Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< ҚР Кәсіпкерлік Кодексі

ҚР Кәсіпкерлік Кодексі
256-бап. Индустриялық-инновациялық жүйе құралдары



Ст. 256 Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ




1. Индустриялық-инновациялық жүйенi жоспарлау құралдарына технологиялық болжау және басым тауарлар мен көрсетілетін қызметтердiң бiрыңғай картасы жатады. 

Технологиялық болжау деп игерілуі мемлекеттің орнықты индустриялық-инновациялық дамуы үшін қажетті шарт болып табылатын технологияларды анықтауға бағытталған талдамалық зерттеулер кешені түсініледі. 

Технологиялық болжауды индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi орган тұрақты негiзде бес жылда кемінде бiр рет қорытындылар шығара отырып жүргiзедi. 

Технологиялық болжау индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін технологиялық болжау жүргізу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. 

Технологиялық болжау процесiн технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты шетелдiк және отандық сарапшыларды тарту, сауалнама мен талдамалық зерттеулер жүргiзу, технологиялық болжау қорытындыларын шығару үшiн алынған деректерді жинақтап қорыту және ұсынымдарды қалыптастыру арқылы қамтамасыз етедi. 

Технологиялық болжау қорытындылары инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындау кезінде, оның ішінде нысаналы технологиялық бағдарламаларды іске асыру кезінде ескеріледі. 

Нысаналы технологиялық бағдарлама деп мемлекеттің, кәсіпкерлік субъектілерінің және ғылымның өзара іс-қимылына негізделген кәсіпорындардың (салалардың) технологиялық міндеттерін шешу жөніндегі шаралар кешені түсініледі. 

Басым тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бiрыңғай картасы Қазақстан Республикасында өндiру үшiн стратегиялық бәсекелестiк артықшылықтарға ие, экономиканың әрбiр басым секторы бойынша айқындалған және индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдаудың басымдықтары болып табылатын тауар топтарының, тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесiн бiлдiредi. 

2. Индустрияландыру картасы республика деңгейінде индустриялық-инновациялық жүйе мониторингiнiң (iске асырылуының) құралы болып табылады және мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылатын, индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа индустриялар қалыптастыратын, кластерлерді дамытатын басым секторлардағы индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері іске асыратын индустриялық-инновациялық жобалардың жиынтығын білдіреді. 

Өңірдің кәсіпкерлігін қолдау картасы өңір деңгейінде индустриялық-инновациялық жүйе мониторингiнiң (iске асырылуының) құралы болып табылады және мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылатын, индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өңдеу өнеркәсібінің басым секторларындағы индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері іске асыратын индустриялық-иновациялық жобалардың жиынтығын білдіреді. 

3. Инновацияларды ақпараттық-насихаттық қолдау және білімді, оның ішінде технологияларды коммерцияландыру бойынша тарату инновациялық белсенділікті ынталандыру және инновациялық қызметті танымал ету құралдары болып табылады. 

Инновацияларды ақпараттық-насихаттық қолдауды технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты жүзеге асырады және инновациялық белсенділікті ынталандыру, инновациялық қызметті ақпараттық қолдау және танымал ету жөніндегі іс-шараларды ұымдастыруды көздейді. 

Технологияларды коммерцияландыруға жәрдемдесу (қолдау): 

1) технологиялық кәсіпкерлік саласындағы құзыретті қалыптастыру мен дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және (немесе) өткізу; 

2) технологияларды іздестіру жүйесін қалыптастыру және дамыту, оларды сәйкестендіру және оларды нарыққа ілгерілетуге жәрдем көрсету; 

3) жобалық менеджерлер институтын дамыту; 

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсiлдер арқылы жүзеге асырылады. 

Технологияларды коммерцияландыруда индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне жәрдемдi осы Кодекстің 264-бабына сәйкес технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты көрсетедi. 

4. Мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық қызметті қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жүйе субъектілері жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылу тиімділігін бағалау индустриялық-инновациялық жүйені талдау құралы болып табылады. 

Мемлекеттiк органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық қызметтi қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жүйе субъектiлерi жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау шараларының iске асырылу тиiмдiлiгiн бағалау әдiстемесiн мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтедi. 

3-параграф. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау


Статья 1 ...254 255 256 257 258 ...324 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 256-бап Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ