Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы
16-6-бап. Мемлекеттік авиация инспекторы

Ст. 16-6 Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 20.04.2018

1. Азаматтық және эксперименттік авиация саласында сертификаттауды, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамы мемлекеттік авиация инспекторы болып табылады. 

Мемлекеттік авиация инспекторлары әуе кемелерінің ұшуын орындау және қамтамасыз ету, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, әуе қозғалысына қызмет көрсету бөлігінде арнайы және (немесе) кәсіптік даярлығы бар, сондай-ақ қаржылық-экономикалық және құқықтық қамтамасыз ету функцияларын жүзеге асыратын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары қатарынан тағайындалады.  

Мемлекеттік авиация инспекторларының санын Қазақстан Республикасында коммерциялық авиация мен жалпы мақсаттағы авиацияның азаматтық әуе кемелері орындайтын ұшу жұмысының ауқымдарына қарай азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өзінің бекітілген штат саны шегінде айқындайды. 

1-1. Мемлекеттік авиация инспекторлары санаттарына:  

бас мемлекеттік авиация инспекторы;  

аға мемлекеттік авиация инспекторы;  

мемлекеттік авиация инспекторы жатады.  

Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның және оның аумақтық органының лауазымды адамдарын мемлекеттік авиация инспекторлары санаттарына жатқызу тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.  

1-2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, сертификаттауды, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік авиация инспекторының қызметіне жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың араласуына жол берілмейді. 

2. Мемлекеттік авиация инспекторларының өз міндеттерін орындау кезінде: 

1) қызметтік міндеттерді жүзеге асыру үшін ангарларды, отын қоймаларын, пайдаланушылардың қызметтік үй-жайларын және авиациялық оқу орталықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасы әуежайларының барлық бақыланатын аймақтарына, әуе кемелеріне және азаматтық авиация ұйымдарының объектілеріне кедергісіз кіруге; 

2) авиация персоналының біліктілігі туралы ақпаратты қоса алғанда, азаматтық авиацияның пайдаланушылары мен ұйымдарынан ақпарат, құжаттар сұратуға, сондай-ақ оларды ұсыну мерзімдерін белгілей отырып, өз функцияларын орындау үшін қажетті түсініктемелер мен материалдарды талап етуге; 

3) оларды орындау мерзімдерін белгілей отырып, азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымының лауазымды адамдарына ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша инспекторлық нұсқамалар беруге; 

4) әуе кемесінің кабинасында немесе салонында болу құқығымен ұшу кезінде пайдаланушымен келісу бойынша азаматтық әуе кемесінің бортында болуға құқығы бар. 

3. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік авиация инспекторлары: 

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға; 

2) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес тексерулер жүргізуге; 

3) тексеру жүргізу кезеңінде азаматтық авиация ұйымының белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге; 

4) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзудың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға; 

5) авиация персоналы куәлігінің, кеме, ұшу құжаттамасының, сертификаттардың, рұқсаттардың және берілуі осы Заңда көзделген құжаттардың болуын, сондай-ақ шетелдік кемелерді қоса алғанда, азаматтық әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы талаптарына және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкестігін тексеруге міндетті. 

4. Азаматтық авиацияның пайдаланушысы немесе ұйымы, тексеруге жататын объектілер, құралдар әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағында болған кезде, әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы оларға мемлекеттік авиация инспекторының қызметтік куәлікті көрсетуі негізінде кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті. 

5. Мемлекеттік авиация инспекторлары Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес белгіленетін ақшалай ризықпен қамтамасыз етіледі. 

Ақшалай ризық ақшалай үлесті (лауазымдық айлықақы), ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемеақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін басқа да үстемеақылар мен сыйлықақыларды қамтиды. 

6. Мемлекеттік авиация инспекторлары талап етілетін кәсіптік даярлық деңгейін ұстап тұру үшін кезең-кезеңмен: 

1) кәсіптік деңгейді ұстау жөніндегі курстарда оқытудан өтуге; 

2) авиациялық техниканы пайдаланып және (немесе) авиациялық тренажерлерде жаттығудан өтуге; 

3) азаматтық авиация және пайдаланушылар ұйымдарында кәсіптік даярлықты (біліктілікті) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстау қағидаларында белгіленген көлемде және деңгейде ұстауға тиіс. 

7. Ұшуда авиациялық инспекцияларды жүзеге асыру және авиациялық техниканы пайдалана отырып біліктілік деңгейін ұстау кезінде мемлекеттік авиация инспекторларының өмірі мен денсаулығын сақтандыру Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.  

Ескерту. 2-тарау 16-6-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.05.2017 № 64-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 ...16‑4 16‑5 16‑6 16‑7 16‑8 ...111

Перейти к статье






Добавить комментарий к 16-6-бап Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV