Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Ст. 152 ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 06.07.2018

ҚР Қылмыстық-процестік кодексi
152-бап. Тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қарауы және мерзімдерді есептеуі

1. Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхат тергеу судьясының жеке-дара қарауына жатады. Сот отырысына міндетті түрде прокурор қатысады. Отырысқа сондай-ақ күдіктінің қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі және өкілі қатыса алады, өтінішхаттарды қарау уақыты туралы уақтылы хабарланған кезде олардың келмеуі өтінішхаттарды сотта қарауға кедергі болмайды. 

Сот күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы мәселені қарауға өзіне қатысты өтінішхат берілген адамды қатыстыру қажет деп тануға және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органға оны сот отырысына жеткізуді жүктеуге құқылы. 

Күзетпен ұсталу мерзімін ұзартуға прокурор өтінішхат беріп отырған адам сот отырысына қатысуға құқылы, бұл жағдайда, сот тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органға оны сот отырысына жеткізуді жүктеуге құқылы. 

2. Судья отырыстың басында қандай өтінішхаттың қаралуға жататынын жариялайды, келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, содан кейін енгізілген өтінішхат бойынша тараптардың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сол қалпында қалдыру қажеттігі тұрғысындағы дәлелдерін тыңдап: 

1) күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қанағаттандыру; 

2) күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту және бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны неғұрлым жеңілдеуіне өзгерту және оны қамаудан босату туралы қаулылардың бірін шығарады. 

3. Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхат келіп түскен күнінен бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде қаралуға жатады. 

4. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан жиырма төрт сағат бұрын іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға ол туралы хабарлауға міндетті. Егер күзетпен ұстаудың заңда белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін күдіктіні, айыптаушыны босату туралы не оларды күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы тиісті шешім келіп түспесе, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы оларды өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сағат ішінде іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға және прокурорға жолдайды. 

5. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы осы баптың төртінші бөлігінің талаптарын орындамаған кезде заңда белгіленген жауаптылықта болады. 

6. Күзетпен ұстау мерзімі күдіктінің күзетпен қамалған кезінен бастап оған тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаны туралы хабарлағанға және қылмыстық іс материалдарымен танысу құқығы түсіндірілгенге дейін есептеледі. Адамды күдікті ретінде ұстап алу уақыты, соттың шешімі бойынша психиатриялық немесе өзге де медициналық ұйымда мәжбүрлі түрде болу уақыты күзетпен ұстау мерзіміне есептеледі. 

Күдіктінің және оның қорғаушысының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстауды тергеу судьясы осы Кодекстің 148, 151-баптарында көзделген тәртіппен санкциялайды және оның мерзімін ұзартады. 

Күдіктінің және қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болуы осы Кодекстің 151-бабының бірінші – төртінші бөліктерінде белгіленген мерзімге кірмейді, бірақ оны сот жаза тағайындау кезінде ескереді. 

7. Күдіктінің және қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болу мерзімін санкциялау туралы өтінішхат осы бапта көзделген тәртіппен және мерзімдерде қаралуға жатады. 

Күдіктінің қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күзетпен ұстауда болу мерзімін тергеу судьясы қылмыстық істің көлемін, іске қатысатын адамдардың санын және іспен танысу уақытына әсер ететін өзге де мән-жайларды ескере отырып айқындайды. 

8. Прокурор қылмыстық істі қосымша тергеп-тексеру жүргізу үшін қайтарған жағдайда, ол бойынша күдіктіні күзетпен ұстаудың шекті мерзімі аяқталмаған болса, ал бұлтартпау шарасын өзгертуге негіздер болмаса, прокурордың уәжді өтінішхаты бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясы күзетпен ұстау мерзімін бір ай шегінде ұзарта алады. 

Сот қылмыстық істі осы Кодексте көзделген негіздер бойынша прокурорға қайтарған кезде, егер күдіктіні күзетпен ұстаудың шекті мерзімі аяқталмаған болса, ал бұлтартпау шарасын өзгертуге негіздер болмаса, нақ сол сот күзетпен ұстау мерзімін істі прокурор алған кезден бастап бір ай шегінде ұзартады. 

9. Күдікті, айыпталушы сол бір іс бойынша, сондай-ақ онымен біріктірілген немесе одан бөліп алынған қылмыстық іс бойынша қайтадан күзетпен қамалған жағдайда, күзетпен ұстау мерзімі күзетпен өткізілген уақыт ескеріле отырып есептеледі. 

10. Шет мемлекет іздестіріліп жатқан адамды Қазақстан Республикасына ұстап берген (экстрадициялаған) жағдайда, күзетпен ұстау мерзімі ол Қазақстан Республикасының аумағына келген күннен бастап есептеледі, ал адамды шет мемлекеттің аумағында экстрадициялық қамақ тәртібімен күзетпен ұстау уақыты жаза тағайындалған кезде жалпы күзетпен ұстау мерзіміне есептеледі. 

11. Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстаудың осы бапта белгіленген мерзімін есептеу мен ұзарту тәртібі үкімнің күшін кассациялық сатысында іс жүргізудің нәтижесінде немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан адамға қатысты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша жою кезінде де қолданылады. 

Ескерту. 152-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

Статья 1 ...150 151 152 153 154 ...674

Перейти к статье






Добавить комментарий к 152-бап ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V