Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы

Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы
18-бап. Жолаушыны, жүк пен теңдеме жүктi жеткiзу мерзiмi және мерзiмiн өткiзгенi үшiн жауапкершiлiк



Ст. 18 Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы 1994 жылғы 21 қыркүйектегі N 156



Тасымалдаушы жүктi немесе теңдеме жүктi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн Жүк және теңдеме жүк тасымалдау ережелерiмен анықталған мерзiмде тиiстi жерiне жеткiзуге мiндеттi. Егер жеткiзу мерзiмi белгiленген тәртiпте анықталмаған болса, тараптар бұл мерзiмдi шартта белгiлеуге құқылы.

Аралас тасымалдар кезінде – аралас тасымалдар операторы және аралас тасымалдарға қатысатын тасымалдаушы жүктi аралас тасымалдар және аралас тасымал кезінде өзара іс-қимыл жасасу шарттарында белгіленген мерзімде межелі пунктке жеткізуге міндетті.

Тасымалдаушының кiнәсiнен жолаушы тасымалы кiдiрген жағдайда тасымалдаушы, егер зиян келтiрiлген болса, жолаушыға оны өтеумен бiрге, кiдiрістiң әрбiр сағаты үшiн билет құнының 3 процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.

Жолаушы өндiрiп алған айыппұлдың сомасы сатып алынған билеттiң құнынан аспауға тиiс.

Теңдеме жүктi жеткiзiп берудi кешiктiргенi үшiн тасымалдаушы теңдеме жүктi алушыға кешiктiрген мерзiмнiң әрбiр тәулiгiне тасымал үшiн төленген ақының 10 процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi, бiрақ ол тасымалдау үшiн төленетiн ақының 50 процентiнен аспауға тиiс.

Жүктi жеткiзiп берудi кешiктiргенi үшiн тасымалдаушы жүктi алушыға кешiктiрген мерзiмнiң әрбiр тәулiгiне тасымал үшiн төленген ақының 5 процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi, бiрақ ол тасымалдау үшiн төленетiн ақының 50 процентiнен аспауға тиiс.

Аралас тасымал кезінде жүктi жеткiзiп берудi кешiктiргенi үшiн тасымалдаушы – аралас тасымалдар операторына, ал аралас тасымалдар операторы клиентке (жүк жөнелтушіге, жүк алушыға, жолаушыға, кемемен жалданушыға) кешiктiрген мерзiмнiң әрбiр тәулiгiне тасымалдау үшiн төленген ақының бес пайызы мөлшерiнде айыппұл төлейдi, бiрақ ол тасымалдау үшiн төленген ақының елу пайызынан аспауға тиiс.

Тасымалдаушы, ал аралас тасымалдар кезінде – аралас тасымалдар операторы мен аралас тасымалдарға қатысатын тасымалдаушы, егер жүктi немесе багажды жеткiзiп берудiң кешiктiрiлуi олардың кiнәсiнен болмаса, кешiктiру жауапкершiлiгiнен босатылады.

Тасымалдаушы, ал аралас тасымалдар кезінде аралас тасымалдар операторы тасымалдың кiдiруiне байланысты, егер мұндай жағдай орын алған болса, багажды немесе жүктi жөнелтушiде немесе алушыда туындаған зиян үшiн жауаптылықта болады.

Тасымалдаушы рейстер он және одан да көп сағатқа кідірген жағдайда жолаушыларға, оның ішінде мүгедектердің мұқтаждығын ескере отырып, өз есебінен қонақүйден орындар беруге және оларды тамақтандыруға міндетті.

Жолаушының өтiнiшi бойынша оған тасымалдың кiдiру себебi туралы ресми құжат берiледi немесе билетiне белгi соғылады.

Осы бапта көзделген зиянның мөлшерi және оларды айқындау тәртiбi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн жүк және багаж тасымалдау қағидаларында және аралас тасымалдар қағидаларында белгiленедi.

Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.12.28 № 338; 27.10.2015 № 363-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 ...17 17-1 18 19 20 ...26 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 18-бап Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы 1994 жылғы 21 қыркүйектегі N 156