Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы

1-бап.

1. Осы Заңмен "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 2-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Отан алдында сіңірген ерекше еңбегін атап өту құрметіне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы (бұдан әрі – Мемлекеттік сыйлық) тағайындалады.

2. Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті жыл сайын Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге:

демократия мен әлеуметтік прогресті дамытқаны үшін;

бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді, мемлекетаралық қатынастарда теңдік пен бірдей қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді қызметі үшін;

қоғамдық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді орнықтыруға, Республиканың көпұлтты халқының бірлігін нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін;

Қазақстанның ұлттары мен ұлыстарының мәдениеті мен тарихи дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыратын терең ойлы публицистикалық шығармалары үшін береді.

3. Мемлекеттік сыйлық отандық, халықаралық және шетелдік ұйымдарға берілуі мүмкін.



2-бап.

1. Мемлекеттік сыйлыққа ие болған адамдарға "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығының лауреаты" атағы беріледі, диплом, омырауға тағатын белгі, куәлік және ақшалай сыйақы тапсырылады.

2. Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті салтанатты жағдайда тапсырады



3-бап.

Мемлекеттік сыйлық бір мезгілде бірнеше үміткерге берілуі мүмкін, мұндай жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Мемлекеттік сыйлықты қайталап беруге рұқсат етілмейді.



4-бап.

Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер ұсыну құқығына:

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің комитеттері;

Қазақстан Республикасының Үкіметі;

Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар;

мәслихаттармен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) әкімдері;

отандық, шетелдік және халықаралық ұйымдар ие болады.

 



5-бап.

1. Мемлекеттік сыйлық туралы ережені, сыйлықтың саны мен мөлшерін, сондай-ақ оны беру жөніндегі комиссияның құрамын Республика Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

2. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты дипломының , омырауға тағатын белгісінің және куәлігінің сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президентімен келісе отырып Республика Үкіметі бекітеді.

Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2018 № 155-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының


Президенті