Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

ҚР Экологиялық кодексi
141-бап. Қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингi



Ст. 141 ҚР Экологиялық кодексi 2007 жылғы 9 қаңтардағы N 212



1. Қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингi мынадай түрлердi қамтиды:

1) атмосфералық ауа жай-күйiнiң мониторингi;

2) атмосфералық жауын-шашын жай-күйiнiң мониторингi;

3) су ресурстарының сапалық жай-күйiнiң мониторингi;

4) топырақ жай-күйiнiң мониторингi;

5) метеорологиялық мониторинг;

6) радиациялық мониторинг;

7) трансшекаралық ластаулар мониторингi;

8) фондық мониторинг.

2. Қоршаған орта жай-күйiнiң мониторингiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган ұйымдастырады.

3. Атмосфералық ауа жай-күйiнiң мониторингi - Қазақстан Республикасының елдi мекендерiнде атмосфералық ауаның ластануының жай-күйiне бақылау жасау жүйесi. Мемлекеттiк бақылау бекеттерiнiң санын және оларды әрбiр нақты елдi мекенде орналастыруды халық саны, жер рельефi, ластанудың нақты деңгейiн ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде айқындайды.

4. Атмосфералық жауын-шашын жай-күйiнiң мониторингi - атмосфераның ластануының көрсеткiшi болатын атмосфералық жауын-шашынның химиялық құрамына бақылау жасау, сондай-ақ қыс кезiнде атмосфераның өңiрлiк ластануын бағалау және елдi мекендер мен өнеркәсiп объектiлерiнен ластаушы заттардың таралу ауқымын анықтау үшiн қар қабатындағы заттардың болуына бақылау жасау жүйесi.

5. Су ресурстарының сапалық жай-күйiнiң мониторингi - жер үстi және жер асты сулары сапасының жай-күйiне бақылау жасау жүйесi.

6. Топырақ жай-күйiнiң мониторингi - елдi мекен жерлерiнде, суармалы аумақтар мен ауыл шаруашылығы алқаптарында топырақтың техногендiк ластануының жай-күйiне бақылау жасау жүйесi.

7. Метеорологиялық мониторинг - мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды ауа райы туралы ақпаратпен қамтамасыз ету, қысқа мерзiмдi, ұзақ мерзiмдi метеорологиялық, агрометеорологиялық болжамдар жасау және дүлей метеорологиялық құбылыстардың туындау ықтималдығы туралы ескерту мақсатында атмосфера мен жер үстiнiң физикалық параметрлерiне, метеорологиялық, оның iшiнде актинометрикалық, жылу балансы, озонометрикалық, аэрологиялық бақылау жасаудың кешендi жүйесi. Метеорологиялық мониторинг деректерiнiң негiзiнде климаттың және Жердiң озон қабатының мониторингiн жүргiзу жүзеге асырылады.

8. Радиациялық мониторинг - қоршаған ортаның объектiлерi мен аумақтардың техногендiк және табиғи радиоактивтi ластануына бақылау жасау жүйесi.

9. Трансшекаралық ластану мониторингi - трансшекаралық сулар мен ауаның трансшекаралық ластануының, сондай-ақ қоршаған ортаға трансшекаралық әсердi болғызбау, шектеу және азайту үшiн қолданылатын шаралар тиiмдiлiгiнiң жай-күйiне шекаралас мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастық шеңберiнде жүзеге асырылатын бақылау жүйесi.

10. Фондық мониторинг - қоршаған ортаның кешендi фондық мониторингi станцияларының мамандандырылған желiсiндегi атмосфера мен басқа да ортаның биосферамен өзара iс-қимылының жай-күйiне бақылау жасау жүйесi.

Статья 1 ...139 140 141 142 143 ...326 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексi 2007 жылғы 9 қаңтардағы N 212 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 141-бап ҚР Экологиялық кодексi 2007 жылғы 9 қаңтардағы N 212