Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Жол жүрiсi туралы
73-бап. Адамдарға көлік құралдарын басқаруға рұқсат беру



Ст. 73 Жол жүрiсi туралы 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V




1. Қазақстан Республикасында көлік құралдарының оларды басқаруға арнайы құқық (бұдан әрі – көлік құралдарын басқару құқығы) берілетін мынадай санаттары мен оларға кіретін кіші санаттары белгіленеді:

1) «А» санаты – мотоциклдер;

2) «В» санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан аспайтын және жүргізушінің орнынан басқа, отыратын орындарының саны сегізден аспайтын автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «В» санатындағы автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын, бірақ жүктемесі жоқ автомобильдің массасынан аспайтын, ал көлік құралдарының осындай құрамының жалпы рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «В» санатындағы автомобильдер;

3) «С» санаты – «D» санатына жататындарды қоспағанда, рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан асатын автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «С» санатындағы автомобильдер;

4) «D» санаты – жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнынан басқа, отыратын орындарының саны сегізден асатын автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «D» санатындағы автомобильдер;

5) «ВЕ» санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын және жүктемесі жоқ автомобильдің массасынан асатын, тіркеме тіркелген «В» санатындағы автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын, ал көлік құралдарының осындай құрамының жалпы рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан асатын, тіркеме тіркелген «В» санатындағы автомобильдер;

6) «СЕ» санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын, тіркеме тіркелген «С» санатындағы автомобильдер;

7) «DЕ» санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын, тіркеме тіркелген «D» санатындағы автомобильдер, сондай-ақ жалғастырылған автобустар;

8) «Tm» санаты – трамвайлар;

9) «Tb» санаты – троллейбустар;

10) «А1» кіші санаты – ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден асатын, іштен жану қозғалтқышының жұмыс көлемі бір жүз жиырма бес текше сантиметрден аспайтын және ең жоғары қуаты он бір киловаттан аспайтын мотоциклдер, трициклдер, квадрициклдер және мопедтер;

11) «В1» кіші санаты – трициклдер мен квадрициклдер;

12) «С1» кіші санаты – «D» санатына жататындарды қоспағанда, рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан асатын, бірақ жеті жүз елу килограмнан аспайтын автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «С1» кіші санатындағы автомобильдер;

13) «D1» кіші санаты – жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнынан басқа, отыратын орындарының саны сегізден асатын, бірақ он алтыдан аспайтын автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «D1» кіші санатындағы автомобильдер;

14) «С1Е» кіші санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы
жеті жүз елу килограмнан асатын, бірақ жүктемесі жоқ автомобильдің массасынан аспайтын, ал көлік құралдарының осындай құрамының жалпы рұқсат етілген массасы он екі мың килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «С1» кіші санатындағы автомобильдер;

15) «D1Е» кіші санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын, бірақ жүктемесі жоқ автомобильдің массасынан аспайтын, ал көлік құралдарының осындай құрамының жалпы рұқсат етілген ең жоғары массасы он екі мың килограмнан аспайтын, жолаушыларды тасымалдауға арналмаған тіркеме тіркелген «D1» кіші санатындағы автомобильдер.

2. Көлік құралдарын басқару құқығы осы Заңның 74-бабында санамаланған шарттар сақталған кезде емтихан тапсырған адамдарға беріледі.

Емтихандар механикалық немесе автоматты трансмиссиясы бар көлік құралдарында қабылданады.

Механикалық трансмиссиясы бар көлік құралдарында емтихан тапсырған адамдарға трансмиссияның кез келген түрі бар тиісті санаттағы немесе кіші санаттағы көлік құралдарын басқару құқығы беріледі.

3. Емтихандар емтихан тапсырушылардың теориялық білімі мен практикалық дағдыларына техникалық бақылау құралдарын қолдана отырып өткізіледі.

Емтихан өткізуге арналған техникалық бақылау құралдарының құрамын, оларға қойылатын талаптарды, сондай-ақ оларды қолдану шарттарын уәкілетті орган белгілейді.

4. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізілген жағдайда, оларға емтихан қабылдау кезінде емтихан тапсырушылардың теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тексеруге қатысуға рұқсат етіледі.

5. Көлік құралдарын басқару құқығы – жүргізуші куәлігімен, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда көлік құралын басқару құқығына уақытша рұқсатпен расталады.

6. Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес келетін ұлттық және халықаралық жүргізуші куәліктері беріледі.

7. Ұлттық жүргізуші куәлігі, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше шектеу көзделмесе, он жыл мерзімге беріледі.

8. «А» санатындағы көлік құралдарын басқару құқығына ұлттық жүргізуші куәлігі – «А1» кіші санатындағы және мотоциклеттік орындығы немесе мотоциклеттік типтегі рулі бар «В1» кіші санатындағы, «В» санаты – «В1» кіші санатындағы (мотоциклеттік орындығы немесе мотоциклеттік типтегі рулі бар көлік құралдарынан басқа), «С» санаты – «С1» кіші санатындағы, «D» санаты – «D1» кіші санатындағы, «СЕ» санаты – «С1Е» кіші санатындағы, «DЕ» санаты – «D1Е» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығын да растайды.

9. Халықаралық жүргізуші куәлігі үш жылға дейінгі, бірақ ұлттық жүргізуші куәлігінің қолданылуы мерзімінен аспайтын мерзімге беріледі.

Қазақстан Республикасында берілген халықаралық жүргізуші куәлігі көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағында басқару үшін жарамсыз болып табылады.

10. Басқа мемлекеттерде беріліп, жоғалған (ұрланған) шетелдік және халықаралық жүргізуші куәліктерінің орнына ұлттық және халықаралық жүргізуші куәліктерін беру жүргізілмейді.

11. Ұлттық және халықаралық жүргізуші куәліктерінің үлгілерін уәкілетті орган бекітеді.

12. Егер жүргізуші куәлігінде көлік құралдарын басқаруға шектеулер көрсетілген жағдайда, осы жүргізуші куәлігі онда көрсетілген шектеулер сақталған жағдайда жарамды деп есептеледі.

13. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын, сондай-ақ уақытша болатын адамдарға ұлттық жүргізуші куәліктері негізінде, ал мұндайлары болмаған кезде осы баптың 14, 15, 16, 17, 18 және 19-тармақтарында санамаланған шарттар мен шектеулер сақталған кезде жарамды халықаралық немесе шетелдік ұлттық жүргізуші куәліктері негізінде көлік құралдарын басқаруға рұқсат беріледі.

14. Кәсіпкерлік қызметті немесе көлік құралдарын тікелей басқару жөніндегі жұмыстарды орындауға байланысты өзге де еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде халықаралық немесе шетелдік жүргізуші куәліктері негізінде көлік құралдарын басқаруға жол берілмейді.

15. Шет мемлекетте берілген халықаралық жүргізуші куәлігі тиісті ұлттық жүргізуші куәлігімен бірге көрсетілетін жағдайда ол жарамды деп танылады.

16. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарына сай келмейтін шетелдік жүргізуші куәлігі жарамсыз деп танылады.

17. Шетелдік және халықаралық жүргізуші куәліктері олардың иелері көлік құралдарының тиісті санаттары мен кіші санаттары үшін осы Заңның 74-бабында көзделген жасқа толған кезде Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын басқару үшін жарамды деп танылады.

18. Көлік құралы халықаралық жол жүрісіне қатысқан жағдайларда осы баптың 14 және 17-тармақтарында көзделген ережелер қолданылмайды.

19. Шетелдік және халықаралық жүргізуші куәліктері шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам болып табылатын олардың иесі тұруға ықтиярхат алған күннен алпыс күн өткен соң не Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын олардың иесі Қазақстан Республикасына келген күннен бастап алпыс күн өткен соң Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын басқару үшін жарамсыз деп танылады.

20. Шетелдік және халықаралық жүргізуші куәліктерінің орнына ұлттық және халықаралық жүргізуші куәліктерін беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарына сай келмейтін шетелдік және халықаралық жүргізуші куәліктері Қазақстан Республикасының ұлттық және халықаралық жүргізуші куәліктеріне алмастыруға жатпайды.

Ескертулер.

1. «В», «С» санаттарындағы және «С1» кіші санатындағы көлік құралдарына жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылатын, тиісті санаттарға (кіші санаттарға) жатқызылатын көлік құралдарының өздігінен жүретін шассилері теңестіріледі.

2. Осы бапта санамаланған көлік құралдарының және олардың өздігінен жүретін шассилерінің сыныптамасы Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес айқындалады.


Статья 1 ...71 72 73 74 75 ...95 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Жол жүрiсi туралы 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 73-бап Жол жүрiсi туралы 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V