Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы

1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

Осы Заң кеңістіктік деректерді іздеуді, жинауды, сақтауды, өңдеуді, беруді және таратуды қоса алғанда, геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыру кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.



2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 

1) атлас – жалпы бағдарламамен біріктірілген көптеген карталардан тұратын картографиялық туынды; 

2) биіктік есептеу жүйесі – жер беті нүктелерінің бастапқы деңгейлік бетіне қатысты биіктіктерін айқындауға арналған есептеу жүйесі; 

3) бірыңғай цифрлық картографиялық негіз – Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының құрамдас картографиялық бөлігі және Қазақстан Республикасының аумағы туралы базалық кеңістіктік деректердің жүйеленген жиынтығы болып табылатын электрондық ақпараттық ресурс; 

4) географиялық ақпараттық жүйе – Жер туралы, жер бетінің объектілері, табиғи, техногендік және қоғамдық процестер туралы кеңістіктік ақпаратты жинауды, өңдеуді, талдауды, модельдеуді, сақтауды, таратуды және өзгеше пайдалануды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе; 

5) географиялық ақпараттық ресурстар – кеңістіктік деректер мен метадеректердің электрондық базаларының жиынтығы; 

6) геодезия – карталар мен жоспарларды жасау мақсатында, сондай-ақ жер бетіндегі әртүрлі инженерлік міндеттерді шешуді қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылатын Жердің пішінін, өлшемдері мен сыртқы гравитациялық өрісін, жер беті нүктелерінің координаттары мен биіктіктерін және олардың уақыт ішіндегі өзгерістерін айқындау жөніндегі ғылыми, техникалық және өндірістік қызмет процесінде туындайтын қатынастар саласы; 

7) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы басшылық пен салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 

8) геодезиялық және картографиялық қызмет – геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жөніндегі, сондай-ақ геодезиялық және картографиялық материалдар мен кеңістіктік деректерді алу жөніндегі ғылыми-техникалық, өндірістік, басқарушылық және өзге де қызмет; 

9) геодезиялық желі – жер бетіндегі орналасуы геодезиялық координаттарды есептеудің өздеріне арналған ортақ жүйесіндегі геодезиялық өлшемдер негізінде айқындалған геодезиялық пункттердің жиынтығы; 

10) геодезиялық пункт – жер бетінің нүктесін белгілі бір координаттармен және (немесе) биіктіктермен және (немесе) ауырлық күшінің мәндерімен бекітетін инженерлік конструкция; 

11) геопортал – телекоммуникация құралдары арқылы кеңістіктік деректерге және кеңістіктік деректердің геосервистеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе; 

12) гидрографиялық жұмыстар – су объектілеріндегі жағдай туралы егжей-тегжейлі ақпаратты алу, сондай-ақ олардың рельефі мен су беті туралы деректерді жинау үшін жүргізілетін жұмыстар кешені;  

13) гравиметриялық есептеу жүйесі – ауырлық күші үдеуінің абсолютті немесе салыстырмалы өлшемдерін айқындауға арналған есептеу жүйесі; 

14) гравиметриялық желі – гравиметриялық есептеудің өздеріне арналған ортақ жүйесінде ауырлық күші үдеуінің белгілі мәндері бар геодезиялық пункттердің жиынтығы; 

15) датум – белгілі бір уақыт кезінде тіркелген эллипсоид немесе квазигеоид параметрлерінің жинағы; 

16) жергілікті координаттық есептеу жүйесі – шектеулі аумаққа қатысты белгіленетін проекцияның координаттық есептеу жүйесі; 

17) Жерді қашықтан зондтау – ғарыш және әуе кеңістігінен құрлық, мұхит және атмосфера элементтерінің өзіндік және шағылысқан сәулеленуін байқау және өлшеу арқылы Жер беті туралы ақпарат алу процесі; 

18) Жердің геодинамикалық зерттеулері – жер қыртысының қазіргі қозғалыстары мен деформацияларын зерделеу; 

19) жоспар – жазықтықта белгілі бір жергілікті жерді, құрылысжайды түзу көлденең проекциялау әдісімен кескіндейтін сызба; 

20) интероперабельділік – кеңістіктік деректердің, метадеректердің, техникалық және бағдарламалық құралдардың функционалдық және ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға қабілеттілігін білдіретін өзара үйлесімділік қағидаты; 

21) карта – жер бетінің, басқа да табиғи аспан денелерінің немесе олардың бөліктерінің белгіленген талаптарға сәйкес белгілі бір проекцияда, сондай-ақ шартты белгілерді пайдалана отырып алынған, жазықтықтағы кішірейтілген жинақталған кескіні; 

22) карта-схема – оңайлатылып жинақталған картографиялық кескін; 

23) картография – картографиялық туындыларды зерделеу, жасау және пайдалану жөніндегі ғылыми, техникалық және өндірістік қызмет процесінде туындайтын қатынастар саласы;  

24) картографиялық материалдар – карталарды жасау үшін пайдаланылатын картографиялық туындылар және басқа да графикалық, цифрлық, мәтіндік құжаттар; 

25) картографиялық өнім – картографиялық қызмет нәтижесiнде алынған, Жер бетiнің және аспан денелерiнiң қағаз және электрондық жеткізгіштердегі, белгiлi бiр математикалық заңдар бойынша және шартты белгiлердiң қабылданған жүйесiнде құрылып, кiшiрейтiлген, өлшенетiн және жинақталған кескіндерi;  

26) картографиялық проекция – Жер бетін бейнелеудің математикалық айқындалған тәсілі; 

27) квазигеоид – жерүсті геодезиялық өлшемдер және массаларды бөлу жөніндегі деректерді қолданбай, ауырлық күші әлеуеттерінің мәндері негізінде есептелген, беті Жердің физикалық бетіне жуықтайтын математикалық қатаң модель; 

28) кеңістіктік деректер – жергілікті жер объектілерінің орналасқан жері туралы мәліметтер қамтылатын, белгілі бір нысанда және координаттық есептеу жүйесінде ұсынылған ақпарат; 

29) кеңістіктік деректердің геосервистері (бұдан әрі – геосервистер) – пайдаланушыға кеңістіктік деректермен және (немесе) метадеректермен операцияларды жүзеге асыру үшін құралдар беретін және дербес өнім немесе қосылатын сервис түрінде болатын электрондық ақпараттық ресурс; 

30) кеңістіктік деректер инфрақұрылымы – кеңістіктік деректерді жинауға, өңдеуге, талдауға, модельдеуге, сақтауға, таратуға, беруге және тиімді пайдалануға арналған технология, стандарттар және географиялық ақпараттық ресурстар; 

31) кеңістіктік объект – шынайы әлемнің объектісін орналасқан жерімен немесе географиялық салаға тиесілігімен қоса абстрактілі түсіну; 

32) координаттарды өзгерту – бірдей датумдарға негізделген бір координаттық есептеу жүйесінен басқа координаттық есептеу жүйесіне ауысу;  

33) координаттарды трансформациялау – бір датумға байланысты бір координаттық есептеу жүйесінен басқа датумы бар басқа координаттық есептеу жүйесіне ауысу; 

34) координаттық есептеу жүйесі – Жермен датумның көмегі арқылы байланысқан геодезиялық координаттар жүйесі; 

35) Қазақстан Республикасының кезекші анықтамалық картасы – жергілікті жердің геодезиялық және картографиялық тұрғыдан зерделенгенін, ашық және шектеулі пайдаланылатын үшөлшемді кеңістіктік деректерді көрсететін, Қазақстан Республикасы аумағының жаңартылатын және жаңадан жасалатын карталары мен жоспарларында есепке алынуға және көрсетілуге жататын әкімшілік-аумақтық бірліктер шекараларының болып жатқан өзгерістерін, сондай-ақ географиялық объектілер мен олардың атауларының өзгерістерін есепке алатын географиялық ақпараттық ресурс; 

36) масштаб – картадағы немесе жоспардағы сызық ұзындығының оның жергілікті жердегі көлденең проекциясына қатынасы; 

37) межелеу – Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген және осы халықаралық шартқа қоса берілетін карталарда графика түрінде кескінделген, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының орналасуы мен бағытын шектес жатқан мемлекеттер арасындағы келісім бойынша айқындау;  

38) мемлекеттік геодезиялық желі – мемлекеттік координаттық есептеу жүйесін белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын геодезиялық желі; 

39) мемлекеттік гравиметриялық желі – бірыңғай гравиметриялық негізді белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын гравиметриялық желілер; 

40) мемлекеттік есептеу жүйесі – мемлекеттік координаттық, биіктік және гравиметриялық есептеу жүйелерінің жиынтығы; 

41) мемлекеттік нивелирлік желі – мемлекеттік биіктіктерді есептеу жүйесін белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын нивелирлік желі; 

42) метадеректер – кеңістіктік деректер мен геосервистердің жинақтарын сипаттайтын ақпарат; 

43) нивелирлік желі – биіктіктерді есептеудің өздеріне арналған ортақ жүйесінде биіктіктері айқындалған геодезиялық пункттердің жиынтығы; 

44) тақырыптық карта, жоспар, атлас, карта-схема – негізгі мазмұны нақты тақырыппен, сюжетпен, табиғи немесе қоғамдық құбылыстармен не олардың үйлесімімен айқындалатын картографиялық туындылар; 

45) топографиялық жоспар – шегінде деңгейлік бетінің қисықтығы есепке алынбайтын, жергілікті жердің шектелген учаскесінің жазықтықта белгілі бір масштабта ортогоналды проекцияда картографиялық бейнеленуі; 

46) топографиялық карта – жер беті нүктелерінің жоспарлы түрдегі, сол сияқты биіктіктегі орналасуын айқындауға мүмкіндік беретін, жергілікті жердің сыныптауыштар мен шартты белгілер қолданыла отырып, белгілі бір масштабта егжей-тегжейлі картографиялық кескінделуі; 

47) тұрақты жұмыс істейтін референциялы станция – белгілі кеңістіктік координаттары бар нүктеде орналасқан радиоэлектрондық және техникалық құралдардың кешені, олардың көмегімен жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдарын кейіннен өңдеу және пайдаланушыларға түзетуші ақпаратты беру үшін қабылдау жүзеге асырылады; 

48) Ұлттық кеңістіктік деректер қоры – геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің одан әрі пайдалануы мақсатында есепке алынуға, ұзақ сақталуға жататын цифрлық және (немесе) аналогтық түрдегі кеңістіктік деректердің жалпымемлекеттік, салааралық маңызы, арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар жиынтығы;  

49) шегендеу – Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген, жергілікті жерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын айқындау және белгілеу.

3-бап. Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

4-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтің объектілері мен субъектілері

1. Қазақстан Республикасының аумағы, жер шарының аумағы, табиғи аспан денелері мен Жердiң жасанды спутниктерін қоса алғанда, әуе және ғарыш кеңістіктері геодезиялық және картографиялық қызметтің объектілері болып табылады. 

2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары мен жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар геодезиялық және картографиялық қызметтің субъектілері болып табылады.

5-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыру қағидаттары

Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді: 

1) геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асырудың жүйелілігі мен үздіксіздігі; 

2) кеңістіктік деректер жинақтарының толықтығы, анықтығы және өзектілігі; 

3) геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гравиметриялық жұмыстарды орындау кезіндегі өлшемдердің бірлігі; 

4) бірыңғай стандарттарды пайдалану; 

5) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты қоспағанда, кеңістіктік деректердің қолжетімділігі мен ашықтығы; 

6) бекітілген есептеу жүйелерін пайдалану; 

7) интероперабельділік; 

8) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласын дамытуды ынталандыру.

6-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтің бағыттары

1. Орындалатын жұмыстардың мақсатына қарай геодезиялық және картографиялық қызмет: 

1) нәтижелерінің жалпымемлекеттік және салааралық маңызы болатын мемлекеттік мақсаттағы қызмет; 

2) жүргізілу қажеттігі геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің қажеттіліктерімен айқындалатын арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы қызмет болып бөлінеді. 

2. Мемлекеттік мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет мыналарды қамтиды: 

1) Жердің пішінін, өлшемдері мен сыртқы гравитациялық өрісін айқындау; 

2) мемлекеттік есептеу жүйелерінің, топографиялық карталар мен жоспарлардың картографиялық проекцияларының параметрлерін айқындау; 

3) Жерді геодинамикалық зерттеу; 

4) тығыздығы мен дәлдігі топографиялық карталар мен жоспарларды, квазигеоид карталарын жасауды, қорғаныстық, ғылыми-зерттеу және өзге де міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін, іргелі астрономиялық-геодезиялық желінің, дәлдігі жоғары геодезиялық желінің, спутниктік геодезиялық желінің, астрономиялық-геодезиялық желінің, геодезиялық жиілету желісінің, барлық сыныптағы нивелирлік желілердің, іргелі гравиметриялық желі мен бірінші сыныпты гравиметриялық желілердің пункттері жататын мемлекеттік геодезиялық желілерді құру, дамыту, сақталуын қамтамасыз ету және жұмыс істейтін жағдайда ұстау; 

5) дәлдігі мен мазмұны жалпымемлекеттік, салааралық, қорғаныстық, ғылыми-зерттеу және өзге де міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін топографиялық карталар мен жоспарларды, оның ішінде елді мекендердің жоспарларын графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда жасау, жаңарту және басып шығару; 

6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеуді, шегендеуді және оның сызығының өтуін тексеруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы теңіз кеңістіктерінің межеленуін геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық жағынан қамтамасыз ету; 

7) теңіздердің, көлдердің, өзендердің, су қоймаларының қайраңын картографиялау және топографиялық, навигациялық теңіз карталарын, құралдарын, теңіздердің, кеме жүзетін өзендер мен су айдындарының лоцияларын жасау; 

8) мемлекеттің, оның қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігінің мүддесі, сондай-ақ теңіздерде, кеме жүзетін өзендер мен су айдындарында жалпы теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесі үшін геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық жұмыстар жүргізу; 

9) жалпымемлекеттік, салааралық, қорғаныстық және ғылыми-зерттеу міндеттерін шешу үшін Жерді, оның ішінде шет мемлекеттер мен Дүниежүзілік мұхиттың аумағын қашықтан зондтау; 

10) Ұлттық кеңістіктік деректер қорын қалыптастыру және жүргізу; 

11) мемлекеттік функциялар мен міндеттерді орындауға бағытталған географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді жасау, дамыту және қолдап отыру; 

12) салааралық мақсаттағы жалпыгеографиялық, саяси-әкімшілік, ғылыми-анықтамалық және басқа да тақырыптық карталарды, жоспарлар мен атластарды, карта-схемаларды, картографиялық оқу құралдарын жасау және басып шығару; 

13) географиялық атауларды стандарттау, есепке алу және қолданылуын ретке келтіру, Қазақстан Республикасы географиялық атауларының дерекқорын жасау және жүргізу; 

14) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және қазіргі заманғы технологияларды ендіру; 

15) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттарды әзірлеу және бекіту; 

16) геодезиялық, картографиялық және гравиметриялық жұмыстарды метрологиялық жағынан қамтамасыз ету; 

17) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру және дамыту; 

18) жергілікті координаттық есептеу жүйелерін жасау және жаңартып отыру. 

3. Арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет мыналарды қамтиды: 

1) әртүрлі объектілердің, жерүсті және жерасты құрылысжайлары мен желілерінің құрылыс учаскелерінің бас жоспарларын жасауға, ғимараттар мен құрылысжайларды құрылыс учаскелеріне байланыстыруға, сондай-ақ өзге де арнаулы жұмыстарды орындауға арналған топографиялық жоспарларды жасау және жаңартып отыру; 

2) графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда тақырыптық карталарды, жоспарларды, атластарды, карта-схемаларды жасау және басып шығару; 

3) арнаулы және (немесе) салалық міндеттерді орындауға бағытталған географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді жасау, дамыту және қолдап отыру; 

4) Жерді қашықтан зондтау, желілік және алаңдық типтегі инженерлік құрылысжайларды, жерасты құрылысжайлары мен желілерін жобалау және ізденістер, салу және пайдалану кезіндегі геодезиялық, картографиялық және басқа да арнаулы жұмыстар, кадастрлар мен өзге де ізденістерді және арнаулы жұмыстарды жүргізу; 

5) осы тармақта көрсетілген бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу; 

6) инженерлік-геодезиялық жұмыстар; 

7) тақырыптық кеңістіктік деректерді жасау және дамыту.

7-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызмет

Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызметті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және уәкілетті орган келісілген жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырады.

8-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті метрологиялық жағынан қамтамасыз ету

1. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес геодезиялық өлшем құралдарының бірлігі мен дәлдігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асырады. 

2. Геодезиялық және картографиялық қызметті метрологиялық жағынан қамтамасыз ету геодезиялық өлшемдердің бірлігін қамтамасыз ететін және геодезиялық және картографиялық қызметтің барлық субъектілері үшін міндетті болып табылатын стандарттар, эталондар, әдістемелер жүйесін қамтиды.

9-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы хабарлама

1. Геодезиялық, картографиялық жұмыстарды және аэротүсірілім жұмыстарын жүргізу "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен хабардар ету арқылы жүзеге асырылады. 

2. Геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды жүргізу туралы хабарламаға: 

1) геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін меншікті немесе жалға алынған салыстырып-тексерілген аспаптар, жабдықтар мен құралдар жиынтығының бар-жоғын растайтын құжаттың не зауыттық нөмірлері көрсетілген, салыстырып-тексерілген аспаптар, жабдықтар мен құралдар жиынтығы бар тұлғалармен жасалған геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласында қызметтер көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;  

2) штаттағы маманның геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімі туралы дипломының көшірмесі қоса беріледі. 

3. Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері аэротүсірілім жұмыстарын жүзеге асыру үшін хабарламаға аэротүсірілім жұмыстарын жүргізу жоспарланатын аумақтың географиялық координаттарын, масштабын және аэротүсірілім жұмыстарының тапсырыс берушісін көрсете отырып, аумақтың картограммасын қоса беруге міндетті. 

Аэротүсірілім жұмыстары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

10-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті қаржыландыру

1. Мемлекеттік мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылады. 

2. Арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражатының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар қаражатының есебінен жүзеге асырылады. 

3. Бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылатын жұмыстардың тапсырыс берушілері және (немесе) орындаушылары болып табылатын геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері бұрын жасалған кеңістіктік деректерді пайдалануға міндетті. 

4. Бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік ақпараттық жүйелерді, дерекқорларды, кадастрларды, географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді жүргізуді жүзеге асыратын геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері бірыңғай цифрлық картографиялық негізді пайдалануға міндетті.

11-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы мемлекеттік меншік

Мемлекеттік геодезиялық желілердің, мемлекеттік нивелирлік желілердің, мемлекеттік гравиметриялық желілердің пункттері, геодезиялық және картографиялық өнімдер, сондай-ақ бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылатын геодезиялық және картографиялық қызметтің нәтижесінде алынған гидрографиялық, аэроғарыштық түсірілім және гравиметриялық материалдар мен деректер Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншігі болып табылады. 

2-тарау. ГЕОДЕЗИЯ, КАРТОГРАФИЯ ЖӘНЕ КЕҢІСТІКТІК ДЕРЕКТЕР САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ



12-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы құзыреті

Қазақстан Республикасы Үкіметінің геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы құзыретіне мыналар жатады:

1) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;

2) мемлекеттік есептеу жүйелерін және картографиялық проекцияларды белгілеу;

3) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну қағидаларын бекіту;

4) алып тасталды - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



13-бап. Уәкілетті органның құзыреті

Уәкілетті органның құзыретіне мыналар жатады:

1) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;

2) геодезиялық пункттерді қорғау, бұзу немесе қайта салу (орнын ауыстыру) туралы қағидаларды әзірлеу және бекіту;

3) мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілерді жасау мен дамытуды ұйымдастыру;

4) топографиялық карталар мен жоспарларды жасау және жаңартып отыру;

5) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің қызметін үйлестіру;

6) мемлекеттік мақсаттағы геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындауды ұйымдастыру;

7) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру және дамыту;

8) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарау, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар және стандарттау жөнінде ұсынымдар дайындау;

9) бюджет қаражатының есебінен орындалатын аэротүсірілім жұмыстарының, геодезиялық және картографиялық жұмыстардың құнын айқындау әдістемесін әзірлеу және бекіту;

10) жергілікті координаттық есептеу жүйелерін белгілеу;

11) мемлекеттік, халықаралық, жергілікті координаттық есептеу жүйелері арасындағы трансформациялау мен өзгерту параметрлерін әзірлеу және бекіту;

12) Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мәліметтерін қалыптастыру, жинау, сақтау, пайдалану және беру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

13) жергілікті координаттық есептеу жүйелерін белгілеу мен пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

14) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеу мен шегендеуді жүргізуді техникалық жағынан қамтамасыз ету туралы қағидаларды әзірлеу және бекіту;

15) бюджет қаражатының есебінен жасалатын картографиялық өнімді жаңартып отыру кезеңділігін әзірлеу және бекіту;

16) бюджет қаражатының есебінен картографиялық өнімді жасау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;

17) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру және жаңартып отыру жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;

18) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын пайдалану жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту;

19) салалық көтермелеу жүйесін әзірлеу және бекіту;

20) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;

21) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің мүдделерін ескере отырып, геодезиялық, картографиялық жұмыстардың және аэроғарыштық түсірілім жұмыстарының деректері мен материалдарын есепке алу, сақтау, көбейту және пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

22) бюджет қаражатының есебінен орындалатын геодезиялық, картографиялық жұмыстардың және аэроғарыштық түсірілім жұмыстарының тізбесін әзірлеу және бекіту;

23) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

24) мемлекеттік, халықаралық, жергілікті координаттық есептеу жүйелерінің арасындағы трансформациялау және өзгерту параметрлерін айқындау және пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

25) тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды орнату қағидаларын әзірлеу және бекіту;

26) тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды мемлекеттік геодезиялық желілерге жатқызу және қолдану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

27) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және қазіргі заманғы технологияларды ендіру;

28) нивелирлеу жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;

29) мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілерді жасау және дамыту жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;

30) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну қағидаларын әзірлеу;

31) мемлекеттік есептеу жүйелері мен картографиялық проекцияларды әзірлеу;

32) базалық кеңістіктік деректердің тізбесін әзірлеу және бекіту;

33) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



14-бап. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы құзыреті

Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы құзыретіне мыналар жатады: 

1) уәкілетті органмен келісу бойынша елді мекендердің картографиялық өнімін жасау және жаңартып отыру жөніндегі жұмыстарды картографиялық өнімді жаңартып отырудың бекітілген кезеңділігіне сәйкес ұйымдастыру; 

2) елді мекендердің картографиялық өнімінің сақталуын және бір данасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорына берілуін қамтамасыз ету; 

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру.

15-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы халықаралық ынтымақтастық

1. Қазақстан Республикасы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға ұмтылуды негізге ала отырып, геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады. 

2. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді.

16-бап. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесі

1. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын геодезиялық және картографиялық қызметті мемлекеттік реттеу осы Заңның қолданылуымен, сондай-ақ геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесімен қамтамасыз етіледі. 

2. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесі мыналарды қамтиды: 

1) нормативтік құқықтық актілер; 

2) орындалатын геодезиялық, топографиялық және картографиялық жұмыстардың дәлдігіне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік техникалық құжаттар мен ерікті түрде қолданылатын нормативтік техникалық құжаттар: 

геодезиялық, картографиялық нұсқаулықтар, нормалар мен қағидалар; 

карталар мен жоспарлардың шартты белгілері, сыныптауыштар; 

3) геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы стандарттау жөніндегі ерікті түрде қолданылатын нормативтік техникалық құжаттар; 

4) халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолданысқа енгізілген геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы мемлекетаралық стандарттар мен қағидалар. 

3. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесінің объектілері: 

1) мемлекеттік топографиялық карталардың 1:10000, 1:25000, 1:50000, 1:100000, 1:200000, 1:500000, 1:1000000 масштабтық қатары; 

2) мемлекеттік топографиялық жоспарлардың 1:500, 1:1000, 1:2000, 1:5000 масштабтық қатары; 

3) мемлекеттік геодезиялық желі болып табылады. 

3-тарау. ГЕОДЕЗИЯЛЫҚ ЖӘНЕ КАРТОГРАФИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ



17-бап. Координаттық есептеу жүйесі, биіктік есептеу жүйесі және гравиметриялық есептеу жүйесі

1. Геодезиялық және картографиялық жұмыстар мемлекеттік, жергілікті координаттық есептеу жүйелері, биіктік есептеу жүйелері және гравиметриялық есептеу жүйелері пайдаланыла отырып орындалады. 

2. Жердің пішіні мен гравитациялық өрісінің параметрлері, өзге де параметрлер мемлекеттік координаттық, биіктік, гравиметриялық есептеу жүйелерін белгілеу шеңберінде айқындалады. 

3. Геодезиялық және картографиялық қызметтің барлық субъектілері мемлекеттік және жергілікті координаттық есептеу жүйелері арасындағы өзгертудің бекітілген параметрлерін қолдануға міндетті. 

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кеңістіктік деректері мен картографиялық материалдарын алдыңғы мемлекеттік және жергілікті координаттар жүйелерінен жаңадан қабылданатын координаттық есептеу жүйелеріне көшіруді жүзеге асыруды кеңістіктік деректер мен картографиялық материалдардың иелері орындайды.

18-бап. Кеңістіктік деректер

1. Кеңістіктік деректер базалық кеңістіктік деректер мен тақырыптық кеңістіктік деректерден тұрады. 

Географиялық ақпараттық жүйелерде интеграциялау және бірлесіп пайдалану үшін біріздендірілген негіз ретінде жалпыға бірдей қолжетімді стандартталған кеңістіктік деректердің жиынтығы базалық кеңістіктік деректер болып табылады. 

Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері ғылыми, өндірістік немесе өзге де қызмет процесінде жасайтын кеңістіктік деректер тақырыптық кеңістіктік деректерге жатады. 

2. Базалық кеңістіктік деректер геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің пайдалануы үшін бастапқы деректер болып табылады.

19-бап. Жергілікті жер объектілері туралы ақпаратты беру

1. Бюджет қаражатының есебінен жасалатын кеңістіктік деректер мен геосервистердің метадеректері Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталында орналастырылуға тиіс. 

2. Арнаулы, топографиялық карталар мен жоспарларда бейнеленуге жататын жергілікті жер объектілері туралы кеңістіктік деректердің иелері болып табылатын орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар тиісті аумақтың геодезиялық және картографиялық жұмыстарын бюджет қаражаты есебінен орындайтын геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің сұрау салулары бойынша картографиялық және геодезиялық материалдардың көшірмелерін уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен береді.

20-бап. Ұлттық кеңістіктік деректер қоры

1. Ұлттық кеңістіктік деректер қоры уәкілетті органның қарамағында болады және оны мемлекеттік кәсіпорын жүргізеді. 

2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кеңістіктік деректер қоры Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қарамағында болады. 

3. Ұлттық кеңістіктік деректер қорын жүргізу кезінде мемлекеттік кәсіпорын: 

1) жоспарланатын жұмыс учаскелерінде жергілікті жердің геодезиялық және картографиялық жағынан зерделенуі туралы мәліметтерді геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне беруді;  

2) кеңістіктік деректерді, метадеректерді қабылдау мен интероперабельділігі тұрғысынан тексеруді және оларды Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталында орналастыруды; 

3) Қазақстан Республикасының кезекші анықтамалық картасын жүргізуді; 

4) геодезиялық пункттерді есепке алуды, тұрақты жұмыс істейтін референциялы станциялар желісінің тұтастығын бақылауды; 

5) мемлекеттік геодезиялық желілердің тұрақты жұмыс істейтін референциялы станциялар арқылы дәлдігі жоғары спутниктік позициялау мәліметтерін геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне беруді;  

6) Қазақстан Республикасы географиялық атауларының дерекқорын жүргізуді; 

7) Ұлттық кеңістіктік деректер қорының құрамына жатқызылған материалдар мен деректерді есепке алуды, жинауды, сақтауды және олардың сақталуын қамтамасыз етуді; 

8) әкімшілік-аумақтық бірліктер шекараларының дерекқорын жүргізуді жүзеге асырады. 

Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар әкімшілік-аумақтық бірліктер мен географиялық объектілердің шекараларын, атауын өзгерту туралы шешімдердің көшірмелерін Ұлттық кеңістіктік деректер қорына ұсынуға міндетті. 

4. Ұлттық кеңістіктік деректер қорының геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимыл жасауы және мәліметтерді ұсыну географиялық ақпараттық жүйе арқылы және (немесе) қағаз түрінде жүзеге асырылады. 

5. Белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құрамына жатқызылған, Ұлттық кеңістіктік деректер қорының цифрлық және (немесе) аналогтық түрдегі кеңістіктік деректері "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақталады. 

6. Бюджет қаражатының есебінен геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесінде алынған және Ұлттық кеңістіктік деректер қорының құрамына жатқызылған, цифрлық және (немесе) аналогтық түрдегі кеңістіктік деректер мемлекеттік меншікте болады және иеліктен шығаруға жатпайды, сондай-ақ оларды басқа мемлекеттерге тұрақты сақтауға әкетуге болмайды. 

7. Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мәліметтерін ұсыну жөніндегі көрсетілетін қызметтердің бағаларын уәкілетті орган монополияға қарсы органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген тәртіппен белгілейді. 

Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға аталған қызметтер тегін көрсетіледі. 

8. Геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыратын субъектілер өздері бюджет қаражаты есебінен жасаған материалдар мен деректер көшірмелерінің бір данасын Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасына сәйкес Ұлттық кеңістіктік деректер қорына өтеусіз ұсынуға міндетті. 

Материалдар мен деректердің тізбесі, оларды Ұлттық кеңістіктік деректер қорына ұсынудың тәртібі Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мәліметтерін қалыптастыру, жинау, сақтау, пайдалану және беру қағидаларында белгіленеді. 

9. Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын материалдарымен және деректерімен жұмыс Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасы сақтала отырып жүзеге асырылады. 

10. Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері алынған, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге, оларды жария етпеуге және уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде қайтаруға міндетті.

21-бап. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы

1. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы мыналарды қамтиды: 

1) базалық және тақырыптық кеңістіктік деректерді, оның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жасаудың, жинаудың, сақтаудың, сәйкестендірудің, ұсыну мен таратудың жалпы қағидаларын белгілейтін нормативтік техникалық құжаттар, мемлекетаралық стандарттар; 

2) мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілер; 

3) кеңістіктік деректердің жинақтары; 

4) метадеректер; 

5) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері үшін тұрақты жұмыс істейтін референциялы станциялардың деректеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін мемлекеттік геодезиялық қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі; 

6) бірыңғай цифрлық картографиялық негіз; 

7) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталы. 

2. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну қағидаларына сәйкес кеңістіктік деректердің жинақтарын алмасудың және ұсынудың бірыңғай форматтарын қолдану арқылы интероперабельділікті қамтамасыз ету талаптары ескеріле отырып қалыптастырылады.

22-бап. Кеңістіктік деректердің жинақтары

1. Кеңістіктік деректердің жинақтары Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну қағидаларында белгіленген тәртіппен Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына енгізіледі. Кеңістіктік деректердің әрбір жинағына және осы жинақтарға арналған сервистерге міндетті түрде метадеректер қоса беріледі. 

2. Кеңістіктік деректердің жинақтарына қол жеткізу геосервистер арқылы не пайдаланушыға уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеңістіктік деректерді беру арқылы қамтамасыз етіледі.  

3. Бюджет қаражатының есебінен қалыптастырылатын базалық кеңістіктік деректердің жинақтары мен тақырыптық кеңістіктік деректердің жинақтары Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының негіз қалаушы құрауыштары болып табылады. 

4. Тақырыптық кеңістіктік деректердің жинақтары базалық кеңістіктік деректердің жинақтары ескеріле отырып жасалады және жаңартылып отырады. 

Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына енгізілетін тақырыптық кеңістіктік деректердің жинақтары мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың мәліметтерінен, мемлекеттік кадастрлардың, тіркелімдердің, тізілімдердің, дерекқорлардың, оның ішінде мемлекеттік географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстардың құрамынан қалыптастырылады.  

5. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына енгізілген базалық және тақырыптық кеңістіктік деректер жинақтарының мемлекеттік географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстарды жасау және (немесе) жаңарту кезінде пайдаланылуы міндетті болып табылады. 

6. Өзге ақпараттық көздердің мәліметтерінен қалыптастырылған базалық және тақырыптық кеңістіктік деректердің жинақтары осындай жинақтар иелерінің Ұлттық кеңістіктік деректер қорына жіберілетін өтінімдері бойынша Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының құрамына енгізілуі мүмкін. 

7. Ұлттық кеңістіктік деректер қорына мәліметтер ұсынған геодезиялық және картографиялық қызметтің субъектілері Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына енгізілген кеңістіктік деректер жинақтарының толықтығы, анықтығы және өзектілігі үшін жауапты болады. 

Ұлттық кеңістіктік деректер қорын жүргізуге уәкілеттік берілген мемлекеттік кәсіпорын кеңістіктік деректердің интероперабельділігі мен оларды Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталында орналастыру үшін жауапты болады.

23-бап. Метадеректер

1. Метадеректер Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының құрамына енгізілген кеңістіктік деректердің жинақтары мен осы жинақтарға арналған геосервистерге қалыптастырылады. 

2. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталында метадеректерді орналастыруды және оларға қол жеткізуді Ұлттық кеңістіктік деректер қорын жүргізуге уәкілеттік берілген мемлекеттік кәсіпорын қамтамасыз етеді.

24-бап. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталы

1. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталын жүргізуді, бағдарламалық-техникалық жағынан қолдап отыруды және бағдарламалық-техникалық құралдарының кешенін жаңғыртуды уәкілетті орган қамтамасыз етеді. 

2. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының құрамына енгізілген кеңістіктік деректер жинақтарының меншік иелері геосервистердің және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдердің көмегімен кеңістіктік деректердің жинақтарын өздерінің веб-порталдарында орналастыруға, сондай-ақ оларға пайдаланушылар мен Ұлттық кеңістіктік деректер қорының қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Кеңістіктік деректер жинақтарының меншік иесінің өз веб-порталы болмаған жағдайда, ол өзі қалыптастырған кеңістіктік деректер жинақтарын орналастыру және осы жинақтармен басқа да іс-қимылдарды орындау үшін уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы.

25-бап. Кеңістіктік деректердің сервистері

Геопорталдардың құрамында кеңістіктік деректердің мынадай сервистері жасалады және оларға қызмет көрсетіледі: 

1) ақпараттық желілерде кеңістіктік деректер мен кеңістіктік деректердің сервистерін анықтауды қамтамасыз ететін іздеу сервистері; 

2) кеңістіктік деректер мен метадеректердің көрсетілуін қамтамасыз ететін қарау сервистері; 

3) кеңістіктік деректерге тікелей қол жеткізуді немесе олардың көшірмелерін алуды қамтамасыз ететін қол жеткізу сервистері; 

4) кеңістіктік деректердің координаттарын бір координаттар жүйесінен немесе картографиялық проекциядан екіншісіне трансформациялау мен өзгертуді қамтамасыз ететін координаттық операциялардың сервистері; 

5) басқа сервистермен интероперабельденген деректерді геосервистердің осы Заңға сәйкес пайдаланылуы мүмкін болатындай етіп трансформациялау сервистері.

26-бап. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіз

1. Уәкілетті орган бірыңғай цифрлық картографиялық негіздің жасалуы мен жаңартылып отыруын қамтамасыз етеді. 

2. Бірыңғай цифрлық картографиялық негізге қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді. 

3. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіз орталық мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға, жеке және заңды тұлғаларға ақпараттандыру объектілері арқылы беріледі. 

4. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіз мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерінің, оған қоса олардың кадастрларының, географиялық ақпараттық жүйелері мен ресурстарының, геопорталдарының, геосервистерінің міндетті картографиялық негізі болып табылады. 

5. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіздің мәліметтерін жаңартып отыру мақсатында мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерінде, оған қоса олардың кадастрларында, географиялық ақпараттық жүйелері мен ресурстарында, геопорталдарында, геосервистерінде қамтылған мәліметтер де пайдаланылуы мүмкін. 

6. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіздің мәліметтерін жаңартып отыру мақсатында бірыңғай цифрлық картографиялық негізді жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен, оған қоса олардың кадастрларымен, географиялық ақпараттық жүйелерімен және ресурстарымен, геопорталдарымен, геосервистерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

27-бап. Картографиялық өнімге авторлық құқық

Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласына жататын картографиялық өнімге авторлық құқық және оған байланысты туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасында реттеледі. 

4-тарау. ГЕОДЕЗИЯЛЫҚ ЖӘНЕ КАРТОГРАФИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ



28-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті мемлекеттік бақылау

1. Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасында геодезиялық және картографиялық қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. 

Геодезиялық және картографиялық қызметті мемлекеттік бақылау: 

1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау; 

2) осы Заңға және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады. 

2. Уәкілетті орган: 

1) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындауға және олардың нәтижелеріне қойылатын нормативтік техникалық құжаттар талаптарының сақталуына; 

2) картографиялық материалдарда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының бейнеленуіне; 

3) Қазақстан Республикасының географиялық объектілердің атаулары туралы заңнамасында белгіленген құжаттарда, картографиялық және өзге де материалдарда географиялық объектілердің атауларын қолдану қағидаларының сақталуына; 

4) бюджет қаражатының есебінен жасалған материалдар мен деректер көшірмелерінің бір данасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорына уақтылы ұсынылуына; 

5) геодезиялық, картографиялық жұмыстардың, аэроғарыштық түсірілім жұмыстарының деректері мен материалдарын есепке алу, сақтау, көбейту және пайдалану тәртібінің сақталуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді. 

3. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары геодезиялық пункттердің сақталуын қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асырады.

29-бап. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібі

1. Уәкілетті орган, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүргізеді. 

2. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне белгіленген талаптарды бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу, мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша уәкілетті орган, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары анықтаған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын мемлекеттік бақылау субъектілеріне беру және оларға түсетін әкімшілік жүктемені азайту болып табылады. 

3. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, оның ішінде Ұлттық кеңістіктік деректер қорынан алынған материалдарды талдау және жинау арқылы жүргізіледі. 

Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарының лауазымды адамдары бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамай, бірақ мемлекеттік бақылау субъектісіне оларды жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, мемлекеттік бақылау субъектісіне бұзушылықтарды жою туралы ұсыным жібереді.  

Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген, мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда: 

1) қолма-қол тәсілмен – алғаны туралы белгі қойыла отырып;  

2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен; 

3) электрондық тәсілмен – уәкілетті органның, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік бақылау субъектісі бұрын ұсынған құжаттарда көрсетілген мемлекеттік бақылау субъектісінің электрондық мекенжайына жіберуі арқылы;  

4) мәтіндік хабарламамен – ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы табыс етілді (алынды) деп есептеледі.  

4. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды алған мемлекеттік бақылау субъектісі оны алған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарына Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөніндегі ақпаратты оның нақты орындалу мерзімдерін көрсете отырып, беруге міндетті. 

Мемлекеттік бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның орындалу мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарына бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты жазбаша түрде беруге міндетті. 

5. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді. 

6. Мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жылына екі реттен артық жүргізілмейді.

30-бап. Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілердің пункттерін қорғау

1. Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілердің пункттері, оның ішінде осы пункттердің жерүсті белгілері мен орталықтары мемлекеттік меншік болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады. 

Геодезиялық пункттерді бұзу немесе қайта салу (орнын ауыстыру) уәкілетті органның рұқсатымен ғана жүргізіледі. 

Геодезиялық пункттердің тығыздығы, қазіргі бар геодезиялық желіні дамыту және жаңарту перспективалары болмаған кезде уәкілетті орган геодезиялық пункттерді бұзудан немесе қайта салудан (орнын ауыстырудан) бас тартуға міндетті. 

2. Геодезиялық пункттерді орналастыру үшін жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 

3. Аумағында геодезиялық пункттер орналасқан жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылары: 

1) геодезиялық пункттердің бүліну немесе жойылу жағдайлары туралы уәкілетті органға және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарына уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен хабарлауға; 

2) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізу кезінде геодезиялық пункттерге көлікпен (жаяу) кіруге мүмкіндік беруге міндетті. 

4. Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындау кезінде геодезиялық пункттердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. 

5. Геодезиялық пункттерді, тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды жою немесе бүлдіру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді. 

6. Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілердің пункттеріне келтірілген зиянды өтеуді зиян келтірген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. 

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР



31-бап. Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Заң:  

1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін осы Заңның аэротүсірілім жұмыстарын жүргізу туралы хабарлама бөлігіндегі 9-бабының 1-тармағын және 9-бабының 3-тармағын; 

2) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 10-бабының 4-тармағын, 19-бабының 1-тармағын, 20-бабы 3-тармағының 2) және 5) тармақшаларын, 21, 22, 23, 24, 25 және 26-баптарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. 

2. "Геодезия және картография туралы" 2002 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын. 


Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ