Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы
29-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар

Ст. 29 Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 132


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 20.04.2018
1. Аудандық соттың судьясы болып: 

1) отыз жасқа толған; 

2) жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар; 

3) біліктілік емтиханын тапсырған (мамандандырылған магистратурада оқу бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады); 

4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған; 

5) негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін бір жылдық тағылымдамадан ойдағыдай өткен және тағылымдама нәтижесі бойынша сот жалпы отырысының оң қорытындысын алған (мамандандырылған магистратурада оқу бiтiрген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы тағылымдамадан өтуден босатылады); 

6) полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады. 

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларында көзделген талаптар жұмыс істеп жүрген судьялар болып табылатын кандидаттарға қолданылмайды. 

2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар, оның кемінде бес жылы судьялық жұмыс өтілі болатын, сондай-ақ тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерліктерін алған азамат облыстық соттың судьясы бола алады. 

Осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жазбаша кепілгерліктерге облыстық соттың судьялары қол қояды. 

Облыстық соттағы лауазымға орналасуға арналған конкурсқа басқа облыстық соттың судьясы қатысқан жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жазбаша кепілгерліктерге Жоғарғы Соттың судьялары қол қояды. 

Кепілгерлік бергенге дейінгі екі жыл ішінде тәртіптік жазаға тартылған судья кепілгерлік бере алмайды. 

Судья кепілгерлік берген кезде объективті болуға, өзіне белгілі болған анық деректерді басшылыққа алуға міндетті. Кепілгерлік берген кезде судья белгіленген өлшемшарттарды: 

1) судьяның кепілгерлік берілетін адаммен таныс болған уақыт кезеңін, сондай-ақ танысу мән-жайларын; 

2) өзі кепілгерлік беретін адаммен бірлескен жұмыс тәжірибесін (осындай тәжірибе болған кезде); 

3) өзі кепілгерлік беретін адамның кәсіби және коммуникативтік дағдыларын, жеке және іскерлік қасиеттері туралы судьяға белгілі болған мәліметтерді; 

4) судьяға анық белгілі болған өзге де мәліметтер мен деректерді ескереді. 

Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым жасауға болады. 

Тиісті облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын кандидат Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады. 

3. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі бар, оның кемінде он жылы судьялық жұмыс өтілі болатын, оның ішінде бес жыл облыстық соттағы судьялық жұмыс өтілі бар, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысын және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерлігін алған азамат Жоғарғы Соттың судьясы бола алады. 

Жоғарғы Сот Төрағасының лауазымына кандидатқа судьялық өтілдің болуы, Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысының және тиісті жазбаша кепілгерліктің қажеттілігі туралы талаптар қолданылмайды. 

3-1. Аудандық сот төрағасы мен судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Жоғары Сот Кеңесіне тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық сот жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс. 

Облыстық сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Жоғары Сот Кеңесіне тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық сот жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс. 

Егер облыстық сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар өздері судья лауазымына үміттеніп отырған сот орналасқан өңірде жұмыс істейтін немесе тұратын болса, облыстық сот жалпы отырысының қорытындысын қайтадан алу талап етілмейді. 

Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық сот жалпы отырысының қорытындылары ұсынымдық сипатта болады. 

Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Жоғары Сот Кеңесіне тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің де қорытындысын алуға тиіс. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысы ұсынымдық сипатта болады. 

4. Судьялыққа кандидаттар негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, тұрақты негізде сотта ақы төленетін біржылдық тағылымдамадан өтеді. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережеде айқындалады. 

5. Судья лауазымынан өкілді органдардағы мемлекеттік лауазымға сайланған не тағайындалған адамдарға тағылымдамадан өтпей, конкурстық негізде судья лауазымына орналасу құқығы беріледі. 

6. Судьялық жұмыс өтіліне осы Конституциялық заңның 56-бабының 6-тармағында көрсетілген лауазымдарда судья болып жұмыс істеген уақыты қосылады. 

Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.12.2015 № 437-V Конституциялық заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 22.12.2017 № 119-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.
Статья 1 ...27 28 29 29‑1 30 ...59

Перейти к статье






Добавить комментарий к 29-бап Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 132