Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Бiлiм туралы
47-бап. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі

Ст. 47 Бiлiм туралы № 319-III от 27.07.2007 жылғы


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 20.04.2018
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қабылдау талаптарына сәйкес білім беру ұйымдарын және білім алу нысандарын таңдауға құқығы бар. 

2. Білім алатын адамдар білім алушылар немесе тәрбиеленушілер болып табылады. 

Бiлiм алушыларға оқушылар, кадеттер, курсанттар, тыңдаушылар, студенттер, магистранттар, интерндер, резидентура тыңдаушылары және докторанттар жатады. 

Тәрбиеленушілерге мектепке дейінгі, интернаттық ұйымдарда білім алушы және тәрбиеленуші адамдар жатады. 

3. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің: 

1) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес сапалы білім алуға; 

2) білім беру ұйымы кеңесінің шешімі бойынша жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттары шеңберінде жеке оқу жоспарлары, қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқуға; 

3) оқу жоспарларына сәйкес баламалы курстарды таңдауға; 

4) өзінің бейімділігі мен қажеттеріне қарай қосымша білім беру қызметтерін, білімдерді ақылы негізде алуға; 

5) білім беру ұйымдарын басқаруға қатысуға; 

6) қайта қабылдануға және бір оқу орнынан басқасына, бір мамандықтан басқасына, ақылы негізден мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға немесе оқудың бір нысанынан басқасына ауысуға; 

7) білім беру ұйымдарында, оның ішінде мүгедектер, мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін қолжетімді нысанда ақпараттық ресурстарды тегін пайдалануға, оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен және оқу-әдістемелік құралдармен, оның ішінде мүгедектер, мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін дайындалған оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілуге; 

8) спорт, оқу, акт залдарын, компьютерлік сыныптарын және кітапхананы тегін пайдалануға; 

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы жағдай туралы ақпарат алуға; 

10) өзінің пікірі мен сенімін еркін білдіруге; 

11) өзінің адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне; 

12) оқудағы, ғылыми және шығармашылық қызметтегі табыстары үшін көтермеленуге және сыйақы алуға құқығы бар. 

4. Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің: 

1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруге; 

2) оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға; 

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметке шақырылу мерзімін кейінге қалдыруға құқығы бар. 

5. Медициналық айғақтар бойынша және өзге де ерекше жағдайларды білім алушыға академиялық демалыс берілуі мүмкін. 

6. Білім беру ұйымдарын бітірген азаматтар келесі деңгейдегі білім беру ұйымына түсу кезінде бірдей құқықтарға ие болады. 

6-1. Алып тасталды - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі). 

6-2. Алып тасталды - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі). 

7. Білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушы (кәсіптік лицейлердің оқушыларынан басқа) студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына, жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия төленуі мүмкін. Мемлекеттік стипендияны тағайындау және төлеу қағидаларын, сондай-ақ оның мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 

Мемлекеттiк атаулы стипендия жоғары оқу орындарының неғұрлым дарынды магистранттарына және Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының күндiзгi оқу нысаны бойынша бiлiм алушыларына жоғары оқу орындары ғылыми кеңестерiнiң шешiмдерi негiзiнде төленеді. 

Көзі көрмейтін мүгедектердің және құлағы естімейтін мүгедектердің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қорғаншылыққа (қамқорлыққа) алынған балалардың, сондай-ақ кезекті аралық аттестаттаудың нәтижелері бойынша "үздік" деген бағаға ғана оқитын студенттер мен магистранттардың мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жоғары мемлекеттік стипендия алуға құқығы бар. 

Жеке және заңды тұлғалар тағайындайтын атаулы стипендиялар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың күндізгі нысаны бойынша білім алушыларға тағайындалады. 

Атаулы стипендиялардың мөлшерін және оларды төлеу тәртібін оларды тағайындаған органдар мен тұлғалар айқындайды. 

8. Алып тасталды - ҚР 2011.10.24 № 487-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен. 

9. Мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес оқуға қабылданған білім алушыларды білім беру ұйымдары білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етеді. 

10. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқу процесінен алаңдатуға жол берілмейді. 

11. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында білім алушы және (немесе) тәрбиеленуші жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар толық мемлекет қамқорлығында ұсталады. 

12. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да жеңілдіктер беріледі. 

13. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылардың қысқы және жазғы каникул кезінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар. 

14. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес білімді, шеберлікті, практикалық дағдылар мен біліктілікті меңгеруге, ішкі тәртіп ережелерін сақтауға, білім беру ұйымының жарғысында және білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген басқа да талаптарды орындауға міндетті. 

15. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер өздерінің денсаулығы үшін қам жеуге, рухани және тән саулығын өздігінен жетілдіруге ұмтылуға міндетті. 

15-1. Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. 

Өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті. 

16. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер педагог қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін, өздері білім алатын оқу орнының дәстүрлерін құрметтеуге міндетті. 

17. Осы Заңның 26-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгiленген квота шегiнде педагогтік, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейiн тиісінше мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде не ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында кемiнде үш жыл жұмысты өтеуге мiндеттi. 

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтеуге міндетті. 

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен кемінде үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті. 

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен азаматтар оқуын бітіргеннен кейін жоғары оқу орындарында немесе ғылыми ұйымдарда кемінде үш жыл жұмысты өтеуге міндетті. 

Осы тармақта аталған адамдардың жұмысты өтеу жөніндегі өз міндеттерін орындауына немесе жұмысты өтемеген жағдайда бюджет қаражатының шығыстарын өтеуіне мониторингті және олардың сақталуына бақылауды қамтамасыз ету білім беру саласындағы уәкілетті орган сенім білдірген агентке жүктеледі. 

Осы Заңның 26-бабы 8-тармағының 6) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін оқытқан жері бойынша өңірде кемінде үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті. 

17-1. Мемлекеттік білім беру ұйымдарына және мемлекеттік медицина ұйымдарына жұмысқа бірінші кезекте бөліну құқығына мыналар ие: 

1) жұбайы (зайыбы) бос орынды ұсынған елді мекенде тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін адамдар; 

2) ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек болып табылатын адамдар, сондай-ақ бос орынды ұсынған елді мекенде тұрақты тұратын, қорғаншылар және қамқоршылар болып табылатын адамдар. 

17-2. Осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босату жас мамандарды жеке-жеке бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен мынадай санаттағы жас мамандарға: 

1) жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін елді мекенде бос орын болмаған жағдайдағы адамдарға; 

2) І және ІІ топтағы мүгедектерге; 

3) одан әрі оқу үшін магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдарға; 

4) жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеп жатқан адамдарға беріледі. 

17-3. Оқумен байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстар өтелместен, осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің тоқтатылуы: 

1) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің орындалуына байланысты; 

2) тиісті құжатпен расталатын білім алушының (жас маманның) қайтыс болуына байланысты; 

3) жұмысты өтеу мерзімі ішінде І және ІІ топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда; 

4) осы баптың 17-2-тармағында көзделген жағдайларда жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылуына байланысты басталады. 

17-4. Осы баптың 17-2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті. 

17-5. Жас мамандар осы баптың 17-тармағында көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындамаған жағдайда, білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентінің бюджет қаражатының шығыстарын өтеу жөніндегі талабына талап қоюдың ескіруі қолданылмайды. 

18. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің міндеттерін бұзғаны үшін оларға білім беру ұйымының ішкі тәртібінің ережелерімен және жарғысымен көзделген тәртіптік ықпал ету шаралары не білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген өзге де шаралар қолданылуы мүмкін. 

Ескерту. 47-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.19 № 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 2011.10.24 № 487-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 2012.01.09 № 535-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.07.2015 № 337-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.11.2015 № 398-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 501-V (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Статья 1 ...45‑1 46 47 48 49 ...68

Перейти к статье






Добавить комментарий к 47-бап Бiлiм туралы № 319-III от 27.07.2007 жылғы