Ст. 17 Телерадио хабарларын тарату туралы 2012 жылғы 18 қаңтардағы № 545-IV
Телерадио хабарларын тарату туралы
17-бап. Отандық теле-, радиоарналарды есепке қою, қайта есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететiн теле-, радиоарна уәкiлеттi органда мiндеттi түрде есепке қойылуға тиіс.
2. Есепке қою, қайта есепке қою үшiн теле-, радиоарнаның меншiк иесi не оның уәкiлеттiк беруi бойынша әрекет ететiн тұлға осы Заңның 18-бабының талаптарына сай келетiн өтiнiш бередi.
3. Теле-, радиоарнаны есепке қою кезінде, сондай-ақ теле-, радиоарнаның есепке қойылғанын куәландыратын құжаттың телнұсқасын алу кезінде Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде айқындалатын тәртiппен алым алынады.
4. Теле-, радиоарнаны есепке қою, қайта есепке қою туралы өтiнiш түскен күнiнен бастап он жұмыс күні iшiнде қаралуға тиiс. Өтiнiштi қараудың қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган теле-, радиоарнаның меншiк иесiне есепке қою туралы куәлiк бередi не мынадай негiздер бойынша:
1) егер уәкiлеттi орган бұрын сол атпен және сол аумаққа таралатын не оның аты бұрын құрылған теле-, радиоарнаның атымен айырғысыз дәрежеде ұқсас теле-, радиоарнаны есепке қойғаны туралы куәлiк берген болса;
2) егер өтiнiштiң мазмұны осы Заңның 18-бабының талаптарына сай келмейтiн болса;
3) егер теле-, радиоарнаны есепке қою үшiн алым төленбесе;
4) егер меншiк иесiнiң ауысуына орай теле-, радиоарнаны қайта есепке қою туралы өтiнiште теле-, радиоарнаға меншiк құқығын басқа тұлғаға беру туралы шарттың нөмірі мен күні көрсетілмесе;
5) егер шығарылуын бұрын сот тоқтатқан, аты (атының бiр бөлiгi) бiрдей және тақырыптық бағыты дәл сондай теле-, радиоарна есепке қоюды мәлiмдеген болса немесе аты мен тақырыптық бағытын қайталайтын теле-, радиоарна мәлiмделген болса, сондай-ақ шығарылуы сот шешiмiмен тоқтатылған теле-, радиоарнаның меншiк иесi немесе бас редакторы (редакторы) соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде өтiнiш берген жағдайда есепке қоюдан бас тартады.
5. Теле-, радиоарнаның меншiк иесi есепке қою туралы куәлiктi алған күнінен бастап алты ай iшiнде теле-, радиобағдарламаларды таратуға кiрiсу құқығын сақтайды.
Теле-, радиоарнаның шығарылуын сот тоқтата тұрған жағдайларды қоспағанда, теле-, радиоарнаның өнiмiн шығару мерзiмiн өткiзiп алған, сондай-ақ теле-, радиоарнаның өнiмiн шығару үш ай бойы тоқтап қалған жағдайда, уәкiлеттi органның шешiмiмен теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлiктiң күшi жойылды деп танылады.
6. Теле-, радиоарнаның меншiк иесi ауысқан не ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ теле-, радиоарнаның аты өзгерген жағдайларда ол қайта есепке қойылуға тиіс.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Добавить комментарий к 17-бап Телерадио хабарларын тарату туралы 2012 жылғы 18 қаңтардағы № 545-IV