Ваш гид в законодательстве Казахстана


Печать

Ст. 287 КЕДЕНДІК РЕТТЕУ ТУРАЛЫ 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 123-VІ ҚРЗ


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 19.03.2024

ҚР КЕДЕНДІК РЕТТЕУ ТУРАЛЫ
287-бап. Еркін кеден аймағы кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы және тоқтатылуы

1. Еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы мынадай жағдайларда: 

1) АЭА жұмыс істеуі тоқтатылған немесе АЭА аумағында еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда – АЭА жұмыс істеуі тоқтатылған немесе осындай шешім қабылдаған күннен бастап алты ай ішінде; 

2) тауарларды еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырған тұлға АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) мәртебесін жоғалтқан жағдайда – тұлға осы мәртебесін жоғалтқан күннен бастап алты ай ішінде; 

3) АЭА аумағынан еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды: 

осы Кодекстің 285-бабының 4-тармағында көрсетілген мақсаттарда; 

осы баптың 8-тармағында белгіленген жағдайда кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес оларды бір АЭА аумағынан екінші АЭА аумағына тасымалдау үшін; 

егер осындай тауарлар өздерінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан болса және өздері арналғандай түрде пайдалануға жарамсыз болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою үшін әкету жағдайларын қоспағанда, осындай тауарларды әкеткен жағдайда; 

4) тауарлар осы Кодекстің 285-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес тұтынылған жағдайда; 

5) осы Кодекстің 285-бабының 8 және 10-тармақтарында көрсетілген жағдайларда тауарларды беруді қоспағанда, АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқықтарын осы баптың 8 және 9-тармақтарына сәйкес АЭА-ның өзге резидентіне (қатысушысына, субъектісіне) не АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) болып табылмайтын тұлғаға берген жағдайда аяқталуға тиіс. 

2. Еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде тауарлардың декларанты ретінде мыналар: 

1) тауарларды еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарлардың декларанты болып табылатын тұлға; 

2) осы Кодекстің 285-бабының 10-тармағына сәйкес еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқықтары берілген АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі); 

3) порттық АЭА немесе логистикалық АЭА аумағындағы тауарларға қатысты – АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) немесе осы Кодекстің 282-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғалар; 

4) егер еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы осы баптың 5-тармағының 3) тармақшасына немесе 6-тармағының 1) тармақшасына сәйкес аяқталатын болса, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқықтары берілген, АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) болып табылмайтын тұлға әрекет ете алады. 

3. АЭА жұмыс істеуі тоқтатылған немесе АЭА аумағында еркін кеден аймағы кедендік рәсімін қолдануды тоқтату туралы шешім қабылданған кезде еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы осы баптың 5, 6, 8 және 9-тармақтары ескеріле отырып, оның аумағындағы еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды, кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдерге орналастырумен аяқталады не осы баптың 10 және 12-тармақтарына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылмай аяқталады.  

Шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін АЭА жұмыс істеуі тоқтатылған кезде немесе осындай АЭА аумақтарында еркін кеден аймағы кедендік рәсімін қолдануды тоқтату туралы шешім қабылданған кезде Комиссия еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтаудың өзге де тәртібін айқындауға құқылы. 

Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес еркін кеден аймағы кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталмаған кезде осы кедендік рәсімнің қолданылуы осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мерзім өткен соң тоқтатылады, ал тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртеді. 

4. Тұлға АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) мәртебесін жоғалтқан кезде еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы осы баптың 5, 6, 8 және 9-тармақтары ескеріле отырып, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды, кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдерге орналастырумен аяқталады не осы баптың 10 және 13-тармақтарына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылмай аяқталады. 

Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталмаған кезде осы кедендік рәсімнің қолданылуы осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзім өткен соң тоқтатылады, ал тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртеді. 

5. АЭА аумағынан тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерге әкету үшін еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы: 

1) мыналарды:  

еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған және табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ қалыпты жағдайларда тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау кезінде табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, өзгеріссіз күйде әкетілетін шетелдік тауарларды; 

егер еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар осы Кодекстің 290-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп танылмаса, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен; 

2) мыналарды:  

еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын; 

Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларынан дайындалған (алынған), оның ішінде еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылмаған тауарларды;  

егер еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар осы Кодекстің 290-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп танылса, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды экспорт кедендік рәсімімен; 

3) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған және табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ қалыпты жағдайларда тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау кезінде табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, өзгеріссіз күйде порттық АЭА немесе логистикалық АЭА аумағынан әкетілетін шетелдік тауарларды осы Кодекстің 222-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады. 

6. АЭА аумағынан тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкету үшін еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы: 

1) осы баптың 7-тармағы ескеріле отырып, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған және еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды және еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды осы Кодекстің 207-бабы 2-тармағының 1), 4), 5), 7), 10), 14), 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген кедендік рәсімдермен; 

2) мыналарды: 

табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ қалыпты жағдайларда тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау кезінде табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, өзгеріссіз күйде қалған, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын; 

еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларынан ғана, оның ішінде еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылмаған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары пайдаланылып дайындалған (алынған) тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен; 

3) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған және табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ қалыпты жағдайларда тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау кезінде табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, өзгеріссіз күйде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің порттық АЭА немесе логистикалық АЭА аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына әкетілетін шетелдік тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады.  

7. Егер еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың құрамына ішкі нарықты қорғау шараларының қолданылуына түсетін шетелдік тауарлар кіретін болса, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлар осы тауарларда сәйкестендірілген жағдайда, осындай тауарлар АЭА аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкету үшін осы Кодекстің 207-бабы 2-тармағының 1) және 7) тармақшаларында көрсетілген кедендік рәсімдермен орналастырылуы мүмкін. 

8. Еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын көрсетілген тауарларды еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырған АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) АЭА-ның өзге резидентіне (қатысушысына, субъектісіне) берген кезде еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы осындай тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығы берілген АЭА резидентінің (қатысушысының, субъектісінің) осындай тауарларды еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастыруы арқылы аяқталады. 

Егер көрсетілген жағдайда тауарларды бір АЭА аумағынан екінші АЭА аумағына тасымалдау қажет болса, мұндай тасымалдау осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 24-тарауында көзделген тәртіппен және шарттарда кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес жүзеге асырылады. 

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы арқылы және (немесе) теңізбен тасымалданатын Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары бір АЭА аумағынан екінші АЭА аумағына, егер мұндай АЭА-лар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағында орналасқан болса, осындай тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылмай тасымалданады. 

9. Еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын көрсетілген тауарларды еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырған АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) болып табылмайтын тұлғаға оларды АЭА аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкету үшін берген кезде еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, тауарлар еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталмай АЭА аумағынан әкетілуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, осындай тауарларды осы баптың 6-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кедендік рәсімдермен орналастыру арқылы аяқталады. 

10. Еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы осы баптың 12 және 13-тармақтарында көзделген жағдайларда, сондай-ақ мынадай жағдайларда: 

1) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар және (немесе) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар өздерінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтып және өздері арналғандай түрде пайдалануға жарамсыз болып, АЭА аумағынан көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де тәсілмен жою үшін әкетілсе, тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырмай аяқталады. Бұл ретте еркін кеден аймағы кеден рәсімінің қолданылуы көмілген, залалсыздандырылған, кәдеге жаратылған немесе өзге тәсілмен жойылған тауарлар санына сәйкес келетін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың бір бөлігіне қатысты көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою мүмкіндігі туралы мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру жолымен аяқталады, онда көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою тәсілі мен орны көрсетіледі. Еркін кеден аймағы кеден рәсімімен орналастырылған тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою мүмкіндігі туралы мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.  

Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы тауарлар авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан қайтарымсыз жоғалған жағдайларда талап етілмейді. Осындай тауарларға қатысты еркін кеден аймағы кедендік рәсімін аяқтау үшін тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан қайтарымсыз жоғалу фактісін растайтын құжаттар ұсынылуға тиіс.  

Еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою кеден органы белгілеген мерзімдерде, осы тауарларды іс жүзінде көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою үшін қажетті уақыт, оларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою тәсілі мен орны негізге алынып, сондай-ақ егер қорытындыда осындай мерзімдер көрсетілген болса, тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою мүмкіндігі туралы мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында көрсетілген мерзімдер ескеріліп жүргізіледі.  

Тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларанты есебінен жүргізіледі.  

Тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға бақылауды жүзеге асыратын кеден органы кеден органының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өкілдерінен құратын комиссияның қатысуымен және декларанттың қатысуымен жүргізіледі. Қажет болған жағдайда, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға бақылауды жүзеге асыратын кеден органы өзге де мемлекеттік органдардың мамандарын және тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы. 

Тауарларды іс жүзінде көмгеннен, залалсыздандырғаннан, кәдеге жаратқаннан немесе өзге де тәсілмен жойғаннан кейін уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша, тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою актісі жасалады, онда мынадай негізгі мәліметтер: 

тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою күні мен орны; 

еркін кеден аймағы кедендік рәсіміне өтініш берген тұлға туралы мәліметтер; 

тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою кезінде қатысқан тұлғалар туралы мәліметтер; 

көмілген, залалсыздандырылған, кәдеге жаратылған немесе өзге де тәсілмен жойылған тауарлардың атауы, өлшем бірліктеріндегі саны; 

тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою тәсілі; 

уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес өзге де мәліметтер қамтылады. 

Тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою актісі барлық комиссия мүшелерінің және қатысқан адамдардың қол қоюымен расталады, үш данада ресімделеді: бірінші данасы кеден органында сақталады; екінші данасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне беріледі; үшінші данасы декларантта қалады. 

Тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою фактісі фото және (немесе) бейнетүсірілім қолданылып тіркеледі, оның нәтижелері кеден органында сақталатын, тауарларды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою актісіне қоса беріледі.  

Еркін кеден аймағы кедендік рәсімі осы тармақшаның ережелері ескеріле отырып, тауарларды іс жүзінде көмумен, залалсыздандырумен, кәдеге жаратумен немесе өзге де тәсіл арқылы жоюмен аяқталады; 

2) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылса және (немесе) қайтарымсыз жоғалса не қалыпты жағдайларда тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау кезінде табиғи кему салдарынан қайтарымсыз жоғалса және осындай жойылу немесе қайтарымсыз жоғалу фактісін кеден органы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен таныса; 

3) еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар және еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар осы Кодекстің 285-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес тұтынылса; 

4) табиғи тозу салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ қалыпты жағдайларда тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау кезінде табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, өзгеріссіз күйде қалған, порттық АЭА немесе логистикалық АЭА аумағында еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлар осындай порттық АЭА-мен немесе логистикалық АЭА-мен шектесетін әкету орны арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерге әкетілсе, тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырмай аяқталады. 

11. Осы баптың 10-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау тәртібін уәкілетті орган айқындайды. 

Осы баптың 10-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау тәртібін Комиссия айқындайды. 

12. АЭА-ның жұмыс істеуі тоқтатылған немесе АЭА аумағында еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданған кезде еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған және АЭА аумағында қызметті жүзеге асыру (жүргізу) туралы келісімді (шартты) (АЭА-дағы қызмет талаптары туралы шартты, инвестициялық декларацияны, кәсіпкерлік бағдарламаны) іске асыру үшін АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) пайдалануға енгізген және қолданатын жабдық немесе АЭА аумағында жылжымайтын мүлік объектілерін құру үшін пайдаланылған және осындай жылжымайтын мүлік объектілерінің құрауыш бөлігі болатын тауарлар болып табылатын тауарларға қатысты еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы көрсетілген тауарларды уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кедендік рәсімдермен орналастырмай аяқталады. 

Комиссия көрсетілген тауарларға қатысты еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау тәртібін айқындауға құқылы. 

Көрсетілген тауарлар еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болады. 

13. Тұлға АЭА аумағында қызметті жүзеге асыру (жүргізу) туралы келісімнің (шарттың) (АЭА-дағы қызмет талаптары туралы шарттың, инвестициялық декларацияның, кәсіпкерлік бағдарламаның) қолданылу мерзімінің өтуіне және осы келісімнің талаптарын орындауына байланысты АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) мәртебесін жоғалтқан жағдайда, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған және АЭА аумағында қызметті жүзеге асыру (жүргізу) туралы келісімді (шартты) (АЭА-дағы қызмет талаптары туралы шартты, инвестициялық декларацияны, кәсіпкерлік бағдарламаны) іске асыру үшін АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) пайдалануға енгізген және қолданатын жабдық немесе АЭА аумағында жылжымайтын мүлік объектілерін құру үшін пайдаланылған және осындай жылжымайтын мүлік объектілерінің құрауыш бөлігі болатын тауарлар болып табылатын тауарларға қатысты еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы көрсетілген тауарларды уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кедендік рәсімдермен орналастырмай аяқталады. 

Комиссия көрсетілген тауарларға қатысты еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау тәртібін айқындауға құқылы. 

Көрсетілген тауарлар еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болады. 

14. АЭА резиденті (қатысушысы, субъектісі) болып табылатын тұлға таратылған (қызметі тоқтатылған) кезде еркін кеден аймағы кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

Статья 1 ...285 286 287 288 289 ...571

Перейти к статье
Новые комментарии на сайте

При проверки сотрудниками сейфа сигнализация сработала как нужно, сверили номера ружей, затем потребовали сертификат на сигнализацию который я не смог предоставить. Выписали штраф

Законно ли это действие Костанай


толық емес жұмыс уақыты бойынша еңбек шартына жыл сайынғы ақылы еңбек ақы төленеді ме?

Трудовой договор по совместительству смогу ли я получит ежегодный оплачиваемый отпуск?


здравствуйте 22.02.24. Составили протокол по 432-2 ст. Административное правонарушение . То что я как покурил бросил окурок на землю , но я не бросал его а положил на железное ограждения, и начал разгружать машину ,после собирался забрать и выбросить в урну, но подошли сотрудники, и составили протокол. Подскажите что делать. Я не подписывал протокол,а указал что не согласен





345 часть 3 получил ограничения свободы на 2 года 5 месяцев. Когда можно ходатайство подать, чтобы убрать ограничение свободы. Неше ай уакыт оту керек. Рахмет


Последние комментарии






Вы юрист? Нужны новые клиенты?
Разместите информацию о себе

- Это бесплатно

- Информация о 5 лучших юристах на всех страницах сайта

- Эту рекламу видят более 10 000 посетителей в день

- Для поднятия рейтинга надо отвечать на вопросы пользователей

Зарегистрироваться