Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Ст. 240 ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 18.09.2018

ҚР Қылмыстық-процестік кодексi
240-бап. Жасырын тергеу әрекеттерінің хаттамаларына қоса тіркелмеген материалдармен танысу

1. Тергеуші, анықтаушы қылмыстық процесте дәлелдемелік маңызы жоқ деп таныған жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері тергеп-тексеру материалдарына қоса тігілмейді және құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесінде бөгде адамдардың олармен танысу мүмкіндігін болдырмайтын жағдайларда, осы баптың 1-1 және алтыншы бөліктерінде көзделген мәселелер түпкілікті шешілгенге дейін сақталады, содан соң тиісті акт жасала отырып жойылады. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қылмыстық процесте дәлелдемелік маңызы жоқ деп таныған жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері жойылатын күннен екі ай бұрын тиісті прокурор хабардар етіледі. 

1-1. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы адамды оған қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізілген қылмыстық іс бойынша қорытынды шешім шығарылған кезден бастап алты айдан кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерімен таныстырмастан, хабардар етуге тиіс. 

Бұл мерзімді тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының уәжді өтінішхаты бойынша бір жылға дейін ұзартуы мүмкін. 

Тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының уәжді өтінішхаты бойынша адамды: 

1) террористік немесе экстремистік қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша; 

2) қылмыстық топ жасаған қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша; 

3) егер хабардар ету мемлекеттік құпияларды жария ету қатерін төндірсе; 

4) егер хабардар ету қызметті құпия негізде және астыртын нысанда жүзеге асыратын адамдардың және өзге де адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірсе, оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеті туралы хабардар етпеуге келісуі мүмкін. 

2. Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адам тергеп-тексеруге қоса тігілмеген мәліметтермен мемлекеттік құпиялардың және заңмен қорғалатын өзге де құпияның жария болуын болдырмайтын шекте танысу туралы өтінішхат беруге құқылы. Өтінішхатты – тергеуші, анықтаушы, прокурор, ал істі сот қараған кезеңде өтінішхаттар түскен кезде – сот қарайды. 

3. Тергеуші, анықтаушы, прокурор, сот өтінішхатты материалдардың қылмыстық процестегі ықтимал маңызын және жол берілген адам құқықтарын шектеулерді ескере отырып бағалайды. 

Тергеуші, анықтаушы, прокурор, сот, егер бұл қылмыстық процеске тартылған қандай да бір адамның өміріне, денсаулығына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі қауіп төндіруі мүмкін болса немесе егер ол үшінші тұлғаның жеке өмірінің құпиясын қозғайтын болса, іске қоса берілмеген материалдармен танысу туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы. 

4. Іске қоса берілмеген материалдармен танысқаннан кейін адам оларды қылмыстық істің материалдарына қоса беру туралы өтінішхат бере алады. Тергеушінің, анықтаушының, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуына осы Кодекстің 105 және 106-баптарында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін, судьяның бас тартуына істі сотта қарау аяқталған сот актісіне шағыммен бірге шағым жасалады. 

5. Сот талқылауы кезінде мәлімделген, жасырын тергеу әрекетінің іске қоса берілмеген материалдарымен танысу туралы өтінішхат бойынша шешімді осы істі қарайтын соттың дәл сол құрамы қабылдайды. 

6. Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адамның осы баптың 1-1-бөлігінде көзделген хабардар ету кезінен бастап он бес күн ішінде сотқа тиісті жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді заңсыз деп тану және келтірілген нұқсанды (ондай болған кезде) өтеткізу туралы арызбен жүгінуге құқығы бар. 

Ескерту. 240-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.12.2017 № 118-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Статья 1 ...238 239 240 241 242 ...674

Перейти к статье






Добавить комментарий к 240-бап ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V