Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы

Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы
15-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының өкiлеттiктерi



Ст. 15 Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-IV




1. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жүзеге асырады:

1) ұлттық қауіпсіздік органдары – конституциялық құрылысты, мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін қорғау жөнінде қарсы барлау қызметін, мемлекеттік шекараны күзетуді, үкіметтік байланысты сақтап тұруды және қамтамасыз етуді, сондай-ақ терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында ведомствоаралық қызметті үйлестіруді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік органдар;

2) сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті мен Үкіметін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен мемлекеттік ұйымдарын тиісті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында барлау қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ саяси, әскери-саяси, қаржылық-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда мемлекет басшылығының саясатын іске асыруға жәрдемдесетін, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган;

3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі – күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұйымдастырушы және үйлестіруші орган болып табылатын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган;

4) мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органдар – мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

5) ішкі істер органдары – қоғамдық тәртіпті сақтауды, қылмысқа, есірткі заттары мен қарудың заңсыз айналымына, бақылаусыз көші-қонға қарсы күресті, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын, қылмыстық жазалардың орындалуын, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді ұйымдастыратын атқарушы органдар;

6) Қорғаныс министрлігі – мемлекеттің қорғаныс қабілетін, Қарулы Күштердің тұрақты жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын сақтап тұратын және қамтамасыз ететін, өз құзыреті шегінде сыртқы барлауды, терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимылды, сондай-ақ әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

7) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын, халықаралық бейбітшілікті, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін іске асыруды, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуды, Қазақстан Республикасының егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын және шекарасының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарында және халықаралық аренада саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін, шет елде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін дипломатиялық құралдармен және әдістермен қорғауды, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

8) байланыс және ақпарат саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігі мен байланыс инфрақұрылымын қалыптастыруды, дамытуды және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

9) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әкімшілік және өзге де шараларды әзірлейді, олардың іске асырылуы мен сақталуын бақылауды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;

10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган – қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

11) мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын, жұмылдыру даярлығы мен жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын, ішкі және сыртқы сауданы реттеу мен дамытуды, сондай-ақ заңнамада белгіленген құзырет шегінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

12) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

13) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган – көлік-коммуникация саласына басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

14) қаржы саласындағы уәкілетті орган – қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қолданатын, салық, кеден және бюджет заңнамасының сақталуын, мемлекеттік мүліктің ұтымды пайдаланылуын және сақталуын, экономикалық және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қызмет саласында адамның және азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алуды, оларды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

15) индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласындағы уәкілетті орган – елдің экономикасында өнеркәсіп пен өндірістің индустриялық-инновациялық және ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

16) энергетика саласындағы уәкілетті орган – экономиканың энергия және энергия ресурстарына қажеттілігін қанағаттандыруды, отын-энергетика кешенін дамытуды, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

17) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган – азаматтық қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

18) әділет органдары – мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимін қолдайтын, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы органдар;

19) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган – әлеуметтік және еңбек қатынастарында, халықты жұмыспен қамтуда заңдылықтың сақталуын және келісімді нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

20) мәдениет саласындағы уәкілетті орган – қоғамның тарихи-мәдени және рухани-имандылық құндылықтарын сақтауды, мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің серпінді дамуын, ішкі саяси тұрақтылықты және этносаралық келісімді нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

21) білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган – сапалы және қолжетімді білім беруді, қазақстандық ғылымның орнықты дамуын, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

22) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган – халық денсаулығын қорғауды, аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулардың таралуынан қорғауды, азаматтардың тиімді, сапалы және қолжетімді дәрілік заттарға қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

23) туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган – Қазақстанда туризмнің, бұқаралық спорттың дамуын, ел халқының дене шынықтыру мәдениетін нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

24) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті орган – жерді ұтымды пайдалануды және қорғауды, жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

25) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

26) бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алуды, анықтауды және жолын кесуді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

27) жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган – жер қойнауын геологиялық зерделеу, ұтымды және кешенді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясат пен бақылаудың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жер қойнауын пайдалану саласында өзге де функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;

28) дін істері жөніндегі уәкілетті орган – діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

29) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі – қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін, Қазақстан Республикасының Президентіне есеп беретін Қазақстан Республикасының орталық банкі;

30) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті – Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жоғары органы.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары өз құзыреттері шегiнде:

1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды жоспарлау және өткiзу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық етедi;

2) ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

3) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi;

4) мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі мен оны қамтамасыз ету бойынша қолданылатын шаралар туралы халықты хабардар етеді, насихат және қарсы насихат жұмыстарын жүргізеді;

5) іс-әрекеттерi (немесе әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерінiң бұзылуына, ұлттық қауiпсiздiгiне қауіп төнуіне әкеп соғатын лауазымды адамдарды, мемлекеттiк қызметшiлердi тиiсті жауаптылыққа тартады.


Статья 1 ...13 14 15 16 17 ...30 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 15-бап Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-IV