Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Ст. 1 Халықты жұмыспен қамту туралы 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V ҚРЗ


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 06.12.2018

Халықты жұмыспен қамту туралы
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) әлеуметтiк жұмыс орны – халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшiн олардың жалақысын субсидиялау арқылы жұмыс беруші құратын жұмыс орны;

2) әлеуметтік келісімшарт – жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматы не оралман, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда өзге адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, ал осы Заңда көзделген жағдайларда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке және заңды тұлғалармен тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім;

3) бос орын – жұмыс берушiдегi бос жұмыс орны (лауазым);

4) еңбек нарығы – жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын сала;

5) әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, халықты жұмыспен қамтудың жергілікті органдарының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуді ұсыну мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

5-1) "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсы – еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қамтитын, Интернет желісінде жұмыс істейтін, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын көрсету мақсатында еңбек ресурстарын дамыту орталығы қолдап отыратын электрондық ақпараттық ресурс;

6) еркiн таңдап алынған жұмыспен қамту – Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың еңбекке, кәсiп пен қызмет түрін таңдауға қабiлетiн еркiн пайдалану арқылы өздерi таңдап алған қызметi;

7) жалақыны субсидиялау – халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамалары бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыскерлердің еңбегіне жұмыс берушінің ақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу;

8) жаңа жұмыс орны – жаңа мекемені (ұйымды), кәсіпкерлік субъектісін (тоқтату арқылы құрылғаннан басқа) құруға байланысты құрылған немесе жұмыскерлердің санын арттыру, сондай-ақ жұмыскердің жаңа білімін, дағдылары мен ептілігін талап ететін өндіріс технологияларын жаңғырту немесе өзгерту арқылы құрылған жұмыс орны;

9) жастар практикасы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі;

10) жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгi – еңбек делдалдығын көрсететін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген жеке немесе заңды тұлға;

11) жұмыс күшi – жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық;

12) жұмыс күші құрамына кірмейтін адамдар – жұмыспен қамтылмаған немесе жұмыссыз болып табылмаған адамдар;

13) лайықты жұмыс – кәсіптік даярлығына, еңбек өтіліне және бұрынғы мамандығы бойынша еңбек тәжірибесіне, денсаулық жағдайына, жұмыс уақытының режиміне, жұмыс орнына көлiктiң қолайлығына сәйкес келетін, соның ішінде уақытша сипаттағы жұмыс;

14) жұмыс орны – еңбек қызметі процесінде жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауы кезінде оның тұрақты немесе уақытша болатын орны;

15) жұмысқа орналастыру – халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге септігін тигізуге бағытталған ұйымдық, экономикалық және құқықтық iс-шаралар кешенi;

16) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда өзге адамдарды халықты жұмыспен қамту туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылатын жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту, мемлекеттік қолдау шаралары;

17) халықты жұмыспен қамту – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, жалақы немесе кіріс әкелетін жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруына байланысты еңбек қызметі;

18) жұмыспен қамтудың жеке картасы – жеке бас деректері, жұмыспен қамтылу тарихы, ұсынылатын және іске асырылатын іс-шаралар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсаттары және олардың орындалуы көрсетілетін құжат;

19) жұмыссыздар – жұмыспен қамтылған халыққа жатпайтын, жұмыс iздеп жүрген және еңбек етуге дайын адамдар;

20) жұмыссыздық – жұмыс күшінің бiр бөлiгiнiң еңбек нарығында қажет болмауынан туындайтын әлеуметтiк-экономикалық құбылыс;

21) жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғау – Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекет жүзеге асыратын шаралар кешенi;

22) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер – өздеріне әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдардың пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер;

23) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау – адамның кәсіптік білімін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіп таңдауда, кәсіп түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсетуге бағытталған өзара байланысқан іс-шаралар кешені;

24) кәсіптік оқыту – осы Заңда көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары шеңберінде жаңа мамандықтар (кәсіптер) алу мақсатында білім беру ұйымдарында не жұмыс берушілер ұйымдарының жанындағы білім беру қызметіне құқығы бар оқу орталықтарында кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды қамтитын оқыту;

25) корпоративішілік ауыстыру – Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде орналасқан және әрекет ететін, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдің аумағында құрылған заңды тұлғада басшы, менеджер немесе маман лауазымында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды осы заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған филиалдарына, еншілес ұйымдарына, өкілдіктеріне еңбек шартында айқындалған, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, бір жылға ұзарту құқығымен уақытша ауыстыру;

26) қоғамдық жұмыстар – халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, жұмыскердiң алдын ала кәсiптік даярлаудан өтуiн талап етпейтiн, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн әлеуметтiк пайдалы бағыттағы еңбек қызметiнiң түрлерi;

27) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы – асыраушысынан айырылған жағдайда оның асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, әлеуметтік қатер жағдайы туындаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды және төлемдерді жүргізетін заңды тұлға;

28) мүгедектерді жұмысқа орналастыруға арналған арнайы жұмыс орындары – мүгедектің жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған жұмыс орындары;

29) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – табыс алу үшін тауарлар өндірумен (өткізумен), жұмыстар мен қызметтер көрсетумен дара айналысатындар, өндірістік кооперативтер мүшелері, отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілердің еңбекақы төленбейтін жұмыскерлері қатарындағы жеке тұлғалар;

РҚАО-ның ескертпесі!
30) тармақша 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 06.04.2016 № 482-V Заңымен.
30) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасында жұмысқа өз бетінше орналасу үшін экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие кәсіптер бойынша біліктілік талаптары және білім деңгейі сәйкес келетін шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға берілетін белгіленген нысандағы құжат;

31) ұзаққа созылған жұмыссыздық – ұзақтығы он екі және одан да көп айға созылған жұмыссыздық;

32) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган – өңірлік еңбек нарығындағы ахуалға негіздей отырып, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бағыттарын айқындайтын ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының құрылымдық бөлiмшесi;

33) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

34) халықты жұмыспен қамту орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;

34-1) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі – халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне көрсетілетін қызметтерді халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарт негізінде беруіне бағытталған іс-шаралар кешені;

35) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

36) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушінің тартуына рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің шекті саны;

37) шетелдiк жұмыс күшін тартуға рұқсат – Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тарту үшін жұмыс берушiге жергілікті атқарушы орган беретiн белгiленген нысандағы құжат.

Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 16.04.2018 № 147-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 2 3 ...39

Перейти к статье






Добавить комментарий к 1-бап Халықты жұмыспен қамту туралы 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V ҚРЗ