Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Ст. 399 ҚР Салық кодексi 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 15.05.2018

ҚР Салық кодексi
399-бап. Қосылған құн салығынан босатылатын импорт

1. Мыналардың:  

1) ұлттық және шетел валютасы банкноттары мен монеталарының (мәдени-тарихи құндылықты білдіретін банкноттар мен монеталардан басқа), сондай-ақ бағалы қағаздардың; 

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және оның ұйымдары жүзеге асыратын, ақша белгілерiн шығаруға арналған шикiзаттың; 

3) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес бекітілген, тауарларды бажсыз әкелу нормалары бойынша жеке тұлғалар жүзеге асыратын тауарлардың; 

4) акцизделетіндерді тауарларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен гуманитарлық көмек ретінде әкелінетін тауарлардың; 

5) акцизделетін тауарларды қоспағанда, қайырымдылық көмек, техникалық жәрдем көрсету мақсатында мемлекеттердің, мемлекеттер үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың желісі бойынша әкелінетін тауарлардың; 

6) мемлекеттердiң, мемлекеттердің үкiметтерi мен халықаралық ұйымдардың желiсi бойынша берiлген гранттардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын тауарлардың; 

7) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттiң дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнiң, шет мемлекеттің консулдық мекемелерінің ресми пайдалануы үшiн, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, осы өкілдіктердің дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық персоналына жататын адамдардың, олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiн қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдардың, консулдық қызметшілердің жеке пайдалануы үшiн әкелiнетiн және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қосылған құн салығынан босатылатын тауарлардың; 

8) салық төлеуден босатуды көздейтін кедендік рәсіммен орналастырыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларациялауға жататын тауарлардың; 

9) ғарыш қызметіне қатысушылар әкелетін, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ғарыш объектілерінің, жербеті ғарыш инфрақұрылымы объектілері жабдығының импорты қосылған құн салығынан босатылады. Осы тармақшаның ережелері нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органның осындай ғарыш объектілері мен жабдықтың ғарыш қызметінің мақсаттары үшін әкелінгені туралы растауы негізінде қолданылады; 

10) мынадай: 

Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мемлекеттік тізілімінде тіркелген; 

денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде, Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мемлекеттік тізілімінде тіркелмеген кез келген нысандағы дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың импорты қосылған құн салығынан босатылады. 

Осы тармақшада көрсетілген тауарлардың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органмен, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді; 

11) ветеринария саласында пайдаланылатын (қолданылатын) дәрілік заттардың; протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдардың және ветеринариялық техниканың, мүгедектерге берілетін арнайы қозғалыс құралдарының, сурдотифлотехниканың; кез келген нысандағы дәрілік заттарды, протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдарды және медициналық (ветеринариялық) техниканы өндіруге арналған материалдардың, жабдықтар мен жинақтаушы зарттардың импорты қосылған құн салығынан босатылады. 

Осы тармақшада көрсетілген тауарлардың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органмен, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді; 

12) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, екінші деңгейдегі банк немесе бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы – заңды тұлға импорттайтын инвестициялық алтынның; 

13) Қазақстан Республикасының әділет органдарында тіркелген діни бірлестіктер әкелетін діни мақсаттағы заттардың импорты қосылған құн салығынан босатылады. 

Көрсетілген тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру өлшемшарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді; 

14) бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келген кезде: 

шикізат және (немесе) материалдар импорты инвестициялық келісімшарт шеңберінде қосылған құн салығынан босатылатын шикізаттың және (немесе) материалдардың инвестициялар жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша бекіткен тізбесіне енгізілсе; 

шикізатты және (немесе) материалдарды әкелу Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген құжаттармен ресімделсе; 

әкелінген шикізатты және (немесе) материалдарды қосылған құн салығын төлеуші талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде тек қана инвестициялық келісімшарт шеңберінде қызметін жүзеге асыру кезінде қолданса, инвестициялық келісімшарт шеңберіндегі (инвестициялық басым жобаны және инвестициялық стратегиялық жобаны қоспағанда) шикізаттың және (немесе) материалдардың импорты қосылған құн салығынан босатылады. 

Инвестициялық келісімшарт шеңберінде шикізаттың және (немесе) материалдардың импортын қосылған құн салығынан босату Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған инвестициялық келісімшартқа қосымша болып табылатын жұмыс бағдарламасында көзделген тіркелген активтер пайдалануға берілген айдың 1-күнінен бастап қатарынан бес жыл бойғы мерзімге беріледі. Егер жұмыс бағдарламасында екі және одан көп тіркелген активті енгізу көзделген жағдайда, инвестициялық келісімшарт шеңберінде шикізаттың және (немесе) материалдардың импортын қосылған құн салығын төлеуден босату мерзімін есептеу жұмыс бағдарламасы бойынша алғашқы тіркелген актив пайдалануға берілген айдың 1-күнінен бастап жүргізіледі. 

Тауарлар еркін айналым үшін не ішкі тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына шығарылған күннен бастап бес жыл ішінде осы тармақшада белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, импортталатын шикізат және (немесе) материалдар бойынша қосылған құн салығы Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде импортталатын тауарлар әкелінген кезде оларға қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есепке жазыла отырып төлеуге жатады; 

РҚАО-ның ескертпесі!

15) тармақшаның осы редакциясы 01.01.2019 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен (тоқтатылған редакциясын ҚР 25.12.2017 Салық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасынан қараңыз).

15) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен жасалған арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде: 

индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органмен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан көлік құралдарын өндіруші; 

ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші болып табылатын заңды тұлға еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырған көлік құралдарының және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасының құрамындағы шикізаттың және (немесе) материалдардың; 

16) егер: 

оларды "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалы металдарды өндіру субъектілерінің тізбесіне енгізілген заңды тұлға әкелсе; 

олар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне өткізу үшін аффинирленген алтынды өндіру кезінде ғана пайдаланылса, өңделмеген бағалы металдардың, бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарының және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының импорты қосылған құн салығынан босатылады. 

2. Осы баптың 1-тармағының 1) – 13) тармақшаларында көрсетілген тауарлардың импортын қосылған құн салығынан босату тәртібін уәкілетті орган айқындайды. 

3. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен арнайы инвестициялық келісімшарт жасасқан заңды тұлға бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде: 

1) тауарлар еркін кедендік аймақ немесе еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылса; 

2) еркін кедендік аймақ немесе еркін қойма кедендік рәсімі ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен аяқталса; 

3) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес дайын өнім құрамындағы тауарларды сәйкестендіру жүзеге асырылса, арнайы экономикалық аймақтың немесе еркін қойманың аумағында өндірілген дайын өнім құрамындағы тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығын төлеуден босатуды қолдануға құқылы. 

46-тарау. ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ БОЙЫНША ЕСЕПКЕ ЖАТҚЫЗУ

Статья 1 ...397 398 399 400 401 ...773

Перейти к статье






Добавить комментарий к 399-бап ҚР Салық кодексi 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ