Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



Ст. 1 Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы 2005 жылғы 7 қаңтардағы N 29



Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) азаматтық персонал - Қарулы Күштерде мемлекеттік қызметте болатын немесе еңбек қатынастарында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;

2) арнаулы әскерлер - Қарулы Күштердің жауынгерлік қызметін (инженерлік, химиялық және техникалық қамтамасыз ету, барлау, байланыс, радиоэлектрондық күрес) қамтамасыз ету жөніндегі арнаулы міндеттерді орындау үшін құрылған әскери бөлімдер мен бөлімшелер;

3) арнаулы құралымдар - жұмылдыру жарияланған кезде темір жолдар мен автомобиль жолдарын, теңіз және өзен порттарын, әуежайларды, аэродромдарды, байланыс желілерін, газ және мұнай құбырларын, энергиямен және сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарды орындау үшін, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, көлік пен байланыстың кідіріссіз жұмысын ұйымдастыру үшін және медициналық көмек көрсету, өртті оқшаулау және жою үшін мемлекеттік органдар және ұйымдар құратын құралымдар;

4) аумақты жедел жабдықтау - қорғаныс мақсатындағы міндеттерді жедел шешу үшін пайдалануға көлік құрылыстарын, жол желілерін, қойма шаруашылығын, байланысты, сумен, жылумен және энергиямен жабдықтауды даярлауға және ұдайы әзірлікте ұстап тұруға бағытталған іс-шаралар кешені;

5) аумақтық қорғаныс - Қазақстан Республикасының халқын, объектілерін және коммуникацияларын қарсы жақтың іс-қимылынан, диверсиялық актілерден немесе терроризм актілерінен қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асыратын іс-шаралар жиынтығы, сондай-ақ төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы режимдерін енгізу және қамтамасыз ету;

5-1) әскери, әскери-әуе және әскери-теңіз атташелері – Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері, дипломатиялық дәрежесі бойынша 2-сыныпты кеңесшілерге теңестірілген қорғаныс мәселелері бойынша кеңесшілер;

6) әскери басқару органдары - әскери басқарудың стратегиялық, жедел-стратегиялық, жедел-аумақтық, жедел-тактикалық, тактикалық және жергілікті органдары;

7) әскери бөлім - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ұйымдық-дербес бірлігі болып табылатын мемлекеттік мекеме;

8) әскери мүлік - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелерінің жедел басқару құқығындағы қорғаныс объектілері, қару-жарақтың, әскери техниканың барлық түрлері, оқ-дәрі, арнайы құралдар мен басқа да мүлік;

9) әскери техника - Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар жарақтандырылатын қарулар, ұрыс машиналары, аспаптар мен басқа да техникалық құралдар;

10) әскер түрі - өзіне ғана тән негізгі қарулары мен әскери техникасы, сондай-ақ оларды ұрысқа қолдану тәсілдері бар, Қарулы Күштердің дербес не құрамдас бөлігінің құрамына кіретін түрі;

11) басқа да әскерлер мен әскери құралымдар – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, әскери қарсы барлау және әскери полиция органдары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Объектілерді қорғау қызметі (Республикалық ұлан), Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы, Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның азаматтық қорғаныстың басқару органдары мен әскери бөлімдері, әскери прокуратура органдары;

12) жабдықтау нормалары - бейбіт кезде немесе соғыс уақытында әскери қызметшілерге, бөлімшелерге, әскери бөлімдерге (кемелерге) және құрамаларға беруге белгіленген материалдық құралдардың саны;

13) жауынгерлік әзірлік - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың белгіленген мерзімдерде өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындығының дәрежесін айқындайтын жағдай;

14) жауынгерлік міндет - ұрыста (операцияда) белгілі бір мақсатқа белгіленген мерзімде қол жеткізу үшін жоғары тұрған командир (бастық) қойған міндет;

15) жоғары қолбасшылық (жоғары қолбасшылық құрам) - Қорғаныс министрі, оның орынбасарлары, Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын өзге де лауазымды адамдар;

16) кәдеге жарату - қару-жарақты, әскери техниканы, арнаулы құралдарды олардың ұрысқа тән қасиеттерін пайдалануды немесе тікелей мақсаты бойынша қолдануды болдырмайтын жағдайға келтіру, сондай-ақ олардың компоненттерін кейіннен пайдалану мақсатында бөлшектеу;

17) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері (бұдан әрі - Қарулы Күштер) - қорғанысты қамтамасыз ету, агрессияға тойтарыс беру немесе тікелей сыртқы қатерді болдырмау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерінен туындайтын міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасы құрған және ұстайтын мемлекеттің әскери ұйымының негізі;

18) қару-жарақ - әртүрлі қару, оқ-дәрі түрлерінің кешені, бұларды қолдануды қамтамасыз ететін олардың тасығыштары мен құралдары;

19) Қарулы Күштердің түрі - мемлекеттің белгілі бір салада (құрлықта, теңізде, әуе кеңістігінде) соғыс қимылдарын жүргізуге арналған Қарулы Күштерінің бір бөлігі;

19-1) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақ (бұдан әрі – тыйым салынған аймақ) – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрі арсеналдарының, базалары мен қоймаларының өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бөлінген, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдарына, базалары мен қоймаларына тікелей жанасып жатқан аумақ;

19-2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аудан (бұдан әрі – тыйым салынған аудан) – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрі арсеналдарының, базалары мен қоймаларының диверсияға қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бөлінген аумақ;

19-3) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қару-жарағы мен әскери техникасының кадастры – жарақтандыруда тұрған қару-жарақ пен әскери техника, олардың сапалық сипаттамалары, мақсаты, шығарушы кәсіпорын, шығарылған күні, қарулануға қабылданған және қаруланудан шығарылған күні туралы деректер негізінде кезең-кезеңмен жасалатын мәліметтердің жүйеленген жинағы;

20) қорғаныс - Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігін, аумақтық тұтастығын және оның шекарасына қол сұғылмаушылықты қару-жарақпен қорғау жөніндегі саяси, әскери, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік-құқықтық және өзге де сипаттағы мемлекеттік шаралар жүйесі;

20-1) Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары – Қазақстан Республикасының аумағынан және одан тысқары жерлерден барлау қызметі шеңберінде жүргізілетін жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге уәкілетті, әскери, әскери-саяси, әскери-техникалық және әскери-экономикалық салаларда барлау ақпаратына қол жеткізу, оны өңдеу және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, міндеттерді орындау үшін жедел, ақпараттық-талдау, арнайы мақсаттағы, радиоэлектрондық күрес және радиоэлектрондық барлау бөлімшелерін пайдаланатын Қарулы Күштер бөлімшелері;

21) қорғаныс объектілері - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелеріне жедел басқару құқығында бекітіліп берілген жылжымайтын мүлік;

22) материалдық запастар - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдарында, базалары мен қоймаларында сақталатын әскери мүліктің белгілі бір саны;

23) мемлекеттің әскери ұйымы - негізгі қызметі Қазақстан Республикасының қорғанысын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге тікелей бағытталған Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жиынтығы;

24) пайдаланылмайтын әскери мүлік - қару-жарақтан алынған, тікелей мақсатына орай пайдалануға жарамсыз, есептен шығарылған, запаста сақтаудың кепілді мерзімі өткен, Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы басы артық және олар қолданбайтын мүлік;

25) соғыс жағдайы - мемлекеттер арасындағы соғыс жарияланған (соғыс қимылдары іс жүзінде басталған) кезден бастап ол аяқталғанға (іс жүзінде тоқтатылғанға) дейінгі қарым-қатынастар;

26) соғыс қатері - туындаған қарама-қайшылықтарды әскери-күш қолдану әдістерімен шешуге, Қазақстан Республикасына қарсы бағытталған соғыс жанжалын (соғысты) тұтандыруға нақты қалыптасқан ниет;

27) соғыс қаупі - саяси және өзге де мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасына қарсы әскери күш көрсету құралдарын қолдану мүмкіндігін көздеген тұрақсыздық факторы;

28) соғыс қимылдары - агрессияға тойтарыс беру кезінде алға қойылған жауынгерлік міндеттерді орындау үшін Қарулы Күштердің барлық түрін қолданатын стратегиялық ауқымдағы (ұрыс қимылдарын қоса алғанда) іс-қимылдар кешені;

29) соғыс уақыты - соғыс кезі жарияланған немесе соғыс қимылдары нақты басталған сәттен бастап, соғыс қимылдарының тоқтатылғаны туралы жарияланғанға дейінгі, бірақ олардың нақты тоқтатылуынан бұрынғы кезең;

30) техникалық қамтамасыз ету - Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын іс-шаралар кешені;

31) тыл - Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды тыл және техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын әскери бөлімдер;

32) тыл жағынан қамтамасыз ету - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жауынгерлік әзірлігін қолдау мақсатында олардың материалдық, көлік, тұрмыстық және өзге де қажеттерін қанағаттандыруға бағытталған іс-шаралар кешені;

33) ұрыс қимылдары - әскери бөлімдердің, құрамалар мен бөлімшелердің тиісті әскери басқару органдарының басқаруымен жауынгерлік міндеттерді орындау кезіндегі ұйымдасқан іс-қимылдары.

Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.05.26 № 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.08 № 266-IV, 2010.05.27 № 279-IV, 2011.04.18 № 429-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.01.2015 № 275-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 367-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 2 3 ...34 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы 2005 жылғы 7 қаңтардағы N 29 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 1-бап Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы 2005 жылғы 7 қаңтардағы N 29