Ваш гид в законодательстве Казахстана


Печать

Ст. 9-1 Микроқаржы ұйымдары туралы 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 19.03.2024

Микроқаржы ұйымдары туралы
9-1-бап. Берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге немесе құқықты (талап етуді) басқаға беру тәртібі

1. Микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікпен осындай шарт жасасу жағдайларын қоспағанда, оның үшінші тұлғалармен нысанасы берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу, сондай-ақ қарыз алушының берешегіне байланысты ақпарат жинау жөнінде қызметтер көрсету болып табылатын шарт (бұдан әрі – берешекті өндіріп алу туралы шарт) жасасуына тыйым салынады. 

2. Микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікпен берешегі тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген жеке тұлғаға қатысты берешекті өндіріп алу туралы шарт жасасуына жол берілмейді. 

3. Берешек коллекторлық агенттікте сотқа дейін өндіріп алуда және реттеуде болған кезеңде микроқаржы ұйымы: 

сотқа берешекті өндіріп алу туралы талап қойып жүгінуге; 

берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезең үшін сыйақы төлеуді талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңге тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес. 

4. Мынадай талаптардың бірі сақталған кезде: 

құқықтарды (талап етулерді) сатып алу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген осындай ұйым қызметі түрлерінің бірі болып табылғанда; 

құқықтарды (талап етулерді) сатып алу жеке тұлғаларды қолдау жөніндегі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар немесе мемлекеттік органдардың құқықтық актілері шеңберінде жүзеге асырылғанда, құқықты (талап етуді) жарғылық капиталдарына қатысу үлестерінің не орналастырылған акцияларының елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі ұйымдарға беруді қоспағанда, микроқаржы ұйымының жеке тұлғамен жасасылған және тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) басқаға беруді жүргізуіне тыйым салынады. 

5. Микроқаржы ұйымының құқықтарды (талаптарды) мынадай тұлғаларға: 

екінші деңгейдегі банкке; 

коллекторлық агенттікке; 

микроқаржы ұйымына; 

секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясына; 

микроқаржы ұйымы қамтамасыз етілген облигацияларды шығарған немесе қарыз алған кезде микрокредит беру туралы шарт бойынша талап ету құқықтарын кепіл ұстаушы – заңды тұлғаға; 

қаражатты микроқаржы ұйымдарында шартты түрде орналастыру арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру жөніндегі мәміле шеңберінде жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша – жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорына; 

жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты микрокредит беру туралы шарты бойынша немесе заңды тұлғаның халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес құнсыздану белгілері, оның ішінде микрокредит беру туралы шарт бойынша құқыққа (талапқа) ие болған немесе олар туындаған (жасалған) кезде анықталған микрокредит беру туралы шарты бойынша құқыққа (талапқа) қатысты өзге тұлғаға берілуін қоспағанда, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) үшінші тұлғаға беруді жүргізуіне тыйым салынады. 

Осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында аталған тұлға микрокредит беру туралы шарт бойынша алынған құқықтарды (талаптарды) мынадай жағдайлардың бірінде: 

құқықтар (талаптар) жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты микрокредит беру туралы шарты бойынша алынғанда; 

құқықтар (талаптар) берешегінің мөлшері басқаға беру күніне республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 16 500 еселенген мөлшерінен аспайтын заңды тұлғаның микрокредит беру туралы шарты бойынша алынғанда; 

егер өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлға Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылса, сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына береді. 

Микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:  

1) коллекторлық агенттік жарғылық капиталының, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтеріне ие болатын банктің еншілес ұйымы бас ұйымының меншік капиталының мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ең аз мәннен төмен емес мәнді құрағанда;  

2) қызметті: 

банкке немесе банк холдингіне банктің бас банктің күмәнді және үмітсіз активтеріне ие болатын еншілес ұйым құруына рұқсат берілген;  

коллекторлық агенттік коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілген кезден бастап үш жыл бойы жүзеге асырғанда; 

3) сервистік компаниялар тізіліміне енгізу күніне уәкілетті орган қолданған орындалмаған және (немесе) қолданыстағы қадағалап ден қою шаралары немесе шектеулі әсер ету шаралары және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 211-1-бабында және 227-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазалар болмағанда; 

4) сервистік компанияның бірінші басшысында алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы болмағанда; 

5) сервистік компания уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келгенде сервистік компанияға берілуі мүмкін.  

Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтеріне ие болатын банктің еншілес ұйымдарына және микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін сервистік компаниялар ретінде әрекет ететін коллекторлық агенттіктерге қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.  

Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізеді және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.  

Сервистік компанияны сервистік компаниялар тізілімінен шығару сенімгерлік басқару шартын бұзу үшін негіз болып табылады.  

Микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында аталған тұлға микрокредит беру туралы шарт бойынша өзіне берілген құқыққа (талапқа) қатысты кредитордың құқықтарын сервистік компаниямен жасалған сенімгерлік басқару шарты шеңберінде не осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға қайта беру арқылы іске асырады. 

Сервистік компаниямен сенімгерлік басқару шарты бұзылған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында аталған тұлға басқа сервистік компаниямен жаңа сенімгерлік басқару шартын жасасуға не құқықтарды (талаптарды) осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға қайта беруге міндетті.  

Осы тармақтың талаптары осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды. 

6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе микрокредит беру туралы шартта өзгеше көзделмесе, микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) қарыз алушының келісімінсіз басқаға беруге құқылы емес. 

6-1. Микроқаржы ұйымы мүлік кепілімен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талапты) осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға құқық (талап) басқаға берілгенге дейін соңғы алты ай ішінде "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы жүргізген мүлік құнын бағалаусыз беруге құқылы емес. 

7. Бір қарыз алушыға қатысты микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды), бұл құқықтар (талаптар) секьюритилендіру мәмілесінің нысанасы болып табылатын жағдайларды қоспағанда, бірнеше тұлғаға беруге жол берілмейді. 

8. Микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру туралы шарт (бұдан әрі – басқаға беру шарты) жасалған кезде, микроқаржы ұйымы: 

1) басқаға беру шарты жасасылғанға дейін қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтардың (талаптардың) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерінің өңделетіні туралы микрокредит беру туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен хабардар етуге; 

2) қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) микрокредит беру туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтардың (талаптардың) үшінші тұлғаға өтіп кеткені туралы, басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, микрокредит беру туралы шарт бойынша одан әрі төлемдерді үшінші тұлғаға (өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаның не микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда – сервистік компанияның атауын, орналасқан жерін және банктік деректемелерін) жүзеге асыру қажеттілігін, микрокредит беру туралы шарт бойынша берілген құқықтардың (талаптардың) көлемін, микрокредит беру туралы шарт бойынша берешектің мөлшері мен құрылымын (негізгі борышты, сыйақыны, комиссияларды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) және төленуге жататын басқа да сомаларды көрсете отырып, хабардар етуге; 

3) өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаға не сервистік компанияға (микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда) мынадай құжаттарды: 

микрокредит беру туралы шартты; 

кепіл шартын және кепіл затына құқық белгілейтін құжаттарды (микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда); 

кепілгерлік немесе кепілдік шартын (микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау кепілгерлікпен немесе кепілдікпен қамтамасыз етілген жағдайда); 

құқықтарды (талаптарды) басқаға беру күніне қарыз алушы берешегінің есеп-қисабын; 

қарыз алушымен наразылық хат алмасуды (бар болса); 

қарыз алушы – заңды тұлғаның құрылтай құжаттарын, қарыз алушы – жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатты; 

қарыз алушының берешекті өтегенін растайтын құжаттарды; 

кепілге салынған мүлікті өткізу жөніндегі құжаттарды (бар болса); 

басқаға беру шартына сәйкес өзге де құжаттарды беруге міндетті. 

Барлық құқықтар (талаптар) қарыз алушыға берілген жағдайда, микроқаржы ұйымы өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап) берілген тұлғаға өзінде бар барлық құжаттардың түпнұсқаларын береді, ал микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары сервистік компанияға беріледі. 

Қарыз алушыға қойылатын құқықтардың (талап етулердің) бір бөлігі басқаға берілген жағдайда, микроқаржы ұйымы осындай құқықтарды (талап етулерді) куәландыратын құжаттардың түпнұсқаларын сақтауға және көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) ішінара берілген тұлғаға беруге құқылы, ал микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтардың (талаптардың) бір бөлігі сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері сервистік компанияға беріледі. 

Микроқаржы ұйымы, өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлға, сервистік компания микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқаларын жоғалтқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады; 

4) басқаға беру шарты жасалғаннан кейін микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті өтеу есебіне алынған ақшаны өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаның банктік шотына әрбір қарыз алушы бойынша төлемдердің таратып жазылуын бере отырып, аударуға міндетті. 

9. Өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша микроқаржы ұйымының құқығы (талабы) берілген тұлғаның осындай құқықты (талапты) осы бапта көзделген шарттарды сақтамай, басқаға беруіне тыйым салынады. 

Ескерту. 2-тарау 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 06.05.2017 № 63-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.05.2020 № 325-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 43-VII (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2022 № 133-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Статья 1 ...8 9 9‑1 9‑2 10 ...32

Перейти к статье
Новые комментарии на сайте

При проверки сотрудниками сейфа сигнализация сработала как нужно, сверили номера ружей, затем потребовали сертификат на сигнализацию который я не смог предоставить. Выписали штраф

Законно ли это действие Костанай


толық емес жұмыс уақыты бойынша еңбек шартына жыл сайынғы ақылы еңбек ақы төленеді ме?

Трудовой договор по совместительству смогу ли я получит ежегодный оплачиваемый отпуск?


здравствуйте 22.02.24. Составили протокол по 432-2 ст. Административное правонарушение . То что я как покурил бросил окурок на землю , но я не бросал его а положил на железное ограждения, и начал разгружать машину ,после собирался забрать и выбросить в урну, но подошли сотрудники, и составили протокол. Подскажите что делать. Я не подписывал протокол,а указал что не согласен





345 часть 3 получил ограничения свободы на 2 года 5 месяцев. Когда можно ходатайство подать, чтобы убрать ограничение свободы. Неше ай уакыт оту керек. Рахмет


Последние комментарии






Вы юрист? Нужны новые клиенты?
Разместите информацию о себе

- Это бесплатно

- Информация о 5 лучших юристах на всех страницах сайта

- Эту рекламу видят более 10 000 посетителей в день

- Для поднятия рейтинга надо отвечать на вопросы пользователей

Зарегистрироваться