Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Әскери қызмет және әскери қызметшiлердiң мәртебесi туралы
26-бап. Әскери қызметтен шығару

Ст. 26 Әскери қызмет және әскери қызметшiлердiң мәртебесi туралы 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 12.04.2018

1. Мыналар: 

1) әскери қызметте болудың шектi жасына толу; 

2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзiмінің аяқталуы; 

3) келісімшарт мерзімінің аяқталуы; 

4) әскери-дәрiгерлiк комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеулі жарамды деп танығаны туралы қорытындысына байланысты денсаулық жағдайы бойынша; 

5) әскери қызметшіні басқа тең лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған және ол төмен лауазымға тағайындалудан бас тартқан кезде санын немесе штаттарды қысқарту; 

6) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарына, арнаулы мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарына ауысуды қоспағанда, мемлекеттік органдарға немесе мемлекеттік мекемелерге мемлекеттік қызметке ауысу; 

7) əскери қызметшіге қатысты келісімшарт талаптарын елеулі жəне (немесе ) жүйелі түрде (екі жəне одан көп рет) бұзу; 

8) мынадай отбасы жағдайлары бойынша: 

медициналық көрсеткіштер бойынша әскери қызметші әскери қызмет өткеретін жергілікті жерде әскери қызметшi отбасы мүшесiнiң тұруы мүмкін болмауы және оны жаңа әскери қызмет орнына ауыстыру мүмкіндiгі болмауы; 

отбасын басқа елді мекенге көшiру қажеттiгiне байланысты әскери қызметшi-жұбайының (әскери қызметшi-зайыбының) әскери қызмет орнын өзгертуі; 

тұрғылықты жерi бойынша медициналық ұйымның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтiмге мұқтаж не бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын әйелiне (күйеуiне), жақын туыстарына немесе жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына толған немесе он сегiз жасқа толмаған, заң бойынша аталған азаматтарды асырауға мiндеттi басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтім жасау қажеттігі; 

әскери қызметшi анасыз (әкесiз) тәрбиелеп отырған он сегiз жасқа толмаған балаға күтім жасау қажеттігі; 

9) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайлану немесе тағайындалу; 

10) судья лауазымына сайлану немесе тағайындалу; 

11) Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату; 

12) арнаулы тексеруден өтуден бас тарту; 

13) мынадай теріс себептер бойынша: 

қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау, оның ішінде шартты түрде айыптау үкімінің заңды күшіне енуі; 

қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылуы; 

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери атағынан айыру; 

əскери қызмет міндеттерін атқару кезінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйде болу, сондай-ақ мамандандырылған медициналық мекемелерде (наркологиялық диспансерлерде) алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйді туғызатын заттарды тұтыну тұрғысынан медициналық куəландырудан өтуден бас тарту немесе жалтару; 

әскери қызметшінің келісімшарттың талаптарын жүйелі түрде бұзуы; 

осы Заңның 38-бабының 2-тармағында көрсетілген мəліметтерді ұсынбау немесе бұрмалау; 

педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, кез келген ақылы қызмет түрлерімен айналысу; 

арнаулы мемлекеттік орган немесе ішкі істер органы əскери қызметшісінің қатарынан үш жəне одан көп сағат бойы дəлелсіз себептермен қызметте болмауы; 

мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, оларды тасығыштарды жария етуге немесе жоғалтуға әкеп соқтырған құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптардың бұзылуы; 

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған жағдайлар; 

осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы меншік құқығымен тиесілі үлестерін, акцияларын (акциясын) жəне пайдалану кіріс алуға əкелетін өзге де мүлікті сенімгерлік басқаруға бермеу; 

14) аттестаттау қорытындылары бойынша анықталған қызметіне сай келмеу; 

15) техникалық жəне кəсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын əскери оқу орындарының түлектерін, сондай-ақ əскери интерндерді, магистранттарды, докторанттарды жəне адъюнкттерді жоғары əскери оқу орындарынан шығарып жіберу жағдайларын қоспағанда, əскери оқу орнынан шығарып жіберу əскери қызметшілерді əскери қызметтен шығару үшін негіздер болып табылады. 

Əскерге шақыру бойынша əскери қызметшiлер – осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2), 4), 9), 10) жəне 11) тармақшаларында, 13) тармақшасының екінші жəне үшінші абзацтарында көзделген негіздер бойынша, ал офицерлік құрамның əскерге шақыру бойынша əскери қызметшілер осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 12) тармақшасында жəне 13) тармақшасының екінші абзацында да көзделген негіздер бойынша əскери қызметтен шығарылады. 

2. Мерзімді қызмет әскери қызметшісі: 

1) осы Заңның 35-бабының 9-тармағына сәйкес әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тарту туралы өтінiш берген адамдарды қоспағанда, отбасы жағдайының өзгеруi салдарынан әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе әскерге шақырудан босату құқығы туындаған; 

2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шет елге шығуға құқық берілетінін растайтын құжаттары болған кезде отбасы құрамында немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде тұрақты тұратын отбасына қосылу үшiн шетелде тұрақты тұруға кеткен жағдайларда мерзімінен бұрын шығарылуға құқылы. 

3. Офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшісі 35-баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайлар болған кезде әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын шығарылуға құқылы. 

4. Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi қайтыс болған (қаза тапқан) күні құжатпен расталған күннен кейiнгі күннен бастап, ал сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болған деп жарияланған әскери қызметші сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап әскери бөлім жеке құрамының тiзiмдерінен шығарылады. 

5. Белгіленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен босату төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда ол қолданылған кезеңге уақытша тоқтатылады. 

6. Əскери қызмет мерзімі 2013 жылдың 1 қаңтарында он жылдан аз болған немесе көрсетілген күннен кейін əскери қызметке алғаш кірген келісімшарт бойынша əскери қызметшілерге əскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына не штаттардың қысқартылуына байланысты əскери қызметтен шығарылған кезде жұмыстан шығу жəрдемақысы əскери қызмет мерзімі: 

күнтізбелік 10 жылдан аз болғандарға – үш айлық ақшалай қамтылым; 

күнтізбелік 10 жылдан 15 жылға дейін болғандарға – төрт айлық ақшалай қамтылым; 

күнтізбелік 15 жылдан 20 жылға дейін болғандарға – бес айлық ақшалай қамтылым; 

күнтізбелік 20 жылдан 25 жылға дейін болғандарға – алты айлық ақшалай қамтылым; 

күнтізбелік 25 жылдан 30 жылға дейін болғандарға – жеті айлық ақшалай қамтылым; 

күнтізбелік 30 жылдан астам болғандарға – сегіз айлық ақшалай қамтылым мөлшерінде төленеді.  

Келісімшарт бойынша əскери қызметке қайтадан кірген кезде жұмыстан шығу жəрдемақысының мөлшері, осы жұмыстан шығу жəрдемақысы бұрын қызметтен шығарылған кезде төленбеген жағдайларды қоспағанда, бұрын төленген жұмыстан шығу жəрдемақысы ескеріле отырып айқындалады. 

Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі өткен соң немесе денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен шығарылған кезде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге жұмыстан шығу жәрдемақысы – бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасынан болған аталған адамдарға – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді. 

Жауынгерлік іс-қимылдарға, террорға қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін орденмен (ордендермен) наградталған әскери қызметшілерге жұмыстан шығу жәрдемақысы ақшалай қаражаттың екі жалақысына арттырылады. 

Әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алу құқығынсыз қызметтен шығарылған офицерлік құрамның әскери қызметшілеріне қызметтен шығу жәрдемақысымен қатар әскери атақ бойынша айлықақылар төлеу қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл бойына сақталады. 

Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің әскери атақ бойынша айлықақылары өсетін болса, тиісінше офицерлік құрамның әскери қызметшілеріне қызметтен шығарылғаннан кейін бір жыл өткенше төленетін осы айлықақылар мөлшері де ұлғаяды. Әскерге шақыру бойынша әскери қызметте тұратын офицерлік құрамның қызметтен шығарылған әскери қызметшілерінің әскери атақ бойынша айлықақылары қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл бойы төлеуге жатпайды. 

7. Бір жылдан аз қызмет өткерген немесе оқыған жəне келісімшарт бойынша əскери қызметтен шығарылған немесе əскери оқу орындарынан шығарып жіберілген, осы Заңның 37-бабының 6-тармағына сəйкес келісімшарт бойынша əскери қызметке кірген сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының əскери қызметшілері, мерзімді қызметтің белгіленген мерзімін өткермеген, жиырма алты жасқа толмаған, бірақ он сегіз жастан кіші емес əскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттері мерзімді қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тəртіппен əскери бөлімдерге жіберіледі. 

Бұрын мерзімді қызмет өткермеген, он сегіз жасқа толмаған, бір жылдан аз оқыған жəне шығарып жіберілген əскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттері мерзімді қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тəртіппен əскери қызметке шақыруға əскерге шақырылушыларды əскери есепке қою үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті əскери басқару органдарына жіберіледі. 

Əскери оқу орнынан шығарып жіберілген курсанттар мен кадеттер үшін əскери қызметшілер мəртебесінде əскери оқу орындарында оқу уақыты мерзімді қызмет мерзіміне есептеледі. 

Үлгерімсіздігі, тəртіпсіздігі үшін, өз бастамасы бойынша, теріс себептермен əскери қызметтен босату салдарынан əскери оқу орнынан шығарып жіберілген, сондай-ақ əскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасудан бас тартқан əскери қызметші əскери оқу орнында əскери қызметші мəртебесінде өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндетті. 

Əскери оқу орнына қайта қабылдау Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасына сəйкес, оқуға жұмсалған бюджет қаражатын өндіріп алуды тоқтата тұру үшін негіз болып табылады. 

Əскери оқу орнын бітірген əскери қызметші теріс себептермен əскери қызметтен шығарылған жағдайда, келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін қызмет өткерілмеген əрбір толық айға пропорционалды түрде өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндетті. 

Əскери оқу орындарында əскери қызметшілерді оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу тəртібін уəкілетті органның бірінші басшысы айқындайды. 

8. Əскери қызметтен шығарылған адамдар қызметтен шығару туралы шешімге тиісті бұйрықтан үзінді көшірмемен танысқан күннен бастап үш айдан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен жоғары тұрған қолбасшылыққа не сотқа шағым жасауға құқылы. 

Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2013.01.16 № 71-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.12.2017 № 114-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ

Статья 1 ...24 25 26 27 28 ...55

Перейти к статье






Добавить комментарий к 26-бап Әскери қызмет және әскери қызметшiлердiң мәртебесi туралы 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV