Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Печать

Ст. 260 ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 18.09.2018

ҚР Қылмыстық-процестік кодексi
260-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның талап етуі бойынша нәрселер мен құжаттарды беру

1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тінтуді немесе алуды жүргізбей-ақ, кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның басшысынан, сол сияқты азаматтардан тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде уақытша пайдалану үшін қажетті нәрселер мен құжаттарды беруді талап етуге құқылы. Мұндай нәрселер мен құжаттарға: 

1) эксперимент жүргізу кезінде зерттелетін оқиғаның жағдайы мен шарттарын жаңғыртуға арналған сол тектестер немесе макеттер; 

2) тану үшін ұсынылған нәрсемен немесе құжатпен біртектес нәрсе немесе құжат; 

3) егер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамда не оның тапсырмасы бойынша әрекет етуші маманда, сарапшыда немесе сарапшылық мекемеде олар жоқ болса, тергеу әрекеттерін не сараптамалық зерттеу жүргізу кезінде қолдануға арналған құрылғылар, құралдар, аспаптар, материалдар жатады. 

Қажеттілігі өткеннен кейін бұл нәрселер, құжаттар тиесілілігі бойынша қайтарылуға жатады. 

2. Мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың басшылары және лауазымды адамдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның прокурормен келісілген талабы бойынша өз құзыреті шегінде жоспардан тыс тексеру, құжаттамалық ревизия немесе өзге де қызметтік тексеру жүргізуге және ревизия немесе тексеру актісін барлық қосымшаларымен бірге белгіленген мерзімде ұсынуға міндетті. Қылмыстық қудалау органы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ревизиялар және тексерулер жүргізу талабы туралы бір тәулік ішінде прокурорды хабардар етеді. 

3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ревизия немесе тексеру актісінде не басқа құжатта белгіленген қағидалардан ауытқушылықтарды, олқылықтарды, қайшылықтарды және басқа да кемшіліктерді таба отырып, құжаттағы атап өтілген қателердің жойылуын талап етуге құқылы.
Статья 1 ...258 259 260 261 262 ...674

Перейти к статье






Добавить комментарий к 260-бап ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V