Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Ст. 221 ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 06.07.2018

ҚР Қылмыстық-процестік кодексi
221-бап. Заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру және сақтау

1. Оқиға орнын, жергілікті жерді немесе үй-жайды қарап-тексеру кезiнде табылған, тiнту, алу, тергеу экспериментi немесе басқа тергеу әрекеттерiн жүргізу кезiнде алынған не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның талап етуi бойынша ұйымдар және азаматтар ұсынған нәрселер осы Кодекстiң 220-бабының қағидалары бойынша қарап-тексерілуге жатады. 

2. Көрсетілген нәрселер қарап-тексерілгеннен кейiн осы Кодекстiң 118-бабының қағидаларына сәйкес заттай дәлелдемелер деп танылуы мүмкiн. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам нәрсені заттай дәлелдеме ретiнде тану және оны iске қоса тiркеу туралы қаулы шығарады. Осы қаулыда заттай дәлелдеменi iспен бiрге қалдыру немесе оны иесiне немесе өзге адамдарға немесе ұйымдарға сақтауға өткiзу туралы мәселе шешiлуге тиiс. 

3. Егер нәрселерді ауқымды болуына немесе өзге де себептерге байланысты қылмыстық iспен бiрге сақтау мүмкін болмаса, олар фото- немесе бейнетүсіру құралдарымен түсiрiп алынуға, мүмкiндiгiнше мөрленуге және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам көрсеткен орында сақталуға тиiс. Iске заттай дәлелдеменің үлгiсi қоса тiркелуi мүмкiн. Істе заттай дәлелдеменің табылған жерi туралы тиiстi анықтама болуға тиiс. 

Заттай дәлелдемелерді алып қою, сақтау, беру және жою, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін орган алып қойған ұлттық және шетелдік валютадағы ақшаны сақтау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. 

4. Тез бұзылуға бейім заттай дәлелдемелер, егер оларды иесiне қайтару мүмкін болмаса, жергілікті атқарушы орган айқындайтын тиiстi ұйымдарға мақсатына сай пайдалану не алынған сомаларды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргiзетін органның депозитiне сала отырып, өткізу үшін тапсырылады. Сақталуы елеулі материалдық шығынды талап ететiн заттай дәлелдемелер, егер иесiне тиісті түрде хабарланғаннан кейін алты ай өткен соң қайтарып берiлуi мүмкiн болмаса, ал иесі анықталмаған жағдайда – нәрселерді заттай дәлелдемелер деп таныған кезден бастап сол мерзімде өткізіледі. Заттай дәлелдемелер алынған соманы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін органның депозитiне сала отырып, заңнамада белгiленген тәртiппен өткізіледі. Негiздер болған кезде, пайдаланылған немесе өткізілген заттай дәлелдемелер иесіне сондай түрдегі және сападағы нәрселермен қайтарылады немесе соңғысына олардың құны соттың шешімі бойынша мемлекеттік бюджет есебінен төленедi. 

Әрбір атауы (түрі) бойынша аса ірі мөлшерге жатқызудың белгіленген шегінен асатын мөлшердегі есірткі, психотроптық заттар сот сараптамасы жүргізілгеннен кейін заттай дәлелдемелер деп танылып, іске үлгі ретінде қоса берілгендерін қоспағанда, прокурордың келісімімен қылмыстық қудалау органы қаулысының негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жойылуға тиіс. Есірткі заттарды жою туралы, прокурормен келісілген қаулы және заң талаптарына сәйкес және жою кезінде бейнетіркеуді қолдана отырып жасалған, оны іс жүзінде жою туралы акт қылмыстық іске қоса тігіледі. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қылмыстық іске қосып тігу үшін прокурормен келісілген тиісті қаулының негізінде маманның міндетті түрде қатысуымен және бейнежазбаны қолданып, алып қойылған есірткі, психотроптық заттардың жалпы көлемінен әрбір атауы (түрі) бойынша тиісті есірткі, психотроптық заттар үшін заңда белгіленген аса ірі мөлшерге тең шамасында үлгілер іріктеп алынуға, олар қапталып, мөрленуге тиіс, қаптамада заттың атауы және оның көлемі туралы жазба жасалып, қаптамада қамтылғанның анықтығы осы әрекетке қатысқан адамдардың қойған қолдарымен куәландырылады. 

Бақыланатын жеткізілім немесе өзге де жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде заңсыз айналымнан алып қойылған есірткі заттарын немесе психотроптық заттарды пайдалану қажет болған жағдайда, оларды жою тиісті жасырын тергеу әрекеттері аяқталғанға дейін прокурордың келісімімен жүргізілмеуі мүмкін. 

5. Анықтау органы iстi сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға немесе бір анықтау органынан басқа анықтау органына не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын бір адамнан екiншiсіне берген кезде, сол сияқты iс прокурорға және сотқа жiберiлген кезде заттай дәлелдемелер, осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, белгiленген тәртiпке сәйкес жөнелтiледi. Заттай дәлелдемелер қапталған және мөрленген түрде оларды даралайтын белгiлерi көрсетiліп, қамтылған тiзiмдемемен қоса берiледi. 

6. Қылмыстық іс тоқтатылған кезде заттай дәлелдемелердің және мұндай деп танылмаған нәрселердің тағдыры туралы мәселе осы Кодекстің 118-бабы үшінші бөлігінің қағидалары бойынша шешіледі.

Статья 1 ...219 220 221 222 223 ...674

Перейти к статье






Добавить комментарий к 221-бап ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V