Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Магистральдық құбыр туралы

Магистральдық құбыр туралы
27-бап. Өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын біржақты тәртіппен тоқтата тұру және оны біржақты тәртіппен бұзу негіздері



Ст. 27 Магистральдық құбыр туралы 2012 жылғы 22 маусымдағы № 20-V Заңы



1. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсететін оператор, егер:

1) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта көзделген мөлшерде және мерзімде өнімнің тапсырылуын қамтамасыз етпесе;

2) жөнелтуші өнім сапасының өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етпесе;

3) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта белгіленген өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерге ақы төлеу мерзімдері мен тәртібін бұзса;

4) жөнелтуші тасымалдау маршрутының соңындағы тапсыру пунктінде өнімді қабылдаудан бас тартса немесе магистральдық құбырлар жүйесінде бар ресурстарды өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың талаптарына сәйкес бөлмесе;

5) жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартта көзделген ілеспе құжаттарды ұсынбаса;

6) жөнелтуші меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде өнімнің өзіне тиесілі екендігін растайтын құжаттарды ұсынбаса;

7) еңсерілмейтін күш жағдаяттары және магистральдық құбырдың меншік иесіне не магистральдық құбырға өзге заңды негізде иелік ететін тұлғаға байланысты емес, өнімді магистральдық құбырмен қауіпсіз тасымалдауға кедергі келтіретін өзге де жағдайлар пайда болса;

8) магистральдық құбырда өнім тасымалдауды тоқтатуға әкелетін авария немесе оның туындау қатері пайда болса;

9) магистральдық құбырға техникалық қызмет көрсетуге, оны жөндеуге немесе реконструкциялауға байланысты өнім тасымалдауды тоқтатуға әкелетін жұмыстарды орындау қажеттілігі пайда болса;

10) өнімді магистральдық құбырмен тасымалдауды тоқтату немесе шектеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың шешіміне негізделсе, өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын біржақты тәртіппен тоқтата тұрады.

2. Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарттың орындалуын бір жақты тәртіппен тоқтата тұрған кезде бұл туралы жөнелтушіні:

1) осы баптың 1-тармағының 8) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда – осы оқиғалар туындаған сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде;

2) осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдайда – жұмыстарды жүргізуді бастаудан күнтізбелік он күн бұрын хабардар етуге міндетті.

3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер жойылған кезде өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты орындау қайта басталады.

4. Жөнелтуші өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шартты орындауды тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға әкелген себептерді жоюдан бас тартқан жағдайда не тараптармен келісілген мерзімдерде осы себептерді жоймаған кезде, магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға мұндай шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.

Статья 1 ...25 26 27 28 29 ...32 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 27-бап Магистральдық құбыр туралы 2012 жылғы 22 маусымдағы № 20-V Заңы