Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Ст. 242 ҚР Салық кодексi 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 06.12.2018

ҚР Салық кодексi
242-бап. Жалпы ережелер

1. Осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушiнiң кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстары салық салынатын кірісті айқындау кезiнде осы Кодекстің осы бабында және 243 – 263-баптарында белгіленген ережелер ескеріле отырып, шегерімге жатады. 

Осы тармақтың ережелері салық төлеушінің Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тыс жерлерде де шеккен шығыстарына қолданылады. 

Салық төлеушінің тіркелген активтерді салуға, сатып алуға арналған шығындары және күрделі сипаттағы басқа да шығындары осы Кодекстің 265 – 276-баптарына сәйкес шегерімге жатқызылады. 

2. Салық төлеушінің шет мемлекетте қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыруға байланысты шығыстары осы Кодекске сәйкес шегерімге жатады.  

Резидент-заңды тұлғаның шет мемлекеттегі тұрақты мекемесінің салық салынатын кірісін айқындау кезінде осындай шет мемлекеттің салық заңнамасының немесе халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес осындай салық салынатын кірісті алу мақсатында Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тыс жерлерде де шегілген басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды шегеруге жол беріледі.  

Басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстардың сомасы өзінің көздерінен резидент-заңды тұлға кіріс алған шет мемлекетте осындай шет мемлекеттің салық заңнамасында айқындалған тәртіппен шегерілуге жатады.  

Егер өзінің көздерінен резидент-заңды тұлға кіріс алған шет мемлекеттің салық заңнамасында немесе халықаралық шартта басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды шегеруге жол берілген, бірақ бұл ретте шет мемлекеттің салық заңнамасында мұндай шығыстарды шегерімге жатқызу тәртібі көзделмеген жағдайда, резидент-салық төлеуші көрсетілген шет мемлекетте басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды осы Кодекстің 662 – 665-баптарында айқындалған тәртіппен шегерімге жатқызады. 

3. Шегерiмдердi салық төлеуші өзінің кіріс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде іс жүзінде жүргізілген осындай шығыстар бойынша жүргiзедi.  

Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақ кезеңдердің шығыстары өздері жататын салықтық кезеңде шегерiмге жатады. 

4. Егер осы Кодекстің осы бабында және 243 – 263-баптарында өзгеше белгіленбесе, осы бөлімнің мақсаттары үшін шығыстарды тану күнін қоса алғанда, шығыстарды тану халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.  

Шығыстарды халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тану тәртібі шегерімдерді осы Кодекске сәйкес айқындау тәртібінен ерекшеленген жағдайда, көрсетілген шығыстар осы Кодексте айқындалған тәртіппен салық салу мақсаттары үшін есепке алынады. 

5. Егер осы Кодекстің 192-бабының 4-тармағында өзгеше көзделмесе, төленуге жататын (төленген) шығындардан басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасын қолдану кезінде активтер және (немесе) міндеттемелер құнының өзгеруіне байланысты бухгалтерлік есепке алуда туындайтын шығындар салық салу мақсаттарында шығындар ретінде қаралмайды.  

6. Егер шығыстардың сол бір түрлері шығыстардың бiрнеше баптарында көзделсе, онда көрсетілген шығыстар салық салынатын кірістің есеп-қисабында бiр рет шегерiледi. 

7. Салық төлеуші осы Кодекстің 287-бабына сәйкес шегерімдерді түзетуді жүзеге асырады. Бұл ретте осы түзетулер ескерілген шегерімдер сомасы теріс мәнге ие болуы мүмкін.

Статья 1 ...240 241 242 243 244 ...773

Перейти к статье






Добавить комментарий к 242-бап ҚР Салық кодексi 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ