Микрокредиттiк ұйымдар туралы

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:



1) қарыз алушы - микрокредиттiк ұйыммен микрокредит беру туралы шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;



2) кредиттiк досье - микрокредит беру туралы жасалған шартқа сәйкес берiлген, микрокредиттiк ұйым әрбiр қарыз алушыға қалыптастырған құжаттар мен мәлiметтер;



3) микрокредит - микрокредиттiк ұйым қарыз алушыға осы Заңда белгiленген мөлшерде және тәртiппен ақылылық, мерзiмдiлiк және қайтарымдылық талаптарымен беретiн ақша;



4) микрокредиттiк ұйым - осы Заңда белгiленген тәртiппен микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;



5) мақсатты микрокредит - қарыз алушыға микрокредит беру туралы жасалған шартқа сәйкес белгiлi бiр мақсаттарға пайдалану талаптарымен берiлген микрокредит.

Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2006.12.08 N 198 (ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

2-бап. Қазақстан Республикасының микрокредиттiк ұйымдар  туралы заңдары

1. Қазақстан Республикасының микрокредиттiк ұйымдар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.



2. Шаруашылық серiктестiгiнiң, коммерциялық емес ұйымдардың, оның iшiнде қоғамдық қорлардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдары осы Заңда реттелмеген бөлiгiнде микрокредиттiк ұйымдарға қолданылады.



3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 2-тарау. Микрокредиттердi беру  

3-бап. Микрокредиттердi беру

1. Микрокредиттiк ұйым бiр қарыз алушыға тиiстi қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң сегiз мың еселенген мөлшерiнен аспайтын мөлшерде микрокредиттер бередi.



2. Осы Заң талаптарын сақтай отырып, микрокредиттi берудiң тәртiбi мен талаптары микрокредиттiк ұйымның жоғары органы бекiткен микрокредиттердi беру ережелерiнде және микрокредиттi беру туралы шартта белгiленедi.

Mикрокредиттiк ұйым өз қызметiн микрокредиттердi беру ережелерi болған кезде ғана жүзеге асыруға құқылы.



3. Берiлген микрокредиттi пайдаланғаны үшiн сыйақы ставкасы, микрокредиттiң берiлу мерзiмiне қарамастан, жылға қайта есепте көрсетiледi.



4. Микрокредиттiк ұйым микрокредит беруге байланысты комиссияны, сыйақыны және өзге де төлемдердi микрокредит берiлгеннен кейiн өндiрiп алады.

Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2006.12.08 N 198 (ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.  

4-бап. Микрокредит беру туралы шарттың мiндеттi  талаптары және оны пайдалану

1. Микрокредит беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалады, оның бiр данасын микрокредиттiк ұйым қарыз алушының кредиттiк досьесiнде сақтайды.



2. Микрокредит беру туралы шартта:

1) микрокредиттiк ұйымның толық атауы мен қарыз алушының тегiн, атын және әкесiнiң атын немесе толық атауын қоса алғанда, микрокредиттiк ұйым және қарыз алушы туралы мәлiметтер;



2) микрокредиттiң мақсаты (мақсатты микрокредит беру кезiнде);



3) берiлетiн микрокредиттiң жалпы сомасы;



4) микрокредиттi өтеу мерзiмдерi;



5) микрокредиттi өтеу тәсiлi (бiржолата не бөлшектеп);



5-1) микрокредит беру туралы шарттың нөмiрi мен жасалған күнi, микрокредиттi өтеу және сыйақы сомалары қамтылған кезектi төлемдердi өтеу күндерi және мөлшерлерi, келесi өтеу күнiне микрокредит сомасының қалдықтары көрсетiлген, сондай-ақ микрокредит беру туралы шартқа қол қойылған күнгi микрокредит пен сыйақының жалпы сомасы көрсетiлген микрокредит беру туралы шарт тараптарының екеуi де қол қойған микрокредиттi өтеу кестесi;



6) микрокредит беру туралы шарт бойынша (ол болған жағдайда) қарыз алушының мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету;



7) микрокредит бойынша сыйақы ставкаларының мөлшерi, оның iшiнде осы Заңның 4-1-бабында белгiленген тәртiппен есептелген жылдық сыйақы ставкасының және жылдық тиiмдi сыйақы ставкасының мөлшерi (микрокредиттiң нақты құны);



8) тараптардың жауаптылығы;



9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де жағдайлар қамтылуға тиiс.



3. Мақсатты микрокредит беру жағдайларында микрокредиттiк ұйымның оның мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар, ал қарыз алушы микрокредиттiк ұйымның мұндай бақылауды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

Қарыз алушы микрокредиттi мақсатты пайдалану жөнiндегi мiндеттердi, сондай-ақ осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мiндеттi орындамаған кезде микрокредиттiк ұйым микрокредит беру туралы шартты микрокредиттiң берiлмеген бөлiгiне сәйкес орындаудан бас тартуға және қарыз алушыдан микрокредиттi мерзiмiнен бұрын қайтаруды және ол бойынша сыйақыны талап етуге құқылы.

 Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  



4-1-бап. Микрокредит бойынша жылдық тиiмдi сыйақы  ставкасын есептеу

1. Жылдық тиiмдi сыйақы ставкасы – микрокредиттi бергенi, қызмет көрсеткенi және оны өтегенi (қайтарғаны) үшiн микрокредиттiк ұйымға төлеуге жататын сыйақыны, бар болған кезде – комиссиялық және өзге де төлемдердi қамтитын, қарыз алушының шығыстарын ескере отырып есептелетiн микрокредит бойынша дәйектi, жылдық, тиiмдi, салыстырмалы түрде есептелген сыйақы ставкасы.

Микрокредит бойынша жылдық тиiмдi сыйақы ставкасының мөлшерi қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалған шектi мөлшерден аспауға тиiс.



2. Микрокредиттiк ұйымдар жылдық тиiмдi сыйақы ставкасын микрокредит беру туралы шарттың тармағында көрсетедi, онда сыйақының жылдық ставкасының мөлшерi көрсетiледi.



3. Берiлетiн микрокредиттер бойынша жылдық тиiмдi сыйақы ставкасы мынадай формула бойынша есептеледi: (СЖС + ТЖС)/(БҚ/М)

ЖТСС = ----------------- x 12 x 100, мұнда:

М ЖТСС – микрокредит бойынша жылдық тиiмдi сыйақы ставкасы;

СЖС – микрокредиттi пайдаланудың бүкiл мерзiм iшiндегi сыйақының жалпы сомасы;

ТЖС – микрокредиттi пайдаланудың бүкiл мерзiмi iшiнде микрокредиттi бергенi, қызмет көрсеткенi және өтегенi (қайтарғаны) үшiн микрокредиттiк ұйымның комиссиялық және өзге де төлемдерiнiң жалпы сомасы;

БҚ – микрокредиттi пайдаланудың бүкiл мерзiмi iшiндегi микрокредит бойынша ай сайынғы берешек қалдықтарының жалпы сомасы;

М – микрокредиттi айлар бойынша өтеу мерзiмi.



4. Микрокредит бойынша жылдық тиiмдi сыйақы ставкасын есептеу кезiнде:



1) микрокредиттi өтеудiң бүкiл мерзiмi iшiндегi микрокредит бойынша сыйақы;



2) комиссиялық және өзге де төлемдер – микрокредит беру туралы шартқа сәйкес микрокредиттiк ұйымға төлеуге жататын микрокредиттi алуға, пайдалануға және өтеуге (қайтаруға) байланысты, микрокредит беру туралы шарт жасасқан кезде мөлшерi мен төлеу мерзiмдерi белгiлi болған қарыз алушының шығыстары ескерiледi.



5. Микрокредит бойынша жылдық тиiмдi сыйақы ставкасын есептеу кезiнде:



1) тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсiмпұл), оның iшiнде қарыз алушының микрокредит беру туралы шарттың талаптарын сақтамағаны үшiн;



2) микрокредитке қызмет көрсету бойынша микрокредит беру туралы шартта көзделген, шамасы және (немесе) төлеу мерзiмдерi шарт жасасқан күнi белгiсiз болған және қарыз алушының шешiмiне және (немесе) оның жасаған әрекетiне (микрокредиттi мерзiмiнен бұрын толық немесе iшiнара өтеу) байланысты төлемдер ескерiлмейдi.



6. Қарыз алушының ақшалай мiндеттемелерiнiң сомасын (мөлшерiн) және (немесе) оларды төлеу мерзiмдерiн өзгертуге әкеп соғатын микрокредит беру туралы шарттың талаптары өзгерген кезде жылдық тиiмдi сыйақы ставкасының нақтыланған мәнiн есептеу, микрокредит беру туралы шарттың қолданылу мерзiмi басталғанда қарыз алушы жүргiзген микрокредит бойынша төлемдер ескерiлмей, талаптары өзгертiлетiн күнгi микрокредиттi өтеудiң қалған мерзiмiндегi берешек қалдығы негiзге алынып жүргiзiледi.

 Ескерту. Заң 4-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

5-бап. Қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт  бойынша мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету

Микрокредиттi беру туралы шарт қарыз алушының мiндеттемелерiн орындауы Қазақстан Республикасының заңдарында немесе микрокредиттi беру туралы шартта көзделген тәсiлдермен қамтамасыз етiледi.  

6-бап. Микрокредиттiк ұйымның құқықтары мен мiндеттерi

1. Микрокредиттiк ұйым:



1) қамтамасыз ете отырып не қамтамасыз етпей микрокредиттердi беруге, оның iшiнде берiлген микрокредитке Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда мүлiктi кепiлге қабылдауға;



2) микрокредит беру туралы шарт бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қажет мәлiметтердi қарыз алушыдан сұратуға;



3) Қазақстан Республикасының заңдарына және микрокредит беру туралы шартқа сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.



2. Микрокредиттiк ұйым:

1) орналасқан жерi өзгерген не атауы өзгерген жағдайда қарыз алушыларды микрокредиттiк ұйымның және оның қарыз алушыларының орналасқан жерi бойынша екi баспа басылымында, мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде бұл туралы тиiстi ақпарат жариялау жолымен, не мұндай өзгерiстер болған күннен бастап отыз күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей, әр қарыз алушыны жазбаша хабарландыру жолымен хабардар етуге;

2) микрокредиттердi беру ережесiнiң көшiрмесiн оны көруге және онымен танысуға қолжетiмдi жерде орналастыруға;



3) қарыз алушы микрокредиттi алғанға дейiн микрокредиттi алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты шығындар туралы оны хабардар етуге;



4) қарыз алушыны микрокредиттi алуға байланысты оның құқықтары мен мiндеттерi туралы хабардар етуге;



5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.  

7-бап. Қарыз алушының құқықтары мен мiндеттерi

1. Қарыз алушы:



1) микрокредиттiк ұйымның микрокредиттердi беру ережелерiмен танысуға;



2) егер микрокредиттi беру туралы шартта өзгеше көзделмесе, алған микрокредиттi өз қалауы бойынша пайдалануға;



3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.



2. Қарыз алушы:

1) алған микрокредиттi қайтаруға және ол бойынша есептелген сыйақыны микрокредиттi беру туралы шартта белгiленген мерзiмде және тәртiппен төлеуге;



2) микрокредиттiк ұйым осы Заңға сәйкес сұрататын құжаттар мен мәлiметтердi беруге;



3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де талаптарды орындауға мiндеттi.  

8-бап. Микрокредиттi беру туралы шарт бойынша  мiндеттемелердi тоқтату

Микрокредиттi беру туралы шарт бойынша мiндеттемелер Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген негiздемелер бойынша тоқтатылады. 3-тарау. Микрокредиттiк ұйымдарды құру және

олардың қызметi  

9-бап. Микрокредиттiк ұйымның құқықтық жағдайы

1. Коммерциялық микрокредиттiк ұйым шаруашылық серiктестiк нысанында құрылуы мүмкiн.



2. Коммерциялық емес микрокредиттiк ұйым қоғамдық қор нысанында құрылуы мүмкiн. Коммерциялық емес микрокредиттiк ұйым тек қана жеке және заңды тұлғалардың қызметiн ынталандыруға бағытталған мiндеттердi қамтамасыз ету және оларға осы Заңға сәйкес қаржылық қолдау көрсету мақсатында құрылады.

Көрсетiлген мақсаттарға қол жеткiзу үшiн коммерциялық емес микрокредиттiк ұйым микрокредиттер беру жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi, сондай-ақ осы Заңда көзделген қызметтiң қосымша түрлерiн жүзеге асыруға құқылы. Коммерциялық емес микрокредиттiк ұйымдардың кiрiстерi оның мүшелерiнiң (қатысушыларының) арасында бөлiнбейдi және осы Заңда көзделген қызмет мақсаттарына бағытталады.



3. Микрокредиттiк ұйымға бағалы қағаздар шығаруға тыйым салынады.

Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2006.12.08 N 198 (ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

10-бап. Микрокредиттiк ұйымның жарғылық капиталын  қалыптастыру

1. Mикрокредиттiк ұйымның құрылтайшылары (қатысушылары) құрылатын микрокредиттiк ұйымның жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерiн оны мемлекеттiк тiркеу кезiне қарай тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен ақшалай толық төлеуге мiндеттi.



2. Құрылатын микрокредиттiк ұйымның жарғылық капиталының және барлық қатысушылар салымдарының ең төменгi мөлшерi Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңында тиiстi қаржы жылына арнап белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң мың еселенген мөлшерiнен кем болмауға тиiс.



3. Осы баптың ережесi коммерциялық емес микрокредиттiк ұйымдарға қолданылмайды.  

11-бап. Микрокредиттiк ұйымның атауы

1. Микрокредиттiк ұйымның толық атауында мiндеттi түрде "микрокредиттiк ұйым" деген сөздер немесе олардың туынды сөздерi болуға тиiс.



2. Микрокредиттiк ұйымның қысқартылған атауында мiндеттi түрде "MKҰ" аббревиатурасы болуға тиiс.



3. Микрокредиттiк ұйым ретiнде тiркелмеген заңды тұлғаның өз атауында "микрокредиттiк ұйым" деген сөздердi, ол микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады деп болжайтын олардың туынды сөздерiн немесе "МКҰ" аббревиатурасын пайдалануға құқығы жоқ.  

12-бап. Микрокредиттердi беру ережесi

Микрокредиттердi беру ережесiнде мынадай мәлiметтер қамтылуға тиiс:



1) микрокредиттердi беру мерзiмдерi;



2) берiлетiн микрокредиттер бойынша сыйақы ставкаларының шектi шамасы;



3) берiлген микрокредиттер жөнiндегi сыйақыны төлеу тәртiбi;



4) микрокредиттiк ұйым беретiн қамтамасыз етуге ұсынылатын талаптар (ол болған жағдайда).

Микрокредиттердi беру ережесiнде микрокредиттердi берудiң өзге де талаптары және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн мәлiметтер де болуы мүмкiн.  

13-бап. Iшкi бақылау қызметi

1. Микрокредиттiк ұйым өзiнiң қаржы-шаруашылық қызметiн бақылауды жүзеге асыру үшiн iшкi бақылау қызметiн құрады.



2. Iшкi бақылау қызметiнiң жұмыс тәртiбi жарғымен, сондай-ақ ережелермен және микрокредиттiк ұйымның iшкi қызметiн реттейтiн өзге де құжаттармен белгiленедi.  

14-бап. Микрокредиттiк ұйымдар қызметiнiң қосымша түрлерi

Микрокредиттiк ұйымдар микрокредиттердi беру жөнiндегi қызметiнде қосымша мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асыруға құқылы:



1) Қазақстан Республикасының резиденттерiнен және резидент еместерiнен қарыз (азаматтардан кәсiпкерлiк қызмет ретiнде қарыз түрiнде ақша тартуды қоспағанда) және гранттар тарту;



2) уақытша еркiн активтердi мемлекеттiк бағалы қағаздарға, корпоративтiк бағалы қағаздарға, екiншi деңгейдегi банктердiң депозиттерiне және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да тәсiлдермен орналастыру;



3) микрокредиттi қамтамасыз ету ретiнде алынған кепiлге салынған мүлiкпен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен мәмiлелер жасасу;



4) басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу;



5) өзiнiң меншiк мүлкiн сату;



6) микрокредиттер беру жөнiндегi қызметке байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызмет көрсету;

7) өзiнiң меншiк мүлкiн жалға беру;



8) лизинг қызметiн жүзеге асыру;



9) өтеусiз негiзде оқыту.  

15-бап. Берiлген микрокредит бойынша құжаттаманы  жүргiзу тәртiбi

1. Микрокредиттiк ұйым әрбiр берiлген микрокредиттi қарыз алушылардың тiркеу журналында тiркейдi.



2. Микрокредит алу үшiн қарыз алушы осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.

3. Микрокредиттiк ұйым әрбiр берiлген микрокредит бойынша микрокредиттi беру туралы шартқа қол қойылған күннен бастап жасалатын кредиттiк досьенi жүргiзуге тиiс.



Кредиттiк досье мыналарды қамтуға тиiс:

1) қарыз алушы қол қойған, микрокредиттi пайдалану мақсаты туралы (мақсатты микрокредит берiлген жағдайда), микрокредиттi өтеу және сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi қарыз алушының орындауын қамтамасыз етуге берiлетiн, құны көрсетiлген мүлiк туралы не қамтамасыз етудiң болмауы туралы мәлiметтер қамтылған өтiнiш;



2) қарыз алушының белгiленген тәртiппен куәландырылған құрылтай құжаттарының көшiрмелерi (заңды тұлғалар үшiн);



3) қарыз алушының жеке куәлiгiнiң көшiрмесi (жеке тұлғалар үшiн);



4) қарыз алушы өкiлiнiң микрокредит беру туралы шартқа қол қоюға өкiлеттiгiн растайтын құжаттар;



5) микрокредит беру туралы шарт;

6) Алынып тасталды - ҚР 2006.12.08 N 198 Заңымен;



7) берiлген микрокредит мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген жағдайда - кепiл туралы шарт.



4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекеттiк тiркеуге жататын мүлiк кепiлi осы мүлiктi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырған органда тiркелуге тиiс.



5. Мiндеттемесiн орындау кепiлдiкпен немесе кепiлгерлiкпен қамтамасыз етiлген микрокредит бойынша кредиттiк досьеге мынадай қосымша құжаттар қоса берiледi:

1) кепiлдiк немесе кепiлгерлiк шарты;



2) кепiлдiк берушi атынан кепiлдiк шартына немесе кепiлгер атынан кепiлгерлiк шартына қол қоятын өкiлдiң өкiлеттiгiн растайтын құжаттар.



6. Микрокредит бойынша берешектiң толық немесе iшiнара өтелгенiн растайтын құжаттар кредиттiк досьеге қоса берiлуге және микрокредиттi өтеу көзiн (қарыз алушы аударған не кепiлге салынған мүлiктi сатудан түскен ақша) көрсетуге тиiс.

Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2006.12.08 N 198 (ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

16-бап. Микрокредиттi беру құпиясы

1. Микрокредиттi беру құпиясы қарыз алушылар, микрокредиттердiң мөлшерi, қарыз алушыға қатысты микрокредиттi беру туралы шарттың өзге де талаптары туралы және микрокредиттiк ұйымның операциялары туралы (микрокредиттердi беру ережелерiн қоспағанда) мәлiметтердi қамтиды.

Тарату процесiндегi микрокредиттiк ұйымның микрокредиттi беру туралы жасалған шарттары жөнiндегi мәлiметтер микрокредиттердi беру құпиясына жатпайды.



2. Микрокредиттiк ұйымдар микрокредиттi бepу құпиясына кепiлдiк бередi.



3. Микрокредиттi беру құпиясы тек қана қарыз алушыға, қарыз алушының жазбаша келiсiмi негiзiнде үшiншi тұлғаға, сондай-ақ осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген тұлғаларға ашылуы мүмкiн.



4. Қарыз алушылар туралы, микрокредиттiң мөлшерi туралы, микрокредиттi беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары туралы, микрокредиттiк ұйым жүргiзетiн операциялар туралы мәлiметтер:



1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: мөрмен расталған және прокурор санкция берген жазбаша сауал салу негiзiнде олар жүргiзiп жатқан қылмыстық iстер бойынша;



2) соттарға: соттың ұйғарымы, қаулысы, шешiмi және үкiмi негiзiнде олар жүргiзiп жатқан iстер бойынша;



2-1) атқарушылық iс жүргiзу органдарына және жеке сот орындаушыларына: атқарушылық iс жүргiзу органының мөрiмен немесе жеке сот орындаушысының мөрiмен расталған, сот орындаушысының сот санкция берген қаулысы негiзiнде өздерi жүргiзiп жатқан атқарушылық iс жүргiзу бойынша;



3) прокурорға: оның құзыретi шегiнде, оның қарауында жатқан материал бойынша тексеру жүргiзу туралы қаулысы негiзiнде;



4) салық органдарына: нұсқама негiзiнде тексерiлетiн тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша;



5) қарыз алушының өкiлдерiне: нотариат куәландырған сенiмхат негiзiнде берiледi.



5. Қарыз алушы, микрокредит мөлшерi, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары жөнiндегi мәлiметтер, қарыз алушы қайтыс болған жағдайда, осы баптың 4-тармағында көзделген тұлғаларды қоспағанда, жазбаша сауал салу негiзiнде, сондай-ақ:



1) қарыз алушы өсиетте көрсеткен тұлғаларға;



2) нотариустерге: нотариустiң мөрiмен расталған, оның жазбаша сауал салуы негiзiнде олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша. Нотариустiң жазбаша сауал сaлуына қайтыс болғандығы туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса берiлуге тиiс;



3) шетелдiк консулдық мекемелерге: олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.

Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2006.06.22 N 147, 2010.04.02 N 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

17-бап. Бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзу және қаржы есептiлiгiн жасау

Микрокредиттiк ұйымның бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзуi және қаржы есептiлiгiн жасауы осы Заңның және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу және қаржы есептiлiгi туралы заңдарының ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.

18-бап. Құжаттарды сақтау

Микрокредиттiк ұйымның қызметiне байланысты құжаттарды сақтау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

19-бап. Микрокредиттер беру жөнiндегi қызметке және шындыққа сәйкес келмейтiн жарнамаға тыйым салу

1. Банктердi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, микрокредиттiк ұйымдар ретiнде тiркелмеген заңды тұлғалардың микрокредиттер беру жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ.

  2. Микрокредиттiк ұйымдарға өздерiнiң қызметi туралы, ол жарияланған күнi шындыққа сәйкес келмейтiн, жарнама беруге тыйым салынады.

20-бап. Микрокредиттiк ұйымдарды қайта ұйымдастыру және тарату

Микрокредиттiк ұйымдарды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады. 4-тарау. Қорытынды ережелер

21-бап. Микрокредиттiк ұйымдардың қызметiн мемлекеттiк бақылау

Микрокредиттiк ұйымдардың қызметiн мемлекеттiк бақылау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

22-бап. Қазақстан Республикасының микрокредиттiк ұйымдар туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

Қазақстан Республикасының микрокредиттiк ұйымдар туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. Қазақстан Республикасының

Президентi