Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< ҚР Азаматтық процестік кодексі

ҚР Азаматтық процестік кодексі
92-бап. Сарапшының қорытындысы



Ст. 92 ҚР Азаматтық процестік кодексі 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V ҚРЗ




1. Сарапшының қорытындысы – бұл сот немесе тараптар сарапшының алдына қойған мәселелер бойынша сараптама объектілерін арнайы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген зерттеуге негізделіп, осы Кодексте көзделген жазбаша нысанда ұсынылған түйіндер. 

Сарапшының қорытындысы "Сот-сараптама қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзім ішінде жасалуға тиіс. Сараптаманы белгіленген мерзімде жүргізуге кедергі келтіретін мән-жайлар болған кезде, сарапшы бұл туралы сотқа жазбаша хабарлауға міндетті. 

2. Сарапшы (сарапшылар) қажетті зерттеулер жүргізгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып, өз атынан қорытынды жасайды, оны өзінің (өздерінің) қойған қолымен және жеке мөрімен растап, сараптаманы тағайындаған сотқа жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргізген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қойған қолы көрсетілген органның мөрімен расталады. 

3. Сарапшының қорытындысында оның ресімделген күні, сараптаманың жүргізілген мерзімдері мен орны; сараптаманы жүргізу негіздері; сот туралы мәліметтер, сараптаманы жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); өзінің көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы жөнінде ескертілгені туралы сарапшының қойған қолымен куәландырылған белгі; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптаманы жүргізу кезінде қатысқан процеске қатысушылар туралы және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; зерттеу объектілері; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндердің негіздемесі мен тұжырымдамасы көрсетілуге тиіс. 

4. Егер осы Кодекстің 93-бабында көрсетілген мән-жайлар зерттеу барысында анықталса, қорытындыда қойылған мәселелердің барлығына немесе кейбіреуіне жауап берудің мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылуға тиіс. 

5. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер де қоса берілуге тиіс. 

6. Осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен жүргізілген жауап алу барысында сарапшының берген айғақтары оның бұрын берген қорытындысын түсіндіру, толықтыру не нақтылау бөлігіндегі ғана дәлелдемелер болып табылады. 

7. Сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, бірақ онымен келіспеген жағдайда, бұл туралы сот шешімінде көрсетілуге тиіс. 

Ескерту. 87-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.02.2017 № 45-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


Статья 1 ...90 91 92 93 94 ...505 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 92-бап ҚР Азаматтық процестік кодексі 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V ҚРЗ