Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

ҚР Салық кодексi
263-бап. Шот-фактура



Ст. 263 ҚР Салық кодексi N 99-IV от 10.12.2008 жылғы




1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қосылған құн салығын төлейтін барлық төлеушiлер үшiн мiндеттi құжат шот-фактура болып табылады.


1-1. Электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактурадан басқа шот-фактураның нысанын салық төлеуші осы баптың ережелерін ескере отырып дербес айқындайды.

1-2. Шот-фактура қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жазып беріледі.

Электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактураларды қабылдау, өңдеу, беру және сақтау электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Уәкілетті орган электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымы тәртібін белгілейді, онда мыналар:

шот-фактураның нысаны;

шот-фактураларды жазып беру, жөнелту, қабылдау, тіркеу, өңдеу, беру және алу тәртібі;

шот-фактураларды куәландыру тәртібі;

түзетілген және (немесе) қосымша шот-фактуралардың алынғанын растау ерекшелігі;

шот-фактураларды сақтау тәртібі;

бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган мен салық органдары арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі көрсетіледі.

Бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:

электрондық нысанда жазып берілген шот-фактуралардың уақтылы қабылдануы, тіркелуі, өңделуі және берілуі, сондай-ақ олардың сақталуы;

электрондық нысанда жазып берілген шот-фактураларда көрсетілген, берілетін мәліметтердің дәйектілігі;

Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, шот-фактураларда көрсетілген мәліметтердің үшінші тұлғаларға жария етілмеуіне жауаптылықта болады.

РҚАО-ның ескертпесі!

2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.12.2015 № 432-V Заңымен (01.07.2016 бастап 01.01.2017 дейін қолданыста болады).

РҚАО-ның ескертпесі!

2-тармақтың бұл редакциясы 01.07.2016 бастап 01.01.2017 дейін қолданыста болады - ҚР 03.12.2015 № 432-V Заңымен.

РҚАО-ның ескертпесі!

2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

2. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, шот-фактура электрондық нысанда немесе қағаз жеткізгіште жазып беріледі.

Осы баптың 2-1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден ісі туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті экономикалық оператор, кеден өкілі, кедендік тасымалдаушы, уақытша сақтау қоймаларының иесі, кедендік қоймалардың иесі болып табылатын салық төлеуші шот-фактураларды электрондық нысанда жазып беруге міндетті.

2-1. Егер уәкілетті орган растаған, бағдарламалық қамтылымда техникалық қателердің туындау себебінен шот-фактураны электрондық нысанда жазып беру мүмкін болмаған жағдайда, шот-фактураны жазып беру қағаз жеткізгіште жүргізіледі.

3. Салық төлеушілер шот-фактурада немесе осы Кодекстің 256-бабының 2-тармағында көзделген өзге құжатта:

1) қосылған құн салығы салынатын айналымдар бойынша – қосылған құн салығының сомасын;

2) салық салынбайтын, оның ішінде қосылған құн салығынан босатылған айналымдар бойынша – "ҚҚС-сыз" белгісін көрсетеді.

4. Алынып тасталды - ҚР 03.12.2015 № 432-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5. Осы Кодекстiң 256-бабына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызу үшiн негiздеме болып табылатын шот-фактурада:

1) шот-фактураның араб цифрларымен көрсетілетін реттiк нөмiрi;

1-1) шот-фактура электрондық нысанда жазып берілген жағдайда – айналым жасалған күн;

2) шот-фактураның жазып берiлген күні. Шот-фактура электрондық нысанда жазып берілген кезде электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде шот-фактура тіркелген күн жазып берілген күн болып табылады;

2-1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушi мен алушының орналасқан (тұрғылықты) жері көрсетілетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушi мен алушының мекенжайы;

3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушылар болып табылатын жеке тұлғаларға қатысты – тегі, аты, әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушілер немесе алушылар болып табылатын дара кәсіпкерлерге қатысты – салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлікте көрсетілген атауы;

тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушілер немесе алушылар болып табылатын заңды тұлғаларға қатысты – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамада көрсетілген атауы көрсетілуге тиіс. Бұл ретте ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету бөлігінде қалыптасуына, оның ішінде іскерлік айналымдағы қалыптасуына сәйкес аббревиатура пайдаланылуы мүмкін;

3-1) осы Кодекстің 264-1-бабында көзделген жағдайларда өнім берушінің комитент немесе комиссионер мәртебесі;

3-2) осы баптың 12-тармағы екінші бөлігінің 1) – 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда электрондық нысанда жазып берілген шот-фактурада:

Кеден одағы Комиссиясының шешімімен бекітілген валюта сыныптауышына сәйкес айқындалған валютаның әріптік коды;

өткізу бойынша айналым жасау күніне салық салынатын (салық салынбайтын) айналымды айқындау үшін пайдаланылатын валюта бағамы көрсетіледі;

4) тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді берушi мен алушының сәйкестендіру нөмiрi;

5) қосылған құн салығын төлеуші – өнім берушінің қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылғаны туралы куәлігінің сериясы мен нөмірі;

6) өткiзiлетiн тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің атауы;

7) салық салынатын (салық салынбайтын) айналымның мөлшерi;

8) қосылған құн салығының мөлшерлемесі;

9) қосылған құн салығының сомасы;

10) қосылған құн салығы ескеріле отырып, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны көрсетілуге тиіс.

Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші немесе алушы заңды тұлға болып табылса, осы тармақтың 2-1), 3), 3-1), 4) және 5) тармақшаларында белгіленген талаптарды орындау мақсатында шот-фактурада заңды тұлғаның деректемелері көрсетілуге тиіс.

Егер заңды тұлға атынан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердің беруші ретінде оның құрылымдық бөлімшесі әрекет етсе және заңды тұлғаның шешімі бойынша шот-фактураларды жазып беруді осындай құрылымдық бөлімше жүргізген болса, сондай-ақ егер заңды тұлға атынан құрылымдық бөлімше тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердің алушы болса:

осы тармақтың 2-1), 3), 3-1) және 4) тармақшаларында белгіленген талаптарды орындау мақсатында шот-фактурада құрылымдық бөлімшенің деректемелерін көрсетуге жол беріледі;

осы тармақтың 5) тармақшасында белгіленген талаптарды орындау мақсатында құрылымдық бөлімшесі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші болып табылатын қосылған құн салығын төлеуші – заңды тұлғаның қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылғаны туралы куәлігінің сериясы мен нөмірі көрсетілуге тиіс.

6. Акцизделетін тауарларды өткізген жағдайда шот-фактурада акциздің сомасы қосымша көрсетіледі.

Осы Кодекстің 78-бабында белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда лизинг беруші «Салық кодексінің 78-бабы сақталмаған» деген белгісі бар шот-фактура немесе қосымша шот-фактура жазып береді.

РҚАО-ның ескертпесі!

7-тармақтың бұл редакциясы 01.01.2016 бастап 01.01.2017 дейін қолданыста болады - ҚР 03.12.2015 № 432-V Заңымен.

7. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шот-фактура айналым жасалған күннен бұрын жазылмайды және:

қағаз жеткiзгiште жазып берiлген жағдайда – өткiзу бойынша айналым жасалған күннен кейiн күнтiзбелiк жеті күннен;

электрондық нысанда жазып берiлген жағдайда – өткiзу бойынша айналым жасалған күннен кейiн күнтiзбелiк он бес күннен кешiктiрiлмей жазып берiледi.

Қосылған құн салығын төлеушi:

электр энергиясын, суды, газды, жүйелік оператор көрсететін жүйелік көрсетілетін қызметтерді, көрсетілетін байланыс қызметтерiн, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді, теміржол тасымалдарын, көлiк-экспедиторлық көрсетілетін қызметтерді, вагондар (контейнерлер) операторының көрсетілетін қызметтерін, жүктерді магистральдық құбыржолдар жүйесі бойынша тасымалдау көрсетілетін қызметтерін, кредит (қарыз, микрокредит) беру бойынша көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ қосылған құн салығы салынатын банк операцияларын өткізу кезiнде – қорытындылары бойынша шот-фактура жазып берiлетiн айдан кейiнгi айдың 20-күнінен кешiктiрмей күнтiзбелiк айдың қорытындылары бойынша;

есептелген сыйақы сомасы бөлiгiнде мүлiктi қаржы лизингiне беру кезiнде – қорытындылары бойынша шот-фактура жазып берiлетiн тоқсаннан кейiнгi айдың 20-күнінен кешiктiрмей күнтiзбелiк тоқсанның қорытындылары бойынша;

осы Кодекстің 276-бабының 1-тармағында аталған тұлғаларға бір жыл немесе бір жылдан астам мерзімге жасалған шарттар бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде – қорытындылары бойынша шот-фактура жазып берiлетiн айдан кейiнгi айдың 20-күнінен кешiктiрмей күнтiзбелiк айдың қорытындылары бойынша шот-фактураларды жазып беруге құқылы.

Тауарлар экспорттың кедендік рәсімінде әкетілген жағдайда шот-фактура:

қағаз жеткiзгiште жазып берiлген жағдайда – өткізу бойынша айналым жасалған күннен кешіктірілмей;

электрондық нысанда жазып берiлген жағдайда өткізу бойынша айналым жасалған күннен кейін күнтізбелік жеті күннен кешіктірілмей жазып беріледі.

8. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактура:

заңды тұлғалар үшiн – басшысы мен бас бухгалтерiнiң қолтаңбаларымен, сондай-ақ, егер осы тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрге ие болуға тиіс болса, заңды тұлғаның атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетiлген мөрiмен;

дара кәсiпкерлер үшiн – дара кәсiпкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде) және (немесе) атауы жазылған мөрiмен (ол болған кезде), сондай-ақ қолтаңбасымен куәландырылады.

Шот-фактура салық төлеушiнiң бұйрығымен осыған уәкiлеттiк берiлген қызметкердiң қолтаңбасымен куәландырылуы мүмкiн. Бұл ретте бұйрықтың көшiрмесi тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушылардың көрiп-танысуы үшiн қолжетiмдi болуға тиiс.

Тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiге шот-фактураға қол қоюға уәкiлеттi адамды тағайындау туралы бұйрықтың осыған уәкiлеттi адам куәландырған көшiрмесiн беру талабымен жүгiнуге құқылы, ал өнiм берушi бұл талапты тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушы жүгiнген күнi орындауға мiндеттi.

Тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушi болып табылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi, егер осы тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрге ие болуға тиіс болса, салық төлеушi жазып берген шот-фактураны оның шешiмi бойынша заңды тұлғаның осындай құрылымдық бөлiмшесiнiң заңды тұлғаның атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетiлген мөрiмен куәландыруға құқылы.

Жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкiлеттi өкiлi жазып берген шот-фактура осы Кодекстiң 308-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда, уәкiлеттi өкiлдiң атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетiлген мөрiмен, сондай-ақ осындай уәкiлеттi өкiл басшысының және бас бухгалтерiнiң қолтаңбаларымен куәландырылады.

Егер Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына және есептiк саясатқа сәйкес басшы немесе дара кәсiпкер бухгалтерлiк есептi жеке өзi жүргiзсе, бас бухгалтер қолтаңбасының орнына "көзделмеген" деп көрсетiледi.

Электрондық нысанда жазып берiлген шот-фактура электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады.

9. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, шот-фактурада салық салынатын айналымның мөлшері тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің әрбір атауы бойынша жеке көрсетіледі.

Шот-фактуралар қағаз жеткізгіште жазып берілген жағдайда, егер мұндай шот-фактураға осы баптың 5-тармағының 6) – 10) тармақшаларында көрсетілген деректер қамтылған құжат қоса берілсе, айналымның жалпы мөлшерін көрсетуге жол беріледі. Бұл ретте шот-фактурада құжаттың нөмірі мен күніне сілтеме, сондай-ақ оның атауы қамтылуға тиіс.

10. Лизинг беруші өзі беретін лизинг нысанасына жазып беретін шот-фактурада салық салынатын айналым мөлшері қаржы лизингі бойынша сыйақы мен қосылған құн салығының сомасы енгізілместен, қаржы лизингінің шартына сәйкес барлық лизинг төлемдерінің жалпы сомасы негізінде көрсетіледі.

11. Интернет-ресурста орналастырылғандарды қоса алғанда, мерзiмдi баспа басылымдарын және бұқаралық ақпарат құралының өзге де өнімін өткізген жағдайда, шот-фактура:

1) өткізу бойынша айналым жасалған күннен кейінгі күнтізбелік жеті күннен кешіктірілмей қағаз жеткізгіште;

2) өткізу бойынша айналым жасалған күннен кейінгі күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей электрондық нысанда жазылып беріледі.

12. Қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактурадағы құндық және сомалық мәндер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетіледі. Сыртқы сауда қызметі жүзеге асырылған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда шот-фактурада тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құнын және қосылған құн салығының сомасын шетел валютасымен қосымша көрсетуге тыйым салынбайды.

Мынадай:

1) өнімнің бөлінісі туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жасасылған (жасалған) мәмілелер (операциялар) бойынша;

2) тауарларды осы Кодекстің 242, 276-11 және 276-13-баптарына сәйкес қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі бойынша салық салынатын экспортқа өткізу жөніндегі мәмілелер (операциялар) бойынша;

3) осы Кодекстің 244-бабына сәйкес қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі бойынша салық салынатын халықаралық тасымалдар бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі айналымдар бойынша;

4) осы Кодекстің 245-бабының 1-2-тармағына сәйкес қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі бойынша салық салынатын өткізу жөніндегі айналымдар бойынша шетел валютасымен көрсету мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, электрондық нысанда жазып берілген шот-фактурадағы құндық және сомалық мәндер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетіледі.

13. Қағаз жеткізгіштегі шот-фактура екі данада жазылады, олардың біреуі тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетуді алушыға беріледі.

14. Бұрын жазып берілген шот-фактураға өзгерістер енгізу, оның ішінде қателерді түзету мақсатында өзгерістер енгізу бұрын жазып берілген шот-фактураны жою және түзетілген шот-фактураны жазып беру арқылы жүргізіледі.

Бұл ретте түзетілген шот-фактурада бұрын жазып берілген шот-фактурада көрсетілгеннен өзге тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер берушіні көрсетуге жол берілмейді.

Осы Кодекстің 265-бабында көзделген жағдайларда, осы тармақтың ережесі қолданылмайды.

14-1. Түзетілген шот-фактура:

1) шот-фактураларды жазып беруге қойылатын, осы бапта белгіленген талаптарға сәйкес келуге;

2) мынадай ақпаратты:

шот-фактураның түзетілгені туралы белгіні;

түзетілген шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін;

күші жойылатын шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін қамтуға тиіс.

14-2. Түзетілген шот-фактура қате табылған күннен ерте емес және:

1) қағаз жеткізгіште жазып берілген жағдайда – қате табылған күннен кейін күнтізбелік жеті күннен;

2) электрондық нысанда жазып берілген жағдайда – қате табылған күннен кейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей жазып беріледі.

14-3. Қағаз жеткізгіште жазып берілген, түзетілген шот-фактура бойынша осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының алғаны туралы төменде санамаланған растау құжаттарының кез келгенінің:

тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының осындай шот-фактураны осы баптың 8-тармағына сәйкес қолтаңбасымен және мөрімен растауының;

немесе

тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушінің осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының мекенжайына тапсырыс хатпен жолдауының және оның алынғаны туралы хабарламаның;

немесе

тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының осындай қол қойылған және:

заңды тұлғалар үшiн – егер осы тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрге ие болуға тиіс болса, оның атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетiлген мөрi;

дара кәсiпкерлер үшiн – мөрі болған кезде, оның тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде) және (немесе) атауы қамтылған мөрi басылған шот-фактураны алғандығы туралы хатының болуы міндетті.

15. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шот-фактура жазып беру мынадай жағдайларда:

1) бухгалтерлік есеп жүргізген кезде негіз болып табылатын бастапқы есепке алу құжаттарын қолдана отырып, коммуналдық қызмет көрсеткені, байланыс қызметін көрсеткені үшін банктер арқылы есеп айырысу жүзеге асырылған;

2) жолаушы тасымалы жол жүру билетімен (осы тармақтың 3) және 3-1) тармақшаларында көзделгеннен басқа жағдайларда) ресімделген;

3) әуе көлігінде берілетін жолаушы тасымалдау электрондық билетпен ресімделген;

3-1) жолаушы тасымалы теміржол көлігінде берілетін электрондық жол жүру құжатымен ресімделген;

4) осы Кодекстiң 276-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарға тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу жағдайларын қоспағанда, тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсету қолма-қол есеп айырысу арқылы өткiзілген жағдайда сатып алушыға бақылау-кассалық машинаның чегi берiлген;

5) тауар дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор болып табылмайтын жеке тұлғаға өтеусіз берілген;

6) осы Кодекстің 250-бабында көзделген қызметтер көрсетілген жағдайларда талап етілмейді.

16. Осы баптың 15-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетуді алушы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушiге шот-фактура жазып беру туралы талаппен жүгінуге құқылы, ал өнім берушi осы баптың ережелерiн ескере отырып, бұл талапты, оның ішінде тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетуді алушы туралы мәліметтерде сенім білдірілген адам арқылы тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетуді сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғаның немесе тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетуді сатып алушы дара кәсіпкердің деректемелерін көрсету бөлігінде орындауға мiндеттi.

Осы баптың 15-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетуді алушы өнім берушіге осындай өнім беруші көрсеткен тасымалдау қызметтері бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу мақсатында әуе көлігімен ұшу фактісін растау үшін өнім берушіге жүгінуге құқылы, ал өнім беруші:

жеке тұлғаның әуе көлігімен ұшу фактісін растайтын құжатты немесе жазып берілуі осы баптың ережелері сақталып, оның ішінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді алушы туралы мәліметтерде сенім білдірілген адамы арқылы әуе көлігімен тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуді сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғаның немесе әуе көлігімен тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуді сатып алушы дара кәсіпкердің деректемелерін көрсету бөлігінде жүзеге асырылуға тиіс шот-фактураны тегін жазып беруге міндетті.

Осы баптың 15-тармағының 3-1) тармақшасында көзделген жағдайда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы өнім беруші көрсеткен тасымалдау қызметтері бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу мақсатында теміржол көлігімен жол жүру фактісін растау үшін шот-фактура жазып беруді талап ете отырып, осы өнім берушіге жүгінуге құқылы, ал өнім беруші бұл талапты орындауға міндетті.

16-1. Осы баптың 16-тармағының талаптарын орындау мақсаттарында шот-фактураны жазып беру:

1) осы баптың 15-тармағының 1), 2), 3) және 3-1) тармақшаларында көзделген жағдайларда – айналым жасалған күні немесе одан кешірек, бірақ осы Кодекстің 46-бабының 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, шот-фактуралар айналым жасау күнінен кешірек жазып берілген кезде, көрсетілетін қызметтерді беруші шот-фактураны жазып беру күнімен қатар айналым жасалған күні қолданыста болған мөлшерлеме бойынша есептелген салықты көрсете отырып, өткізу бойынша айналым жасалған күнді көрсетеді;

2) осы баптың 15-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда – тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткiзу орны бойынша айналым жасалған күні немесе одан кешірек, бірақ осы Кодекстің 46-бабының 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде жүзеге асырылады.

17. Бірлескен қызмет туралы шарттардың шеңберінде өткізу (сатып алу) кезінде шот-фактураларды жазып беру ерекшеліктері осы Кодекстің 235-бабында белгіленген.

18. Талаптары комиссия шартының талаптарына сәйкес келетін шарттар шеңберінде шот-фактуралар жазып берудің ерекшеліктері осы Кодекстің 264-1-бабында белгіленген.

19. Тапсырма шартына сәйкес келетін талаптармен өткізілетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушыға шот-фактураны жазып беруді сенім білдіруші (осы Кодекстің 233-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда - сенім білдірілген адам) осы бөлімде көзделген тәртіппен жүзеге асырады.

20. Осы Кодекстiң 78-бабында белгiленген талаптар сақталмаған жағдайда лизинг берушi көрсетiлген сақталмау орын алған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей:

1) мүлiктi қаржы лизингiне беру бойынша – қосымша шот-фактураны жазып беруге мiндеттi, онда қосылған құн салығы көрсетiле отырып, босатылған айналымдардың терiс мәнi және салық салынатын айналымдардың оң мәнi (қаржы лизингі бойынша сыйақы сомасы қосылмаған) қамтылуға тиiс;

2) мүлiктi қаржы лизингі бойынша сыйақының есепке жазылған сомалары бөлiгiнде қаржы лизингiне беру бойынша - қосымша шот-фактуралар жазып беруге мiндеттi, оларда қосылған құн салығы көрсетiле отырып, босатылған айналымдардың терiс мәнi және салық салынатын айналымдардың оң мәнi қамтылуға тиiс.

21. Оператор осы Кодекстің 271-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізген (сатып алған) кезде шот-фактура оператордың жеткізуші (сатып алушы) ретіндегі деректемелерін көрсете отырып, осы баптың талаптарына сәйкес жазып беріледі.

Ескерту. 263-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.04 N 167-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.07.10 N 178-IV, 2009.11.16 N 200-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.12.30 № 234-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 N 297-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.21 № 467-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 9-б. қараңыз), 2012.01.09 N 535-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.12.26 N 61-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 9-баптан қараңыз); 05.12.2013 N 152-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 9-б. қараңыз); 07.03.2014 N 177-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 5-б. қараңыз); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.11.2014 № 257-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 10-баптан қараңыз); 03.12.2015 № 432-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 15-баптан қараңыз) Заңдарымен.


Статья 1 ...261 262 263 264 264-1 ...688 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы (Салық кодексi) N 99-IV от 10.12.2008 жылғы 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 263-бап ҚР Салық кодексi N 99-IV от 10.12.2008 жылғы