Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы
791-бап. Жеке басты жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеру



Ст. 791 Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V




1. Жеке басты жете тексеру – құқық бұзышылықтарды анықтау және алдын алу, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не оның нысанасы болған құжаттарды, заттарды және басқа да нәрселерді табу және алып қою мақсатында адамның денесін және оның киімін мәжбүрлеп зерттеп-қарау. 

2. Жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеру – жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын құрылымдық тұтастығын бұзбай зерттеп-қарау. 

3. Жеке басты жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеруді уәкілетті лауазымды адамдар ғана жүргізеді, олардың тізбесі осы Кодекстің 787-бабында айқындалған және ол толық болып табылады. Көрсетілген шараларды басқа адамдардың жүргізуіне тыйым салынады және заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. 

4. Жеке басты тексерiп қарауды тексерiп қаралушымен жынысы бірдей адам және жынысы осындай екi куәгердiң қатысуымен жүргiзіледі. 

5. Жеке басты жете тексеру және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеру әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу кезеңінде ғана жүргізілуі мүмкін. Адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны жеке басты жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеруді жүргізуге негіз болып табылады.  

6. Жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын (қол жүгiн, багажын, аң және балық аулау құралдарын, олжалаған өнiмi мен өзге де нәрселерін) тексерiп-қарау осы заттардың меншік иесі немесе иелігіндегі тұлғаның қатысуымен және екі куәгердің қатысуымен жүргiзіледi. 

7. Жеке тұлғаның қолында айналасындағылардың өмiрi мен денсаулығына зиян келтiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн қару немесе өзге де нәрселер бар деуге негiздер болған ерекше жағдайларда, жеке басты жете тексеру, заттарын жете тексеру жиырма төрт сағат iшiнде прокурорға бұл жөнінде хабарланып, куәгерлерсіз жүргiзiлуi мүмкiн. 

8. Жеке басты жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеруді (жетуге қиын жерде, тәуліктің түнгі уақытында, төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында) жүргізуге куәгерлердің қатысуы шын мәнінде мүмкін болмаған кезде, оның барысын және нәтижелерін тіркеудің техникалық құралдары міндетті түрде қолданыла отырып, куәгерлердің қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін. 

9. Қажет болған жағдайларда фото- және кинотүсiрілім, бейнежазба жүргiзiледi, заттай дәлелдемелердi тіркеудің белгiленген өзге де тәсілдері қолданылады. 

10. Жеке басты жете тексеру, жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеру туралы хаттама жасалады. Жеке басты жете тексеру туралы хаттаманың көшiрмесi өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамға, оның заңды өкiлiне тапсырылады. Хаттамада оның жасалған күнi, уақыты мен орны, хаттаманы жасаған адамның лауазымы, тегі мен аты-жөнi, жеке басы тексерiп қаралған адам, заттардың түрi, саны, өзге де сәйкестендіру белгiлерi туралы, оның iшiнде қарудың тұрпаты, маркасы, моделі, калибрi, сериясы, нөмiрi, белгiлерi, оқ-дәрiлердің, арнаулы жедел-iздестiру іс-шараларын жүргiзуге арналған арнайы техникалық құралдардың және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдарының саны және түрi туралы мәлiметтер көрсетiледi. 

11. Жете тексеру хаттамасында фото- және кинотүсiрiлiмiнiң, бейнежазбаның, құжаттарды тіркеудің өзге де тәсілдерінің қолданылғаны туралы жазба жазылады. Фото- және кинотүсiрiлiмдерiн, бейнежазбаларды, заттай дәлелдемелердi тіркеудің белгiленген өзге де құралдарын қолдана отырып, қарап-тексеру жүргiзу кезiнде алынған материалдар тиiстi хаттамаға қоса беріледi. 

12. Жеке басты жете тексеру, заттарды жете тексеру хаттамасына оны жасаған лауазымды адам, жеке басы жете тексерілген адам, жете тексерілген заттар иесi, куәгерлер қол қояды. Жеке басы жете тексерілген адам, жете тексерілген заттардың иесi хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, хаттамаға тиiстi жазба жасалады.


Статья 1 ...789 790 791 792 793 ...920 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 791-бап Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V