Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Ст. 170 ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 18.09.2018

ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы
170-бап. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе)ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау тәртібі

1. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау қажеттілігі туралы медициналық қорытындыны тиісті денсаулық сақтау ұйымының консилиумы береді. 

2. Денсаулығының жай-күйі бойынша дұрыс шешім қабылдауға қабілетсіз реципиентке тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау оның жұбайының (зайыбының) не жақын туыстарының бірінің немесе заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі. 

Транспланттау жүргізуді кешеуілдету реципиент өміріне қауіп төндіретін, ал осы тармақта көрсетілген адамдар болмаған немесе олардың тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған айрықша жағдайларда транспланттауды жүргізу туралы шешімді дәрігерлер консилиумы, ал оны жинау мүмкін болмаған жағдайда транспланттауды жүзеге асыратын дәрігер медициналық құжаттамаға жазбаларды ресімдеп және ол туралы кейіннен бір тәулік ішінде денсаулық сақтау ұйымының лауазымды адамдарын хабардар ете отырып қабылдайды. 

3. Реципиент не кәмелетке толмаған реципиенттің немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкілі алдағы транспланттауға байланысты реципиенттің денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы ескертілуге тиіс. 

4. Инфекция жұқтырған тіндерді (тіндердің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттауға тыйым салынады. 

5. Тірі донордан тінді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау және тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесіне енгізілген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті мамандық бойынша лицензия алған денсаулық сақтау ұйымдарында жүзеге асырылады. 

Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу, дайындау, сақтау, консервациялау, тасымалдау және тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау жөніндегі денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қалыптастырылады. 

6. Транспланттау мақсатында мәйіттерден тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу және консервациялау денсаулық сақтау ұйымдарында уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі. 

7. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алудың, дайындаудың, сақтаудың, консервациялаудың, тасымалдаудың, донордан реципиентке транспланттауды жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды. 

8. Осы баптың күші ұрпақты болу тіндерін (жыныстық жасушаларды) қамтитын, адамның өсіп-өну процесіне қатысы бар тіндерге (тіннің бөліктеріне) және (немесе) ағзаларға (ағзалардың бөліктеріне), сондай-ақ қан мен оның компоненттеріне қолданылмайды.
Статья 1 ...168 169 170 171 172 ...186

Перейти к статье






Добавить комментарий к 170-бап ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV