Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 

1) ағымдағы шығыстар – азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызды сот қабылдаған күннен кейін пайда болған шығыстары, оның ішінде қаржы басқарушысының сыйақысы; 

2) әдейі банкроттық – соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолданғанға дейін үш жыл ішінде Қазақстан Республикасы азаматының кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару, жасыру немесе жою арқылы жеке мүдделері үшін жасаған әрекеттері; 

3) банкрот – өзіне қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталған немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы сот шешімі заңды күшіне енген борышкер; 

4) борышкер – төлемге қабілетсіз болуы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, сондай-ақ соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдануға негіз болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы; 

5) борышкердің мүліктік массасы – борышкердің сот арқылы банкроттық рәсімінде өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлкі; 

6) бітімгершілік келісім – сот арқылы банкроттық рәсімінің кез келген сатысында борышкер мен кредиторлар арасында сот бекітетін келісім жасасу арқылы оны тоқтату мақсатында қолданылатын рәсім; 

7) кредитор – борышкерге азаматтық-құқықтық және (немесе) өзге де міндеттемелерден, оның ішінде орындалуы борышкердің мүлік кепілімен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша туындайтын талаптары бар тұлға; 

8) кредиторлар талаптарының тізілімі – борышкерге қойылатын кредиторлар талаптарының мөлшері, туындау негіздері және күні көрсетілген тізбесі; 

9) қаржы басқарушысы – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдерінде қызметті жүзеге асыратын адам; 

10) сот арқылы банкроттық рәсімі – кредиторлардың талаптарын борышкердің мүліктік массасы есебінен қанағаттандыру мақсатында борышкерге қатысты сот тәртібімен жүзеге асырылатын рәсім; 

11) соттан тыс банкроттық рәсімі – осы Заңға сәйкес екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалдарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың немесе коллекторлық агенттіктердің алдындағы міндеттемелерді тоқтату мақсатында борышкерге қатысты соттан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын рәсім; 

12) төлемге қабілетсіздік – борышкердің ақшалай міндеттемелерді және ақшалай сипаттағы өзге де талаптарды толық көлемде орындауға қабілетсіз болуы; 

13) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары – іске асыру мерзімдері көрсетіле отырып, борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар кешенін қамтитын құжат; 

14) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі – сот тәртібімен қолданылатын рәсім, оның шеңберінде борышкерге борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған қаржылық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де іс-шаралар қолданылады; 

15) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы бойынша мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады. 

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.



3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

1. Осы Заң дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген Қазақстан Республикасы азаматының төлемге қабілетсіз болуына байланысты туындайтын қатынастарға қолданылады. 

2. Кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыра алмауына байланысты дара кәсіпкерлерде туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында реттеледі. 

3. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану, сондай-ақ бітімгершілік келісім жасасу туралы арызды осы Заңда белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қарайды.

4-бап. Азаматтарға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін, сондай-ақ соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану қағидаттары

Азаматтарға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін, сондай-ақ соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану мынадай қағидаттарға негізделеді: 

1) заңдылық; 

2) әділдік; 

3) жариялылық пен ашықтық; 

4) мемлекеттік реттеу; 

5) азаматтардың адалдығы; 

6) салдардың басталуы.

5-бап. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беру үшін негіздер

1. Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және арыз берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен аспайтын міндеттемелердің болуы және жиынтығында мынадай: 

1) ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы; 

2) арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы міндеттемелер бойынша мұндай арыз берілген күнге қатарынан он екі ай бойы өтеудің болмауы; 

3) борышкерге қатысты "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің жүргізілуі шарттарына сәйкес келуі уәкілетті органға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беруге негіз болып табылады. 

Осы тармақшада көрсетілген берешекті реттеуді және (немесе) өндіріп алуды жүргізу жөніндегі шараларды мерзімі өткен берешек туындаған кезден бастап он сегіз айдан аспайтын мерзімдерде жүргізу қажет; 

4) арыз берілген күнге дейін жеті жыл бойы соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің қолданылмауы шарттарына сәйкес келуі уәкілетті органға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беруге негіз болып табылады. 

2. Егер борышкер арыз берілген күннің алдындағы алты ай ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылса, осы баптың 1-тармағы 2) тармақшасының ережесіне қарамастан, ол арыз беруге құқылы болады. 

3. Егер міндеттемелерді орындамау мерзімі арыз берілген күнге бес жылдан асса, осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, борышкер арыз беруге құқылы болады.

6-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беру үшін негіздер

1. Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және арыз берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен асатын міндеттемелердің болуы және мынадай: 

1) кредиторлар алдындағы міндеттемелер бойынша осындай арыз берілген күнге қатарынан он екі ай ішінде өтеудің болмауы; 

2) борышкерге қатысты "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің жүргізілуі шарттарына сәйкес келуі сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беруге негіз болып табылады. 

Осы тармақшада көрсетілген берешекті реттеуді және (немесе) өндіріп алуды жүргізу жөніндегі шараларды мерзімі өткен берешек туындаған кезден бастап он сегіз айдан аспайтын мерзімдерде жүргізу қажет; 

3) арыз берілген күнге дейін жеті жыл бойы соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану фактісінің болмауы шарттарына сәйкес келуі сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз беруге негіз болып табылады. 

2. Барлық міндеттеменің мөлшері (оның ішінде орындалу мерзімі басталмаған) өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арызбен ғана сотқа жүгінуге құқылы. 

3. Осы баптың 1-тармағының борышкердің міндеттемелерінің мөлшері бөлігіндегі ережесі, егер кредитор: 

жеке тұлға; 

заңды тұлға, оның ішінде, өзіне қатысты борышкер осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген шартқа сәйкес келмейтін соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша кредитор болып табылса, қолданылмайды.



7-бап. Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдеріндегі өкілеттіктері

1. Борышкер: 

1) осы Заңның 5-бабында көзделген негіздер бойынша соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызбен уәкілетті органға жүгінуге; 

2) Осы Заңның 6-бабында көзделген негіздер бойынша төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызбен сотқа жүгінуге; 

3) осы Заңда көзделген тәртіп сақталған жағдайда өз мүлкін иеліктен шығару бойынша мәмілелер жасасуға; 

4) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінде өзі және өзінің асырауындағы отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелері үшін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс шамасы мөлшеріндегі ақшаны ай сайын өз иелігінде қалдыруға құқылы. 

Борышкер ай сайын өз иелігінде қалдыратын ақша мөлшерін кредиторлар ұлғайта алады; 

5) осы Заңда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқылы. 

2. Борышкер: 

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдану туралы арыз берілген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей, кредиторларды осындай арызбен жүгінгені туралы хабардар етуге; 

2) егер соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде өзінің меншігіне мүлік түсіп немесе өзінің мүліктік жағдайы өзгеше түрде өзгеріп, мұның өзі оның кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін толық немесе отыз пайыздан асырып орындауына мүмкіндік беретін не кредитормен кредитордың алдындағы берешекті реттеу туралы келісім жасасқан жағдайда, уәкілетті органға "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы мұндай рәсімді тоқтату туралы жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысандағы арызбен жүгінуге; 

3) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасын әзірлеуге қатысуға; 

4) уәкілетті органның, қаржы басқарушысының, сондай-ақ кредиторлардың жазбаша сұрау салуы негізінде, оны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, оларға өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі және міндеттемелері туралы анық ақпаратты беруге; 

5) қаржы басқарушысына өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі және міндеттемелері туралы ақпарат алуда жәрдем көрсетуге; 

6) қаржы басқарушысының осы Заңда көрсетілген талаптарын орындауға және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына кедергі келтірмеуге; 

7) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының іс-шараларын орындауға; 

8) осы Заңның 32-бабының 1-тармағына сәйкес кредиторға (кредиторларға) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат беруге; 

9) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында көзделген мәмілелерді қоспағанда, өзіне жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелерді қабылдамауға; 

10) оқиға басталған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде кредиторларды еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлар кезінде төтенше және алдын алуға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери қимылдар, төтенше жағдай және басқалар) салдарынан не үшінші тұлғалардың кінәсінен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындаудың мүмкін болмағаны туралы хабардар етуге; 

11) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау мерзімі аяқталғаннан кейін немесе ол мерзімінен бұрын орындалған кезде сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін аяқтау туралы өтінішхатпен жүгінуге; 

12) соттың мынадай: 

сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы; 

төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімдерінің бірі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мүліктік массаны қаржы басқарушысының басқаруына беруге; 

13) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.



8-бап. Кредиторлардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдеріндегі өкілеттіктері

1. Кредитор: 

1) борышкерге өз талаптарын осы Заңда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мәлімдеуге; 

2) борышкерден, қаржы басқарушысынан осы Заңда көзделген рәсімдерге қатысты ақпаратты, сондай-ақ борышкердің қаржылық жағдайы, оның мүлкі мен міндеттемелері туралы анық ақпаратты алуға; 

3) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінде борышкердің ай сайын өз иелігінде қалдыратын ақша мөлшерін ұлғайту туралы мәселені қарауға; 

4) банкроттың міндеттемелерін тоқтатудан бас тартуға негіз болып табылатын, белгілі болған мән-жайлар туралы қаржы басқарушысына және сотқа хабарлауға; 

5) борышкерді әдейі банкроттық тұрғысынан тексеру мақсатында уәкілетті органға арыз беруге; 

6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқылы. 

2. Кредитор: 

1) борышкерге өз талаптарын мәлімдеген кезде, өз талаптарының негізі мен мөлшерін растайтын құжаттарды қаржы басқарушысына ұсынуға; 

2) қаржы басқарушысының сұрау салуы бойынша борышкердің төлемге қабілетсіз болуының туындау себептері, оның қаржылық жағдайы, мүлкі мен міндеттемелері туралы қолда бар ақпаратты сұрау салу алынған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей беруге; 

3) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасын қарауға және өзінің ұсыныстарын және (немесе) ескертулерін (олар болған кезде) осы Заңда белгіленген мерзімде енгізуге; 

4) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасын қарау кезінде осы Заңның 29-бабының 2-тармағында көзделген берешекті қайта құрылымдау құралдарының бірін ұсынуға міндетті. 

Осы тармақшаның күші алименттер төлеу, өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша кредиторларға қолданылмайды; 

5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті. 

3. Осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген міндетті орындамаған кредитордың талаптары осы Заңның 40-бабының 6-тармағында көзделген тәртіппен қанағаттандырылуға жатады.



9-бап. Уәкілетті органның өкілеттіктері

Уәкілетті орган: 

1) борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызының нысанын бекітеді; 

2) қаржы басқарушысының қорытындысының нысанын бекітеді; 

3) төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің үлгілік жоспарының нысанын бекітеді; 

4) қаржы басқарушысының банкроттың міндеттемелерін тоқтатуға негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы қорытындысының нысанын бекітеді; 

5) қаржы басқарушысының қорытынды есебінің нысанын бекітеді; 

6) қаржы басқарушының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдерін бұзу бойынша әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайды; 

7) тұлғалардың қаржы басқарушылары қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалары бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізеді; 

8) тұлғалар жіберген қаржы басқарушылары қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар, осындай хабарламаларды жіберу шарттары туралы мәліметтерді уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырады; 

9) өздеріне қатысты осы Заңда көзделген рәсімдер қолданылған, тоқтатылған және аяқталған азаматтардың тізімін уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырады; 

10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген заңмен қорғалатын құпияны беру тәртібіне қойылатын талаптарды ескере отырып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, сондай-ақ соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдерінің шеңберінде мемлекеттік органдардан олардың құзыреті шегінде, жеке және заңды тұлғалардан борышкер, оның мүлкі мен міндеттемелері туралы ақпаратты сұратады; 

11) қаржы басқарушысына борышкердің қаржылық жағдайы, оның мүлкі мен міндеттемелері туралы ақпаратты береді; 

12) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдерінде қаржы басқарушысының қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады; 

13) борышкердің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді; 

14) қаржы басқарушысын тағайындайды; 

15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

10-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдеріндегі қаржы басқарушысының қызметін мемлекеттік бақылау

1. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдерінде қаржы басқарушысының қызметін мемлекеттік бақылау тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады. 

2. Тексеруді және бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалады. 

Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

11-бап. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау

1. Бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу, оларға жол бермеу және бақылау субъектісіне уәкілетті орган анықтаған бұзушылықтарды өзі дербес жою құқығын беру бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары болып табылады. 

Қаржы басқарушысы бақылау субъектісі болып табылады. 

2. Бақылау субъектісі ұсынған есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстардан алынған мәліметтерді және бақылау субъектісінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде алынған деректерді салыстыру бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылауды жүргізу тәсілі болып табылады. 

3. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған кезде бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде, бақылау субъектісіне оларды жою тәртібі міндетті түрде түсіндіріле отырып, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша хабарлама жіберіледі. 

Хабарлама бақылау субъектісіне жеке қолын қойғызып немесе оны жөнелту және алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс. 

Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда: 

1) қолма-қол тәсілмен – хабарламада алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап; 

2) электрондық тәсілмен: 

қаржы басқарушысының уәкілетті органда қызметінің басталғаны немесе деректерінің өзгергені туралы хабарламада көрсетілген электрондық мекенжайына уәкілетті орган жөнелткен күннен бастап; 

уәкілетті орган хабарламаны уәкілетті органның интернет-ресурсының веб-қосымшасына және (немесе) арнаулы мобильдік қосымшаға жеткізген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі. 

Аталған тәсіл Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті органмен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын және (немесе) арнаулы мобильдік қосымшаны пайдаланатын бақылау субъектілеріне қолданылады. 

4. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс. 

5. Бақылау субъектісі хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген кезде хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға қарсылықты жіберуге құқылы. 

6. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау тағайындауға алып келеді. 

7. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау тоқсан сайын жүзеге асырылады.

12-бап. Құпиялылық

1. Уәкілетті орган мен қаржы басқарушысы борышкердің келісімін алмай, осы Заңда көзделген рәсімдерді қолданудың алдындағы үш жылға дейінгі кезең үшін борышкердің қаржылық жағдайы, оның мүлкі мен міндеттемелері туралы мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы. 

2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, қаржы басқарушысының не уәкілетті органның лауазымды адамының борышкер туралы өздеріне сеніп тапсырылған немесе қызметі немесе жұмысы бойынша белгілі болған, Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын мәліметтерді жария етуі, сол сияқты осындай мәліметтерді қамтитын құжаттарды жоғалтуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді. 

3. Уәкілетті органның немесе қаржы басқарушысының өздеріне берілген ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдарға беруі құпия ақпаратты жария ету болып табылмайды. 

4. Осы Заңда көзделген рәсімдерді жүргізу кезінде мынадай: 

1) қаржы басқарушысы; 

2) кредиторлар; 

3) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген талаптардың сомасы және кезектер бөлінісінде оларды қанағаттандыру мөлшері; 

4) рәсімдерді жүргізу мерзімдері; 

5) кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру графигінің орындалуы; 

6) қаржы басқарушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдардың болуы және оларды қарау нәтижелері; 

7) қаржы басқарушысын анықталған құқық бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту; 

8) осы Заңда көзделген рәсімдерді тоқтату негіздері; 

9) осы Заңда белгіленген құқықтарды іске асыру шеңберінде уәкілеттік берілген адамдар бастамашылық жасаған сот талқылаулары туралы ақпарат құпия болып табылмайды.

13-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдеріне қатысушылардың өзара іс-қимылы

Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдеріне қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілмен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға құқылы. 

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсіміне қатысушылар электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасаған кезде уәкілетті органның интернет-ресурсының веб-қосымшасын пайдаланады.

14-бап. Борышкердің мәмілелерін жарамсыз деп тану және мүлікті қайтару

1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген негіздер болған кезде, егер мәмілелерді борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдану туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде жасаса, олар жарамсыз деп танылады. 

2. Осы бапта көзделген мәмілелер анықталған кезде қаржы басқарушысы, оның ішінде мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша, осындай мәмілелер анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оларды жарамсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуге міндетті. 

3. Мәміле жарамсыз деп танылған кезде жауапкер мәміле бойынша алынғанның бәрін қайтаруға, заттай қайтару мүмкін болмаған кезде, егер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде немесе өзге заңдарда мәміленің жарамсыз болуының өзге салдары көзделмесе, қайтарылуға жататын мүліктің құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшамен өтеуге міндетті. 

Бұл ретте жауапкер борышкерге талап қою құқығына ие болады, ол осы Заңның 40-бабының 4-тармағына сәйкес қанағаттандырылуға жатады. 

4. Мүліктің жоғалуына, бүлінуіне не кейіннен үшінші тұлғалардың адал жолмен сатып алуына байланысты оны қайтару мүмкін болмаған кезде немесе мүлік өтеусіз берілген кезде, талап етілетін мүлікті бастапқы сатып алушылар борышкердің алдында жоғарыда санамаланған әрекеттерге байланысты туындаған залалдарды өтеу бойынша жоғалған, бүлінген, берілген не үшінші тұлғалар адал жолмен сатып алған мүліктің құны шегінде жауапты болады.



15-бап. Қаржы басқарушысы

1. Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламасы рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізілген Қазақстан Республикасының азаматы қаржы басқарушысы болып әрекет ете алады. 

2. Қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламаны: 

1) "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметті жүзеге асыратын әкімші; 

2) кәсіби бухгалтер; 

3) аудитор; 

4) заң консультанты беруге құқылы. 

3. Қаржы басқарушысының қызметі кәсіпкерлік қызметке жатпайды, сондай-ақ аудиторлық қызмет болып табылмайды. 

4. Егер арыз беруші осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адам болып табылған жағдайда, қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламаға кәсіби бухгалтердің сертификаты қоса беріледі. 

5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген адамдар қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламаны мынадай мән-жайлар: 

1) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда психикасының, мінез-құлқының бұзылуларына (ауруларына), оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты есепте тұратыны туралы мәліметтер болмаған; 

2) жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы болмаған; 

3) соттың әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танығаны туралы мәліметтер болмаған кезде береді. 

6. Қаржы басқарушысы мынадай: 

1) борышкерге немесе оның кредиторларына талаптары немесе міндеттемелері болған; 

2) егер ол борышкердің немесе кредитордың жақын туысы, жұбайы (зайыбы), жұбайының (зайыбының) жақын туысы болған жағдайларда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға құқылы емес. 

7. Қызметтің басталғаны туралы хабарламада көрсетілген деректер өзгерген кезде қаржы басқарушысы деректер өзгерген күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға көрсетілген өзгерістер туралы хабарлама жіберуге міндетті. 

8. Қызметі тоқтатылған кезде қаржы басқарушысы қызметі тоқтатылған кезден бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға тиісті хабарлама жіберуге міндетті. 

9. Уәкілетті орган мынадай: 

1) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған; 

2) осы баптың 5-тармағында көзделген құжат ұсынылмаған; 

3) уәкілетті орган осы баптың 6-тармағында көзделген мән-жайларды анықтаған; 

4) тексерудің нәтижелері бойынша осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптарды бұзушылықтар анықталған; 

5) қылмыстық іс тоқтатылған не қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9) және 12) тармақтарында немесе 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша босатылған; 

6) осы тұлғаға қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген; 

7) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсету ұйымдарында психикасының, мінез-құлқының бұзылуларына (ауруларына), оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолдануға байланысты есепке қойылған; 

8) сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған; 

9) қаржы басқарушысы қызметін тоқтату туралы хабарлама берген; 

10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшінің, кәсіби бухгалтердің, аудитордың, заң консультантының қызметі тоқтатылған немесе қызметімен айналысу құқығынан айырылған; 

11) қайтыс болған немесе сот қайтыс болды деп жариялаған не хабарсыз кетті деп таныған жағдайларда, қаржы басқарушысының хабарламасын рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алып тастайды. 

10. Уәкілетті орган осы баптың 9-тармағында белгіленген жағдайлар анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысының хабарламасын рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алып тастауды жүзеге асырады. 

11. Уәкілетті орган хабарламаны рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алып тастаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде борышкер мен кредиторға қаржы басқарушысының осындай тізілімнен алып тасталғаны туралы және жаңа қаржы басқарушысының тағайындалуы туралы ақпарат жібереді. 

12. Уәкілетті орган хабарламасын рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алып тастаған адам алып тастау себептері жойылған жағдайда, бірақ алып тасталған күннен бастап үш жыл өткен соң қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламаны қайтадан беруге құқылы. 

2-тарау. СОТТАН ТЫС БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІ



16-бап. Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызы

1. Борышкер белгіленген нысан бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз береді. 

2. Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызына: 

1) кредиторлардың атауы, берешек сомасы, тұрған жері көрсетілген тізімі; 

2) борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеуді және (немесе) өндіріп алуды жүргізу жөнінде шаралар қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі. 

Екінші деңгейдегі банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы оның себептерінің уәжді негіздемесі көрсетілген жауаптары осы тармақшада көрсетілген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжаттар болып табылады. 

Екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым борышкердің арызына жауап бермеген жағдайда, борышкер арызының көшірмесі немесе арыздың электрондық форматта жіберілгені туралы растама осы тармақшада көзделген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжат болып табылады. 

3. Борышкер осы Заңның 5-бабында көзделген мән-жайларға сәйкес келген кезде, уәкілетті орган борышкер туралы мәліметтерді он бес жұмыс күні ішінде "электрондық үкімет" веб-порталында орналастырады. 

4. Борышкер осы Заңның 5-бабында көзделген мән-жайларға сәйкес келмеген кезде уәкілетті орган он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган белгілеген нысанда соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама береді. 

5. Борышкер соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартуға себеп болған негіздерді жойғаннан кейін, бірақ бас тартуды алған күннен кейін үш ай өткен соң соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызды қайтадан беруге құқылы.



17-бап. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану

1. Уәкілетті органның соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкер туралы мәліметтер "электрондық үкімет" веб-порталында орналастырылған күннен бастап алты айды құрайды. 

2. Борышкер туралы мәліметтер "электрондық үкімет" веб-порталында орналастырылған күннен бастап мынадай салдар басталады: 

1) борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы борыштық міндеттемелерінің мерзімдері өткен болып есептеледі; 

2) соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлардың борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуіне тыйым салынады; 

3) борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды, айыппұлдарды) және сыйақыны есепке жазу тоқтатылады; 

4) борышкердің жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелерді қабылдауына (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) тыйым салынады; 

5) уәкілетті органның мемлекеттік органдар мен өзге де органдардан және ұйымдардан борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану алдындағы үш жылға дейінгі кезеңдегі жалпы ортақ мүлкін қоса алғанда, мүлкі туралы ақпарат алуына борышкердің келісімі берілген деп есептеледі; 

6) борышкердің банктік шоттарынан кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне ақша өндіріп алуға жол берілмейді; 

7) соттардың борышты өндіріп алу туралы шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады.

18-бап. Соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату

1. Соттан тыс банкроттық рәсімі, егер мұндай рәсімді жүргізу мерзімі ішінде: 

1) борышкер уәкілетті органға өзінің меншігіне мүлік түсіп немесе өзінің қаржылық және (немесе) мүліктік жағдайы өзгеріп, бұл оның кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін толық немесе отыз пайыздан асырып орындауына мүмкіндік беретініне не кредитормен кредитордың алдындағы берешекті реттеу туралы келісім жасасқанына байланысты соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату туралы жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысандағы арызды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы берсе; 

2) мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлікті өзгенің иеленуіне беру, мүлікті иеліктен шығару немесе жою, сондай-ақ мүлік туралы мәліметтерді көрсететін құжаттарды жасыру, жою, бұрмалау фактілері анықталса; 

3) борышкер қайтыс болса, соттың оны хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі заңды күшіне енсе; 

4) осы Заңның 1-бабы 11) тармақшасында көрсетілген басқа кредиторлардың болу фактілері анықталып, соның салдарынан берешектің жалпы сомасы осы Заңның 5-бабы 1-тармағының бірінші абзацында көрсетілген сомадан асып түсетін болса, тоқтатылады. 

2. Уәкілетті орган соттан тыс банкроттық рәсімінің тоқтатылғаны туралы хабарландыруды "электрондық үкімет" веб-порталында орналастыру арқылы осындай рәсімді тоқтатуды жүзеге асырады. 

3. Соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерін тоқтатуға алып келмейді. 

Соттан тыс банкроттық рәсімі тоқтатылған күннен бастап осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген салдардың қолданылуы тоқтатылады.



19-бап. Соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді міндеттемелерден босату

1. Осы Заңның 18-бабына сәйкес соттан тыс рәсімді тоқтату үшін негіздер болмаған кезде, борышкер соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз берген күннен бастап алты ай өткен соң уәкілетті орган соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарады. Шешім уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша шығарылады және "электрондық үкімет" веб-порталында орналастырылуға жатады. 

2. Соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы хабарландыру "электрондық үкімет" веб-порталында орналастырылған күннен бастап борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсеткен міндеттемелері тоқтатылады. 

3. Соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл бойы банкротқа қарыздар (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) берілмейді, сондай-ақ одан банктік қарыз және микрокредит беру шарттары бойынша кепіл, кепілдік және кепілгерлік түріндегі қамтамасыз ету қабылданбайды. 

3-тарау. ТӨЛЕМ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ НЕМЕСЕ СОТ АРҚЫЛЫ БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІ



20-бап. Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызы

1. Борышкер осы Заңның 6-бабында көзделген негіздер болған кезде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызбен сотқа жүгінеді. 

2. Борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызды өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында береді. 

Борышкердің арызында: 

1) арыз берілетін соттың атауы; 

2) кредиторлардың талаптарын қанағаттандыра алмаудың негіздемесі; 

3) қоса берілетін құжаттардың тізбесі қамтылуға тиіс. 

Борышкердің арызында, егер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы істі қарау үшін қажет болса, өзге де мәліметтер, сондай-ақ арыз берушіде бар өтінішхаттар көрсетілуі мүмкін. 

3. Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызына: 

1) барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі (берешектердің сомасын және олардың қалыптасқан күнін, оларды кейіннен хабардар ету үшін тұрғылықты жерінің немесе тұрған жерінің мекенжайын, электрондық мекенжайларын және байланыс телефондарының нөмірлерін (осындай ақпарат болған кезде) көрсете отырып); 

2) банкрот деп тану туралы арызбен жүгінгенге дейін кемінде алты ай бұрын жасалған бағалау туралы есепті (ол болған кезде) қоса бере отырып, борышкер мүлкінің тізімдемесі; 

3) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз бергенге дейінгі соңғы үш жыл ішіндегі азаматтық-құқықтық және (немесе) өзге де, оның ішінде талаптары борышкердің мүлік кепілімен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша міндеттемелердің тізбесі; 

4) борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеуді жүргізу жөнінде шаралар қабылданғанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі; 

Екінші деңгейдегі банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның себептерінің уәжді негіздемесі көрсетілген банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы жауаптары осы тармақшада көрсетілген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжаттар болып табылады. 

Екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым борышкердің арызына жауап бермеген жағдайда, борышкер арызының көшірмесі немесе арыздың электрондық форматта жіберілгені туралы растама осы тармақшада көзделген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжат болып табылады. 

4. Борышкердің осы бапта белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызын сот оны қарамастан кері қайтарады.



21-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау

1. Арыз осы Заңның 20-бабында белгіленген шарттарға сәйкес келген жағдайда сот арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарым шығарады. 

2. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарымда уәкілетті органның осындай ұйғарым шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысын тағайындау міндеті, сондай-ақ борышкердің, мүлікке құқықтарды тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және өзге де органдардың, сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының осы Заңның 22-бабының 1-тармағында көзделген салдарды орындау жөніндегі міндеттері көрсетіледі. 

Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарымда борышкердің мүліктік массасына түгендеу жүргізу үшін оған қаржы басқарушысының қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша борышкердің міндеті де көрсетіледі. 

3. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмелерін борышкерге, уәкілетті органға және борышкердің тұрғылықты жері бойынша аумақтық әділет органына және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына жолдайды, олар мүлікке құқықтарды тіркеуді жүзеге асырады.



22-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғаудың салдары

1. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап мынадай салдар басталады: 

1) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген борыштық міндеттемелерінің мерзімдері өткен болып есептеледі; 

2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлардың борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуіне тыйым салынады; 

3) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды, айыппұлдарды) және сыйақыны есепке жазу тоқтатылады; 

4) борышкердің өзіне жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелерді қабылдауына (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) тыйым салынады; 

5) кредиторлардың мемлекеттік органдардан және өзге де органдар мен ұйымдардан борышкердің мүлкі туралы ақпарат алуына борышкердің келісімі берілген деп есептеледі; 

6) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде емделу, жақын туысын емдеуге алып жүру, жақын туысын жерлеу қажет болған жағдайларды қоспағанда, борышкердің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығуына тыйым салынады; 

7) борышкердің банктік шоттарынан кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне ақшаны өндіріп алуға, сондай-ақ борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді; 

8) осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, борышкерге талаптар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің шеңберінде ғана қойылуы мүмкін; 

9) борышкердің мүлкіне қатысты соттардың бұрын қабылданған шешімдерінің орындалуы тоқтатыла тұрады; 

10) мемлекеттік органдардың, өзге де органдар мен ұйымдардың борышкер мүлікті беруге, мүліктік міндеттемелерді төлеуге немесе өзге де тәсілмен орындауға міндетті болатын шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады. 

Осы тармақтың бірінші бөлігі 1), 2), 3), 7), 8) және 9) тармақшаларының ережелері алименттер туралы және өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарға қолданылмайды. 

2. Борышкер үшінші тұлғалардың кепілдігімен, кепілгерлігімен немесе кепілімен қамтамасыз етілген өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау кредитордың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы істің шеңберінен тыс борышкердің орындалмаған міндеттемелері бойынша кепілдік етушілерге, кепілгерлерге және кепіл берушілерге талаптар қою жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруына кедергі болмайды.

23-бап. Қаржы басқарушысының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізу кезіндегі өкілеттіктері

1. Уәкілетті орган соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламалары Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізілген адамдар ішінен қаржы басқарушысын тағайындайды. 

2. Осы Заңда қаржы басқарушысына жүктелген өкілеттіктерді өзге тұлғаларға беруге болмайды. 

3. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімінде қаржы басқарушысының сыйақысы борышкердің қаражаты есебінен төленеді. 

Қаржы басқарушысы ай сайынғы сыйақысының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір ең төмен жалақының мөлшерін құрайды. 

4. Борышкердің ақшасын есепке жатқызу, ағымдағы шығыстарды өтеу және сот арқылы банкроттық рәсімінде кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін қаржы басқарушысы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған тәртіппен екінші деңгейдегі банкте (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда) өзінің атына ағымдағы шот ашады. 

Борышкердің ақшасын есепке жатқызу, ағымдағы шығыстарды өтеу және сот арқылы банкроттық рәсімінде кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін қаржы басқарушысының ағымдағы шотында жатқан ақша оның меншігі және (немесе) кірісі болып табылмайды және оның мұрасына қосылмайды. 

Борышкердің ақшасын есепке жатқызу, ағымдағы шығыстарды өтеу және сот арқылы банкроттық рәсімінде кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін қаржы басқарушысының ағымдағы шотына қаржы басқарушысының міндеттемелері бойынша тыйым салуға, өндіріп алуды қолдануға және шығыс операцияларын тоқтата тұруға жол берілмейді.

24-бап. Қаржы басқарушысының қорытындысы

1. Борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтер жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша қаржы басқарушысы белгіленген нысан бойынша төменде санамаланған тұжырымдардың бірін: 

1) борышкер төлемге қабілетсіз және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға негіздердің бар болуын; 

2) борышкер төлемге қабілетсіз және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздердің бар болуын; 

3) борышкер төлемге қабілетті және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздердің жоқ екенін қамтитын қорытынды жасайды. 

Қорытынды сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде сотқа ұсынылады. 

2. Борышкер төлемге қабілетті және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздер жоқ деген тұжырымдарды қамтитын қорытындыны қаржы басқарушысы осы Заңның 6-бабында көзделген бір немесе бірнеше мән-жай болмаған кезде жасайды.



25-бап. Борышкердің мүлкін түгендеу

1. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы борышкердің мүлкіне түгендеу жүргізеді. 

2. Мүлікті түгендеу борышкердің қатысуымен жүргізіледі. 

Мүлікті түгендеу кезінде борышкердің жақын туыстары немесе оның өкілеттік беруі бойынша өзге адамдар да қатыса алады. 

3. Борышкердің мүлкін түгендеу актісінде: 

1) актінің жасалған уақыты мен орны; 

2) акт жасаған қаржы басқарушысының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе); 

3) борышкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе); 

4) әрбір заттың атауы, оның ерекше белгілері; 

5) жеке-жеке әрбір заттың және барлық мүліктің нарықтық құны көрсетіледі. 

Борышкердің мүлкін түгендеу актісіне қаржы басқарушысы мен борышкер (ол уәкілеттік берген адам) қол қояды. 

4. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған жағдайда, түгендеу актісіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін.

26-бап. Борышкердің мүлкін бағалау

1. Қаржы басқарушысы осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімдерде бағалаушыны тарта отырып, борышкердің мүлкіне бағалау жүргізуге міндетті. 

2. Қаржы басқарушысы бағалаушыны өзі дербес айқындайды. 

Бағалаушының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу ағымдағы шығыстарға жатады. 

Мүлікті бағалау туралы есеп бағалау жүргізу туралы шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей жасалады. 

Бағалаушы бағалау туралы есепті ұсынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы оны борышкер мен кредиторға жібереді. 

3. Бағалау туралы есеппен келіспейтінін білдірген борышкер немесе кредитор бағалау туралы есеппен танысқан күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған сотқа шағым жасауға құқылы. 

Қайталап бағалау бойынша көрсетілетін қызметке ақы төлеу шағым берген тұлғаға жүктеледі.

27-бап. Кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру

1. Қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс бойынша іс жүргізуді қозғау және кредиторлардың талаптарын мәлімдеу тәртібі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі хабарландыруды интернет-ресурста орналастыру үшін уәкілетті органға жібереді. 

Хабарландыру уәкілетті орган қаржы басқарушысын тағайындаған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жіберіледі. 

Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады. 

2. Кредиторлар өздерінің борышкерге қойылатын талаптарын төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс бойынша іс жүргізуді қозғау және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде мәлімдеуге тиіс. Кредиторлардың талаптарын қабылдауды қаржы басқарушысы осы Заңның 13-бабына сәйкес хабарландыруда көрсетілген тәсілмен жүзеге асырады. 

Кредиторлардың талаптарында кредитордың ұялы байланысының абоненттік нөмірі және электрондық мекенжайы (егер олар бар болса) туралы мәліметтер; салыстырып тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары бір мезгілде ұсынылып, талаптың негізі мен сомасын растайтын құжаттардың (соттардың заңды күшіне енген шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің борышты тануы және басқалары) көшірмелері қоса беріле отырып, талап сомасы (негізгі борыштың, сыйақының (мүдденің), тұрақсыздық айыбының және өзге де айыппұл санкцияларының, залалдардың сомасы туралы жеке-жеке) туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Талап сомасы көрсетілген талап мәлімделген күнге айқындалады. 

Егер осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген сыйақы (мүдде), тұрақсыздық айыбы және өзге де айыппұл санкциялары, залалдар бойынша талап сомасы соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімі қабылданған күнге өзгертілсе, онда кредитор соттың осындай шешімі қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде көрсетілген өзгерісті ескере отырып, өз талаптарын қайтадан мәлімдейді. 

Кредиторлардың шетел валютасымен көрсетілген талаптары соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімі қабылданған күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен есепке алынады. 

3. Қаржы басқарушысы кредитор мәлімдеген талап келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде талапты негізді (негізсіз) деп тану және танылған талапты кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізу туралы шешім қабылдайды. 

4. Қаржы басқарушысы осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзім аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға кредиторлар талаптарының тізілімін интернет-ресурста орналастыру үшін жібереді. 

Уәкілетті орган қаржы басқарушысынан кредиторлар талаптарының тізілімін алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей, оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады. 

Негіздер болған кезде кредитор және (немесе) борышкер уәкілетті органның интернет-ресурсында кредиторлар талаптарының тізілімі орналастырылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысының талаптарды толық көлемде немесе оның бір бөлігін кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізбегеніне уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасауға құқылы. 

Шағым жасау сот арқылы банкроттық рәсімін тоқтата тұруға негіз болып табылмайды. 

5. Өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі, алименттер төлеу жөніндегі талаптарды қоспағанда, кредитордың осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімнен кеш мәлімделген талабы кредиторлардың өз мерзімінде мәлімделген талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылуға жатады. 

Кредиторлардың осы Заңда белгіленген мерзімнен кеш мәлімделген өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі, алименттер төлеу жөніндегі талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне бірінші кезекте қанағаттандырылуға жататын талаптар ретінде енгізіледі. 

6. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған жағдайда, кредиторлар талаптарының қалыптастырылған тізіліміне уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін.



28-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешім

1. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешімді осы Заңның 24-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген қаржы басқарушысының қорытындысын ескере отырып қабылдайды. 

2. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешімінде: 

1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап екі айдан кешіктірілмейтін мерзімде қаржы басқарушысының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын ұсынатыны; 

2) осы Заңның 22-бабының 1-тармағында көзделген салдардың сақталатыны туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.



29-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары

1. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында алынатын кірістер мен ағымдағы шығыстар, сондай-ақ кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру графигі мен борышкердің ай сайын өз иелігінде қалдыратын ақшасы ескеріле отырып, борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған кез келген қаржылық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де іс-шаралар қамтылады. 

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау мерзімі осы Заңның 32-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, бес жылдан аспауға тиіс. 

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары мерзімінен бұрын орындалуы мүмкін. 

2. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында мынадай бір немесе бірнеше құрал: 

1) міндеттемені орындау мерзімін өзгерту (борышты төлеуді кейінге қалдыру және (немесе) бөліп төлеу); 

2) борышты немесе оның бір бөлігін, оның ішінде тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды) кешіру; 

3) қарызды пайдаланғаны үшін сыйақының пайыздық мөлшерлемесін төмендету; 

4) қарыз шартын орындаудың жалпы мерзімін бір мезгілде ұлғайта отырып, тұрақты ағымдағы төлемдердің мөлшерін азайту; 

5) міндеттемені орындау тәсілін өзгерту; 

6) кепілді кредитор қарыз шарты бойынша міндеттемелерді кешірген жағдайда, оған кепіл нысанасын беру арқылы кепілді кредитордың талаптарын қанағаттандыру; 

7) осы тармақта көзделмеген өзге де құралдар көзделеді. 

3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында мынадай: 

1) мүліктің бір бөлігін сату; 

2) мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру; 

3) дебиторлық берешекті өндіріп алу; 

4) тұрғын үйді (автокөлікті) құны төмен тұрғын үйге (автокөлікке) айырбастау; 

5) кейіннен құны төмен тұрғын үй (автокөлік) сатып ала отырып, тұрғын үйді (автокөлікті) сату; 

6) борышкерді жұмысқа орналастыру шаралары; 

7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шаралар көзделуі мүмкін. 

4. Қаржы басқарушысы соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде борышкердің қатысуымен үлгілік жоспардың нысаны негізінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасын әзірлеуге міндетті. 

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасы талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторларға қарау үшін жіберіледі. Кредиторлар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған ұсыныстар мен ескертулер енгізеді. 

Ұсыныстарды және (немесе) ескертулерді көрсетілген мерзімнен кеш енгізу кредитордың ұсыныстары мен ескертулерінің болмауына теңестіріледі. 

5. Осы баптың 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарын жасауға және оны сотқа, сондай-ақ талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторларға жіберуге міндетті. 

Кредиторлардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасына енгізілген ұсыныстары және (немесе) ескертулері сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарымен бір мезгілде жіберіледі. 

Егер төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарын жасау кезінде кредитордың (кредиторлардың) ұсыныстары және (немесе) ескертулері ішінара немесе толық көлемде ескерілмесе, онда қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату кезінде барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін болжамды сома көрсетілетін есеп-қисаптарды төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарына қоса беруге міндетті.



30-бап. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын қарау нәтижелері

1. Сот қаржы басқарушысы ұсынған төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын қарау нәтижелері бойынша мынадай сот актілерінің бірін: 

1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарымды; 

2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімді шығарады. 

2. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарымды сот мынадай: 

1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасына кредиторлардың ұсыныстары және (немесе) ескертулері болмаған; 

2) төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарын жасау кезінде кредиторлардың барлық ұсыныстары және (немесе) ескертулері ескерілген; 

3) егер қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарына қоса берген есеп-қисаптар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау барлық кредиторлардың талаптарын төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тоқтатылған жағдайдағыдан кем емес мөлшерде қанағаттандыруға алып келетінін куәландырған жағдайларда шығарады. 

3. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарымында: 

1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту; 

2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау, кредиторларды осындай жоспардың орындалғаны туралы хабардар ету және борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін аяқтау туралы өтінішхатпен сотқа жүгіну мерзімдері туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс. 

4. Егер қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарына қоса берген есеп-қисаптар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау барлық кредиторлардың талаптарын төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тоқтатылған және кредитордың өтінішхаты бойынша сот арқылы банкроттық рәсімі қолданылған жағдайға қарағанда неғұрлым аз көлемде қанағаттандыруға алып келетінін куәландыратын болса, сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімді қабылдайды. 

5. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы нұсқаулар, сондай-ақ осы Заңның 36-бабының 2-тармағында көзделген нұсқаулар қамтылуға тиіс.



31-бап. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекітуінің салдары

Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап мынадай салдар басталады: 

1) борышкердің міндеттемелері төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында көзделген тәртіппен және шарттарда орындалуға жатады; 

2) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында көзделмеген өз мүлкін иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелерді өзіне қабылдау бойынша мәмілелер жасасуына тыйым салынады; 

3) борышкердің арызы, соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарымының ұсынылған көшірмесі негізінде борышкердің мүлкіне қойылған шектеулер алынады; 

4) алынған қарыздар бойынша сыйақыны есепке жазу тоқтатылады; 

5) борышкердің қарыздар (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру бойынша мәмілелер жасасуына тыйым салынады.

32-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау

1. Борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын өзі дербес орындайды. 

Кредиторлар өздеріне борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының орындалу барысы туралы тұрақты негізде ақпарат беру міндетін борышкер үшін белгілеу не бақылау жөніндегі функцияларды кредиторлардың біріне жүктеу арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы. 

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау мерзімі аяқталғаннан кейін борышкер мерзім аяқталған күннен кейінгі күні кредиторларға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының орындалғаны туралы хабарлама жібереді және рәсімді аяқтау туралы өтінішхатпен сотқа жүгінеді. 

2. Сот борышкердің өтінішхаты келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін аяқтау туралы шешім шығарады, онда: 

1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін аяқтау; 

2) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру; 

3) борышкердің осы баптың 3-тармағында көзделген міндеттемелерді орындау жөніндегі міндетін сақтау туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс. 

3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі аяқталғаннан кейін борышкердің: 

1) осы Заңның 46-бабында көрсетілген міндеттемелерді; 

2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау мерзіміне қарағанда неғұрлым ұзақ мерзімі бар міндеттемелерді осындай жоспарда көзделген шарттарда орындау жөніндегі міндеттері сақталады.



33-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындамаудың салдары

1. Егер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында көзделген іс-шараларды орындау мүмкін болмаса, борышкер жоспарланған іс-шараны орындау мерзімі өткеннен кейінгі күннен бастап бір айдан кешіктірмей, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге міндетті. 

2. Борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында көзделген іс-шараларды екі айдан астам орындамаған жағдайда, кредитор төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы. 

3. Борышкердің осы баптың 1-тармағында көзделген міндетті орындамауы соттың оның сот арқылы банкроттық рәсімі аяқталған күнге орындалмай қалған міндеттемелерін тоқтатудан бас тартуына негіз болып табылады. 

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында көзделген іс-шараны орындау еңсерілмейтін күш мән-жайларының, яғни осы жағдайлар кезінде төтенше және алдын алуға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери қимылдар, төтенше жағдай және басқалар) салдарынан не үшінші тұлғалардың кінәсінен мүмкін болмаған жағдайларға осы тармақтың күші қолданылмайды.

34-бап. Борышкердің немесе кредитордың өтінішхатын сотта қарау

1. Сот борышкердің немесе кредитордың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішхаты келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, борышкерге, кредиторларға, уәкілетті органға сот отырысының күні, уақыты мен орны туралы хабарлай отырып, сот отырысын тағайындайды. 

2. Өтінішхатты сот отырысында қарау нәтижелері бойынша сот азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешім қабылдайды не өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартады. 

3. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы нұсқаулар, сондай-ақ осы Заңның 36-бабының 2-тармағында көзделген нұсқаулар қамтылуға тиіс.



35-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін тоқтату

1. Кредитор немесе уәкілетті орган: 

1) борышкер қайтыс болған, соттың оны хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі заңды күшіне енген; 

2) борышкер осы Заңның 7-бабында көзделген міндеттерді орындамаған жағдайларда, сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін тоқтату туралы өтінішхат жасайды. 

2. Сот кредитордың немесе уәкілетті органның өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін тоқтату туралы шешім шығарады. 

3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін тоқтату борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерін тоқтатуға алып келмейді.



36-бап. Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешім

1. Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімді сот қаржы басқарушысының қорытындысын ескере отырып қабылдайды. 

2. Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы сот шешімінде: 

1) қаржы басқарушысының сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы хабарландыруды уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға жіберуі; 

2) қаржы басқарушысының борышкердің мүлкін сатуы және оның кредиторлармен есеп айырысуды жүзеге асыруы; 

3) борышкердің мүлкін басқару құқығының қаржы басқарушысына ауысуы; 

4) соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде борышкердің мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды борышкердің қаржы басқарушысына беруі; 

5) борышкердің ақшаны есепке жатқызу, ағымдағы шығыстарды өтеу және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін ақшаны банктік шоттардан қаржы басқарушының ағымдағы шотына аударуы; 

6) борышкердің мүлкіне салынған барлық шектеулер мен ауыртпалықтарды (оның шоттарына қойылған инкассолық өкімдерді, мүлікке тыйым салуларды және басқаларды) қаржы басқарушысының арызы негізінде, оларды салған органдардың тиісті шешімдерін қабылдамай, алып тастау; 

7) борышкердің өзіне жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелер қабылдауына (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) тыйым салу; 

8) борышкердің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығуына тыйым салу туралы нұсқаулар қамтылады.

37-бап. Сот арқылы банкроттық рәсімінің мерзімі

1. Сот арқылы банкроттық рәсімінің мерзімі сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімді құрайды. 

Осы баптың 2-тармағында көзделген негіздер болған кезде сот осы тармақта белгіленген мерзімді алты айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін. 

2. Сот арқылы банкроттық рәсімінің мерзімін ұзарту үшін: 

1) соттың іс жүргізуінде борышкер мен оның кредиторларының мүліктік мүдделерін қозғайтын істің болуы; 

2) өткізілмеген мүліктің болуы; 

3) қаржы басқарушысының Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы кезінде әдейі банкроттық немесе құқыққа сыйымсыз әрекеттер белгілері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгінуі; 

4) қаржы басқарушысының қорытынды есебін бекітуден бас тарту туралы сот ұйғарымында көрсетілген Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою қажеттігі; 

5) уәкілетті орган анықтаған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою қажеттігі негіз болып табылады.

38-бап. Борышкердің мүліктік массасы

1. Мүліктік массаның құрамына борышкердің Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жерлердегі барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлкі кіреді, оның ішінде: 

құқық және (немесе) мәміле құзыретті органда, оның ішінде шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекетте мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын мүлік; 

банктік шоттардағы, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі шетелдік банктердегі ақша; 

қолма-қол ақша; 

тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлес; 

заңды тұлғаның, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; 

бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу жолымен жүргізілетін туынды қаржы құралдарын қоспағанда); 

инвестициялық алтын; 

зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері; 

шарт немесе міндеттеменің немесе талаптың туындауына негіз болып табылатын, нотариат куәландырған (растаған) өзге де құжат болған кезде басқа тұлғалардың борышкер алдындағы берешегі (дебиторлық берешек); 

ветеринариялық паспорты немесе меншік құқығын растайтын өзге де құжаты болған кезде жануарлар; 

асыл тастар мен бағалы металдар, олардан жасалған зергерлік бұйымдар және құрамында асыл тастар мен бағалы металдар бар басқа да заттар, сондай-ақ өнер және антиквариат туындылары, тері бұйымдары, басқа да бағалы киім; 

цифрлық активтер кіреді. 

2. Бірлескен меншіктегі мүліктен борышкердің үлесін бөліп шығару Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 

3. Мүліктік массаның құрамына Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлік, сондай-ақ борышкердің міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету болып табылмайтын жалғыз тұрғынжайы кірмейді. 

4. Адамды субсидиарлық жауапкершілікке тарту кезінде мәлімделетін талаптардың мөлшері мұндай адамды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен әдейі банкроттық үшін кінәлі деп тануға негіз болған сот актісінде белгіленген залалдың мөлшеріне тең болады.

39-бап. Борышкердің мүліктік массасын сату

1. Қаржы басқарушысы борышкердің мүліктік массасын сатуды электрондық аукцион өткізу жолымен немесе борышкердің мүліктік массасын сату жоспарына сәйкес тікелей сату әдісімен жүзеге асырады. 

Борышкердің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету болып табылатын және осы Заңның 41-бабына сәйкес кепілді кредитор заттай түрінде қабылдамаған мүлкі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген ережелер ескеріле отырып, сатылуға жатады. 

Борышкердің үшінші тұлғаның міндеттемелерін қамтамасыз ету нысанасы болып табылатын мүлкі, орын алған ауыртпалықтар ескеріле отырып, сатылуға жатады. 

2. Қаржы басқарушысы соттың сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімі қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде борышкердің мүліктік массасын сату жоспарының жобасын өзі дербес жасайды. 

Борышкердің мүліктік массасын сатудың таңдап алынған тәсілі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мақсаты үшін мүлікті неғұрлым тиімді өткізуді қамтамасыз етуге тиіс. 

Борышкердің мүлкін өткізу жасалған күнінен бері алты айдан астам уақыт өтпеген бағалау туралы есепте көрсетілген осындай мүліктің бағалау құнының жетпіс бес пайызынан төмен емес құн бойынша жүргізіледі. 

3. Борышкердің мүліктік массасын сату жоспарының жобасы талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторларға қарау үшін жіберіледі. Кредиторлар мүліктік массаны сату жоспарының жобасын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оған ұсыныстар және (немесе) ескертулер енгізеді. 

Борышкердің мүліктік массасын сату жоспарының жобасына ұсыныстарды және (немесе) ескертулерді осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімнен кеш енгізу кредитордың ұсыныстарының және (немесе) ескертулерінің болмауына теңестіріледі. 

4. Қаржы басқарушысы осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде борышкердің мүліктік массасын сатудың түпкілікті жоспарын жасайды және оны талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторларға мәлімет үшін жібереді. 

Кредиторлар борышкердің мүліктік массасын сату жоспарын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оған сотқа шағым жасауға құқылы. 

Заңды күшіне енген сот шешімі борышкердің мүліктік массасын сату жоспарына өзгерістер енгізуге негіз болып табылады. 

5. Борышкердің мүлкін сату жөніндегі электрондық аукционды өткізу тәртібін және оны ұйымдастырушыны уәкілетті орган айқындайды.



40-бап. Борышкердің мүліктік массасын бөлу кезектілігі

1. Борышкердің ағымдағы шығыстары борышкердің мүлкі есебінен кезектен тыс төленуге жатады. 

2. Бірінші кезекте өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша берешекті өндіріп алу жөніндегі, алименттерді өндіріп алу жөніндегі талаптар қанағаттандырылады. 

3. Екінші кезекте салықтық берешек, сондай-ақ кедендік төлемдер бойынша берешек, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіріп алынатын бюджетке төленетін төлемдер өтеледі. 

4. Үшінші кезекте азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша басқа кредиторлармен есеп айырысу жүргізіледі, сондай-ақ кредиторлардың: 

осы Заңның 41-бабының 7-тармағында көзделген жағдайда; 

соттың мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті борышкердің мүліктік массасына қайтару туралы шешім қабылдауы нәтижесінде туындаған талаптары қанағаттандырылады. 

5. Төртінші кезекте кредиторлардың залалдарды өтеу және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды) өндіріп алу жөніндегі талаптары қанағаттандырылады. 

6. Бесінші кезекте өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі, алименттерді өндіріп алу жөніндегі талаптарды қоспағанда, осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген міндетті орындамаған кредиторлардың талаптары, сондай-ақ осы Заңның 27-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімнен кеш мәлімделген талаптар қанағаттандырылады. 

7. Бір кезектегі кредиторлар арасында талаптарды өтеу үшін мүлік жеткіліксіз болған жағдайда, мұндай мүлік олардың арасында тізілімге енгізілген талаптарының мөлшеріне пропорционалды түрде бөлінеді.



41-бап. Кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау арқылы кепілді кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру

1. Борышкердің мүліктік массасында кепілге салынған мүлік болған жағдайда, қаржы басқарушысы түгендеу актісі жасалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде кепілді кредиторға кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау туралы ұсыныс жібереді. 

2. Кепілді кредитор осы баптың 1-тармағында көрсетілген ұсынысты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, кепілге салынған мүлікті заттай қабылдауға жазбаша түрде келісімін немесе одан бас тартатынын білдіреді. 

3. Кепілді кредитор кепілге салынған мүлікті заттай қабылдауға келіскен жағдайда, қаржы басқарушысына кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау туралы жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей, кепілге салынған мүлікті бағалауға және күтіп-ұстауға байланысты шығыстарды өтеуге міндетті. 

4. Қаржы басқарушысы осы баптың 3-тармағында көрсетілген шығыстар өтелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кепілге салынған мүлікті кепілді кредиторға оның талаптарын қанағаттандыру есебіне береді. 

5. Егер кепілге салынған мүліктің бағалау құны кепілді кредитор талаптарының мөлшерінен көп болса, айырманы кепілді кредитор кепілге салынған мүлікті қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде борышкердің мүліктік массасына береді. 

6. Егер кепілге салынған мүліктің бағалау құны кепілді кредитор талаптарының мөлшерінен аз болса, кепілді кредитордың талаптары өтелді деп есептеледі. 

7. Кепілді кредитордың талаптарын қанағаттандыру мынадай: 

1) кепілді кредитор кепілге салынған мүлікті заттай қабылдаудан бас тартқан; 

2) кепілді кредитор қаржы басқарушысының ұсынысына осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімде жауап ұсынбаған; 

3) осы баптың 3-тармағында айқындалған шығыстар толық көлемде өтелмеген жағдайларда, осы Заңның 40-бабының 4-тармағында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. 

8. Кепілді кредитор осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайлар басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысына борышкердің кепілге салынған мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды беруге міндетті.



42-бап. Кредиторлармен есеп айырысу қағидалары

1. Қаржы басқарушысы кредиторлармен есеп айырысуды қолма-қол ақша (заттай) нысанында да, қолма-қол ақшасыз нысанда да қаржы басқарушысының шотынан кредиторлардың шоттарына ақша аудару арқылы жүргізеді. 

2. Қаржы басқарушысы кредиторлармен есеп айырысу кезінде борышкердің мүліктік массасын сатудан түскен ақшаны, сондай-ақ "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын кірістерді қоспағанда, борышкердің кірістерін пайдаланады. 

Бұл ретте борышкердің иелігінде қалатын ақша осы Заңның 7-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген сомадан кем болмауға тиіс. 

3. Осы Заңның 27-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткеннен кейін, бірақ барлық кредиторлармен есеп айырысу аяқталғанға дейін мәлімделген бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бірінші кезек құрамындағы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі және борышкердің мүліктік массасы есебінен қанағаттандырылуға жатады. Мұндай талаптар тізілімге енгізілгенге дейін кредиторлардың талаптарын өтеу тоқтатыла тұрады. 

Барлық кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін, бірақ тарату балансы бекітілгенге дейін мәлімделген бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған борышкердің мүлкінен қанағаттандырылады. 

4. Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған ақша сомасы мен борышкердің сатуға ұсынылған, бірақ өткізілмей қалған, сондай-ақ талапты қанағаттандыру есебіне кредитор немесе ағымдағы шығыстарды өтеу есебіне қаржы басқарушысы қабылдамаған мүлкі борышкерге қайтарылады.



43-бап. Қаржы басқарушысының қорытынды есебі және қорытындысы

1. Кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін қаржы басқарушысы: 

1) белгіленген нысан бойынша қорытынды есепті; 

2) белгіленген нысан бойынша банкроттың міндеттемелерін тоқтатуға негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы қорытындыны жасайды. 

2. Қаржы басқарушысы осы Заңның 37-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімдерде сотқа қорытынды есепті, банкроттың міндеттемелерін тоқтатуға негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы қорытындыны жібереді. 

Қаржы басқарушысы қорытынды есеп пен қорытындының көшірмесін борышкерге, кредиторларға және уәкілетті органға бір мезгілде жібереді.



44-бап. Соттың қаржы басқарушысының қорытынды есебін қарауы

1. Сот қаржы басқарушысының қорытынды есебі және банкроттың міндеттемелерін тоқтатуға негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы қорытынды келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, сот отырысын тағайындайды. 

2. Уәкілетті орган сотта қаржы басқарушысының қорытынды есебін қарау кезінде, егер сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізу барысында жиынтығында мынадай мән-жайлар: 

1) борышкердің Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санатына жататыны; 

2) Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүліктің болмауы анықталған жағдайда, қаржы басқарушысына бюджет қаражатының есебінен сыйақы төлеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге міндетті. 

3. Көрсетілген құжаттар сотқа келіп түскен күннен бастап бір айдан кешіктірмей, сот қаржы басқарушысының қорытынды есебін бекітеді және сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау және банкроттың сот арқылы банкроттық рәсімі барысында орындалмай қалған міндеттемелерін тоқтату туралы немесе мұндай тоқтатудан бас тарту туралы шешімді қабылдайды. 

4. Сот осы Заңның 45-бабында көзделген мән-жайлар болған жағдайда, сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау және банкроттың сот арқылы банкроттық рәсімі барысында орындалмай қалған міндеттемелерін тоқтатудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. 

5. Сот осы Заңның 45-бабында көзделген мән-жайлар болмаған жағдайда, сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау және банкроттың сот арқылы банкроттық рәсімі барысында орындалмай қалған міндеттемелерін тоқтату туралы шешім қабылдайды. 

6. Сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау және банкроттың сот арқылы банкроттық рәсімі барысында орындалмай қалған міндеттемелерін тоқтатудан бас тарту туралы шешімде: 

1) қаржы басқарушысының қорытынды есебін бекіту; 

2) сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау; 

3) қаржы басқарушысының өкілеттіктерін тоқтату; 

4) банкроттың сот арқылы банкроттық рәсімінің қорытындылары бойынша орындалмай қалған міндеттемелерін тоқтатудан бас тарту; 

5) шешім шығарылған күнге қанағаттандырылмай қалған кредиторлар талаптарының сомасы; 

6) банкротқа бес жыл бойы қарыз (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) беруге тыйым салу, сондай-ақ одан банктік қарыз және микрокредит беру шарттары бойынша кепіл, кепілдік және кепілгерлік түрінде қамтамасыз етуді қабылдаудан бас тарту; 

7) осы баптың 2-тармағында көзделген өтінішхатта көрсетілген сомаларды төлеу; 

8) уәкілетті органға "электрондық үкімет" веб-порталында сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы хабарландыру орналастыруды тапсыру туралы нұсқаулар қамтылады. 

7. Сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау және банкроттың сот арқылы банкроттық рәсімі барысында орындалмай қалған міндеттемелерін тоқтату туралы шешімде: 

1) қаржы басқарушысының қорытынды есебін бекіту; 

2) сот арқылы банкроттық рәсімін аяқтау; 

3) қаржы басқарушысының өкілеттіктерін тоқтату; 

4) осы Заңның 46-бабында көрсетілген міндеттемелерді қоспағанда, банкроттың сот арқылы банкроттық рәсімінің қорытындылары бойынша орындалмай қалған міндеттемелерін тоқтату; 

5) бес жыл бойы қарыздар (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру жөнінде мәмілелер жасасуға тыйым салу; 

6) осы баптың 2-тармағында көзделген өтінішхатта көрсетілген сомаларды төлеу туралы нұсқаулар қамтылады.



45-бап. Банкроттың міндеттемелерін тоқтатудан бас тартуға негіз болып табылатын мән-жайлар

Банкроттың міндеттемелері мынадай мән-жайлардың бірі немесе бірнешеуі болса: 

1) борышкер жалған ақпарат берсе және (немесе) өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі мен міндеттемелері туралы ақпаратты, оның ішінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдану туралы арыз берген кезде жасырса; 

2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдері барысында борышкер мүлікті, оның бір бөлігін және (немесе) ол туралы ақпаратты жасырса не қаржы басқарушысына, сотқа немесе уәкілетті органға өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі мен міндеттемелері туралы мәліметтер алуда кедергі жасаса және (немесе) қаржы басқарушысының заңды талаптарын орындамаса және (немесе) оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына өзге де түрде кедергі жасаса; 

3) борышкер берешектің мөлшерін ұлғайтса немесе өзінің қаржылық жағдайын, оның ішінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдері барысында мүлікті иеліктен шығару, өзіне жаңа міндеттемелер қабылдау жолымен кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып нашарлатса; 

4) борышкер банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл бойы активтерді кредиторларға залал келтіре отырып азайтса; 

5) борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдері барысында, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдану туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл бойы бір кредиторға басқалардың алдында негізсіз артықшылық көрсетсе немесе кредиторларға залал келтіретін өзге де әрекеттерді жасаса; 

6) борышкер әдейі банкроттыққа кінәлі деп танылса; 

7) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдеріне бастамашылық жасау жөніндегі немесе оны жүргізу барысындағы әрекеттерін (әрекетсіздігін) кредиторлар алдындағы жауапкершіліктен жалтару тәсілі ретінде бағалауға мүмкіндік беретін, соттың қалауы бойынша өзге де мән-жайлар болса, тоқтатылмайды.

46-бап. Банкроттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдері аяқталғаннан кейін тоқтатылуға жатпайтын міндеттемелері

Мыналар: 

1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алименттерді алуға құқығы бар адамдарға оларды төлеу; 

2) адамның өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу; 

3) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес туындайтын талаптар; 

4) қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіріп алынатын бюджетке төленетін төлемдер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдері аяқталғаннан кейін банкроттың тоқтатылуға жатпайтын міндеттемелері болып табылады.

47-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдері қолданылған, тоқтатылған және аяқталған азаматтардың тізімін уәкілетті органның интернет- ресурсында және "электрондық үкімет" веб-порталында орналастыру

1. Уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында және "электрондық үкімет" веб-порталында: 

1) өздеріне қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылған, тоқтатылған және аяқталған азаматтардың тізімін; 

2) өздеріне қатысты соттардың тиісті ұйғарымдары мен шешімдері заңды күшіне енген азаматтардың тізімін орналастырады. 

Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімінің күші жойылған жағдайларда, азамат тізімнен шығарылады. 

2. Осы бапта көзделген азаматтардың тізімі ай сайын, өткен айдан кейінгі айдың 20-ынан кешіктірілмей жаңартылады.

48-бап. Қаржылық жағдайға мониторинг жүргізу

1. Уәкілетті орган соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде борышкердің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді. 

Бұл ретте қаржылық жағдай мониторингінің шеңберінде борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтаруы мақсатында жеке мүдделері үшін жасаған әрекеттеріне тексеру жүзеге асырылады, оның нәтижелері рәсімді тоқтатуға немесе банкроттың міндеттемелерін тоқтатудан бас тартуға негіз болуы мүмкін. 

2. Борышкер банкрот деп танылғаннан кейін үш жыл бойы уәкілетті орган банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді. 

Банкроттың қаржылық жағдайына мониторингті кредиторлар да жүргізуге құқылы. 

Банкроттың мемлекеттік тіркелуге жататын мүлікті, оның ішінде ортақ бірлескен мүлікті сатып алу фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті орган кредиторларға банкроттың қаржылық жағдайына мониторингтің нәтижелерін жібереді. 

Кредиторлар уәкілетті органнан ақпаратты алған кезде сотқа борышкерді банкрот деп танудың күшін жою және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес банкроттық рәсімін қайта бастау туралы жүгінуге құқылы. 

4-тарау. БІТІМГЕРШІЛІК КЕЛІСІМ



49-бап. Бітімгершілік келісім жасасу шарттары

1. Сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізудің кез келген сатысында борышкер мен кредиторлар бітімгершілік келісім жасасуға құқылы. 

2. Бітімгершілік келісімде көзделген құқықтар мен міндеттерді өзіне қабылдайтын үшінші тұлғалардың бітімгершілік келісімге қатысуына жол беріледі. 

3. Бітімгершілік келісімді сот бекітеді. 

Сот бітімгершілік келісімді бекіту кезінде бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарым шығарады, онда сот арқылы банкроттық рәсімінің тоқтатылатыны және борышкерге қатысты сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімнің орындалуға жатпайтыны көрсетіледі. 

4. Бітімгершілік келісім соттың оны бекіту туралы ұйғарымы күшіне енген күннен бастап күшіне енеді және борышкер, кредиторлар және бітімгершілік келісімге қатысатын үшінші тұлғалар үшін міндетті болып табылады. 

5. Күшіне енген бітімгершілік келісімді орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді. 

6. Сот бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарған жағдайда, бітімгершілік келісім жасалмаған деп есептеледі. 

Соттың бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы жаңа бітімгершілік келісімді жасасуға кедергі болмайды. 

7. Борышкер және (немесе) кредиторлар және (немесе) үшінші тұлғалар бітімгершілік келісімнің шарттарын орындамаған жағдайда, бітімгершілік келісім сот шешімі бойынша бұзылуы мүмкін. 

8. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымына, сол сияқты соттың бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарымына Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы (наразылық келтірілуі) мүмкін. 

9. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымының күшін жою сот арқылы банкроттық рәсімін қайта бастауға негіз болып табылады. 

Соттың бітімгершілік келісімді бекіту немесе бітімгершілік келісімді бұзу туралы ұйғарымының күшін жою туралы шешім қабылдаған сот соттың актісінде сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану (қайта бастау) жөнінде іс қозғау туралы көрсетуге міндетті. 

10. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымының күші жойылған немесе бітімгершілік келісім бұзылған және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайда, өздеріне қатысты бітімгершілік келісім жасалған кредиторлар талаптарының көлемі бітімгершілік келісімде белгіленген шарттар ескеріле отырып айқындалады.

50-бап. Бітімгершілік келісімнің мазмұны

1. Бітімгершілік келісім, оның ішінде: 

1) борышкердің міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыру және (немесе) бөліп төлеу; 

2) борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беру; 

3) борышкердің міндеттемелерін үшінші тұлғалардың орындауы; 

4) борышты аудару; 

5) кредиторлардың талаптарын Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қанағаттандыру шарттарымен жасалуы мүмкін. 

2. Бітімгершілік келісімде борышкер міндеттемелерінің мөлшері, оларды орындау тәртібі мен мерзімдері және (немесе) оның міндеттемелерін тоқтату туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. 

3. Бітімгершілік келісімге борышкер мен кредитор (кредиторлар) қол қояды. 

Егер бітімгершілік келісімге үшінші тұлғалар қатысатын болса, бітімгершілік келісімге осы тұлғалар немесе олардың уәкілетті өкілдері де қол қояды. 

4. Бітімгершілік келісімде борышкердің барлық кредитор алдындағы міндеттемелерін орындау тәртібі мен мерзімдері туралы ережелер қамтылуға тиіс.

51-бап. Бітімгершілік келісімді бекітудің салдары

1. Бітімгершілік келісімді бекіту сот арқылы банкроттық рәсімін тоқтатуға негіз болып табылады. 

2. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап қаржы басқарушының өкілеттіктері тоқтатылады. 

3. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап: 

1) борышкер және (немесе) үшінші тұлғалар бітімгершілік келісімнің шарттарына сәйкес кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге кіріседі; 

2) осы Заңның 22-бабына сәйкес борышкерге қолданылған салдар тоқтатылады. 

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР



52-бап. Осы заңды бұзғаны үшін жауаптылық

Осы Заңды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

53-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін 9-баптың 7) және 8) тармақшаларын және 15-баптың 1, 2, 4 және 5-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. 

Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ