Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< ҚР Орман кодексi

ҚР Орман кодексi
69-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк орман күзетi



Ст. 69 ҚР Орман кодексi 2003 жылғы 8 шілдедегі N 477



1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк орман күзетi (бұдан әрi - мемлекеттiк орман күзетi) орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерiмен айналысатын орман мекемелерiнiң қызметкерлерiнен тұрады.  

2. Мемлекеттiк орман күзетiне өзiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн:  

1) жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың мемлекеттiк орман қорын пайдалануды жүзеге асыруға рұқсат беретiн құжаттарын тексеру;  

2) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдар саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық жөнiнде хаттамалар жасау;  

3) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдар саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау және оларды құқық қорғау органдарына жеткiзу;  

4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көлiк құралдарын, өзге де объектiлер мен орындарды тексерiп қарау, ал қажет болған кезде ұсталған адамдарды жеке қарап тексеру;  

5) жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың заңсыз қолға түсiрген орман ресурстары мен жануарлар дүниесi ресурстарын, оларды қолға түсiру құралдарын, сондай-ақ көлік құралдарын алып қою және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бұлардың кейiннен кiмге тиесiлi болатыны туралы мәселенi шешу құқықтары;  

6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтар берiледi.  

3. Мемлекеттiк орман күзеті мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде:  

1) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдар саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмауға және оның жолын кесуге;  

2) Қазақстан Республикасының орман заңдары, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарды бұзу фактiлерi жөнiндегi ақпаратты, талап-арыздарды және өзге де материалдарды мемлекеттiк органдарға және құқық қорғау органдарына, сотқа жiберуге;  

3) өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғаларға анықталған тәртiп бұзушылықтарды жою жөнiнде жазбаша нұсқаулар беруге;  

4) мемлекеттiк орман қоры жерлерiнде, сондай-ақ орман өртi тiкелей қауiп тудырған жағдайда оған iргелес аумақтарда ормандағы өрттердiң алдын алу, оларды дер кезiнде байқау мен сөндiру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге;  

5) шаруашылық қызмет пен өзге де қызметтердi шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы ұсыныстар енгiзуге мiндеттi.  

6) алып тасталды  

4. Мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды адамдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қызметтiк қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға рұқсат eтiледi.  

5. Мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айырым белгілері бар нысанды киіммен (погонсыз), қызметтiк қарумен және арнаулы қорғаныс құралдарымен, қызметтiк жер телiмiмен қамтамасыз етiледi.  

6. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды адамдарының қол күшiн, арнаулы қорғаныс құралдарын және қызметтiк қаруды қолдануға құқығы бар.  

7. Мемлекеттiк орман күзетiнiң қызметi уәкілетті орган бекiткен Мемлекеттiк орман күзетi туралы ережемен айқындалады. 

Ескерту. 69-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап күшіне енеді), 2011.01.06 N 379-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

Статья 1 ...67 68 69 70 71 ...118 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 69-бап ҚР Орман кодексi 2003 жылғы 8 шілдедегі N 477