Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Мемлекеттiк құпиялар туралы

Мемлекеттiк құпиялар туралы
12-бап. Экономика, білім, ғылым және техника саласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызылатын мәліметтер



Ст. 12 Мемлекеттiк құпиялар туралы 1999 жылғы 15 наурыздағы N 349-I



Экономика, білім, ғылым және техника саласында мыналар мемлекеттік құпияларға жатқызылады: 

1) Қазақстан Республикасының экономикасын соғыс уақытында орнықты жұмыс істеуге дайындауды айқындайтын көрсеткіштер туралы мәліметтер; 

2) ғылым мен техника саласында принципті жаңа бұйымдарды жасауға пайдаланылуы мүмкін ең жаңа жетістіктердің, экономиканың түрлі салаларындағы технологиялық процестердің мәнін ашатын, сондай-ақ жария болуы мемлекет мүддесіне залал келтіруі мүмкін қару-жарақтар мен әскери техника мүмкіндіктерінің, олардың жауынгерлік тиімділігін арттырудың сапалық жаңа деңгейін анықтайтын мәліметтер; 

3) мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігі мүдделерінде жүргізілетін ғылыми-зерттеу, тәжірибе-конструкторлық немесе жобалық жұмыстардың мазмұнын және (немесе) бағыттарын ашатын мәліметтер; 

4) мемлекеттің қауіпсіздігі мүддесінде жүргізілетін шараларды ашатын кадрларды даярлау немесе бөлу туралы мәліметтер; 

5) гидрометеорология немесе гелиогеофизика саласындағы жұмыстардың нәтижелерін, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде жүргізілетін арнаулы геологиялық-геофизикалық зерттеулердің нәтижелерін ашатын мәліметтер; 

6) мемлекеттік қорғаныс тапсырысының жоспарын (тапсырмасын), қару-жарақ пен әскери техниканы беру көлемін, оларды шығару жөніндегі өндірістік құжаттарды ашатын мәліметтер; 

7) кәсіпорындардың кооперация жөніндегі байланыстары, қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеушілер немесе дайындаушылар туралы мәліметтер, егер бұл мәліметтер оларды шығару жөніндегі өндірістік қуаттар және (немесе) қару-жарақ пен әскери техниканың негізгі тактикалық-техникалық сипаттамасы туралы деректерді ашатын болса; 

8) қару-жарақ пен әскери техниканы метрологиялық жағынан қамтамасыз етудің жай-күйін, әскери эталондардың техникалық немесе метрологиялық сипаттамаларын немесе қару-жарақ пен әскери техниканың сапалық жағынан жаңа деңгейін айқындайтын метрологиялық қамтамасыз ету құралдарын ашатын мәліметтер. Стандарттауды дамытудың негізгі бағыттарын немесе бағдарламаларын, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техника саласындағы стандарттардың мазмұнын ашатын мәліметтер; 

9) Қазақстан Республикасындағы ғылыми-техникалық прогрестің болжамды бағалануын және оның мемлекеттің қорғаныс қабілетін айқындайтын бағыттар бойынша әлеуметтік-экономикалық салдарларын ашатын мәліметтер; 

10) металлургия өнеркәсібінің сирек кездесетін металдарды немесе стратегиялық маңызы бар басқа да материалдарды өндіруі туралы мәліметтер; 

11) Қазақстан Республикасы бойынша тұтас алғанда жер қойнауларындағы ресурстық әлеуетті, баланстық қорларын ашатын мәліметтер немесе пайдалы қазбалардың жекелеген түрлерін өндіру туралы деректер; 

12) республикалық бюджеттің Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді (қорытылған көрсеткіштерден басқа) ашатын шығыстары туралы мәліметтер; 

13) қару-жарақ пен әскери техниканы жасау жөніндегі ғылыми-зерттеу, тәжірибе-конструкторлық жұмыстарға арналған шығындарды ашатын мәліметтер. Арнаулы объектілердің мүдделерінде жүргізілетін жұмыстарға қатысты нақ сондай мәліметтер; 

14) қару-жарақ пен әскери техниканы, режимдік объектілерді әзірлеу, өндіру немесе жөндеу тапсырыстарына арналған қаржыны немесе нақты шығындарды ашатын мәліметтер. Арнаулы объектілерге де қатысты нақ сондай мәліметтер; 

15) сыртқы берешектер бойынша жинақталған көрсеткіштерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен реттелмеген есеп айырысулары жөніндегі мәліметтер; 

16) мемлекеттік органдар сметаларының жекелеген баптары бойынша әскерлерді ұстауға арналған ақша қаражатының шығыстарын ашатын мәліметтер; 

17) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының жаңа банкноттары мен монетттерін шығару және (немесе) оларды ауыстыру туралы мәліметтер, егер оларды ауыстыру шешім қабылданған күннен бастап және бұл мәліметтерді оларды айналысқа шығару туралы жариялау үшін бұқаралық ақпарат құралдарына берген кезге дейін банкноттар мен монеттерді (мерейтойлық және атаулы күндерге арналғандардан басқа) айналыстан алып тастауға әкеп соқтыратын болса; 

18) мемлекеттік бағалы қағаздарды, құжаттарды қолдан жасаудан қорғаудың әдістері, сондай-ақ олардың түпнұсқалылығын айқындаудың әдістері туралы мәліметтер; 

19) қару-жарақ пен әскери техниканы дайындау (жөндеу) жөніндегі жұмылдыру қуаттары, бұл қуаттарды жасау және (немесе) дамыту (сақтау) туралы мәліметтер; 

20) жаппай қолданылатын өнімдерді, шикізаттың, материалдардың стратегиялық түрлерін өндіру жөніндегі жұмылдырушылық қуаттар, осы қуаттарды жасау және (немесе) дамыту (сақтау) туралы мәліметтер; 

21) индикациялау, газсыздандыру, халықты жаппай қырып-жою қаруларынан химиялық қорғау құралдарын немесе олар үшін жаңа сорбционды және басқа да материалдар жасау мақсатында жүргізілген жұмыстарды ашатын мәліметтер; 

22) қорғаныстық немесе экономикалық маңызы зор топографиялық, геодезиялық немесе картографиялық қызметтердің нәтижелерін ашатын мәліметтер; 

23) көлік желілерінің, көлік құралдарының жай-күйін, оларды әскери мақсаттар үшін жабдықтауды, дайындауды, әскери тасымалдардың көлемін және қару-жарақ пен әскери техниканы тасымалдау бағыттарын ашатын мәліметтер; 

24) темір жолдардың жүктерді темір жолмен тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі мүмкіндіктерін және (немесе) жұмылдыру резервтерін, әскери тасымалдауды ұйымдастыру мен олардың көлемін, энергетикалық, минералдық, ауыл шаруашылығы шикізаттарының, отындардың, материалдардың стратегиялық түрлерін, қару-жарақтың немесе әскери техниканың жекелеген түрлерін тасымалдаудың көлемі мен тасымалдау бағыттарын, байланыс немесе басқару жүйелерін ұйымдастыруды және (немесе) олардың жұмыс істеуін, сондай-ақ темір жол қозғалысының қауіпсіздігі мен жүктердің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі арнаулы шараларды ашатын мәліметтер; 

25) әскерлерді тиеу немесе түсіру пункттерінің орналасқан жерін, мамандануын, қуатын және (немесе) өткізу қабілетін, оларға азық-түлік, медициналық-санитариялық жағынан қызмет көрсету туралы деректерді ашатын мәліметтер; 

26) көлік құралдарына, оның ішінде көліктің жекелеген түрлері бойынша жұмылдырушылық қажеттіліктерін және (немесе) олармен жұмылдырушылық жөнінен қамтамасыз етілуді ашатын мәліметтер; 

27) Қазақстан Республикасы бойынша тұтас алғанда азаматтық қорғаныс күштерінің немесе құралдарының жай-күйін ашатын мәліметтер; 

28) Қазақстан Республикасы экономикасының жұмылдырушылық жоспарын құрылымдық жағынан ұйымдастыруды немесе олардың көрсеткіштерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың немесе жекелеген ұйымдардың жұмылдырушылық дайындығының жай-күйін ашатын мәліметтер; 

29) мемлекеттiк материалдық резервтiң нақты запастарын ашатын мәліметтер; 

30) қару-жарақ пен әскери техника бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнімге арналған құжаттаманың, сондай-ақ қатері жоғары, халықтың тіршілік ету жүйелерін қамтамасыз ететін объектілерге және ұлттық игілік болып табылатын объектілерге арналған жобалық құжаттаманың сақтандыру қорының жасалуы мен сақталуын сипаттайтын мәліметтер, тұтас алғанда Қазақстан Республикасы бойынша құжаттаманың сақтандыру қорын сақтау объектілерін (базаларын) орналастыру туралы мәліметтер; 

31) Қазақстан Республикасының өнеркәсібін жұмылдыруға дайындау және жұмылдыру саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларын, мазмұнын немесе нәтижелерін ашатын мәліметтер; 

32) Қазақстан Республикасының соғыс уақыты кезіндегі шет елдермен төлем балансын ашатын мәліметтер; 

33) елді қорғау мүдделерінде пайдаланылуы мүмкін кен қазу орындары, табиғи үңгірлер, метрополитендер немесе басқа да ғимараттар туралы мәліметтер, сондай-ақ 300 мың адамнан астам тұрғындары бар қалаларды сумен жабдықтаудың, темір жол тораптарының, стратегиялық және қорғаныстық маңызы бар объектілердің және (немесе) оларды сумен жабдықтайтын су құбырларының бас ғимараттарының орналасу схемаларын ашатын мәліметтер; 

34) қару-жарақты, әскери техниканы жасауға, өндіруге және (немесе) пайдалануға жағдай туғызатын, олардың күзетілетін параметрлерін ашатын физикалық-химиялық құбылыстар (өрістер) туралы мәліметтер; 

35) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың күші қолданылатын және олармен алмасу көзделетін мәліметтер мен ашық көздерден немесе оларға еркін қол жеткізу арқылы алынуы мүмкін мәліметтерді қоспағанда, ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды физикалық қорғауды қамтамасыз ету туралы мәліметтер; 

36) бюджет қаражаттары есебінен өткізілетін ұлттық бірыңғай тестілеуді, кешенді тестілеу мен тестілеудің басқа да түрлерін өткізу кезінде пайдаланылатын тестілердің мазмұнын және олардың дұрыс жауаптарының кодтарын ашатын мәліметтер. 

Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.04.02 № 541, 2007.07.27 № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.02.03 № 248-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 12.01.2016 № 443-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 ...10 11 12 13 14 ...38 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 12-бап Мемлекеттiк құпиялар туралы 1999 жылғы 15 наурыздағы N 349-I