Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы

ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы
125-бап. Психиатриялық стационарға жатқызу



Ст. 125 ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV



1. Адамның психикасының бұзылуы (ауруы) және психиатр-дәрігердің оған зерттеп-қарау жүргізу немесе оны стационар жағдайында емдеу қажеттігі туралы шешімі оны психиатриялық стационарға жатқызу үшін негіз болып табылады. 

1-1. Психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызуға сот шешімінің негізінде жол беріледі. 

Сот шешім шығарғанға дейін адамды психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызуға тек қана осы Кодекстің 94-бабы 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген салдарға жол бермеу мақсатында жол беріледі. 

Сот шешімінсіз ауруханаға мәжбүрлеп жатқызудың әрбір жағдайында психиатриялық ұйымның әкімшілігі адамды психиатриялық стационарға орналастырған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде прокурорға жазбаша хабарлама жібереді. 

Жұбайы-зайыбы, жақын туыстары және (немесе) заңды өкілдері туралы мәліметтер болған кезде психиатриялық ұйымның әкімшілігі адамды психиатриялық стационарға орналастырған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде оларды хабардар етеді. 

2. Психиатриялық стационарға жатқызу Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен сот-психиатриялық сараптама жүргізу қажеттігімен байланысты болуы мүмкін. 

3. Осы Кодекстің 94-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, адамды психиатриялық стационарға жатқызу оның өтініші бойынша немесе оның жазбаша келісімімен ерікті түрде жүзеге асырылады. 

4. Кәмелетке толмаған адам психиатриялық стационарға ата-анасының немесе өзге де заңды өкілінің жазбаша келісімімен жатқызылады. 

5. Алып тасталды - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

6. Заңды өкілі қарсы болған немесе заңды өкілі болмаған жағдайда кәмелетке толмаған адамды психиатриялық стационарға жатқызу қорғаншы және қамқоршы органның шешімі бойынша жүзеге асырылады, ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылданған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде прокурорға жазбаша хабарланып, ол туралы сотқа шағым жасалуы мүмкін. 

7. Адамды ауруханаға жатқызуға алынған келісім медициналық құжаттамаға жазбамен ресімделеді, оған сол адам немесе оның заңды өкілі және психиатр-дәрігер қол қояды. 

8. Адамның психиатриялық стационарда мәжбүрлеп ұсталуы оны ауруханаға жатқызу жөніндегі негіздер сақталатын уақыт ішінде ғана жалғастырылады. 

9. Психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызылған адам алғашқы алты ай ішінде оның ауруханада жату мерзімін ұзарту туралы мәселені шешу үшін психиатриялық ұйымның психиатр-дәрігерлер комиссиясының кемінде айына бір рет куәландыруына жатады. Ауруханада жату мерзімін алты айдан астам уақытқа ұзарту ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу және емдеу мерзімін ұзарту қажеттілігі туралы психиатриялық стационардың өтініші негізінде сот шешімі бойынша жүргізіледі, оған психиатр-дәрігерлер комиссиясының қорытындысы қоса беріледі. 

10. Ауруханаға мәжбүрлеп жатқызылған адамды кезектен тыс куәландыру пациенттің өзінің немесе оның заңды өкілінің, адвокаттың қалауы бойынша жүргізілуі мүмкін. 

Осы Кодекстің 94-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша психиатриялық стационарға жатқызылған адам ауруханаға жатқызылған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде ауруханаға жатқызудың негізділігі туралы шешім қабылдаған психиатриялық ұйымның психиатр-дәрігерлер комиссиясының міндетті түрде куәландыруына жатады. Ауруханаға жатқызу негізсіз деп танылып, жатқызылған адам психиатриялық стационарда қалғысы келмеген жағдайларда, ол дереу шығарылуға тиіс. 

11. Ауруханаға мәжбүрлеп жатқызуға келіспеген жағдайда, психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адам немесе оның заңды өкілі сотқа жүгінуге құқылы. 

Ескерту. 125-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 ...123 124 125 126 127 ...186

Перейти к статье







Добавить комментарий к 125-бап ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV