Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Қазақстан Республикасының Патент Заңы
22-бап. Өнертабысқа патент беруге өтінімге жасалатын сараптама



Ст. 22 Қазақстан Республикасының Патент Заңы 1999 жылғы 16 шілдедегі N 427




1. Сараптама жасау ұйымына келiп түскен өтiнiм бойынша осы Заңның 17-бабы 2-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген өтiнiм құжаттарының бар екендiгi және оларға қойылатын талаптардың сақталуы тексерiледi; өтiнiм берiлген күн анықталады. Егер өтiнiм осы Заңның 17-бабы 2-тармағы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2) және 4) тармақшаларының талаптарын және осы құжаттарға қойылған талаптарды қанағаттандырмаса, сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiге бұл туралы хабарлайды және жетiспейтiн және (немесе) түзетiлген құжаттарды (мәлiметтердi) осындай хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде табыс етудi ұсынады. Өтiнiм берушi сұратылған және (немесе) түзетiлген құжаттарды (мәлiметтердi) белгiленген мерзiмде табыс етпеген жағдайда, өтiнiм берiлмеген болып есептеледi, ол туралы өтiнiм берушiге тиiстi хабарлама жiберiледi.  

1-1. Өнертабысқа патент беруге өтiнiм берiлген күн белгiленгеннен кейiн сараптама жасау ұйымы ол бойынша ресми сараптама жүргiзедi.

Ресми сараптама жүргiзу барысында осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың бар екендiгi және оларға қойылатын талаптардың сақталуы тексерiледi.  

2. Егер өтiнiм берушi өтiнiм бойынша осы Заңның 21-бабына сәйкес қосымша материалдарды табыс еткен болса, сараптама процесiнде олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертпейтiні тексерiледi.

Егер қосымша материалдарда өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ, өнертабыс формуласына енгiзуге жататын белгiлер болса, олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертедi. Қосымша материалдар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертетiн бөлiгiнде өтiнiмдi қарау кезiнде назарға алынбайды және оны өтiнiш берушi дербес өтiнiм ретiнде ресiмдеуi мүмкiн, бұл жөнiнде өтiнiм берушiге хабарланады.  

3. Оның құжаттарына қойылатын талаптарды бұза отырып берiлген өтiнiм жөнiнде өтiнiш берушiге оны жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде түзетiлген немесе жоқ құжаттарды табыс ету ұсынылған сауал жiберiледi.

Егер өтiнiм берушi аталған мерзiмде сұратылған құжаттарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi табыс етпесе, өтiнiм қайтарып алған болып есептеледi.  

4. Өнертабыс бiрлiгi талабын бұза отырып берiлген өтiнiм бойынша өтiнiм берушіге оған тиiстi хабарлама жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысы қаралуға тиiс екенiн хабарлау және қажет болған жағдайларда өтiнiм құжаттарына нақтылау енгiзу ұсынылады. Бастапқы өтiнiм материалдарына енген басқа өнертабыстар бөлектелген өтiнiмдермен ресiмделуi мүмкiн. Белгiленген өтiнiмдер басымдығы осы Заңның 20-бабының 5-тармағына сәйкес белгiленедi.

Егер өтiнiм берушi өзiне бiрлiк талаптарының бұзылғаны туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысын қарау қажет екенiн хабарламаса және нақтыланған құжаттарды табыс етпесе, формулада бiрiншi көрсетiлген, сондай-ақ алғашқысымен байланыстылығы соншалықты, олар өнертабыс бiрлiгi талаптарын қанағаттандыратын басқа да өнертабыстар объектiсi қаралады.  

5. Ресми сараптама аяқталғаннан кейiн өтiнiм берушiге оның нәтижесi туралы хабарланады.

6. Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.03.02.  N 237 Заңымен.  

7. Ресми сараптама оң нәтижемен аяқталғаннан кейiн сараптама жасау ұйымы өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзедi.

Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама мәлiмделген ұсынысты өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндiгiн белгiлеудi, техника деңгейiн анықтау үшiн мәлiмделген өнертабысқа қатысты ақпараттық iздестiру жүргiзудi, мәлiмделген объектiнiң (oбъектiлердiң) өнертабыс бiрлiгiнiң талабына және осы Заңның 6-бабында белгiленген патентке қабiлеттiлiк шарттарына сәйкестiгiне тексеру жүргiзудi қамтиды және өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленген жағдайда жүзеге асырылады.

Мәнi бойынша сараптама ресми сараптаманың нәтижесi туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде сараптама жасау ұйымына өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленгендiгiн растайтын құжатты берген жағдайда жүргiзiледi.

Мәнi бойынша сараптамаға ақы төленбеген жағдайда өтiнiм керi қайтарып алынған болып есептеледi.  

8. Мәнi бойынша өтiнiм сараптамасын жүргiзу кезеңiнде сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiден онсыз сараптама өткiзу мүмкiн болмайтын қосымша материалдарды, оның iшiнде өнертабыстың өзгертiлген формуласын сұратып алуға құқылы.

Сараптама жасау ұйымының сұратуы бойынша қосымша материалдар, сұратуға немесе өтiнiмге қарсы қойылатын материалдардың көшiрмелерiн өтiнiм берушi оған сараптама жасау ұйымының сұратуы жiберiлген күннен бастап екi ай iшiнде сұратқан жағдайда, аталған көшiрмелер жiберiлген күннен бастап өнертабыстың мәнi өзгертiлмей үш ай мерзiмде табыс етiлуге тиiс.

Қосымша материалдарға өнертабыстың мәнiн өзгерткен бөлiгiнде осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiп қолданылады. Егер өтiнiм берушi сұрау салынған материалдарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi белгiленген мерзiмде табыс етпесе, өтiнiм қайтарып алынған болып есептеледi.  

9. Егер өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жасау нәтижесiнде сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушi сұрап отырған құқықтық қорғау көлемiндегi мәлiмделген ұсыныс осы Заңның 6-бабында айқындалған өнертабыстың патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкес келетiнiн анықтаса, онда сараптама жасау ұйымы белгiленген басымдықты көрсете отырып патентке өтiнiм берушiмен келiсiлген өнертабыс формуласымен оң қорытынды береді.

Сараптама ұйымының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган он жұмыс күні ішінде өнертабысқа патент беру туралы шешiм шығарады.

Уәкілетті органның өнертабысқа патент беру туралы шешімінің негізінде сараптама ұйымы он жұмыс күні ішінде өтінім берушіге сараптама ұйымының қорытындысын және қорғау құжатын беру үшін баж төлеу қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.

Өтінім берушіге уәкілетті органның патент беру туралы шешім қабылдағаны туралы хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай ішінде өтінім беруші сараптама ұйымына патентті беруге дайындағаны және жариялағаны үшін тиісті төлемді, сондай-ақ мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжатты ұсынады. Көрсетілген құжаттар ұсынылмаған кезде өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру төлемінің төленгені туралы құжат ұсынылған жағдайда төлем мерзімі үш ай ішінде қалпына келтірілуі мүмкін. Керісінше жағдайда өтінім кері қайтарып алынды деп есептеледі, өтінім бойынша іс жүргізу тоқтатылады, бұл жөнінде өтінім беруші қалпына келтіру мерзімі өткен күннен бастап бір ай мерзімде хабардар етіледі. 

10. Өтiнiм берiлген өнертабыс өтiнiш берушi сұраған құқықтық қорғау көлемiнде өнертабыстың патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкес келмейтiнi анықталған кезде сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы берiледi.  

Сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы мына жағдайларда:  

1) егер өтiнiм өнертабыс ретiнде қорғалмайтын объектiлерге қатысты болса;  

2) егер өтiнiм берушi ұсынылған формулада өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ белгiлердiң болуы туралы немесе өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiден басқа, өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатпайтын ұсынысты да сипаттайтын болса немесе оған қатысты өнертабыс бiрлiгi талаптары бұзылуына байланысты қарау өткiзiлмегенi туралы хабарланғаннан кейiн өнертабыс формуласын өзгертпесе берiледi.

Өтiнiм берушi сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Қарсылықты шағым кеңесi ол түскен күннен бастап төрт ай мерзiмде қарауға тиiс.  

11. Өтiнiм берушi сараптама ұйымының тиiстi қорытындысы берiлгенге дейiн өтiнiмдi қараудың кез келген сатысында пайдалы модельге патент беру туралы өтiнiшхат бере алады. Бұл жағдайда сараптама осы Заңның 23-бабына сәйкес жүргiзiледi.  

12. Өтiнiм беруші сараптаманың қарсы қойған барлық материалдарымен таныстырылуы мүмкiн. Өтінiм берушi сұратқан материалдарды сараптама жасау ұйымы оған сұрау салынған күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде жiбередi.  

13. Осы баптың 3, 4, 7, 8, 10-тармақтарында көзделген және өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiмдердi өткiзiп алған мерзiмдi қалпына келтiру төлемінің төленгенi туралы құжат тапсырылған жағдайда сараптама ұйымы қалпына келтiруi мүмкiн.

Мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiм бiткен күннен бастап он екi айдан кешiктiрмей беруi мүмкiн. Мұндай өтiнiшхат сараптама ұйымына сараптамаға сұратылған материалдармен, төлем туралы құжаттармен немесе апелляциялық кеңеске қарсылықпен бiр мезгілде ұсынылады.

Сұрау салуға жауап қайтару немесе осы баптың 3 және 8-тармақтарында көзделген қосымша материалдарды ұсыну мерзімдері – төлем төленген жағдайда, өтінім берушінің белгіленген мерзім өткенге дейін берген өтінішхаты бойынша белгіленген мерзім өткен күннен бастап алты айға дейінгі мерзімге, ал осы баптың 10-тармағында көзделген қарсылықтар беру мерзімдері белгіленген мерзім өткен күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. 

13-1. Өтінім берушінің өтінішхаты бойынша өнертабысқа патент беруге арналған өтінімге сараптама, егер мәлімделетін өнертабыс патенттеудің қолайлы шарттары көзделген объектілерге жататын болса, жеделдетілген түрде жүргізіледі.

Сараптаманы жеделдетіп жүргізу өтінім беруші осы баптың 1, 1-1, 2, 3, 4, 5, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарды сақтаған кезде алты ай ішінде:

1) әдеттегі сараптаманың;

2) ақпараттық іздестірудің;

3) мәні бойынша сараптаманың жүргізілуін қамтиды.

Патенттеудің қолайлы шарттары көзделген объектілер тізбесін уәкілетті орган айқындайды. 

14. Егер өтiнiмдi қарау кезiнде онда мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтер анықталса, өтiнiм Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңдарында белгiленген тәртiппен құпияландырылады.

Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2007.03.02. N 237, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


Статья 1 ...20 21 22 22-1 23 ...38 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Қазақстан Республикасының Патент Заңы 1999 жылғы 16 шілдедегі N 427 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 22-бап Қазақстан Республикасының Патент Заңы 1999 жылғы 16 шілдедегі N 427