.
22-бап. Шаруашылықты жүргiзу құқығына ие болу
және тоқтату
1. Мүлiктi құрылып қойған мемлекеттiк кәсiпорынға бекiту туралы меншiк иесi (уәкiлдi орган) шешiм қабылдаған мүлiкке қатысты шаруашылық жүргiзу құқығы, егер заңдарда немесе меншiк иесiнiң (уәкiлдiк органның) шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, бұл кәсiпорында мүлiктi кәсiпорынның дербес балансына бекiтiп берген сәттен бастап пайда болады. 2. Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудың жемiсi, өнiмi мен кiрiсi, сондай-ақ кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк меншiк құқығына ие болуға арналған заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiне келiп түседi. 3. Мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығы меншiк құқығын тоқтатуға арналған заңдарда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша, сондай-ақ меншiк иесiнiң (уәкiлдi органның) шешiмiмен кәсiпорыннан мүлiк заңды жолмен қайтарып алынған жағдайларда тоқтатылады.
Заңды жолмен қайтарып алу реттерiне, атап айтқанда: 1) кәсiпорынның жарғылық қызметiнiң мақсатына сай келмеген мүлiктi қайтарып алу (осы Заңның 20-бабының 2-тармағы); 2) артылып қалған, пайдаланылмайтын не өз мақсатында пайдаланылмайтын мүлiктi қайтарып алу жатады.
23-бап. Ескерту. 23-бап алынып тасталды - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
Ескерту. 23-бап алынып тасталды - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
24-бап.
Ескерту. 24-бап алынып тасталды - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
25-бап. Кәсiпорынның мүлiктiк құқықтарын жүзеге
асыру шарттары
1. Қызметiн шаруашылық жүргiзу құқығы негiзiнде жүзеге асыратын кәсiпорынның уәкiлеттi органның жазбаша келiсiмiнсiз: 1) өзiне тиесiлi үйлердi, ғимараттарды, жабдықтарды және кәсiпорынның басқа да негiзгi құралдарын иелiктен айыруға немесе өзге де әдiспен оларға билiк етуге (осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда), ұзақ мерзiмдi (үш жылдан астам) жалға беруге, уақытша тегiн пайдалануға беруге; 2) филиалдар, өкiлдiктер мен еншiлес кәсiпорындар құруға жеке кәсiпкерлермен бiрге кәсiпорындар мен бiрлескен өндiрiстер құруға, оларға өзiнiң өндiрiстiк және ақшалай капиталын салуға; 2-1) өзiне тиесiлi акцияларға (осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда), сондай-ақ дебиторлық берешекке билiк етуге; 2-2) үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлгерлiк немесе кепiлдiк беруге; 3) заемдар беруге құқы жоқ. 2. Егер меншiк иесi (уәкiлдi орган) өзгеше белгiлемесе, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мүлiкпен мәмiле жасаудан алынған ақшаны кәсiпорын өздiгiнен пайдаланады. 3. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кәсiпорын өзiне шаруашылық жүргiзу құқығына бекiтiлiп берiлген негiзгi құралдарға жатпайтын жылжымалы мүлiкке дербес билiк етедi.
Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 2002.05.21 N 323 Заңымен.
26-бап. Кәсiпорын өндiрген тауарлардың бағасы
1. Кәсiпорын өндiрген тауарлардың (атқарылған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң) бағасы кәсiпорынның оларды өндiруге, атқаруға, көрсетуге кеткен шығынды толық өтеуге, оның жұмысын шығынсыз етуге және өз кiрiсi есебiнен қаржыландыруды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Мемлекеттiң тапсырысын орындау есебiне кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқарылған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң) бағасын мемлекеттiк басқару органының келiсуi бойынша кәсiпорын, осы баптың 1-тармағында айтылған талаптарды ескере отырып белгiлейдi.
Кәсiпорын мемлекеттiң тапсырысынан тыс өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететiн қызметтердiң) бағасын кәсiпорын дербес белгiлейдi.
3. (алып тасталды - ҚР 2007.07.27 N 316 Заңымен)
Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323, 2006.07.07 N 174 (ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.27 N 316 (ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
27-бап. Кәсiпорынның қызметiн қаржыландыру
1. Кәсiпорын өз қызметiнен алған меншiктi табысы есебiнен ұсталады.
Мемлекеттiк кәсiпорынға қаражат заңдарда көзделген тәртiппен берiледi.
2. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң мемлекеттiк кәсiпорындарын қоспағанда) таза табысының бiр бөлiгiн аудару нормативiн мемлекеттiк басқару органы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң келiсiмiмен жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейiн белгiлейдi.
Коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындардың таза табысының бiр бөлiгiн аудару нормативiн мемлекеттiк басқару органы жергiлiктi қаржы органдарының келiсiмiмен жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейiн белгiлейдi.
Мемлекеттiк кәсiпорындардың таза табысының бiр бөлiгi белгiленген нормативтер бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк бюджетке есептелуге тиiс.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарының таза табысының бiр бөлiгi өздерi белгiлейтiн мерзiмде, мөлшерде және тәртiппен оның бюджетiне есептелуге тиiс.
Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
28-бап. Кәсiпорын қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу
1. Кәсiпорынның еңбекке ақы төлеу қорының мөлшерiн жыл сайын мемлекеттiк басқару органы белгiлеп отырады.
2. Еңбекке ақы төлеу нысандары, штат кестесiн лауазымдық жалақының мөлшерiн, сыйлық беру және өзге сыйақы жүйесiн белгiленген еңбекке ақы төлеу қорының шегiнде кәсiпорын дербес анықтайды.
Кәсiпорын басшысының, оның орынбасарының, бас (аға) бухгалтерiнiң лауазымдық жалақысының мөлшерiн, оларға сыйлық беру және өзге де сыйақы жүйесiн мемлекеттiк басқару органы белгiлейдi.
Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
29-бап. Ескерту. 29-бап алынып тасталды - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
30-бап. Кәсiпорынның жауапкершiлiгi
Кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi мүлiктiң бәрiмен жауап бередi.
Кәсiпорын өз мүлкiн иеленушiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
Құрылтайшының (уәкiлеттi органның) немесе мемлекеттiк басқару органының iс-әрекетiнен банкротқа ұшырағаннан басқа жағдайда мемлекет кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Мұндай жағдайда мемлекет кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға кәсiпорынның қаржысы жетiспеген ретте оның мiндеттемелерi бойынша жауап бередi.
Заң актiлерiнде кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiң жауапкершiлiгiнiң өзге де жағдайлары белгiленуi мүмкiн.
Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
3-Тарау. Қазыналық кәсiпорын
31-бап. Қазыналық кәсiпорын ұғымы
Жедел басқару құқығындағы мемлекеттiк мүлiкке ие кәсiпорын қазыналық болып табылады.
32-бап. Қазыналық кәсiпорынның мақсаты
Қазыналық кәсiпорындар заңдарда белгiленген тәртiппен:
1) төтенше және авариялық жағдайларда кен-құтқару және өзге де арнаулы жұмыстарды орындау, өрттен, су тасқынынан және басқа да табиғи зiлзаладан қорғау;
2)
3) қылмыстық-атқару жүйесi саласындағы өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыру;
4) топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргiзу;
5) денсаулық сақтау, табиғатты қорғау, бiлiм беру, әлеуметтiк қорғау, ғылым, мәдениет және спорт саласында өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;
6) мемлекеттiк органдардың қызметтiк ғимараттарын пайдалануды, оларға көлiк қызметiн көрсетудi және оларды жабдықтау функцияларын орындауды жүзеге асыру;
7) кеме жүзетiн жолдар мен гидротехникалық құрылыстарды (шлюздердi) күтiп-ұстау мен дамыту;
8) мемлекеттiк монополияға жатқызылған салалардағы қызметтi жүзеге асыру;
9) жылжымайтын мүлiктi мемлекеттiк техникалық есепке алу қызметiн жүзеге асыру үшiн құрылуы мүмкiн.
Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1999.11.04 N 472, 2001.05.04 N 185, 2004.06.11 N 561, 2007.07.26 N 311 Заңдарымен.
33-бап. Қазыналық кәсiпорынды жедел басқару
құқығының мазмұны
Жедел басқару құқығы қазыналық кәсiпорынның меншiк иесiнен алған және өз қызметiнiң мақсатына, меншiк иесiнiң тапсырмалары мен мүлiктiң мақсатына сәйкес осы Заң мен өзге де заң актiлерiнде белгiленген шекте сол мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асыратын заттық құқық болып табылады.
34-бап. Жедел басқару құқығының объектiсi
1. Егер осы Заңда және басқа заңдарда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк жедел басқару құқығының объектiсi болуы мүмкiн.
2. Қазыналық кәсiпорын өзiнiң жарғылық қызметiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi мүлiктi ғана жедел басқару құқығы негiзiнде иемдене алады.
35-бап. Жедел басқару құқығына ие болу және оны тоқтату
1. Жедел басқару құқығына ие болу мен оны тоқтату, егер осы Заң пен өзге де заңдарда басқаша белгiленбесе, меншiк құқығына және өзге заттық құқықтарға ие болу мен оны тоқтату үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне көзделген шарттар мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
2. Қазыналық кәсiпорынның мемлекеттiк басқару органының жазбаша келiсiмiнсiз негiзгi құралдарға жататын мүлiктi сату-сатып алу, айырбастау, сыйға тарту шарттары немесе өзге мәмiле негiзiнде алуға құқығы жоқ.
3. (алып тасталды - ҚР 2004.06.11 N 561 Заңымен)
Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323, 2004.06.11 N 561 Заңымен.
36-бап. Ескерту. 36-бап алынып тасталды - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
37-бап. Кәсiпорынның жедел басқаруына берiлген
мүлiктi меншiк иесiнiң қайтып алу және
қайта бөлу құқығы
Қазыналық кәсiпорынға бекiтiп берiлген мүлiк иесi, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, өз қалауы бойынша мүлiктi қайтарып алуға немесе оны өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге құқылы.
38-бап. Қазыналық кәсiпорынның мүлкiне билiк ету
Қазыналық кәсiпорын өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi және өзiнiң шаруашылық қызметi нәтижесiнде түскен қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi, осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкiлеттi органның жазбаша келiсiмiмен ғана жатсындыруға немесе оған өзгеше тәсiлмен билiк етуге құқылы.
Қазыналық кәсiпорын өзi өндiрген өнiмдi дербес өткiзедi.
Ескерту. 38-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323, 2004.06.11 N 561 Заңымен.
39-бап. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi
Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi оның жарғыда көрсетiлген мақсаттары мен мiндеттерiмен, сондай-ақ кәсiпорынға мемлекеттiк басқару органы арқылы жеткiзiлетiн мемлекеттiң тапсырыстарымен анықталады.
Өзге шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
Ескерту. 39-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2001.05.04 N 185, 2002.05.21 N 323 Заңдарымен.
40-бап. Қазыналық кәсiпорын өндiрген тауарлардың бағасы
Қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететiн қызметтердiң) бағасын мемлекеттiк басқару органы белгiлейдi.
Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1999.10.04 N 469, 2002.05.21 N 323, 2006.07.07 N 174 (ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.27 N 316 (ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
41-бап. Қазыналық кәсiпорынның қызметiн қаржыландыру
1. Қазыналық кәсiпорынның қызметi мемлекеттiк тапсырысты бөле отырып, мемлекеттiк басқару органы бекiтетiн смета бойынша өз табысының есебiнен қаржыландырылады.
2. Қазыналық кәсiпорынның сметадан тыс алған табысы тиiстi бюджетке аударылуға жатады.
Ескерту. 41-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1999.11.04 N 472, 2002.05.21 N 323 Заңдарымен.
42-бап. Қазыналық кәсiпорын қызметкерлерiнiң еңбегiне
ақы төлеу
Қазыналық кәсiпорынның еңбекке ақы төлеу қорын мемлекеттiк басқару органы белгiлейдi.
Қазыналық кәсiпорын қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 42-бап жаңа редакцияда - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
43-бап. Ескерту. 43-бап алынып тасталды - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
44-бап. Қазыналық кәсiпорын мен оның меншiк иесiнiң
жауапкершiлiгi
1. Қазыналық кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша билiк етуiндегi ақшамен жауап бередi.
Қазыналық кәсiпорынның қалған мүлкiн өндiрiп алуға осы кәсiпорын таратылғаннан басқа жағдайларда жол берiлмейдi.
2. Қазыналық кәсiпорын өз мүлкiн иеленушiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
3. Қазыналық кәсiпорынның ақшасы жеткiлiксiз болса, оның мiндеттемелерi бойынша субсидиялық жауапкершiлiктi Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк көтередi.
Қазыналық кәсiпорынның шарттық мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс тек мемлекеттiк тапсырысты орындау шеңберiнде ғана субсидиарлық жауапкершiлiктi көтередi.
4. Таратылған қазыналық кәсiпорынның мүлкi кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда, соңғылары осы кәсiпорын мүлкiнiң меншiк иесi есебiнен талаптың қалған бөлiгiн қанағаттандыру туралы сотқа талап қоюға құқылы.
5. Зейнетақылар төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтың мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiктi толық көлемде Қазақстан Республикасының Үкiметi көтередi.
Ескерту. 44-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.12.16 N 320, 1999.11.04 N 472 Заңдарымен.
45-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынды
қазыналық кәсiпорын етiп қайта құру
1. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық кәсiпорынды қазыналық кәсiпорын етiп қайта құру мемлекеттiк басқару органының уәкiлеттi органмен келiсiлген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен, коммуналдық кәсiпорынды қайта құру жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен жүргiзiледi.
2. (алып тасталды)
3. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынды қазыналық кәсiпорын етiп қайта құру жөнiндегi барлық шығын, сондай-ақ кәсiпорында жеткiлiктi қаржы болмаған жағдайда қайта құрылатын кәсiпорынның кредиторлармен есеп айырысуы тиiстi бюджеттiң есебiнен жүзеге асырылады.
4. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын негiзiнде құрылған қазыналық кәсiпорын оған бұрын бөлiнген мемлекеттiк мүлiк пен ақшасы, сондай-ақ жердi пайдалану, табиғатты пайдалану, жер қойнауын пайдалану, квотаны, лицензияны және бұрын жасалған шарттарды беру жөнiнен, егер соңғылар жаңадан құрылған қазыналық кәсiпорынның мәнi мен мақсатына сәйкес келсе, қайта құрылған кәсiпорынның құқықтық мұрагерi болып табылады.
5. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын қазыналық кәсiпорын болып қайта құрылған кезде оған бекiтiлiп берiлген мүлiктiң құқықтық режимi кәсiпорынды қайта құру туралы шешiм қабылданған сәттен бастап шаруашылық жүргiзу құқығынан жедел басқару құқығына ауыстырылады.
Ескерту. 45-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 2002.05.21 N 323 Заңдарымен.
4-Тарау. Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын
46-бап. Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын ұғымы
Өз мүлкiнiң есебiнен басқа мемлекеттiк кәсiпорын құрған заңды тұлға еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын болып табылады.
Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорындар құру құқығын шаруашылық жүргiзу құқындағы кәсiпорындар ғана пайдалана алады.
47-бап. Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорынның
құқықтық жағдайы
1. Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын нысанында құрылады және аталған кәсiпорындардың түрi үшiн осы Заңмен берiлген өкiлеттiктi пайдаланады. 2. Еншiлес кәсiпорынның өз мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi, сондай-ақ негiзгi кәсiпорынның еншiлес кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi осы Заңның 30-бабында белгiленген ережелерге сәйкес туындайды.
48-бап. Еншiлес кәсiпорындарды құрудың мақсатын
Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорындар:
1) негiзгi кәсiпорынды, оның iшiнде монополияға қарсы заң талабы күшiндегi кәсiпорынды ықшамдау;
2) негiзгi кәсiпорынның филиалдарын дербес заңды тұлға етiп қайта құру;
3) негiзгi өндiрiстiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн қосымша және мамандандырылған өндiрiс құру;
4) негiзгi өндiрiстi оған тән емес қызмет пен функция түрлерiнен босату мақсатында құрылады.
49-бап. Еншiлес кәсiпорындарды құрудың тәртiбi
1. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын уәкiлеттi орган мен монополияға қарсы органның келiсiмiмен негiзгi кәсiпорынды мемлекеттiк басқарудың жоғары тұрған органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң рұқсатымен құрылады.
Коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын уәкiлдi орган мен монополияға қарсы органның аумақтық бөлiмшесiнiң келiсiмiмен негiзгi кәсiпорынды мемлекеттiк басқарудың жоғары тұрған органының ұсынуы бойынша жергiлiктi атқарушы органның рұқсатымен құрылады.
2. Негiзгi кәсiпорын еншiлес кәсiпорынның құрылтайшысы болады.
3. Еншiлес кәсiпорынның жарғысын оның құрылтайшысы (негiзгi кәсiпорын) өзiнiң жоғары тұрған мемлекеттiк басқару органының келiсуi бойынша бекiтедi.
4. Еншiлес кәсiпорын басқа еншiлес кәсiпорын құруға құқылы емес.
Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323, 2006.07.07 N 174 (ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
50-бап. Мемлекеттiң уәкiлдi органы
1. Мемлекеттiң уәкiлдi органы құқығын пайдаланатын, осы Заңның 25-бабы 1-тармағының 1), 2-1) тармақшаларында көзделген, негiзгi кәсiпорынның уәкiлеттi органымен келiсiлетiн жағдайларын қоспағанда, негiзгi кәсiпорын еншiлес кәсiпорынды мемлекеттiк басқару органы, сондай-ақ мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң оған қатысты функциясын жүзеге асыратын орган болып табылады. 2. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен шаруашылық жүргiзу құқындағы кәдiмгi кәсiпорын болып қайта құрылуы мүмкiн.
Коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен шаруашылық жүргiзу құқындағы кәдiмгi кәсiпорын болып қайта құрылуы мүмкiн.
Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2002.05.21 N 323 Заңымен.
51-бап. Осы Заңның күшiне ену тәртiбi
Осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi