Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Тұрғын үй қатынастары туралы
101-2-бап. Әскери қызметшілердің тұрғынжай құқығын іске асыруы

Ст. 101-2 Тұрғын үй қатынастары туралы 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 94


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 12.04.2018
1. Әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады. Осы баптың 7 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларда тұрғынжай құқығын іске асыру қызметтік тұрғынжай беру және олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады. 

Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі тұрғынжайдың бір шаршы метрін жалға алу құнын тұрғынжай алаңына көбейту арқылы айқындалады. Тұрғынжай алаңы әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, отбасының әрбір мүшесіне он сегіз шаршы метр пайдалы алаң есебінен айқындалады. 

Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдары жасырын құрамының әскери қызметшілеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді. 

2. Осы баптың 1-тармағының төртінші бөлігінде көзделген ерекше тәртіппен жүзеге асырылатын тұрғын үй төлемдерін қоспағанда, тұрғын үй төлемдері әскери қызметшінің таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банктердің бірінде ашылған оның жеке арнайы шотына аудару арқылы ай сайынғы негізде жүргізіледі. 

Әрбір әскери қызметші жеке арнайы шотты өз бетінше ашады және оған қызмет көрсетеді. 

3. Тұрғын үй төлемдерін әскери қызметші әскери қызмет өткеретін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемесі олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде жүргізеді.  

4. 2013 жылғы 1 қаңтарда күнтізбелік есептеумен әскери қызметте он және одан көп жыл болған әскери қызметшілердің берілген қызметтік тұрғынжайда тұру және осы Заңда белгіленген тәртіппен оны жекешелендіру құқығы сақталады.  

2013 жылғы 1 қаңтарда күнтізбелік есептеумен әскери қызметте он және одан көп жыл болған әскери қызметшілердің күнтізбелік есептеумен әскери қызметте жиырма жыл болғаннан кейін қызметтік тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіруге құқығы бар. Қызметтік тұрғынжай жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатпайтын жағдайларда, өтеусіз жекешелендіру құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Ақшалай өтемақыны жүзеге асыру қағидаларына сәйкес тұрғын үй төлемдері түріндегі ақшалай өтемақымен өтеледі. 

Ақшалай өтемақының мөлшері бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріле отырып, республика бойынша орташа алғанда жаңа тұрғынжай сатудың бір шаршы метрінің құнын әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, отбасының әрбір мүшесіне он сегіз шаршы метр пайдалы алаңнан есептелетін тұрғынжай алаңына көбейту арқылы айқындалады. 

Ақшалай өтемақы төленген адамдар қызметтік тұрғынжайды ақшалай өтемақы төленген кезден бастап үш айдан кешіктірмей белгіленген тәртіппен тапсырады. 

Қызметтік тұрғынжай жекешелендіруге жатпайтын әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 

Осы тармақта көзделген жеңілдіктер бір рет қолданылады және әскери қызметтен теріс себептермен шығарылған әскери қызметшілерге қолданылмайды. 

5. Тұрғынжайға мұқтаж деп танылған, бірақ 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілер әскери қызметтен шығарылған кезде (теріс себептермен қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда) арнаулы мемлекеттік органдарда, Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтің барлық кезеңіне бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріле отырып, тұрғын үй төлемдерін алады. 

2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектілердің аумағындағы және (немесе) жатақханадағы қызметтік тұрғынжайда тұрған әскери қызметшілерге әскери қызметтен шығарылған кезде (теріс себептермен қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда) тұрғын үй төлемдері көрсетілген тұрғынжайда тұрған барлық кезеңге осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемдері мөлшерінің елу пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады. 

Әскери қызметшілер тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге олардың тұрғын үй төлемдерін алуы бөлігінде осы тармақтың күші, купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асырған әскери қызметшілерді қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіру құқығын бұрын іске асырған не өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алған әскери қызметшілерге қолданылмайды. 

6. Әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру кезеңінде алған, әскери-дәрігерлік комиссия әскери қызметшіні әскери есептен шығара отырып әскери қызметке жарамсыз деп таныған мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузиясы) немесе ауруы себебінен әскери қызметтен шығарылған кезде тұрғын үй төлемдері біржолғы ақшалай өтемақы түрінде аударылады. Біржолғы ақшалай өтемақының мөлшері бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріле отырып, оны қызметтен шығару кезіндегі отбасы құрамына сәйкес келетін пайдалы алаң нормасын мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланатын ағымдағы жылғы қаңтардағы деректеріне сәйкес әскери қызметші әскери қызмет өткерген Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі жаңа тұрғынжай сатудың бір шаршы метрінің бағасына көбейту арқылы айқындалады. 

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тұрғын үй төлемдері, егер мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузиясы) немесе ауруы әскери қызметші құқыққа қайшы әрекеттер жасаған кезде немесе алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық (сол тектестерден) масаңдануы немесе өзіне қандай да бір дене зақымын (өзінің дене мүшесіне зақым келтіру) немесе өз денсаулығына өзге де зиян келтіру себебінен болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденсе, төленбейді. 

7. Әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектілердің аумағындағы немесе жатақханадағы қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері осы тарауға сәйкес айқындалған тұрғын үй төлемдері мөлшерінің елу пайызы мөлшерінде жүргізіледі. 

8. Қызметтік тұрғынжайларды күтіп-ұстау және орталықтандырылған жылыту мемлекет есебінен қамтамасыз етілетін жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 

9. Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшінің отбасы мүшелері өтеусіз негізде басқа тұрғынжай берілмей, тұрып жатқан тұрғынжайынан шығарылмайды. 

10. Шетелге әскери қызмет өткеру үшін жіберілген әскери қызметшілердің тұрып жатқан тұрғынжайлары және (немесе) тағайындалған тұрғын үй төлемдері шетелде болатын барлық уақытына сақталады. 

11. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі әскери қызметшілерінің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) тұрғынжай құқығын іске асыруы, осы баптың 1 – 10-тармақтарын қоспағанда, осы тарауда көзделген тәртіппен жүргізіледі. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғынжаймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілері (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) оны осы Заңда көзделген тәртіппен жекешелендіреді. 

12. Әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғынжайды меншікке алу құқығы бір рет жүзеге асырылады.
Статья 1 ...101 101‑1 101‑2 101‑3 101‑4 ...121

Перейти к статье






Добавить комментарий к 101-2-бап Тұрғын үй қатынастары туралы 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 94