Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы

1-бап. Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі

Алатау қаласы осы Конституциялық заңға сәйкес қоғамдық қатынастарды, оның ішінде мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу ерекшеліктерін белгілеуді көздейтін "қарқынды дамитын қала" арнаулы құқықтық режимінде (бұдан әрі – арнаулы құқықтық режим) Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде жұмыс істейді және дамиды.

2-бап. Алатау қаласының аумағы мен қала маңындағы аймағы

1. Алатау қаласының аумағы кішірейтілмеуге тиіс. 

2. Алатау қаласының аумағын Алматы облысы шекараларын ескере отырып ұлғайту Алатау қаласы Кеңесінің (бұдан әрі – Кеңес) шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде жүзеге асырылады. 

3. Алатау қаласын дамыту перспективасын қамтамасыз ету мақсатында арнаулы құқықтық режимнің жекелеген ережелері, оның ішінде қала құрылысын реттеу режимі, жерді пайдалану тәртібі мен режимі қолданылатын Алатау қаласының қала маңындағы аймағы Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

3-бап. Қазақстан Республикасының Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнамасы (бұдан әрі – арнаулы құқықтық режим туралы заңнама) Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Конституциялық заң мен оны іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдардың, Алатау қаласы әкімшілігінің, мәслихаты мен әкімдігінің, Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті атқарушы және өкілді органдарының нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 

2. Егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілері, сондай-ақ оларды іске асыру үшін қабылданған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер арнаулы құқықтық режим туралы заңнамада айқындалған ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Конституциялық заңмен реттелетін қоғамдық қатынастарға қолданылады. 

3. Арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың ережелері мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің ережелері арасында қайшылықтар болған кезде Қазақстан Республикасы Конституциясының және арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың ережелері қолданылады. 

Арнаулы құқықтық режим туралы заңнама мәтінінің мазмұнын әртүрлі түсіну ықтималдығы кезінде арнаулы құқықтық режимді енгізудің тарихи алғышарттары ескеріле отырып, оның мақсаты мен міндеттеріне барынша сай келетін түсіндіруге артықшылық беріледі. 

4. Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың нормаларына қайшы келетін не Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға, мемлекеттік басқаруға және Алатау қаласында қызмет пен қызмет әрекетін жүзеге асыруға қойылатын қосымша талаптарды белгілейтін нормалары осы Конституциялық заң мен арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін өзге де нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін ғана осындай қатынастарға қолданылуы мүмкін. 

5. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Конституциялық заңнан басым болады. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады. 

Инвестициялар, кәсіпкерлік қызметті жүргізу, Алатау қаласында қызмет әрекетін ұйымдастыру мен мемлекеттік басқару және (немесе) оның тыныс-тіршілігі мен оны дамыту мәселелерін қозғайтын, Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттар мен Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларына қол қойылғанға дейін олар әкімшілікпен міндетті түрде келісілуге тиіс.

4-бап. Осы Конституциялық заңмен реттелетін қатынастар

1. Осы Конституциялық заң мен оның негізінде қабылданатын, арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін өзге де нормативтік құқықтық актілер Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға және онда қызмет пен қызмет әрекетін жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді. 

2. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Конституциялық заңмен реттелетін қоғамдық қатынастардың қатысушылары болады. 

3. Егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, оның қолданылуы және арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін өзге де нормативтік құқықтық актілердің қолданылуы мыналармен: 

1) елдің қорғаныс қабілетін және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы, Қазақстан Республикасының сыртқы барлау туралы, қарсы барлау қызметі туралы, жедел-іздестіру қызметі туралы, ұлттық қауіпсіздік туралы, прокуратура туралы, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі туралы, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы, аумақтық қорғаныс саласындағы, терроризмге қарсы іс-қимыл туралы, экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы, адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы заңнамасымен; 

2) Қазақстан Республикасының азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне, дербес деректерге қатысты заңнамасымен, Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасымен; 

3) Қазақстан Республикасының қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару заңнамасымен; 

4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасымен; 

5) Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасымен; 

6) Қазақстан Республикасының сайлау және республикалық референдум туралы заңнамасымен; 

7) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы, аудиторлық қызмет туралы, бағалау қызметі туралы, коллекторлық қызмет туралы, акционерлік қоғамдар, инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасымен; 

8) Қазақстан Республикасының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың және олардың зардаптарының алдын алу және оларды жою, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, Қазақстан Республикасының азаматтық қорғанысын құру және оның жұмыс істеуі, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру, сақтау және пайдалану, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын ұйымдастыру және олардың қызметі, сондай-ақ азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы мәселелері жөніндегі заңнамасымен; 

9) инвестициялар, кәсіпкерлік қызметті жүргізу, Алатау қаласында қызмет әрекеті мен мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру, оның тыныс-тіршілігі және қала құрылысын дамыту мен инфрақұрылымдық даму мәселелерін қозғамайтын Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен реттелетін қоғамдық қатынастарға қолданылмайды.

5-бап. Осы Конституциялық заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

1. Осы Конституциялық заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 

1) Алатау қаласының басым салалары – Алатау қаласының даму стратегиясын ескере отырып, әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде басым секторлар ретінде айқындалған Алатау қаласы экономикасының секторлары; 

2) Алатау қаласының жер қоры – арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындау және оны дамыту мақсатында осы Конституциялық заңға сәйкес қалыптастырылатын жеке жер қоры; 

3) Алатау қаласының заңнамасы – осы Конституциялық заң мен оның негізінде қабылданған Алатау қаласы әкімшілігінің, мәслихаты мен әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерінен тұратын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жиынтығы; 

4) Алатау қаласының органдары – Алатау қаласын мемлекеттік басқару органдары; 

5) Алатау қаласының стандарттары – Алатау қаласының заңнамасына сәйкес қолданылатын Алатау қаласының міндетті стандарттары; 

6) Алатау резиденті – осы Конституциялық заңға және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тиісті құқықтық мәртебе берілген жеке немесе заңды тұлға. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған жағдайларда әкімшілік, әкімшіліктің органдары Алатаудың резиденттері болып танылады; 

7) әкімшілік – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған, функцияларын осы Конституциялық заңға сәйкес жүзеге асыратын заңды тұлға; 

8) әкімшіліктің актілері – осы Конституциялық заң мен әкімшілік туралы ережеге сәйкес өз құзыреттері шегінде қабылданатын әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері және әкімшіліктің немесе әкімшілік органдарының нормативтік емес құқықтық актілері; 

9) әкімшіліктің бюджеті – әкімшіліктің мемлекеттік қазынашылықта ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты мен әкімшіліктің осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын және арнаулы құқықтық режим туралы заңнамада белгіленген құзырет шегінде әкімшілік пен әкімшілік органдарының қызметін қаржылық қамтамасыз етуге арналған екінші деңгейдегі банктердегі шоттарын біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры; 

10) әкімшіліктің органдары – әкімшіліктің жекелеген өкілеттіктерін беру мақсатында әкімшілік Алатау қаласында оқшауланған ұйымдар түрінде құратын әкімшілік органдар; 

11) бизнес-лицензия – Алатау резидентінің Алатау қаласы аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын және осындай қызметті жүргізудің рұқсат етілген түрлері мен шарттарын айқындайтын құжат; 

12) бизнес-лицензиялау – бизнес-лицензияны беруге және соған қатысты Алатау қаласының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттер жасауға байланысты іс-шаралар мен әрекеттер кешені; 

13) бюджеттің өзіне жеткілікті болуы – Алатау қаласындағы көздерден қалыптастырылатын түсімдер сомасы қатарынан бес жыл бойы Алатау қаласының ағымдағы шығыстары мен оны дамытуға арналған шығыстардан асып түсетін Алатау қаласы жиынтық бюджетінің жай-күйі; 

14) инвестициялар – пайда алу мақсатының болуына немесе болмауына қарамастан, Алатау қаласының заңнамасына сәйкес Алатау қаласының аумағында осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілген күннен бастап инвестор салатын (салған) мүліктік игіліктер мен құқықтардың барлық түрлері, оның ішінде: 

ақша, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ сервитуттан, кепілдіктен, кепілгерліктен, ипотекадан, кепілден, жалға алудан туындайтын басқа да мүліктік құқықтар және өзге де осыған ұқсас құқықтар; 

облигациялар мен акциялар, бағалы қағаздар мен борыштық міндеттемелердің басқа да түрлері, пайлар, үлестік қатысу немесе заңды тұлғаға қатысудың кез келген ұқсас нысандары; 

ақшалай талаптар, жұмыстарды орындау немесе экономикалық құндылығы бар кез келген өзге талап ету құқығы; 

зияткерлік меншік құқықтары, зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелеріне құқықтар, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалатын авторлық және сабақтас құқықтар, патенттер, өнертабыстар, өнеркәсіптік үлгілер, пайдалы модельдер, тауар белгілері немесе қызмет көрсету белгілері, фирмалық атаулар, сондай-ақ іскерлік бедел (гуд-вилл), техникалық процестер мен ноу-хау; 

заң, лицензия немесе шарт негізінде, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде берілген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналған кез келген құқықтар; 

15) инвестициялық дау – мыналардың: 

инвестицияларды қорғау туралы ережелерді (экспроприациядан қорғауды және сот төрелігінен бас тартуды қоса алғанда) Қазақстан Республикасының бұзуына байланысты инвестор мен Қазақстан Республикасының; 

Алатаудың резидент заңды тұлғасындағы қатысу үлестерін (акцияларын) иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге қатысты Алатаудың осындай резидент заңды тұлғасының қатысушысы (акционері) болатын инвестор мен әкімшілік органның; 

инвестициялық жобаны іске асыруға байланысты туындайтын, инвестор мен әкімшіліктің және (немесе) өзге де әкімшілік органдардың атынан Қазақстан Республикасының арасындағы кез келген дау, оның ішінде мыналарға: 

әкімшіліктің немесе өзге де әкімшілік органдардың инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын әкімшілік әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе әкімшілік актілеріне; 

инвесторлардың инвестициялық жобаны іске асыру барысында Алатау қаласы заңнамасының ережелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) байланысты дау; 

16) инвестициялық жоба – Алатаудың резидент заңды тұлғасының Алатау қаласының басым саласында және тиісті бизнес-лицензияда, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін – тиісті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған құнға, мерзімдерге және өзге де талапарға сәйкес инвестицияларды жүзеге асыруын көздейтін жоба; 

17) инвестор – осы Конституциялық заңға сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын, меншік нысанына қарамастан, қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес тиісті түрде құрылған немесе ұйымдастырылған заңды тұлға және жеке тұлға; 

18) инфрақұрылым сапасы жоғары елдер – әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын, өнімнің, жұмыстардың, процестер мен көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі реттеуші талаптар жүйесінің тиімді жұмыс істеуі мен сақталуын қамтамасыз ететін тиісті салалардағы инфрақұрылым сапасы жоғары шет мемлекеттер немесе олардың жекелеген өңірлері; 

19) Кеңес – әкімшіліктің жоғары басқару органы болатын Алатау қаласының Кеңесі, оның мүшелерінің құрамы мен санын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды; 

20) реттеп лицензиялау – реттеуші лицензияны беруге және соған қатысты Алатау қаласының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жасауға байланысты іс-шаралар мен әрекеттер кешені; 

21) реттеуші лицензия – белгіленген біліктілік талаптарына және өзге де талаптарға сәйкес келген жағдайда, Алатау резидентінің мемлекет тарапынан реттелуге тиіс белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыру құқығын растайтын құжат; 

22) реттеуші рұқсат – әкімшілік органның тұлғаға эксперименттік құқықтық режимге қатысуға, сондай-ақ жекелеген операцияны жасауға, жеке жобаны іске асыруға не Алатау қаласының аумағында өзге де нақты әрекеттер жасауға құқық беретін құжаты немесе шешімі; 

23) рұқсат беру рәсімі – реттеуші рұқсатты беруге және соған қатысты Алатау қаласының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жасауға байланысты іс-шаралар мен әрекеттер кешені; 

24) рұқсат етілетін электрондық цифрлық қолтаңбалар – Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасына сәйкес танылатын электрондық цифрлық қолтаңбалар, сондай-ақ әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және өлшемшарттар сақталған кезде Алатау қаласының заңнамасы бойынша пайдалануға рұқсат етілетін шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбалар; 

25) салықтық преференция – инвестициялық жобаны іске асыру үшін Алатау резидентіне берілген, мөлшерлемені төмендету, бір немесе бірнеше салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден ішінара немесе толық босату, салық салу объектісін және (немесе) салықтық базаны, салық салу объектісінің немесе салықтық базаның қосымша шегерімдерін, түзетулерін өзгерту түріндегі Алатау қаласында белгіленген жалпы салық режимінен ауытқу; 

26) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы рұқсат етілетін практикалар (бұдан әрі – рұқсат етілетін практикалар) – қызметті лицензиялаған кезде Алатау қаласында қолданылуына рұқсат етіледі деп танылған халықаралық құрылыс нормалары мен қағидалары, халықаралық стандарттар, өңірлік стандарттар, шет мемлекеттердің стандарттары, стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдардың, стандарттау жөніндегі өңірлік ұйымдардың және (немесе) шет мемлекеттердің техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары не шет мемлекеттер сәулетшілерінің, жобалаушыларының, құрылысшыларының және (немесе) инженерлерінің кәсіптік қауымдастықтары мен өзге де ұйымдарының стандарттары; 

27) халықаралық жобалау құжаттамасы – осы Конституциялық заңға және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес танылатын, тиісті лицензиясы немесе өзге де ұқсас рұқсат құжаты бар шетелдік жобалаушының рұқсат етілетін практикаларға сәйкес әзірлеген жобалау құжаттамасы; 

28) шетелдік жұмыскер – Алатау қаласында, оның ішінде корпоративішілік ауысу шеңберінде еңбек қызметін жүзеге асыру үшін Алатаудың резидент заңды тұлғасы тартатын шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам. 

2. Осы бапта көрсетілмеген басқа да ұғымдар осы Конституциялық заңның тиісті баптарында айқындалатын мағыналарында, ал мұндай анықтама болмаған жағдайда әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде пайдаланылады. 

3. Егер осы Конституциялық заңда немесе әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, осы Конституциялық заңда пайдаланылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа салаларындағы ұғымдар мен олардың анықтамалары Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мағыналарында қолданылады. 

4. Осы Конституциялық заң мен Алатау қаласы заңнамасының өзге де актілеріндегі ұғымдар мен олардың анықтамалары Алатау қаласындағы қатынастарды реттеуге және мемлекеттік басқаруға қатысты Қазақстан Республикасының басқа нормативтік құқықтық актілеріндегі ұғымдар мен олардың анықтамаларына сәйкес келмеген кезде осы Конституциялық заң мен Алатау қаласы заңнамасының өзге де актілерінде қабылданған ұғымдар мен олардың анықтамалары пайдаланылады.

6-бап. Арнаулы құқықтық режимнің мақсаты

Арнаулы құқықтық режимнің мақсаты – Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны қарқынды дамыту үшін жеке инвестицияларға Қазақстан Республикасы экономикасының сапасын арттыруға жәрдемдесетін, жетілдірілген құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық жағдайлар жасау.

7-бап. Арнаулы құқықтық режимнің міндеттері

Арнаулы құқықтық режимнің мақсатына қол жеткізу мынадай міндеттерді шешу арқылы іске асырылады: 

1) Алатау қаласының халықаралық маңызы бар экономикалық, технологиялық, ғылыми-білім беру, сауда-ойын-сауық және инвестициялық орталық ретінде қалыптасуы үшін жағдайлар жасау; 

2) Алатау қаласында адами капиталды, инвестициялар мен технологияларды жедел түрде тарту мен дамытуды қамтамасыз ететін дербес құқықтық және әкімшілік режимді қалыптастыру және ұзақ мерзім бойы қолдап отыру; 

3) Алатау қаласын дамыту үшін инвестициялардың кепілдіктері мен құқықтық қорғалу деңгейін арттыру; 

4) "ақылды қала" құру және Алатау қаласын экономикалық тұрғыдан дамыту мақсатында ғылым мен техниканың озық жетістіктерін, технологиялық инновацияларды, тәсілдер мен практикаларды қолдану; 

5) озық реттеуші практикалар мен қалалық ортаны жергілікті басқару практикаларын қолдану.

8-бап. Арнаулы құқықтық режимнің қағидаттары

1. Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамыту, онда қызметті және қызмет әрекетін жүзеге асыру, оның ішінде әкімшілік органдардың процестерді реттеуі мен басқаруы арнаулы құқықтық режимнің мынадай қағидаттары негізінде жүзеге асырылады: 

1) ашықтық; 

2) аумақтылық; 

3) "бірыңғай терезе"; 

4) цифрлық басымдылық; 

5) субсидиарлық; 

6) тұрақтылық; 

7) қаржылық орнықтылық; 

8) жеке инвестициялардың басымдығы. 

2. Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органдарының, әкімшіліктің, өзге де мемлекеттік органдардың нормативтік емес құқықтық актілерін қабылдау кезінде көрсетілген қағидаттарды жеке-жеке немесе жиынтығында бұзу, егер бұл елеулі бұзушылық болса, мұндай актілерді заңсыз деп тануға және оларды қабылдаған органның, жоғары тұрған органның (бар болса) немесе соттың олардың күшін жоюына алып келеді.

9-бап. Ашықтық қағидаты

1. Алатау қаласының әкімшілігі, әкімдігі және мәслихаты Алатау қаласының тыныс-тіршілігі туралы, сондай-ақ өздері қабылдаған шешімдер мен актілер туралы ақпаратты әкімшіліктің интернет-ресурсында және (немесе) әкімшілік айқындаған өзге де цифрлық объектіде ашық қолжетімділікте орналастыру арқылы барлық мүдделі тұлғалар үшін олардың ашықтығы мен қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. 

2. Алатау қаласы органдарының нормативтік құқықтық және өзге де актілері осы баптың 1-тармағына сәйкес ашық қолжетімділікте орналастырылғанға дейін күшіне енбейді. 

3. Инвестициялық міндеттемелердің сомалары мен берілген жеңілдіктер туралы, тиісті бизнес-лицензияда, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін – тиісті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған, инвестициялық жобаны іске асыру шеңберіндегі босатулар мен преференциялар туралы мәліметтер құпия ақпаратқа жатпайды және ашық қолжетімділікте орналастырылуға тиіс. 

4. Әкімшілік Алатау қаласын дамыту туралы жылдық есепті Кеңес бекіткеннен кейін бір айдың ішінде әкімшіліктің интернет-ресурсында жария түрде орналастыруды қамтамасыз етеді.

10-бап. Аумақтылық қағидаты

Осы Конституциялық заң, Алатау қаласы органдарының актілері Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға және Алатау қаласында қызмет пен қызмет әрекетін жүзеге асыруға байланысты қатынастарға ғана қолданылады. 

Осы Конституциялық заң, Алатау қаласы әкімшілігінің нормативтік құқықтық актілері мен әкімшілік және мемлекеттік органдардың шешімдері Алатау қаласының шегінен тысқары жерлердегі қызмет бойынша қатынастарға, мұндай қатынастар арнаулы құқықтық режимнің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес Алатау қаласынан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізуге, Алатау қаласының жер қорын қалыптастыруға, қала маңындағы аймақтың қызметін реттеуге, Алатау қаласының тыныс-тіршілігін және оны дамытуды қамтамасыз ететін көліктік, энергетикалық, ақпараттық-коммуникациялық және өзге де инфрақұрылымды дамытуға тікелей байланысты болатын шамада ғана қолданылады. 

Алатау қаласының шегінен тысқары жерлерде осы Конституциялық заңмен реттелетін қоғамдық қатынастарға қатысушыларға арнаулы құқықтық режимді қолдану жағдайлары Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

11-бап. "Бірыңғай терезе" қағидаты

Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға басшылық ету, әкімшіліктің өзі реттейтін мәселелер бойынша, оның ішінде тіркеу, есепке алу, аккредиттеу, бизнес-лицензиялау, реттеп лицензиялау, рұқсаттар, сертификаттар беру, ақпарат ұсыну бойынша қызметтер көрсетуі, сондай-ақ оның Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға, Алатау қаласында кәсіпкерлік қызметті және осы Конституциялық заңмен және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін өзге де қызметті жүргізуге қатысты мәселелер жөніндегі қызметке мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізуі цифрлық жүйелерді пайдалану арқылы "бірыңғай терезе" қағидаты бойынша орталықтандырылған түрде жүзеге асырылады.

12-бап. Цифрлық басымдылық қағидаты

1. Алатау қаласының қауіпсіздігін, "ақылды қала" ретіндегі тиімді тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды қамтамасыз ету мақсатында қалалық шаруашылық объектілері, абаттандыру, инженерлік, көліктік, тұрғын үй-коммуналдық және өзге де инфрақұрылым элементтері бойынша, сондай-ақ қалалық ортаның қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелері арқылы жиналатын, өңделетін және пайдаланылатын барлық деректер Алатау қаласының қалалық кеңістігін басқарудың бірыңғай қалалық цифрлық платформасына (бұдан әрі – бірыңғай қалалық цифрлық платформа) интеграциялануға тиіс. 

Бірыңғай қалалық цифрлық платформаны қалыптастыру, оның жұмыс істеуі мен оны дамыту тәртібі, деректерді қорғау мен олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар, оларға қол жеткізу шарттары, сондай-ақ жалпыға қолжетімді, қолжетімділігі шектеулі және құпия деректерге жатқызылған деректер тізбесі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады. 

Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, бірыңғай қалалық цифрлық платформаға интеграцияланған деректер олардың құқық иеленушісінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға берілмейді. 

Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, көрсетілген ақпаратқа қолжетімділік Алатау қаласын орнықты дамыту мақсаттарына қол жеткізу, өмір сүру сапасын арттыру және инновациялық экономиканы дамыту үшін қажет шамада әкімшілік органдарға, Алатау резиденттеріне, Алатау қаласында тіркелген өзге де заңды тұлғаларға қамтамасыз етілуге тиіс. 

2. Алатау қаласының аумағында немесе оған қатысты әзірленетін немесе пайдаланылатын кез келген жүйелер мен технологиялар Алатау қаласының стандарттарына және әкімшілік белгілеген деректерді интеграциялау хаттамаларына сәйкес келуге тиіс. 

3. Алатау қаласындағы ішкі әкімшілік рәсімдер, конклюденттік емес әкімшілік әрекеттер мен әкімшілік актілер құқықтық қатынастар субъектілерінің цифрлық ортада өзара іс-қимыл жасау арналары бойынша бастапқыдан цифрлық форматта құрылады, жүзеге асырылады және пайдаланылады. 

4. Егер Алатау қаласындағы әкімшілік рәсімдер және конклюденттік емес әкімшілік актілер мен әкімшілік әрекеттер Алатау қаласының әкімшілік актілері, рәсімдер мен әрекеттер репозиторийінде ашық цифрлық түрде орналастырылмаса, олар жарамсыз болады. 

5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарының ережелері төтенше жағдай режимі, төтенше немесе әскери жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Алатау қаласы цифрлық объектілерінің жұмыс істеуінде әкімшілік рәсімдер жасау, әрекет ету немесе цифрлық нысанда нормативтік құқықтық актілерді қабылдау мүмкіндігін болғызбайтын іркілістер болған кезде қолданылмайды. Мұндай жағдайларда аталған рәсімдер, әрекеттер мен актілер кейіннен міндетті түрде Алатау қаласының әкімшілік актілері, рәсімдер мен әрекеттер репозиторийіне ашық цифрлық түрде орналастырылуға тиіс.

13-бап. Субсидиарлық қағидаты

1. Егер арнаулы құқықтық режимнің мақсатына қол жеткізу және міндеттерін орындау үшін Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамыту туралы мәселелерді шешу Алатау қаласының органдары үшін қажетті актілерді қабылдауда және республикалық деңгейде әрекеттер жасауда Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жәрдемдесуін талап етпесе ғана, осы Конституциялық заңға сәйкес Алатау қаласындағы қатынастарды реттеу және мемлекеттік басқару Алатау қаласы органдарының дербес артықшылығы болады. 

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік органдар, Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті мемлекеттік басқару органдары, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері арнаулы құқықтық режимнің мақсатына қол жеткізу және міндеттерін орындау үшін Алатау қаласын дамытуға және оның органдарына жәрдемдесуге міндетті.

14-бап. Тұрақтылық қағидаты

1. Алатау қаласының заңнамасын өзгерту Алатау резиденттеріне осы өзгерістерге бейімделу, олардың құқықтық салдары мен құқықтық айқындылығын болжау мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. 

2. Алатау қаласының заңнамасын өзгерту немесе оның күшін жою Алатау қаласының заңнамасына сәйкес бұрын жасалған шарттар бойынша азаматтық-құқықтық міндеттемелерді өзгертуге алып келмейді. 

3. Алатау қаласы заңнамасының өзгерістері қолданысқа енгізілгенге немесе олардың күші жойылғанға дейін Алатау қаласының заңнамасына сәйкес берілген бизнес-лицензиялардың, реттеуші лицензиялардың, реттеуші рұқсаттар мен тіркеулердің және оларда көзделген қызметті (бұдан әрі – бұрын рұқсат етілген қызмет) жүзеге асыру шарттарының қолданысы сақталады. 

4. Егер Алатаудың резидент заңды тұлғаларының инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша жаңа реттеуші талаптарды жүктейтін немесе оларды іске асыру жағдайларын өзгеше түрде нашарлататын Алатау қаласы заңнамасының өзгерістері қаржылық орнықтылық қағидатын, адамның өмірі мен денсаулығын қорғауды, қоршаған ортаны қорғауды немесе Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету мақсатында ғана қолданысқа енгізілген болса, мұндай өзгерістер бұрын рұқсат етілген қызметке қолданылуы мүмкін. 

Көрсетілген өзгерістерді қолдану тек қана нақты инвестициялық жоба бойынша қабылданған және тиісті бизнес-лицензияға, реттеуші лицензияға, реттеуші рұқсатқа, тіркеуге қажетті өзгерістер енгізуді көздейтін әкімшіліктің уәжді әкімшілік актісі (ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт) негізінде жүргізіледі. 

Алатау қаласы заңнамасының осындай жаңа реттеуші талаптарын бұрын рұқсат етілген қызметке қолдану тиісті талаптардың сипаты мен көлемі, олардың жүзеге асырылатын қызметке әсер ету дәрежесі, сондай-ақ технологиялық, ұйымдастырушылық, қаржылық және өзге де процестерді бейімдеу қажеттігі ескерілген мерзімге белгіленетін өтпелі кезеңді көздеуге тиіс. 

Алатау резиденті көрсетілген өтпелі кезең ішінде Алатау қаласы заңнамасының тиісті өзгерістері қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған шарттарда бұрын рұқсат етілген қызметті жүзеге асыруды жалғастыруға құқылы. 

5. Осы баптың 4-тармағының ережелері салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу, өзгерту, олардың күшін жою, есептеу және төлеу тәртібі жөніндегі қатынастарға, сондай-ақ салықтық міндеттемені орындауға байланысты қоғамдық қатынастарға қолданылмайды.

15-бап. Қаржылық орнықтылық қағидаты

1. Алатау қаласының заңнамасы және Алатау қаласының мемлекеттік және әкімшілік органдарының актілері Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысы мен қаржы жүйесінің орнықтылығын бұзбауға тиіс. 

2. Алатау қаласында оның аумағындағы Алатау қаласын дамытуға негіз болатын және Қазақстан Республикасының өзге аумағында салық түсімдерінің төмендеуіне алып келмейтін экономикалық қызметті ынталандыру мақсатында салықтық преференциялар беріледі. 

3. Валюталық операцияларға, цифрлық активтермен операциялар жасауға, сондай-ақ Алатау резиденттерінің міндеттемелерді шетел валютасында не цифрлық активтерде қабылдауына және (немесе) орындауына тек қана Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті жүзеге асыру мақсатында жол беріледі және олар Қазақстан Республикасының өзге аумағындағы қызметті қаржыландыру үшін пайдаланылмауға тиіс. 

4. Алатау қаласында салықтық преференцияларды қолдануды, валюталық операцияларды, цифрлық активтермен операцияларды және қаржы-экономикалық артықшылықтардың басқа да нысандарын теріс пайдалануға бағытталған, сол сияқты көрсетілген артықшылықтарды тағайындауға қайшы түрде жасалған операциялар мен мәмілелер әкімшіліктің немесе Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

16-бап. Жеке инвестициялардың басымдығы қағидаты

Алатау қаласын дамыту жеке инвестициялардың және олар үшін қолайлы әрі орнықты нормативтік құқықтық және өзге де институционалдық жағдайлар жасау есебінен жүзеге асырылады. 

Алатау қаласындағы бюджеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектор инвестициялары мемлекетке немесе тиісінше квазимемлекеттік сектор ұйымына тиесілі тек қана көліктік, коммуналдық, энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жүзеге асырылуы мүмкін. 

2-тарау. АЛАТАУ ҚАЛАСЫН МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ



17-бап. Алатау қаласы органдарының жүйесі

Алатау қаласының органдары: 

1) әкімшілік және ол құратын әкімшілік органдары; 

2) мәслихат; 

3) әкімдік.

18-бап. Әкімшіліктің құқықтық жағдайы

1. Әкімшіліктің құқықтық жағдайы, мәртебесі, қызметінің ұйымдық-құқықтық нысаны мен режимі осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленеді. 

Әкімшілік пен әкімшілікті басқару қызметінің осы Конституциялық заңда айқындалмаған ерекшеліктері әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен немесе әкімшілік туралы ережемен реттеледі. 

2. Әкімшілік – Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды мемлекеттік басқару және оған басшылық ету, сондай-ақ осы саладағы нормативтік құқықтық реттеу функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган. 

Әкімшілік өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, осы Конституциялық заңды, әкімшілік туралы ережені, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарын және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын басшылыққа алады. 

3. Әкімшілік – қызметін арнаулы басқару ұйымының ұйымдық-құқықтық нысанында жүзеге асыратын мүше болмайтын коммерциялық емес ұйым. 

4. Әкімшілік қызметін Кеңес бекітетін ереженің негізінде жүзеге асырады. Ереже – әкімшіліктің құрылтай құжаты. 

Әкімшілік туралы ережеде әкімшіліктің мақсаттары мен қызмет түрлері, әкімшіліктің өкілеттіктері, әкімшіліктің басқару органдарының құзыреті, оларды қалыптастыру тәртібі және Кеңес айқындайтын өзге де ережелер қамтылады. 

5. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндіріп алуға болмайтын мүлікті, сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты есебінен құрылған (сатып алынған) не Қазақстан Республикасының атынан иелену, пайдалану және билік ету құқықтарын жүзеге асыру үшін әкімшілікке берілген мүлікті қоспағанда, әкімшілік өз міндеттемелері бойынша өзінің барлық мүлкімен жауап береді. 

6. Әкімшілік Қазақстан Республикасының міндеттемелері бойынша жауап бермейді. 

7. Әкімшіліктің шешімдерін іске асыруды және оның қызметіне басшылық етуді әкімшіліктің бас атқарушы директоры және бес жылға тағайындалатын оның орынбасарлары жүзеге асырады. 

8. Әкімшіліктің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өз атауы жазылған мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының қазынашылық органдарында шоттары болады, сондай-ақ ол екінші деңгейдегі банктерде, шетелдік банктерде және басқа да қаржы ұйымдарында шоттар ашуға құқылы. 

Әкімшілік мемлекеттік мүлік болып саналатын қаражатты шетелдік банктердегі және басқа да шетелдік қаржы ұйымдарындағы шоттарда орналастыруға құқылы емес. 

9. Әкімшілік банкроттыққа жатпайды. 

10. Әкімшіліктің кіріс әкелетін қызметті ол арнаулы құқықтық режимнің мақсаты мен әкімшілік қызметінің мақсатына қол жеткізуге қызмет ететіндіктен ғана жүзеге асыруға құқығы бар. Әкімшіліктің өз қызметінің нәтижесінде алған кірістері тек қана арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындауға жұмсалады. 

11. Әкiмшiлiктiң мүлкi мүлiктiк жарналар, сатып алу нәтижесiнде немесе заңмен тыйым салынбаған өзге де тәсiлмен қалыптасады. 

Әкімшілік оған иеленуге, пайдалануға және билік етуге берілген, сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты және осы Конституциялық заңда көзделген салықтардан, алымдардан және өзге де міндетті төлемдерден әкімшіліктің бюджетіне түсетін түсімдер есебінен құрылған (сатып алынған) мемлекеттік мүлікке қатысты құқықтарды Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырады. 

Әкімшіліктің мүлкі – осы мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыру үшін әкімшілікке берілген мемлекеттік мүліктен оқшауланған мүлік. Мемлекеттiк мүлiк әкiмшiлiктiң жеке балансында көрсетiледi және оған қатысты әкiмшiлiк бөлек есеп жүргiзедi. 

12. Әкiмшiлiк өз мүлкіне және оған иеленуге, пайдалануға және билiк етуге берiлген мемлекеттiк мүлікке арнаулы құқықтық режимнiң мiндеттерi мен қағидаттарын ескере отырып, әкiмшiлiк туралы ережеде айқындалған мақсаттарда және әкімшілік қызметiнiң шегiнде ғана билiк етуге құқылы. 

13. Әкімшіліктің мүлкін және Қазақстан Республикасының атынан иелену, пайдалану және билік ету құқықтарын жүзеге асыру үшін әкімшілікке берілген мемлекеттік мүлікті қалыптастыру көздері: 

1) әкімшіліктің құрылтайшысы ретінде Қазақстан Республикасы Үкіметінен түсетін түсімдер, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты; 

2) Алатау қаласының коммуналдық мүлкі түріндегі түсімдер; 

3) үшінші тұлғалардың ерікті мүліктік жарналары мен қайырмалдықтары; 

4) әкімшіліктің қызметін жүзеге асырудан алынған кірістер; 

5) дивидендтер (қатысу үлестері, акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар және салымдар (депозиттер) бойынша алынатын кірістер, сыйақы); 

6) осы Конституциялық заңда көзделген салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдер бойынша түсімдер; 

7) Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де көздер. 

14. Әкімшіліктің иеленуіне, пайдалануына және билік етуіне берілуге тиіс Алатау қаласының коммуналдық мүлкінің тізбесі, мұндай берудің мерзімдері мен тәртібі Кеңестің шешімімен бекітіледі. 

15. Әкімшілік осы Конституциялық заңға енгізілетін, әкімшілікті қайта ұйымдастыру немесе тарату тәртібін, сондай-ақ оның мүлкінің заңды тағдырын айқындайтын өзгерістер мен толықтырулар негізінде қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы мүмкін.

19-бап. Әкімшіліктің өкілеттіктері

1. Әкімшілік арнаулы құқықтық режимнің мақсатына, міндеттері мен қағидаттарына сәйкес Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға жауапты мемлекеттік органның стратегиялық, реттеуші, іске асыру және бақылау функцияларын орындайды. 

2. Әкімшілік өзінің жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын және оларға сәйкес келетін құзыреттер мен өкілеттіктерді жүзеге асыруды осы Конституциялық заңның ережелеріне сәйкес беруге құқылы. 

3. Мемлекеттік билік органдары әкімшіліктің, оның лауазымды адамдарының қызметіне, сондай-ақ арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындауға байланысты әкімшілік органдарының қызметіне араласуға құқылы емес. 

4. Әкімшілік пен әкімшіліктің органдары Алатау қаласында "бірыңғай терезе" қағидаты бойынша іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады. 

Егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, көрсетілген қағидатты іске асыру үшін Алатау қаласындағы қызмет бойынша барлық хабарламаларды, тіркеулерді, рұқсаттарды, келісулерді және өзге де әкімшілік әрекеттерді әкімшілік пен әкімшіліктің органдары жүзеге асырады. 

5. Әкімшіліктің мынадай өкілеттіктері болады: 

1) Алатау қаласының стратегиялық құжаттарын бекітеді, олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді; 

2) осы Конституциялық заңға сәйкес басшылықты және нормативтік құқықтық реттеуді жүзеге асырады; 

3) осы Конституциялық заңмен реттелетін қатынастарға байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, олардың лауазымды адамдарымен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен салааралық үйлестіруді жүзеге асырады; 

4) Алатау қаласында кәсіпкерлік және өзге де қызметті жүргізуге байланысты рұқсаттарды, сертификаттарды және өзге де құжаттарды тіркеуді, есепке алуды, аккредиттеуді, бизнес-лицензиялауды, реттеп лицензиялауды, беруді жүзеге асырады; 

5) әкімшілік органдарын құрады; 

6) өкілдіктер құрады, коммерциялық емес және коммерциялық ұйымдар құрады, оларға қатысады; 

7) сотқа талап қоюлар береді, төрелік талқылауға бастамашылық жасайды және Алатау қаласындағы қызметті реттеуге, оның тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға байланысты мәселелер бойынша қабылданған әкімшілік актілердің орындалуын қамтамасыз ететін әкімшілік шараларды жүзеге асырады; 

8) халықаралық даму институттарымен және басқа да коммерциялық ұйымдармен байланыстар орнатады және оларды дамытуды қамтамасыз етеді, осыған байланысты Алатау қаласының басқа органдарының өкілеттіктеріне жататындарды қоспағанда, кез келген келісімдер, шарттар, келісімшарттар жасасады; 

9) әкімшілік туралы ережеде немесе Кеңестің жекелеген шешімдерінде айқындалатын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 

6. Әкімшіліктің бас атқарушы директоры – Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Алатау қаласындағы өкілі.

20-бап. Әкімшіліктің функцияларын беру

1. Әкімшілік осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын жүзеге асыруды әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен және шарттарда әкімшіліктің органдарына, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарына, сондай-ақ аккредиттелген ұйымдарға, аудиторларға және қоғамдық бірлестіктерді қоспағанда, өзге де тұлғаларға (бұдан әрі осы бапта – уәкілетті тұлғалар) беруге құқылы. 

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау функциялары бәсекелес ортаға беруге жатпайды. 

2. Беру уақытша, тұрақты болуы немесе нақты бір әрекетті жүзеге асыру мақсатында болуы мүмкін. 

3. Уәкілетті тұлғалар әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде тікелей көзделген жағдайларда және шектерде шешімдер қабылдауды, ұйғарымдар шығаруды және жауапкершілік шараларын қолдануды қоса алғанда, өздеріне берілген өкілеттіктерді ұсынылған көлем шегінде жүзеге асырады. 

4. Уәкілетті тұлғалар өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде қабылдаған шешімдер әкімшіліктің шешімдері болып есептеледі. 

5. Әкімшілік жекелеген жауапкершілік шаралары мен жедел ден қою шараларын қолдануды тек қана әкімшілік жүзеге асырады деп белгілеуге құқылы. 

6. Қызметті тоқтата тұруға не қызметті өзге де елеулі шектеуге байланысты жедел ден қою шаралары беруге жатпайды. 

7. Беру әкімшіліктің жария өкілеттіктерінің көлемі мен сипатын өзгертпейді және оның уәкілетті тұлғалар шешімдерін қайта қарау, олардың күшін жою не оларды өзгерту құқығын жоққа шығармайды. 

8. Уәкілетті тұлғалар әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

21-бап. Әкімшіліктің басқару органдары

Әкімшіліктің басқару органдары: 

1) Кеңес – әкімшіліктің жоғары алқалы басқару органы; 

2) реттеуші комиссия – Алатау қаласын институционалдық дамытуды қамтамасыз ететін алқалы орган; 

3) бас атқарушы директор – әкімшіліктің қызметіне басшылықты жүзеге асыратын атқарушы орган; 

4) өзге де басқару органдары. 

Әкімшіліктің өзге де басқару органдары, олардың өкілеттіктері, реттеуші комиссияның және әкімшіліктің бас атқарушы директорының өкілеттіктері әкімшілік туралы ережеде және (немесе) жоғарыда көрсетілген басқару органдары туралы ережелерде айқындалады.

22-бап. Кеңес

1. Кеңес – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын әкімшіліктің тұрақты жұмыс істейтін жоғары алқалы басқару органы. 

2. Кеңестің дербес құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. 

3. Кеңестің тәуелсіз мүшелерінің саны Кеңестің барлық мүшелері санының қырық пайызынан кем болмауға тиіс. 

4. Кеңестің негізгі міндеттері: 

1) Алатау қаласының стратегиялық даму бағыттарын айқындау; 

2) арнаулы құқықтық режимнің мақсатына қол жеткізуге және міндеттерін орындауға саяси, әкімшілік, қаржылық және инвестициялық жағынан жәрдемдесу; 

3) арнаулы құқықтық режимнің қағидаттарына сәйкес Алатау қаласын мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруға жәрдемдесу; 

4) Алатау қаласын дамытуды мемлекеттік-жекешелік қаржыландыруды қамтамасыз ету. 

5. Кеңестің құзыретіне мыналар жатады: 

1) әкімшіліктің жағдайын, қызметінің режимін, оны басқару тәртібін, әкімшілік органдарын қалыптастыру тәртібін және әкімшілік пен әкімшілік органдарының мүліктік құқықтарды, оның ішінде оларға мемлекеттік мүлікті иеленуге, пайдалануға және билік етуге берілген мүліктік құқықтарды жүзеге асыруының өзге де ерекшеліктерін айқындау; 

2) Алатау қаласының мәслихатымен келісу бойынша Алатау қаласының әкімін тағайындау; 

3) Алатау қаласы әкімшілігінің бас атқарушы директорын, оның орынбасарларын тағайындау; 

4) әкімшіліктің бюджетін бекіту; 

5) Алатау қаласының дизайн-кодын бекіту; 

6) осы Конституциялық заңмен және Кеңес туралы ережемен құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша реттеуші ережелер түріндегі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерін бекіту; 

7) әкімшіліктің жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын және олармен байланысты құзыреттер мен өкілеттіктерді беру туралы шешім шығару; 

8) әкімшілік бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есеп те қамтылған Алатау қаласын дамыту туралы жылдық есепті бекіту; 

9) әкімшіліктің қаржылық есептілігінің, оның қызметінің тиімділігінің және әкімшіліктің қарамағындағы қаржы қаражатын пайдаланудың сыртқы аудитін жүзеге асыратын халықаралық аудиторлық ұйымды айқындау; 

10) әкімшіліктің өзге де басқару органдарын құру, олардың құрылымын, құзыреті мен өкілеттіктерін айқындау, әкімшіліктің өкілдіктер құруы туралы, оның коммерциялық емес және коммерциялық ұйымдар құруы, оларға қатысуы туралы шешім шығару; 

11) әкімшіліктің бас атқарушы директорының ұсынуы бойынша әкімшілік пен әкімшілік органдарының ұйымдық құрылымы мен штат санының лимитін бекіту; 

12) Алатау қаласында әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру мен тарату, оларды басқару, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту мәселелерін қоса алғанда, Алатау қаласындағы әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу; 

13) осы Конституциялық заңда және (немесе) Кеңес туралы ережеде көзделген өзге де мәселелер. 

6. Кеңестiң құзыретiне кiретiн мәселелердi жедел шешу мақсатында Кеңес әкiмшiлiк қабылдайтын барлық немесе жекелеген реттеушi ережелердi бекiту жөнiндегi өз өкiлеттiктерiн реттеушi комиссияға беруге құқылы. 

Кеңес Кеңестің кейбір өкілеттіктерін осы комитеттерге бере отырып, Кеңес мүшелерінің қатарынан Кеңестің комитеттерін құруға да құқылы. 

Бұл жағдайда Кеңес комитеті мүшелерінің саны кемінде бес адамды құрауға, олардың қырық пайызы тәуелсіз болуға тиіс. 

7. Әкімшілікте қабылданатын шешімдердің сапасын арттыру мақсатында Кеңес тиісті консультативтік-кеңесші органның қарау нысанасы болатын мәселелерде мінсіз беделі мен мол тәжірибесі бар шетелдік және қазақстандық мамандар мен сарапшылар қатарынан әкімшілікте және (немесе) әкімшілік органдарында консультативтік-кеңесші алқалы органдар құруға құқылы. 

Кеңестің тәуелсіз мүшелері, әкімшіліктің құрылатын алқалы басқару органдарының мүшелері, сондай-ақ әкімшіліктегі және әкімшілік органдарындағы консультативтік-кеңесші органдардың мүшелері жүктелген функцияларды орындағаны үшін сыйақы және осы органдардың жұмысына қатысуға тікелей байланысты шығыстардың өтемақысын алуға құқылы. Сыйақылар мен шығыстар өтемақыларының көрсетiлген мәселелерiн Кеңес әкiмшiлiктің қаражатынан айқындайды.

23-бап. Алатау қаласының мәслихаты

1. Осы Конституциялық заңға сәйкес Алатау қаласының мәслихаты – Алатау қаласы халқының еркін білдіретін және Алатау қаласындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу жөніндегі құзыреттер берілген Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді органы. 

2. Алатау қаласы мәслихатының қарауына мыналар жатады: 

1) Алатау қаласының әлеуметтік-экономикалық сипаттағы жоспарлары мен әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту; 

2) әкімшіліктің ұсынуы бойынша Алатау қаласында әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру және олардың атауын өзгерту туралы шешім қабылдау; 

3) Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасына сәйкес аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау; 

4) әкімшіліктің ұсынуы бойынша Алатау қаласының нышанын бекіту; 

5) Алатау қаласының әкімі лауазымына тағайындауды келісу; 

6) жария тыңдаулар өткізуді және азаматтардың бастамаларын, жолданымдары мен петицияларын қарауды қоса алғанда, кері байланыс және азаматтық қатысу тетіктерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету; 

7) әкімдіктің құзыреті шегінде жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша қала әкімінің және өзге де лауазымды адамдардың есептерін тыңдау; 

8) Алатау резиденттерінің Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметі актілерінің, Алатау қаласы заңнамасының нормаларын орындауға жәрдемдесу; 

9) әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекіту, әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу және Қазақстан Республикасының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындау, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы мамандарға, оның ішінде Алатау қаласының жергілікті бюджеті есебінен тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктердің ең аз кепілдік берілген көлемін айқындау; 

10) Алматы облысы мәслихатының Алатау қаласындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелер және Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға байланысты мәселелер жөніндегі өкілеттіктерін жүзеге асыру; 

11) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі, әкімшіліктің өкілеттіктеріне жатқызылмаған өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру. 

3. Алатау қаласының мәслихаты өз қызметін жүзеге асыру кезінде цифрлық платформаларды және азаматтар қатысатын және Алатау резиденттерінің бастамаларын, ескертулері мен ұсыныстарын жинайтын өзге де заманауи нысандарды пайдалануға құқылы. 

4. Алатау қаласы мәслихатының өз қызметін тұрақты немесе еркін негізде жүзеге асыратын депутаттарының саны мәслихат төрағасын қоса алғанда, кемінде бес адам болып белгіленеді. 

5. Мәслихат аппараты шығыстарының мөлшерін, оны ұйымдастыруды және тұрақты немесе еркін негізде жұмыс істейтін депутаттар санын айқындауды қоса алғанда, Алатау қаласы мәслихатының қызметін қамтамасыз ету нормаларын Алатау қаласының мәслихаты төрағасының ұсынуы бойынша Кеңес белгілейді. 

6. Әкімшілік мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуге қатысуға, сондай-ақ депутаттарға өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда көмек көрсетуге міндетті. 

7. Алатау қаласының мәслихаты өз қызметінде: 

1) Алатау қаласының стратегиялық құжаттарына сәйкес оның тыныс-тіршілігі мен оны дамытудың негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін шешімдер қабылдануына жол бермеуге; 

2) Алатау қаласының стандарттарын ұстануға міндетті. 

8. Алатау қаласының мәслихатын құру мен оның қызметін ұйымдастырудың осы Конституциялық заңның ережелеріне және Алатау қаласы заңнамасының актілеріне қайшы келмейтін өзге де мәселелері "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

24-бап. Алатау қаласының әкімдігі

1. Алатау қаласының әкімі – Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі. Әкім Кеңеске және мәслихатқа есеп береді. 

2. Әкім Алатау қаласының жергілікті атқарушы органы – Алатау қаласының әкімдігін басқарады. 

3. Әкімдік – Алатау қаласының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде Алатау қаласында жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын, Алатау қаласының әкімі басқаратын алқалы атқарушы орган. 

Әкімдіктің алқалы орган болуын әкім, оның орынбасарлары және Алатау қаласында жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың басшылығы өз құзыреті шегінде қалыптастырады. 

4. Әкімдік көше-жол желісінің, көліктік инфрақұрылымның өзге де жерүсті объектілерінің, инженерлік инфрақұрылым объектілерінің, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, білім беру, мектепке дейінгі тәрбие жүйесі мемлекеттік объектілерінің және республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатынан қаржыландырылатын немесе әкімшілік немесе ол уәкілеттік берген ұйым әкімдіктің қарауына берген басқа да объектілердің ағымдағы жай-күйі үшін жауапты болады. 

5. Әкімдіктің және оның жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарының құрамы мен құрылымын, олардың ережелерін Кеңес айқындайды. 

6. Алатау қаласында жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыратын, әкімдіктің құрамына кіретін мемлекеттік органдар Кеңестің шешімі негізінде құрылады, қайта ұйымдастырылады және таратылады. 

7. Әкімдіктің қарауына мыналар жатады: 

1) Алатау қаласының әлеуметтік-экономикалық сипаттағы жоспарлары мен әлеуметтік даму бағдарламаларын, Алатау қаласының жергілікті бюджетін әзірлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету; 

2) коммуналдық меншікті басқару; 

3) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесі үшін Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен әкімдікке жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру; 

4) Алатау қаласында білім беру, денсаулық сақтау саласындағы және Кеңестің шешімі бойынша әкімшілік айқындаған өзге де мәселелер бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру. 

8. Алатау қаласының әкімін Кеңес бес жылға тағайындайды. 

9. Алатау қаласының әкімі: 

1) Алатау қаласындағы істердің ағымдағы жай-күйі үшін өзіне сеніп тапсырылған жауапкершілік саласында әкімдікке басшылық етеді; 

2) Алатау қаласы әкімінің орынбасарларын, әкімі аппаратының басшысын және жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдарының басшыларын, оның ішінде білім беруді басқару органының бірінші басшысын және денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органының басшысын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады; 

3) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы, азаматтық қорғау туралы заңнамасының орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етеді; 

4) аумақтық полиция органының алдына құқық бұзушылық профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау және жедел-іздестіру қызметі мен процестік қызметке араласпай жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді қояды, жылына бір реттен сиретпей аумақтық полиция органы басшысының тиісті есептерін тыңдайды; 

5) Қазақстан Республикасының Президентіне тиісті адамдарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы ұсыну енгізеді; 

6) Алатау қаласының мәслихатына тиісті адамдарға құрметті және өзге де атақтар, оның ішінде "Алатау қаласының құрметті азаматы" атағын беру туралы ұсыну енгізеді; 

7) Кеңестің шешімі бойынша әкімдіктің жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын жүзеге асыруды әкімшілікке немесе әкімшілік органдарына береді. 

10. Алатау қаласының әкімін лауазымынан Кеңес босатады. 

Алатау қаласының мәслихаты Алатау қаласының әкіміне сенімсіздік білдірген жағдайда Алматы облысының әкімі Алатау қаласының әкімін лауазымнан босату туралы мәселені дереу Кеңестің қарауына шығарады.

25-бап. Орталық мемлекеттік органдардың Алатау қаласындағы қызметі

1. Орталық атқарушы органдар қызметтің тиісті салаларында басшылықты жүзеге асырады және Алатау қаласында өз функциялары мен өкілеттіктерін тек қана денсаулық сақтау және білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік жүйесінің объектілеріне және республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын өзге де объектілерге қатысты іске асырады. 

2. Алатау қаласындағы қызметтің осы Конституциялық заңмен және Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін салаларында тиісті орталық атқарушы органдардың басшылық етуі мен функциялары жүзеге асырылмайды. 

3. Орталық мемлекеттік органдар мен орталық мемлекеттік органдардың Алматы облысы бойынша аумақтық бөлімшелерінің осы Конституциялық заңмен реттелмейтін заңнама салаларындағы функциялары мен өкілеттіктері Алатау қаласында толық көлемде сақталады және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен шектелмейді. 

4. Кеңестің шешімі бойынша Алатау қаласында осы Конституциялық заңмен реттелмейтін заңнама салаларында басшылық пен қызметті реттейтін және жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органдардың жеке аумақтық бөлімшелері құрылуы мүмкін.

26-бап. Әкімшіліктің Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасауы

1. Алатау қаласының дамуына жәрдемдесу мақсатында Алматы қаласының және (немесе) Алматы облысының жергілікті атқарушы органдары әкімшілікпен жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы екіжақты немесе үшжақты келісім жасасуға құқылы, онда мыналар айқындалуы мүмкін: 

1) Алатау қаласында, Алатау қаласының қала маңындағы аймағында немесе Алматы облысының және (немесе) Алматы қаласының өзге де жерінде көліктік, энергетикалық объектілерді және өзге инфрақұрылым объектілерін жобалауды, салуды, реконструкциялауды және (немесе) жөндеуді бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру; 

2) Алматы қаласының, Алматы облысының жергілікті бюджеттері мен әкімшілік бюджетінің өзара қарым-қатынастары; 

3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын бірлесіп немесе ілеспе түрде іске асыру; 

4) мемлекеттік инвестициялық жобаны іске асырудың өзге де шарттары мен салдары. 

2. Жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімнің мазмұнын, оны жасасу тәртібін, сондай-ақ оның іске асырылуы туралы есептілікті реттеу Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 

3. Жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімнің тараптары ондағы қарым-қатынастарды Алатау қаласы заңнамасының қолданылуға тиіс актілеріне бағынысты ете алады, өйткені бұл Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігінің аумақтылық қағидатына қайшы келмейді. 

4. Егер Кеңес көрсетілген келісімді Алматы қаласы және (немесе) Алматы облысы әкімдерінің қарсылығынсыз бекітсе, мұндай келісімді жасасу талап етілмейді. 

5. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімшілігі мен жергілікті атқарушы органдары Алатау қаласының қала маңындағы аймағының қызметін реттеу және оны пайдалану мәселелері және Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды инфрақұрылымдық қамтамасыз етуге бағытталған өзге де мәселелер бойынша жекелеген бірлескен актілер қабылдауға құқылы.

27-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға жәрдемдесуі

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды және оның мақсаты мен міндеттерінің осы Конституциялық заң мен әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес іске асырылуын нормативтік кұқықтық жағынан қамтамасыз етеді, сондай-ақ оған өзге де әкімшілік жәрдем көрсетеді. 

2. Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Конституциялық заң және осы Конституциялық заңға қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының өзге де заңдары нормативтік құқықтық қамтамасыз ету мен осы бапта көзделген өзге де әкімшілік жәрдемдесудің құқықтық негізін құрайды. 

3. Нормативтік құқықтық жағынан қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының жекелеген заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін қабылдау арқылы жүзеге асырылады. 

Көрсетілген заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіреді және тек қана осы Конституциялық заң мен Алатау қаласы заңнамасының құрамына кіретін өзге де нормативтік құқықтық актілердің Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының құзыреті шегінде іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттік рәсімдерді және оның шегінен тысқары жерлердегі өзге де қатынастарды реттеуге бағытталған. 

Көрсетілген заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде Алатау қаласының заңнамасында Алатау қаласы органдарының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыруға тікелей байланысты өзге де мәселелер бойынша Алатау қаласындағы қызметті дербес реттеу белгіленбейді және осындай қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар, шарттар, шектеулер немесе өзге де рұқсат беру шаралары белгіленбейді. 

4. Арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер Алатау қаласы заңнамасының актілерімен бірге Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастырылуға тиіс. 

5. Арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер әкімшіліктің тиісті сұрау салуы келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде дайындалады және оңайлатылған тәртіппен қабылданады. 

6. Арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін Қазақстан Республикасының заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін оңайлатылған түрде дайындау мен қабылдау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. 

7. Орталық мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары шығаратын, арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер әкімшілікпен келісілуге тиіс. 

8. Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға өзге де әкімшілік жәрдемдесу өзге шаралардан басқа: 

1) әкімшіліктің жазбаша сұрау салуы бойынша екі ай ішінде арнаулы құқықтық режим туралы заңнамада көзделген қажетті функцияларды орындау үшін орталық мемлекеттік органдардың немесе Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарының арнаулы құрылымдық және (немесе) аумақтық бөлімшелер құруынан; 

2) әкімшіліктің тиісті жазбаша сұрау салу жіберілген күннен бастап бір ай ішінде нормативтік емес құқықтық актілердің, шешімдердің қабылдануынан және Алатау қаласының цифрлық, инженерлік және өзге де инфрақұрылымын Алматы облысы, Алматы қаласы әкімдігінің немесе орталық мемлекеттік органның, оның ішінде квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылық етуіндегі, басқаруындағы және (немесе) меншігіндегі тиісті инфрақұрылым мен жүйелерге интеграциялау, қосу және олардың жұмыс істеуі үшін қажетті әрекеттердің жүзеге асырылуынан; 

3) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен орталық атқарушы органдардың Алатау қаласының даму стратегиясына сәйкес Алатау қаласының экономика секторларына инвестициялар тарту басымдығын қамтамасыз етуінен және осы мәселелерді әкімшілікпен үйлестіруден, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары мен осындай жүйеге кірмейтін өзге де құжаттарды дайындау және қабылдау кезіндегі үйлестіруден; 

4) орталық мемлекеттік органдардың Алатау қаласының эксперименттік құқықтық режимдері шеңберінде инновациялық технологиялар мен шешімдерді сынақтан өткізу және ендіру үшін аумақты және арнаулы құқықтық режимді пайдалануды ілгерілетуінен байқалады. 

9. Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде орталық мемлекеттік органдардың, Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының лауазымды адамдарының осы баптың ережелерін бұзғаны, жәрдемнің болмағаны немесе осы Конституциялық заңның талаптарын бұза отырып немесе Алатау қаласының органдарына арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындау үшін өз функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыруда кедергі келтіруге бағытталған өзге де әрекет жасағаны үшін тәртіптік жауаптылығы белгіленеді.

28-бап. Алатау қаласының стратегиялық құжаттары

1. Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды айқындайтын стратегиялық құжаттар: 

1) Алатау қаласының ұзақ мерзімді даму жоспары (бұдан әрі – ұзақ мерзімді жоспар); 

2) Алатау қаласының мастер-жоспары (бұдан әрі – мастер-жоспар); 

3) Алатау қаласының даму стратегиясы (бұдан әрі – даму стратегиясы). 

2. Алатау қаласының стратегиялық құжаттарын Кеңес бекітеді. 

3. Ұзақ мерзімді жоспар отыз жылға әзірленіп, бекітіледі және оған он жылда бір реттен жиілетпей түзетулер енгізілуі мүмкін. 

4. Мастер-жоспар мен даму стратегиясы ұзақ мерзімді жоспар негізінде және оның шегінде бір мезгілде он бес жыл мерзімге әзірленіп, бекітіледі. Мастер-жоспар мен даму стратегиясына ұзақ мерзімді жоспардың мазмұны шегінде бес жылда бір реттен жиілетпей түзетулер енгізілуі мүмкін. 

Айрықша жағдайларда мастер-жоспарға және (немесе) даму стратегиясына Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастығы шеңберіндегі инвестициялық мақсаттарда Қазақстан Республикасы Президентінің келісуімен қосымша түзетулер енгізілуі мүмкін. 

5. Ұзақ мерзімді жоспар мен мастер-жоспар инфрақұрылым сапасы жоғары елдерде қаланы дамытудың ұқсас құжаттарын әзірлеу тәжірибесі бар мердігерді тарта отырып әзірленеді. 

6. Алатау қаласының аумағында іске асырылатын әлеуметтік-экономикалық сипаттағы жоспарларды әкімдік Алатау қаласының стратегиялық құжаттарын ескере отырып әзірлейді және олар Алатау қаласының жергілікті бюджетін қалыптастыруға негіз болады. 

7. Әлеуметтік-экономикалық сипаттағы жоспарлар қызмет әрекетін қамтамасыз ету жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, жергілікті халыққа игіліктер мен көрсетілетін қызметтерді ұсыну және жалпы әкімшілендіру мәселелерін шешу мақсатында үш жылдық кезеңге әзірленеді және оларды мәслихат бекітеді. 

8. Алатау қаласының стратегиялық құжаттары Алатау қаласының тиімділігін, қауіпсіздігін, орнықты дамуын және оның халқымен өзара іс-қимылды арттыру мақсатында қалалық инфрақұрылым мен қалалық кеңістікті басқару кезінде қаланың инновациялық мобильділігін, цифрлық технологияларды және Заттар интернетін ендіру мен пайдалануды көздейтін Алатау қаласын "ақылды қала" ретінде дамыту ескеріле отырып қана әзірленеді, бекітіледі және іске асырылады. 

9. Алатау қаласының стратегиялық құжаттары Алатау қаласында мемлекеттік қаржыландыру мен басқаруды ұйымдастыруға, функциялар мен өкілеттіктерді әкімшілік пен әкімдік арасында бөлуге, сондай-ақ Алатау қаласы органдарының әкімшілік актілерді қабылдауы кезінде өздерінің стратегиялық, реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыруға және әкімшілік әрекеттер мен өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға негіз болады. 

Егер көрсетілген әкімшілік актілер мен әкімшілік әрекеттердің Алатау қаласының стратегиялық құжаттарына сәйкес келмеуі дәлелденетін болса, олар заңсыз деп танылуы мүмкін және Алатау резиденттерінің талап қоюы бойынша сот арқылы олардың күші жойылуға тиіс. 

10. Алатау қаласының стратегиялық құжаттары әкiмшiлiктiң бюджетiн қалыптастыруға және облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың республикалық және жергiлiктi бюджеттерiнен мемлекеттiк инвестициялық жобаларды iске асыруға негiз болады. 

11. Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамыту кезінде оның стратегиялық құжаттарын іске асыру және олардың сақталу дәрежесі мен дәйектілігі әкімшілік қызметінің тиімділігін бағалауға негіз болады. 

12. Алатау қаласының стратегиялық құжаттарын әзірлеу, түзету және олардың іске асырылу тиімділігін бағалау әдіснамасын Кеңес айқындайды.

29-бап. Алатау қаласының әкімшілігі мен өзге де мемлекеттік басқару ұйымдарының жұмыскерлері

1. Әкімшіліктің бас атқарушы директоры мемлекеттік қызметші болып саналады. Оның қызметі, сондай-ақ Алатау қаласы мәслихаты аппаратының, Алатау қаласы әкімі аппаратының, жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің қызметі осы Конституциялық заңның ережелері ескеріле отырып, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. 

Әкімшілік пен әкімшілік органдарының өзге де жұмыскерлері – Қазақстан Республикасының мемлекеттік және азаматтық қызметшілеріне жатпайтын Алатау қаласының қызметшілері. 

Кеңес мүшелері, әкімшілік пен әкімшілік органдарының консультативтік-кеңесші органдарының мүшелері және өзге де алқалы басқару органдарының мүшелері тиісінше әкімшіліктің жұмыскерлері және әкімшілік органдарының жұмыскерлері болып саналмайды. Кеңестің, әкімшілік пен әкімшілік органдарының консультативтік-кеңесші органдарының және өзге де алқалы басқару органдарының тәуелсіз мүшелері өз функцияларын әкімшілікпен азаматтық-құқықтық шарттар негізінде жүзеге асырады. 

2. Алатау қаласы қызметшілерінің еңбек қызметі мен қызметтік жұмысы Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің лауазымдарға іріктеу, тағайындау және лауазымнан босату тәртібін, Алатау қаласында қызметте болуға байланысты шарттар мен шектеулерді, сондай-ақ Алатау қаласы қызметшілерінің қызметіне қатысты өзге де ережелерді белгілейтін нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі. 

3. Арнаулы құқықтық режимдерде жұмыс істейтін қалалық кеңістіктер мен жаңа қалаларды басқару мен дамытуда, қала құрылысын жоспарлауда тиісті біліктілігі мен тәжірибесі бар шетелдік жұмыскерлер Алатау қаласының қызметшілері ретінде жұмысқа қабылдануы мүмкін. 

4. Алатау қаласының қызметшілері ретінде, сондай-ақ әкімшіліктің басқару органдарының және әкімшіліктің консультативтік-кеңесші органдарының мүшелері ретінде шетелдік азаматтарды және азаматтығы жоқ адамдарды әкімшілік пен әкімшілік органдарына жұмысқа тарту шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты талап етпейді. 

5. Шетелдік жұмыскерлердің, оның ішінде келісімшарттық жүйе бойынша тарту шеңберінде жұмысқа орналасуына арналған лауазымдар мен олардың санаттарының тізбесі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 

6. Алатау қаласы қызметшілерінің еңбегіне ақы төлеу мен оларды көтермелеу шаралары өз міндеттерін жүзеге асыру кезінде олардың бастамашыл болуын ынталандыруға тиіс. 

Алатау қаласын қаржыландыру, қаланың әкімі мен оның орынбасарларының, әкімшіліктің бас атқарушы директорының және Алатау қаласы қызметшілерінің еңбегіне ақы төлеу мен оларды көтермелеудің өзге де шараларының жүйесін Кеңес әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын жұмыскерлердің жекелеген санаты бойынша бекітеді. 

Алатау қаласының органдарын қаржыландыру, оларға еңбекақы төлеу және осы органдарда тиімді жұмыс істегені үшін көтермелеу шараларының жүйесі және әлеуметтік жәрдемақылар әкімшілікте және Алатау қаласында жергілікті мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарда штат пен басшылықты қалыптастыру мүмкіндігін мемлекеттік емес заңды тұлғалармен салыстыруға болатын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге тиіс. 

7. Қазақстан Республикасы азаматтарының әкімшілік пен әкімшілік органдарындағы қызметке қол жеткізуге тең құқықтары бар. Алатау қаласының қызметшісі лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптарды әкімшілік, әкімшілік органдары осы Конституциялық заң мен әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінің ережелерін ескере отырып айқындайды. 

8. Алатау қаласына қызметке алғаш рет кіретін немесе Алатау қаласына қызметке қайта кіретін адамдарды Алатау қаласының қызметшісі лауазымына тағайындау, қызметі тоқтатылған соң, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін міндетті арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейін жүзеге асырылады. 

9. Алатау қаласының қызметшісі лауазымына мынадай адам: 

1) заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған; 

2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған; 

3) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған; 

4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған; 

5) Алатау қаласының қызметшісі лауазымына орналасу кезінде заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар; 

6) міндетті арнаулы тексерудің оң нәтижелерін алмаған адам; 

7) Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де негіздер бойынша тағайындалмайды. 

10. Алатау қаласының қызметшілері болатын шетелдік жұмыскерлерге Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерде орналасқан шетелдік банктерде және қаржы ұйымдарында шоттарды (салымдарды) иеленуге және (немесе) қолма-қол ақшаны, бағалы қағаздар мен құндылықтарды сақтауға, сондай-ақ цифрлық активтерді иеленуге шектеулер қолданылмайды. 

11. Алатау қаласының қызметшісі ретінде жұмыс істеу кезеңі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісімен бекітілген лауазымдар тізбесі бойынша "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі. 

12. Алатау қаласының әкімі, оның орынбасарлары, әкімшіліктің бас атқарушы директоры, сондай-ақ Алатау қаласының қызметшілері өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады. 

3-тарау. АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БЮДЖЕТТІК ЖӘНЕ БЮДЖЕТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР, САТЫП АЛУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК



30-бап. Алатау қаласының арнаулы бюджеттік режимі туралы жалпы ережелер

1. Алатау қаласының аумағында арнаулы бюджеттік режим қолданылады. Әкімшілік – республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі, ол осы бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етеді және іске асырылуын мониторингтеуді жүргізеді. 

2. Республикалық бюджетте әкімшіліктің бюджеті блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша жоспарланады. Блоктық бюджеттеу қағидаларын Кеңес бекітеді. 

3. Алатау қаласының жиынтық бюджеті Алатау қаласының жергілікті бюджеті мен әкімшіліктің бюджетінен тұрады және ол талдамалық мақсаттарда пайдаланылады. 

4. Әкімшіліктің бюджеті әкімшіліктің ағымдағы қызметін қамтамасыз ету және Алатау қаласының стратегиялық құжаттарын іске асыру үшін осы Конституциялық заң мен әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қалыптастырылады және атқарылады. 

5. Алатау қаласының жергілікті бюджеті әкімдіктің Алатау қаласындағы жергілікті мемлекеттік басқару органдарына бекітіп берілген мемлекеттік функцияларды іске асыру жөніндегі міндеттері мен функцияларын қамтамасыз етуге арналады. 

6. Алатау қаласының жергілікті бюджеті Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде бюджеттік субвенциялар алуға құқылы. 

7. Алатау қаласының жергілікті бюджетінен бюджет қаражатын және әкімшіліктің қаражатын республикалық немесе өзге де бюджеттерге алып қоюға бюджеттің өзіне жеткілікті болуы басталғанға дейін жол берілмейді. 

8. Қаржы жылының қорытындысы бойынша қаражат қалдықтары және әкімшілік бюджетінің қаражатынан пайда болатын үнемдеу әкімшіліктің билігінде қалады. Кеңестің шешімі бойынша әкімшілік бюджетін үнемдеу қаражаты болашақ кезеңдерге бағытталуы, Алатау қаласының инфрақұрылымын дамытуға инвестициялануы, ағымдағы жылғы әкімшілік бюджеті шығыстарының баптары арасында қайта бөлінуі немесе әлеуметтік және ағымдағы міндеттерді іске асыру үшін Алатау қаласының жергілікті бюджетіне аударылуы мүмкін. 

9. Бюджет қаражатының қалдықтары мен жергілікті бюджеттен пайда болатын үнемдеу Алатау қаласының жергілікті бюджетін бекіту кезінде бөлінеді. Мәслихаттың шешімі бойынша бюджет қаражатының қалдықтары және жергілікті бюджеттен пайда болатын үнемдеу ағымдағы және болашақ кезеңдерге арналған қолданыстағы бағдарламаларды қаржыландыруды ұлғайтуға бағытталуы мүмкін. 

10. Әкімшіліктің бюджеті бюджеттің өзіне жеткілікті болуына қол жеткізгенге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Құрылтайына енгізетін республикалық бюджет туралы заң жобасында әкімшіліктің ағымдағы шығыстары мен әкімшіліктің Алатау қаласын дамытуға арналған шығыстары туралы нормалар қамтылуға тиіс. 

11. Әкімшілік әкімшіліктің ағымдағы шығыстарын және әкімшіліктің Алатау қаласын дамытуға арналған шығыстарын қаржыландыру үшін блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша бюджеттік сұранымдарды әзірлейді және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады. 

12. Әкімшілік бюджетінің қаражаты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қазынашылығындағы қолма-қол ақшаны бақылау шотынан жоспарланады және жұмсалады. Әкімшілік бюджетінің есепке алу саясатын әкімшілік бекітеді. 

13. Кеңестің шешімі бойынша қабылданатын әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісіне сәйкес әкімшілік әкімшіліктің бюджетіне түсетін қаражаттың бөлек есепке алу саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті. 

14. Республикалық бюджет қаражаты тек қана дербес есепке алу саясаты шеңберінде есепке алынады және пайдаланылады және есепке алу, орындау немесе мемлекеттік аудит мақсатында жеке қаражаттармен, гранттармен немесе түсімдермен және әкімшілік бюджетінің өз кірістерімен біріктіруге болмайды. 

15. Әкімшілік Алатау қаласын дамытуды қаржыландыру шеңберінде түсетін республикалық бюджет қаражатынан басқа, өзінің кірістері мен ерікті мүліктік жарналар, үшінші тұлғалардың қайырмалдықтары, сондай-ақ осы Конституциялық заңда рұқсат етілетін өзге де түсімдер есебінен қаржы резервтерін құруға құқылы. 

16. Әкімшілік бюджетінің резервтерін қалыптастыру, есепке алу, толықтыру және пайдалану тәртібін Кеңес әкімшілік бюджетінің өзге қаражатынан резервтерді міндетті түрде бөлек есепке алуды және резервтерді тек қана Алатау қаласын дамыту мақсатында пайдалануға шектеуді ескере отырып бекітеді. 

17. Алатау қаласының жергілікті бюджеті Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі, атқарылады және мониторингтеуге, есепке алуға және мемлекеттік аудитке жатады. Алатау қаласының жергілікті бюджетінің мемлекеттік аудитін Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүзеге асырады. 

18. Әкімшіліктің бюджет қаражатын басқарудың ашықтығын, тиімділігін және оған деген сенімді қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік жыл сайынғы сыртқы тәуелсіз аудит жүргізеді. Сыртқы тәуелсіз аудитті Кеңес айқындайтын халықаралық аудиторлық ұйым жүзеге асырады. Мұндай аудиттің нәтижелері аудит аяқталғаннан кейін алты айдан кешіктірілмей міндетті түрде жариялануға тиіс. 

19. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Қазақстан Республикасының Құрылтайына енгізілетін жыл сайынғы есептерінің құрамына республикалық бюджеттің қаражаты бойынша әкімшілік бюджетінің атқарылуы туралы есеп енгізіледі. 

20. Әкімшілік бюджетінің атқарылу барысы туралы тұрақты жария есептілікті әкімшілік қамтамасыз етеді. Әкімшілік бюджетінің кірістері мен шығыстары туралы тоқсандық есептер әкімшіліктің интернет-ресурсында міндетті түрде орналастырылуға тиіс. 

21. Әкімшіліктің бюджетін жоспарлау, бекіту, нақтылау, түзету, атқару, мониторингтеу, оның ішкі және сыртқы аудиті мен оны қаржылық бақылау тәртібін көздейтін Алатау қаласындағы бюджеттік режимнің арнаулы ережелері Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.

31-бап. Түсімдерді Алатау қаласының жергілікті бюджеті мен әкімшіліктің бюджеті арасында бөлу

1. Алатау қаласында Алатау резиденттерінен, Алатау қаласының аумағында тіркелген және Алатау резиденті болмайтын кәсіпкерлік субъектілерінен және Алатау қаласының басқа да көздерінен есепке жатқызылатын түсімдерді бөлудің арнаулы тәртібі қолданылады. Көрсетілген түсімдер Алатау қаласының жергілікті бюджетіне және әкімшіліктің бюджетіне түседі, олар бюджеттің өзіне жеткілікті болуы басталғанға дейін бөлуге және Қазақстан Республикасының басқа бюджеттеріне беруге жатпайды. 

2. Түсімдерді Алатау қаласының жергілікті бюджеті мен әкімшіліктің бюджеті арасында бөлу тәртібі осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 

3. Алатау қаласының жергілікті бюджеті: 

1) жеке табыс салығы; 

2) әлеуметтік салық; 

3) Алатау қаласында тіркелген салық салу объектілері бойынша мүлік салығы; 

4) Алатау қаласында тіркелген және (немесе) есепте тұрған салық салу объектілері бойынша көлік құралдарына салынатын салық; 

5) Алатау қаласының шегіндегі жер учаскелеріне қатысты – жеке қосалқы шаруашылық, бағбандық, бау-бақша, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысын жүргізуге арналған жер учаскелері бойынша жеке тұлғалардан алынатын жер салығы мен жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы; 

6) егер осы баптың 4-тармағында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен облыстық маңызы бар қала бюджетінің түсімдеріне жатқызылатын басқа да түсімдер; 

7) Алматы облысының жергілікті бюджетінен, оның ішінде жалпы сипаттағы трансферттер шеңберіндегі трансферттер түсімдері есебінен қалыптастырылады. 

4. Әкімшіліктің бюджеті: 

1) Алатау қаласының аумағында тіркелген барлық кәсіпкерлік субъектілері төлеген корпоративтік табыс салығы; 

2) Алатау қаласындағы төлеушілер төлеген қосылған құн салығы, оның ішінде Алатау қаласының аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге, импортталатын тауарларға және Қазақстан Республикасының салық резиденті болмайтын тұлғадан сатып алынған жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қосылған құн салығы; 

3) Алатау қаласы аумағының шегіндегі жер учаскелеріне қатысты – жеке қосалқы шаруашылық, бағбандық, бау-бақша, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысын жүргізуге арналған жер учаскелерін қоспағанда, заңды тұлғалардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан алынатын жер салығы мен жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы; 

4) әкімшілік пен әкімшіліктің органдары салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар, әкімшілік актілердің орындалуын қамтамасыз ету шаралары; 

5) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен республикалық және облыстық бюджеттер түсімдеріне жатқызылатын басқа да түсімдер; 

6) республикалық бюджеттен және (немесе) Алатау қаласының жергілікті бюджетінен түсетін түсімдер; 

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған жеке қаражат, жарналар және басқа да көздер есебінен қалыптастырылады. 

5. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын Алатаудың резиденттеріне қайтару республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. 

Әкімшілік Алатау резидентіне қайтаруды растаған қосылған құн салығының асып кеткен сомасын республикалық бюджеттен аудару тәртібі мен мерзімдері әкімшіліктің және салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның бірлескен нормативтік құқықтық актісінде, бірақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасында, оның ішінде инвестициялық жобалар үшін белгіленген мерзімдерден кешіктірілмей айқындалады. 

6. Алатау қаласында енгізілетін өзге де төлемдер әкімшіліктің әкімшілендіруіне жатады және әкімшіліктің бюджетіне есепке жатқызылады.

32-бап. Мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру

1. Алатау қаласын дамытуға бағытталған бюджеттік инвестициялар – Алатау қаласының аумағында жаңа объектілерді құруға (салуға) не қазір бар құрылыс объектілерін реконструкциялауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы. 

2. Алатау қаласын дамытуға бағытталған бюджеттік инвестицияларды іске асыру осы Конституциялық заңның 34-бабының ережелері ескеріле отырып, конкурстық рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылады. 

3. Әкімшілік Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен мемлекеттік инвестициялық жобалардың "толық бітіріп берілетін" құрылыс тетігі арқылы іске асырылуын жүзеге асыруға құқылы. 

4. Алатау қаласын дамытуға бағытталған мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау, негіздеу, іске асыру және олардың құнын айқындау тәртібі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 

5. Әкімшілік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында бағалы қағаздар шығару және (немесе) кредиттер алу арқылы қарыз алуды жүзеге асыруға құқылы. 

6. Әкімшіліктің борышына қызмет көрсету және оны өтеу Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 

7. Әкімшіліктің қарыз алуды жүзеге асыру тәртібі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

33-бап. Алатау қаласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік

1. Алатау қаласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің құқықтық шарттары, оны жүзеге асыру тәсілдері, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау мен іске асырудың, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасудың, орындау мен тоқтатудың, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуын мониторингтеу мен бағалаудың тәртібі жобалық қаржыландырудың және банктік қолайлылықтың халықаралық тұрғыдан танылған қағидаттарына сәйкес Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 

2. Алатау қаласы органдарының Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын бірлесіп немесе ілеспе түрде іске асыру бойынша өзара іс-қимыл жасауы осы Конституциялық заңның 26-бабының ережелері ескеріле отырып жүзеге асырылады. 

3. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде мыналардың: 

1) жекеше әріптесті айқындау тәртібінің; 

2) мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәуекелдерін бөлудің; 

3) әлеуетті жекеше әріптеске қойылатын біліктілік талаптарының; 

4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына өзгерістер енгізу мен оның қолданылу мерзімін ұзарту тәртібінің; 

5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер лимиттерін айқындау әдістемесінің; 

6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының конкурстық құжаттамасын келісудің, сараптама жасау мен бекітудің жеделдетілген және оңайлатылған тәртібінің ерекшеліктері; 

7) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау мен іске асыруға байланысты өзге де мәселелер бойынша ерекшеліктер де айқындалуы мүмкін. 

4. Алатау қаласының аумағында іске асырылатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер бюджеттің өзіне жеткілікті болуы басталғанға дейін Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен республикалық бюджеттің қаражаты есебінен орындалады. 

5. Әкімшілік конкурстық құжаттамаларды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобаларын әзірлеу және талқылау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыру бойынша ұсыныстар енгізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бұзылған жағдайда тартылатын қарыздар, болжамды төлемдер және Алатау қаласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыруға байланысты өзге де мәселелер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында консультациялық қызметтер көрсету үшін халықаралық, өңірлік және (немесе) қазақстандық қаржы институттарын тартуға, оның ішінде олармен тиісті келісімдер жасасуға құқылы. 

6. Алатау қаласының аумағында іске асырылуға тиіс, оның ішінде халықаралық қаржы институттарының қатысуымен әзірленетін және қаржыландырылатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін әкімшілік айқындайды. 

7. Алатау қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыру кезінде мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың түрлері, көлемдері мен тәртібі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

34-бап. Алатау қаласы органдарының сатып алу рәсімдері

1. Алатау қаласы органдарының, Алатау қаласы мәслихаты мен әкімі аппараттарының және Алатау қаласының жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады. 

2. Алатау қаласы органдарының тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы мемлекеттік сатып алу саласындағы халықаралық тұрғыдан танылған қағидаттар ескеріле отырып және: 

1) баға мен сапаның оңтайлы арақатынасы; 

2) әділдік, адалдық және ашықтық; 

3) тиімді бәсекелестік; 

4) жергілікті қамтуды кезең-кезеңімен ендіру қағидаттары сақталған жағдайда жүзеге асырылуға тиіс. 

4-тарау. АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ



35-бап. Жалпы ережелер

1. Осы тарауда Алатау қаласындағы қызметті құқықтық реттеудің жекелеген ерекшеліктері белгіленеді. 

2. Алатау қаласындағы қызметті құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Конституциялық заңның 4-бабының 3-тармағы ескеріле отырып қабылданатын Алатау қаласының өзге де заңнамасымен қатар осы Конституциялық заңда белгіленеді.

36-бап. Алатау қаласының заңнамасы

1. Алатау қаласының заңнамасы – арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың бір бөлігі. 

2. Алатау қаласы әкiмшiлiгiнің, мәслихаты мен әкімдігінің нормативтiк құқықтық актiлерi арнаулы құқықтық режимнiң мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру үшiн қабылданады және осы Конституциялық заңға қайшы келе алмайды. 

3. Алатау қаласы әкiмшiлiгiнің, мәслихаты мен әкімдігінің нормативтiк құқықтық актiлерi осы Конституциялық заңда белгiленген ерекше құқықтық мәртебеге ие және Қазақстан Республикасының құқықтық актiлер туралы заңнамасында белгiленген Қазақстан Республикасының заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлерінің жүйесiнен тыс қабылданады. 

4. Әкімшілік мынадай нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды: реттеуші ережелер, қағидалар және реттеуші бұйрықтар. 

5. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері заңдық күші бойынша мынадай төмендей түсу деңгейлеріне сәйкес келеді: 

1) реттеуші ережелер Кеңестің шешімімен бекітіледі; 

2) қағидалар әкімшіліктің реттеу комиссиясының шешімімен бекітіледі; 

3) реттеуші бұйрықтарды әкімшіліктің бас атқарушы директоры қабылдайды. 

6. Алатау қаласының мәслихаты нормативтік құқықтық актілерді шешімдер түрінде қабылдайды. 

7. Алатау қаласының әкімдігі нормативтік құқықтық актілерді қаулылар түрінде қабылдайды. 

8. Әкімшіліктің Қазақстан Республикасының Конституциясы мен осы Конституциялық заңға қайшы келмейтін нормативтік құқықтық актілері Англия және Уэльс құқығының қағидаттарына, нормалары мен прецеденттеріне және (немесе) инфрақұрылым сапасы жоғары елдерде кәсіпкерлік қызметті жүргізу стандарттарына негізделуі мүмкін. 

9. Осы Конституциялық заңның 4-бабының 3-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып әкімшілік Алатау қаласында: 

1) жеке-құқықтық қатынастарды; 

2) жария-құқықтық қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға құқылы. 

10. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері тұрақты немесе уақытша болуы мүмкін. Әкімшіліктің уақытша нормативтік құқықтық актілері мынадай мақсаттарда: 

1) эксперименттік құқықтық режим шеңберінде технологиялық және өзге де инновацияларды әзірлеуді, сынақтан өткізуді және ендіруді арнаулы реттеу; 

2) құқық нормалары мен реттеудегі тәсілдерді алдын ала сынақтан өткізу; 

3) тиісті тұрақты нормативтік құқықтық акті қабылданғанға дейін қоғамдық қатынастарды немесе белгілі бір саладағы қоғамдық қатынастарды реттеу мақсаттарында; 

4) Кеңес айқындайтын мақсаттарда қабылданады және белгілі бір мерзімге немесе актінің қолданысының аяқталуы айқындалған оқиға басталғанға дейін қолданылады. 

11. Алатау қаласының заңнамасы мен арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың өзге де нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жеке мемлекеттік есепке алынуға тиіс. 

12. Алатау қаласының заңнамасы Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізілуге тиіс. 

13. Егер Алатау қаласы заңнамасының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дереу қабылдау қажеттігі Алатау қаласының қауіпсіздігін, тыныс-тіршілігін не оны орнықты дамытуды қамтамасыз етуге негізделмесе, аталған жобалар қабылданғанға дейін олар жария талқылауға жатады. Жария талқылауды өткізу тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады. 

14. Алатау қаласы заңнамасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, олардың заңдық (құқықтық) сараптамасын жүргізу, қабылдау, есепке алу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, тоқтату, күшін жою, қолданысын тоқтата тұру және жариялау тәртібі және олардың иерархиясы Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 

15. Алатау қаласы заңнамасының нормаларында түсініксіз тұстар мен әртүрлi түсiну, сондай-ақ оларды қолдану практикасында қайшылықтар анықталған жағдайларда, әкiмшiлiк ресми түсiндiрме бередi. Ресми түсіндірме беру актілері мiндеттi сипатқа ие болады. 

Алатау қаласы заңнамасының нормаларын түсіндіру арнаулы құқықтық режимнің қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады. 

Алатау қаласының заңнамасы мен Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің нормалары арасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен түсініксіз тұстар Алатау қаласының заңнамасы нормаларының пайдасына шешіледі. 

16. Алатау қаласы әкімшілігінің, мәслихаты мен әкімдігінің нормативтік құқықтық актілері мынадай негіздер: 

1) Алатау қаласы әкімшілігінің, мәслихатының немесе әкімдігінің осы Конституциялық заңда берілген өкілеттіктерден асып кетуі; 

2) арнаулы құқықтық режимнің мақсатына және (немесе) міндеттеріне айқын қарама-қайшылық бойынша заңсыз деп танылуы және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының талап қоюы бойынша тек қана сотта олардың толық немесе ішінара күші жойылуы мүмкін. 

17. Егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше көзделмесе, Алатау қаласы әкімшілігінің, мәслихатының немесе әкімдігінің нормативтік құқықтық актісін заңсыз деп тану мен оның күшін жоюдың кері күші болмайды. Мұндай тану және күшін жою: 

1) осы нормативтік құқықтық актінің қолданылу кезеңінде адал ниетпен жасалған мәмілелерге; 

2) осы нормативтік құқықтық актінің негізінде адал түрде алынған бизнес-лицензиялардың, реттеуші лицензиялардың және реттеуші рұқсаттардың қолданылуына; 

3) осы нормативтік құқықтық актінің қолданылу кезеңінде үшінші тұлғалардың адал түрде иеленген құқықтары мен міндеттемелеріне әсер етпейді. 

Алатау қаласы әкiмшiлiгiнiң, мәслихатының немесе әкімдігінің нормативтiк құқықтық актiсi көрiнеу заңсыз болған айрықша жағдайларда сот мұндай нормативтік құқықтық актіні қабылданған кезінен бастап заңсыз деп таниды. Бұл жағдайда осы актінің, бизнес-лицензиялардың, реттеуші лицензиялардың және реттеуші рұқсаттардың негізінде жасалған, осы нормативтік құқықтық актінің қолданылу кезеңінде берілген мәмілелер жарамсыз болады. 

Көрінеу заңсыз нормативтік құқықтық актіні шығару нәтижесінде адал адамдарға келтірілген залалдарды оны шығарған органдар өтеуге тиіс. 

Егер Алатау қаласы әкімшілігінің, мәслихатының немесе әкімдігінің нормативтік құқықтық актісінің Қазақстан Республикасының Конституциясына немесе осы Конституциялық заңға қайшы келуі қабылданған кезде айқындалса, ол көрінеу заңсыз нормативтік құқықтық акт болып есептеледі. 

18. Көрінеу заңсыз болған жағдайларды қоспағанда, Алатау қаласы әкiмшiлiгiнiң, мәслихатының немесе әкімдігінің нормативтік құқықтық актісі әкімшіліктің интернет-ресурсында орналастырылған күнінен бастап үш жыл өткен соң оған дау айтуға болмайды. 

19. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде Кеңестің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарымен келісілуге тиіс әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері қабылданатын мәселелердің тізбесі айқындалады.

37-бап. Алатау қаласында тілдерді қолдану

1. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірленеді және қабылданады. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерін басқа тілдерге аударуға жол беріледі. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінің ресми аудармасын Алатау қаласының тиісті актіні қабылдаған органы қамтамасыз етеді. 

2. Әкімшілікте ішкі құжаттаманы, жұмыс құжаттамасын, есепке алу-статистикалық, қаржылық, техникалық құжаттаманы және өзге де жұмыс құжаттамасын жүргізу қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүзеге асырылады. 

3. Алатау қаласының органдарына жолданымдар қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде беріледі. 

Алатау қаласы органдарының қабылданған жолданымға жауаптары мен оларға қоса берілетін құжаттар тиісті жолданым тілінде жазылады. 

4. Алатау қаласының заңнамасы бойынша жазбаша түрде жасалатын барлық мәмілелер қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде жазылады. Қажет болған кезде мұндай мәмілелер қосымша басқа тілдерде жазылуы мүмкін. 

Тараптарының бірі Алатау резиденті бола отырып, жазбаша нысанда жасалатын мәмілелер ағылшын не қазақ немесе орыс тілінде жазылады. 

5. Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография, әдеп және мәтіннің түпнұсқалық аудармасының нормалары сақталып жазылады. 

6. Алатау қаласында мемлекеттік емес заңды тұлғалардың маңдайшалары қазақ тілінде орналастырылады. Қажет болған кезде маңдайшалар қосымша орыс немесе ағылшын тілінде орналастырылуы мүмкін. Маңдайшаларды басқа тілдерде орналастыруға тыйым салынады.

38-бап. Алатау қаласындағы резиденттік

1. Алатау резидентінің құқықтық мәртебесі (бұдан әрі – резиденттік) резиденттіктің жекелеген санаттары бойынша беріледі. 

Резиденттікті беру, өзгерту және тоқтату тіркелуге тиіс. 

2. Резиденттiк санаттары арнаулы құқықтық режимдi және осы Конституциялық заң мен әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген тиiстi құқықтарды, мiндеттер мен талаптарды Алатау резидентiне қатысты қолданудың жол берiлетiн көлемiн айқындайды. 

3. Әкімшілік Алатау резиденттерінің тізілімін жүргізеді. 

4. Резиденттiк санаттарының жүйесi, резиденттiктi беру, өзгерту және тоқтату шарттары, оларды тiркеу тәртiбi, Алатау резиденттерi тiзiлiмiнiң мәлiметтерiн қалыптастыру, жүргiзу, мазмұндау және жариялау тәртiбi әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.

39-бап. Алатау қаласындағы кәсіпкерлік қызмет және бизнес-лицензиялау

1. Тұлғаның нақты жүзеге асырылатын, коммерциялық емес ұйымдар үшін – бизнесті құру мақсаттарына қол жеткізуге не жеке тұлғалар мен коммерциялық ұйымдар үшін бизнестің кірісін қалыптастыруға бағытталған кәсіпкерлік қызметі негізгі бизнес болып саналады. 

Егер Алатау қаласының аумағында іс жүзінде тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан немесе қызметтерді көрсетуден, Алатау қаласының аумағында орналасқан мүлікті иеленуден, пайдаланудан немесе оған билік етуден және (немесе) консультациялық, агенттік, өкілдік және өзге де қосалқы қызметтер көрсетуді қоспағанда, Алатау қаласының аумағында құрылған және (немесе) басқарылатын зияткерлік қызмет нәтижелері арқылы түсетін кірісті тікелей қалыптастыратын негізгі өндірістік, операциялық, коммерциялық және технологиялық функцияларды орындауды қамтитын қызмет жүзеге асырылса, негізгі бизнес Алатау қаласының аумағында жүзеге асырылатын бизнес болып есептеледі. 

2. Алатау қаласының аумағында негiзгi бизнестi жүзеге асыру фактiсiн айқындауды әкiмшiлiк өзi айқындаған тәртiппен жүзеге асырады. Әкiмшiлiк Алатау қаласының аумағында негiзгi бизнестi жүзеге асыратын тұлғаны, егер оның iс жүзiндегi қызметi осы Конституциялық заңда белгiленген негiзгi бизнес белгiлерiне сәйкес келсе, тiркелген орнына қарамастан, осындай тұлға деп тануға құқылы. 

3. Жеке және заңды тұлғалар Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті құрайтын қызметті жүргізуді әкімшілік беретін бизнес-лицензия негізінде жүзеге асырады. 

4. Қызметінде негізгі бизнестің белгілері жоқ Алатаудың резидент коммерциялық емес заңды тұлғалары мұндай қызметті бизнес-лицензия алмай жүзеге асыруға құқылы. 

5. Бизнес-лицензия алған тұлға негізгі бизнесті құрайтын қызметті тек қана бизнес-лицензияда көрсетілген және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын қызмет түрлері мен шарттары шегінде жүзеге асыруға құқылы. 

6. Бизнес-лицензия коммерциялық ұйымға ол Алатаудың резидент заңды тұлғасы ретінде мемлекеттік тіркелген кезде беріледі. Өзге тұлғаларға бизнес-лицензия Алатау қаласында негізгі бизнесті жүзеге асыру ниеті болған жағдайда өтініш бойынша беріледі. 

7. Алатау қаласының шегiнен тысқары жерлерде тiркелген Алатаудың резидент заңды тұлғаларының өкiлдiктерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңды тұлғаларының Алатау қаласындағы өкiлдiктерi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқылы емес. 

8. Бизнес-лицензиялардың түрлерi, бизнес-лицензиялау тәртiбi, бизнес-лицензияны тоқтата тұрудың және оның қолданылуын тоқтатудың салдары әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.

40-бап. Заңды тұлғалардың Алатау қаласының аумағындағы қызметінің құқықтық режимі

1. Заңды тұлғалардың Алатау қаласының аумағындағы негізгі бизнесін тек қана Алатаудың резидент заңды тұлғалары жүзеге асыруға тиіс. 

2. Алатаудың резиденттері болмайтын заңды тұлғалар Алатау қаласының аумағында жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсету жөніндегі қызметті: 

1) мұндай қызмет уақытша немесе жобалық негізде жүзеге асырылған және тұрақты сипатта болмаған жағдайда – филиал құрмай; 

2) мұндай қызмет тұрақты негізде мынадай шарттарда: 

мұндай қызмет Алатау қаласының аумағында жүзеге асырылатын заңды тұлғаның негізгі бизнесіне жатпаған; 

тауарларды өткізу жүзеге асырылмаған не тауарларды өткізу тек қана оларды орындау үшін қажетті көлемде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер нәтижесін жасау процесінде жүзеге асырылған және оның дербес кәсіпкерлік мақсаты болмаған; 

осы Конституциялық заңға немесе әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тек қана Алатаудың резидент заңды тұлғалары жүргізетін қызмет жүзеге асырылмаған жағдайда, Алатау қаласында тіркелген филиал арқылы жүзеге асыруға құқылы. 

3. Алатау резидентігінің болуы туралы талап: 

1) Алатау қаласындағы қызметін (функцияларын) өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғаларға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарына; 

2) Қазақстан Республикасында заңды тұлға құрмайтын және Алатау қаласында негізгі бизнесін филиал немесе өкілдік арқылы жүзеге асырмайтын, сондай-ақ қызметін Алатау қаласында тұрақты негізде жүргізбейтін және Алатау резиденттерімен және (немесе) Алатау қаласының органдарымен жасалған шарттар бойынша қаржыландыруды ұсыну және (немесе) жекелеген қызметтер көрсету (оның ішінде техникалық, консультациялық және өзге де кәсіби көрсетілетін қызметтер), тауарларды беру және (немесе) жобалау, іздестіру, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық не технологиялық жұмыстарды орындау арқылы Алатау қаласындағы жобаларға қатысатын шетелдік заңды тұлғаларға қолданылмайды. 

4. Егер осы Конституциялық заңда өзгеше белгіленбесе: 

1) Алатау резиденттері болмайтын заңды тұлғалардың Алатау қаласының аумағында бизнес-лицензияның болуын талап ететін негізгі бизнесті жүзеге асыруына; 

2) Алатау қаласының шегінен тысқары жерлерде Қазақстан Республикасының өзге аумағында құрылған мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тіркелу орнын Алатау қаласында тіркелу орнына өзгертуге; 

3) Алатаудың резидент заңды тұлғаларының Қазақстан Республикасының өзге аумағында филиалдар құруына тыйым салынады. 

5. Алатаудың резидент заңды тұлғаларының түрлерi мен ұйымдық-құқықтық нысандары, оларды құрудың, тiркеудiң, қайта ұйымдастырудың, таратудың және қызметiн тоқтатудың негiздерi мен тәртiбi, олардың қызметiн жүзеге асыруға қойылатын талаптар әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады. 

6. Әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде шетелдiк заңды тұлғалардың тiркелу орнын шетелдiк юрисдикциялардан олардың қызметiн тоқтатпай Алатау қаласына өзгерту (редомициляциялау) мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн. 

7. Алатаудың резидент заңды тұлғаларына Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде бизнес-сәйкестендіру нөмірлері беріледі. Мұндай бизнес-сәйкестендіру нөмірлері Қазақстан Республикасының өзге заңды тұлғаларына берілетін бизнес-сәйкестендіру нөмірлерімен бірдей деп танылады және қолданылады. 

8. Әкiмшiлiк Алатаудың резидент заңды тұлғаларын мемлекеттiк тiркеудi, қайта тiркеудi және олардың қызметiнің тоқтатылуын тiркеудi, Алатау қаласында есептiк тiркеудi, қайта тiркеудi, сондай-ақ Алатау қаласындағы филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеуден шығаруды жүзеге асырады. 

Әкімшілік Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне өзі тіркеген заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтерді оларға бизнес-сәйкестендіру нөмірлерін беру үшін ұсынады. 

9. Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерін беру, есепке алу және пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. 

10. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары Алатаудың резидент заңды тұлғаларына, Алатау қаласындағы филиалдар мен өкiлдiктерге бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiн берудi, сондай-ақ олар туралы мәлiметтердi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк цифрлық жүйелерiне интеграциялауды қамтамасыз етедi. 

Көрсетілген цифрлық жүйелерде осы Конституциялық заңның 27-бабының 3-тармағында көзделген тәртіппен Алатаудың резидент заңды тұлғаларын, филиалдар мен өкілдіктерді Алатау қаласының субъектілері ретінде сәйкестендіру қамтамасыз етіледі. 

11. Алатаудың резидент заңды тұлғаларын оңалту және олардың банкроттығы Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісіне сәйкес жүзеге асырылады.

41-бап. Алатау қаласындағы реттеп лицензиялау және рұқсат беру рәсімдері

1. Алатау қаласының аумағындағы қызметті мемлекеттік реттеу реттеуші лицензиялар мен реттеуші рұқсаттарды қолдануды қоса алғанда, осы Конституциялық заң мен әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысандарда жүзеге асырылады. 

2. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жекелеген қызмет түрлері реттеуші лицензиялар негізінде Алатау қаласында жүзеге асырылады. 

Егер осы Конституциялық заңда өзгеше белгіленбесе, реттеуші лицензиялар тек қана Алатау резиденттеріне беріледі. 

3. Эксперименттік құқықтық режимге қатысу, сондай-ақ жекелеген операцияларды жасау, жекелеген жобаларды іске асыру, Алатау қаласының аумағында өзге де нақты әрекеттерді жасау әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес реттеуші рұқсаттар алуды талап етеді. 

Тиісті құқық тек қана Алатау резиденттеріне немесе олардың жекелеген санаттарына берілуі мүмкін екені осы Конституциялық заңда немесе әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Алатау резиденттеріне, сондай-ақ өзге де тұлғаларға реттеуші рұқсаттар беріледі. 

4. Реттеушi лицензиялар мен реттеушi рұқсаттарды әкiмшiлiк немесе әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалған жағдайларда, әкiмшiлiк органдары бередi. 

5. Егер Алатау қаласының заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Конституциялық заңның 4-бабының 3-тармағында көзделген рұқсат беру және хабарлама жасау тәртіптерін енгізуге және іске асыруға байланысты мемлекеттік реттеуді өз құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдары жүзеге асырады. 

6. Реттеушi лицензиялар мен реттеушi рұқсаттар белгiлi бiр мерзiмге не қолданылу мерзiмi шектелмей берiледi. 

7. Егер осы Конституциялық заңда немесе әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше белгіленбесе, Алатау қаласының аумағындағы мемлекеттік заңды тұлғалар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік реттелуге тиіс. 

8. Бизнес-лицензияның болуы реттеуші лицензияны, реттеуші рұқсатты алу міндетінен босатпайды. 

9. Реттеп лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде әкімшілік инфрақұрылым сапасы жоғары елдерде берілген және (немесе) әкімшілік айқындайтын халықаралық ұйымдар берген лицензияларды, рұқсаттарды, аккредиттеулерді және қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын өзге де құжаттарды тануға құқылы. 

10. Реттеп лицензиялауды жүзеге асыру және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру тәртібі, қойылатын біліктілік талаптарын және (немесе) өзге де талаптар, сондай-ақ олардың орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері және Алатау қаласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді бұзғаны үшін өзге де құқықтық ықпал ету шаралары әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

42-бап. Алатау қаласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау

1. Осы Конституциялық заңмен және әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттелетiн қоғамдық қатынастар салаларында Алатау резиденттерi мен Алатау қаласындағы өзге де тұлғаларға қатысты Алатау қаласындағы мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды тек қана әкiмшiлiк және осы Конституциялық заңға сәйкес ол уәкiлеттiк берген тұлғалар әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалған тәртiппен жүзеге асырады. 

2. Орталық мемлекеттiк органдар мен олардың аумақтық бөлiмшелерi мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға, әкiмшiлiк ықпал ету шараларын қолдануға, мiндеттi нұсқамалар беруге не әкiмшiлiктi реттеуге жатқызылған мәселелер бойынша Алатау резиденттерiнiң қызметiн тоқтата тұруға құқылы емес. 

3. Осы Конституциялық заңмен және әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттелмейтiн және осы Конституциялық заңның 4-бабының 3-тармағында көзделген қатынастар салаларына жатқызылмаған заңнама салаларында Алатау резиденттерiне қатысты мемлекеттiк бақылау мен қадағалау тек қана әкiмшiлiктiң алдын ала жазбаша келiсiмi болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Алдын ала жазбаша келісімнің қажеттігі арнаулы мемлекеттік органдардың, айрықша құзыретіне жатқызылған өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган мен қаржылық мониторингті жүзеге асыратын уәкілетті органның қызметіне, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша жүргізілетін мемлекеттік бақылау мен қадағалауға, сондай-ақ Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын өзге де жағдайларда қолданылмайды. 

Әкімшілік, егер: 

мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасы әкімшіліктің, әкімшілік органдарының, әкімшілік уәкілеттік берген өзге де мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың өкілеттіктерімен қамтылатын; 

мемлекеттік бақылау мен қадағалауды тағайындау, ұйымдастыру және (немесе) жүргізу тәртібіне қойылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар бұзылған; 

бұзушылықтардың ықтималдығын негіздейтін жеткілікті нақты негіздер болмаған; 

мәлімделген бақылау-қадағалау іс-шараларының көлемі мен сипаты мемлекеттік орган келісу туралы сұрау салуда көрсеткен нақты негіздерге және (немесе) болжамды бұзушылықтың ауырлығына немесе оның болжамды салдарына айқын сәйкес келмеген; 

мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың мақсаттарына Алатау резиденті үшін ауыртпалығы аз тәсілдермен қол жеткізуге болатын; 

Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын өзге де негіздер болған жағдайларда, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізуді келісуден бас тартуға құқылы. 

Келісуден бас тарту уәжді болуға тиіс және ол бойынша сотқа шағым жасалуы мүмкін. 

4. Алатау қаласындағы прокуратураның қадағалауы осы тармақта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 

Әкiмшiлiк пен әкiмшiлiк органдарының қызметiнде заңдылықтың сақталуын тексеруге Қазақстан Республикасы Президентiнiң немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына ғана рұқсат етіледi. 

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша: 

1) прокуратураның соңғы тексеруі аяқталған кезден бастап отыз алты ай ішінде бір реттен жиі тексеру; 

2) сол бір тексеру нысанасы бойынша қызметтің бұрын тексерілген кезеңіне қатысты қайтадан тексеру; 

3) сол бір тексеру нысанасы бойынша соңғы тексеру басталған күннің алдындағы үш жылдан асатын кезеңге қатысты тексеру жүргізуге жол берілмейді. 

5. Прокуратура Алатау қаласында жүзеге асырылатын жеке кәсіпкерлік субъектілері болатын Алатау резиденттерінің қызметіне араласуға, осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай қызметке тексеру тағайындауға құқылы емес. 

Мұндай тұлғалар қызметінің заңдылығының сақталуына тексеру жүргізуге тек қана Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша не олармен келісу бойынша жол беріледі. 

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы аталған бақылау және қадағалау субъектісін хабардар етеді және оған Алатау қаласының тұрғындарының өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортасына, маңызды инфрақұрылымының қауіпсіздігіне тікелей қатердің болуы жағдайларын қоспағанда және мұндай қатерді жою дереу араласуды талап еткен жағдайда, тексеру басталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні мерзімінде өз ұстанымын ұсынуға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайларда тексеру бақылау және қадағалау субъектісін алдын ала хабардар етпей және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркемей, оны кейіннен келесі жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға ұсына отырып жүргізіледі. 

6. Қоғамдық қатынастардың жаңа саласы әкімшіліктің реттеуіне жатқызылған жағдайда, тиісті саладағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды тиісті акті күшіне енген күннен бастап әкімшілік жүзеге асырады. 

7. Осы баптың ережелері Алатау қаласында салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыруға қолданылмайды. 

Салықтық бақылаудың кез келген нысандарын қоса алғанда, салықтық әкімшілендіру осы Конституциялық заңның 44-бабында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

43-бап. Алатау қаласының тауарларының, жұмыстарының және көрсетілетін қызметтерінің айналысы

1. Егер Алатау қаласының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, Алатау қаласының заңнамасына сәйкес Алатау резиденттері өндірген (орындаған, көрсеткен) тауарлар, жұмыстар мен қызметтер оларды Қазақстан Республикасының аумағында өткізу, ақысын төлеу, есепке алу мен пайдалану мақсаттары үшін және экспорттау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келеді деп танылады және Қазақстан Республикасының өзге аумағында өндірілген өзге де тауарлармен, жұмыстармен және көрсетілетін қызметтермен қатар айналысқа жіберілуге тиіс. 

2. Алатау қаласындағы Алатау резиденті қызметінің лицензиялау, сертификаттау, рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің талаптарына не Қазақстан Республикасының өзге аумағында белгіленген тауарларға, жұмыстарға немесе көрсетілетін қызметтерге қойылатын өзге де талаптарға сәйкес келмеуі экспорттан, төлемдерді жүзеге асырудан, салық салу мақсаттары үшін шығыстарды, шегерімдерді немесе есепке жатқызуды танудан, сатып алуға қатысуды шектеуден не әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген шараларды қоспағанда, олардың айналымын шектейтін өзге де шараларды қолданудан бас тартуға негіз бола алмайды. 

3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, қаржы ұйымдары және квазимемлекеттік сектор субъектілері белгілеген, лицензияның, рұқсаттың болмауы не Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына өзгеше түрде сәйкес келмеу не мұндай сәйкестікті растаудың мүмкін болмауы негіздері бойынша төлемдерді жүзеге асырудан, салық салу мақсаттары үшін шығыстарды, шегерімдерді немесе есепке жатқызуды танудан, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді айналысқа жіберуден не оларға қатысты өзге де операцияларды жасаудан бас тартуға алып келетін талаптар, егер әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше белгіленбесе, қолданылмайды. 

4. Алатау қаласының резиденттерi өндiретiн (орындайтын, көрсететiн) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң елiшiлiк құндылығына қойылатын талаптар, сондай-ақ Алатау қаласында тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi оқшаулауға бағытталған, оның iшiнде олардың Қазақстан Республикасының өзге де аумағындағы айналысының мақсаттарына арналған өзге де шаралар әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi. Көрсетілген талаптар тек қана нақты инвестициялық жобалар бойынша салықтық преференциялар берілген жағдайда белгіленеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тең шамада танылады.

44-бап. Алатау қаласының салық режимі

1. Алатау қаласының салық режимі Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және арнаулы құқықтық режим туралы заңнамада, сондай-ақ Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген бөлігінде қолданылатын Қазақстан Республикасының Салық кодексінде айқындалады. 

2. Алатау қаласының салық режимі Алатау қаласының заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлеріне негізделеді. 

Алатау қаласында Кеңестiң шешiмiмен салықтар мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң мөлшерлемелері, оларды есептеу тәртiбi өзгертiлуi және Алатау резиденттерiне қатысты олар бойынша салықтық жеңiлдiктер мен салықтық преференциялар көзделуi мүмкiн. 

3. Салықтық преференциялар тек қана ұзақ мерзімді жоспарды, мастер-жоспарды және даму стратегиясын, сондай-ақ арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін іске асыру мақсатында отыз жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді. 

Алатау резиденті және оның өзара байланысты тараптары осы Конституциялық заңға сәйкес салықтық преференциялар қолданылатын кірістерге (пайдаға) қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген салықтық преференцияларды қолдануға құқылы емес. 

Осы Конституциялық заңның 15-бабында көзделген қаржылық орнықтылық қағидатын іске асыру мақсатында салықтық преференциялар: 

1) егер Алатау резидентінің өзара байланысты тараптармен жасалатын операциялары Қазақстан Республикасының өзге аумағында жүзеге асырылатын сол қызмет түрі бойынша салықтық міндеттемелердің азаюына алып келетін болса, мұндай операцияларға; 

2) егер өндірістік, технологиялық функцияларды, сату, маркетинг, өткізу функцияларын немесе кәсіпкерлік қызметтің өзге де негізгі функцияларын Қазақстан Республикасының өзге аумағынан Алатау қаласына көшіру Қазақстан Республикасының өзге аумағында жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемелердің азаюына алып келетін болса, мұндай көшіруге; 

3) Қазақстан Республикасының өзге аумағында тіркелген заңды тұлғалардағы акцияларды (қатысу үлестерін) тікелей немесе жанама иеленуден және (немесе) басқарудан алынған Алатау резидентінің кірістеріне (холдингтік қызмет); 

4) егер материалдық емес активтер Алатау қаласының аумағында құрылмаса және пайдаланылмаса не коммерцияланбаса, мұндай активтерді иеленуден және (немесе) басқарудан алынған Алатау резидентінің кірістеріне; 

5) Алатау резидентінің тауарларды (сауда қызметін), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін кірістеріне, егер оларды өндіру, орындау немесе көрсету бойынша негізгі бизнес іс жүзінде Алатау қаласы аумағының шегінен тысқары жерлерде Қазақстан Республикасының өзге аумағында жүзеге асырылса; 

6) Қазақстан Республикасының салық саясаты саласындағы уәкілетті органның ұсынымдарын ескере отырып, әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған өзге де кірістерге және (немесе) қызмет түрлеріне қолданылмайды. 

Салықтық преференцияларды қолданудың осы тармақтың үшiншi бөлiгiнде көзделген негiзгi қағидаларын әкiмшiлiк осы баптың 8-тармағына сәйкес Кеңестiң шешiмi бойынша әкімшілік қабылдайтын нормативтiк құқықтық актiнiң шеңберiнде iске асыруға тиiс. 

Қызметін Қазақстан Республикасының өзге аумағында Алатау қаласының шегінен тысқары жерде жүзеге асыратын және сонда тіркелген Алатау резидентінің өзара байланысты тараптарына қатысты осы тармақтың үшінші бөлігінің ережелерін іске асыру тәртібін осы Конституциялық заңның 27-бабының 3-тармағында көзделген тәртіппен салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган айқындайды. 

4. Алатаудың резидент заңды тұлғасы бизнес-лицензияға сәйкес Алатау қаласының басым саласында іске асыратын инвестициялық жоба бойынша бизнес-лицензия берілген күннен бастап он жыл ішінде тиісті қызметке қатысты салық режимінің тұрақтылығына кепілдік беріледі. Салық режимінің көрсетілген тұрақтылығы жаңа салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді қолданбауды, салық мөлшерлемелерін және басқа да міндетті төлемдерді ұлғайтуды, сондай-ақ осындай инвестициялық жоба бойынша салықтық міндеттемелердің ұлғаюына алып келетін оларды есептеу тәртібін өзгертуді көздейді. 

Қазақстан Республикасының бұрын берілген салықтық преференцияны қолдануды шектейтін немесе оның күшін жоятын заңнамасы өзгерген жағдайда, Алатау резиденті мұндай салықтық преференцияны тиісті бизнес-лицензияда көзделген шарттарда және оны қолданудың бүкіл мерзімі ішінде қолдануды жалғастыруға құқылы. 

5. Осы баптың 4-тармағының ережелері қоршаған ортаны қорғау, қалалық ортаны дамыту, адамның өмірі мен денсаулығын қорғау және Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында Алатау қаласының заңнамасында белгіленген салықтар мен өзге де міндетті төлемдер бойынша Алатау қаласы заңнамасының өзгерістеріне қатысты қолданылмайды. 

Алатау қаласы заңнамасының көрсетілген өзгерістері әкімшіліктің нақты инвестициялық жобаға қатысты қабылданған уәжді әкімшілік актісі жіберілген күннен бастап міндетті түрде ұзақтығы кемінде үш жыл болатын өтпелі кезең ұсыныла отырып, тек қана көрсетілген әкімшілік актінің негізінде қолданылады. 

6. Инвестициялық жоба бойынша бизнес-лицензия берілген күні қолданыста болған салық режимінің тұрақтылығын қолдануды тоқтатуға немесе тоқтата тұруға бизнес-лицензияның шарттарын елеулі бұзу және тек қана әкімшіліктің уәжді әкімшілік актісі негізінде Алатаудың нақты резидентіне қатысты қабылданған инвестициялық жобаны іске асыру кезінде де жол беріледі. 

7. Салықтық преференциялар толық немесе ішінара босатуды көздеуі және салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің мынадай түрлеріне қатысты қолданылуы мүмкін: 

1) корпоративтік табыс салығы, оның ішінде: 

Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық бастамалар мен халықаралық шарттардың ережелерін ескере отырып, бейрезиденттің кірістері бойынша пайыздар, роялти түрінде төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы; 

Алатау резидентінің кірісті бөлуінен дивидендтер түрінде түскен бейрезиденттің кірістері бойынша корпоративтік табыс салығы. Капиталды бизнес-лицензиялануға тиіс қызметке кері инвестициялау кезінде жер учаскелерін берудің артықшылық берілген шарттары, салықтық міндеттемелерді есепке жатқызу, өзге де шаралар нысанында преференциялар берілуі мүмкін; 

2) мыналар: 

егер жоғары білікті мамандар болатын шетелдік жұмыскерлер Қазақстан Республикасының салық резиденттері болып танылса, осындай шетелдік жұмыскерлердің Алатау резиденттерімен еңбек шарттары бойынша алатын кірістері бойынша; 

Қазақстан Республикасының салық резиденті болмайтын тұлғаның (бұдан әрі осы бапта – бейрезидент) Алатау резидентінің кірісті бөлуінен дивидендтер түрінде түсетін кірістері бойынша; 

Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған, құн өсімі, жеке тұлғалардың мүліктік кірісі түріндегі кірістер, сондай-ақ жеке тұлғалардың қамтамасыз етілген цифрлық активтер бойынша кірістері бойынша жеке табыс салығы; 

3) Алатау резиденттерінің жұмыскерлеріне кірістер түрінде төленетін жұмыс берушінің шығыстары бойынша әлеуметтік салық; 

4) мыналар: 

Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тауарларды импорттау кезіндегі; 

бейрезиденттен Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі айналымнан қосылған құн салығы; 

5) Алатау қаласының аумағында орналасқан салық салу объектілері бойынша мүлік салығы; 

6) Алатау қаласының аумағында орналасқан салық салу объектілері бойынша жер салығы немесе жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы; 

7) басқа да салықтар және жиынтығында инвестициялық жоба құнының он пайызынан аспайтын мөлшердегі бюджетке төленетін міндетті төлемдер. Көрсетілген шектен асатын салықтық преференцияны беру шарттары Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен бекітіледі. 

Салықтық преференциялар салық салу мөлшерлемесін, объектісін өзгертуді, осы бапта белгіленген шарттарға сәйкес келген кезде салық салынатын базадан қосымша шегерімдер, түзетулер ұсынуды көздеуі мүмкін. 

Корпоративтік табыс салығы немесе жеке табыс салығы бойынша салықтық преференциялар Алатау резидентінен алынған конструктивтік дивидендтер түріндегі кірістерге қолданылмауға тиіс. 

Корпоративтік табыс салығы бойынша салықтық преференция Алатау резиденті кірістерінің мынадай түрлеріне қолданылуы мүмкін: 

1) бизнес-лицензиялануға тиіс қызмет түрінің нәтижесі болып саналатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін кіріс; 

2) оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуінен түсетін кіріс; 

3) инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде алынған орналастырылған қаражаттардан депозиттер бойынша сыйақы; 

4) егер салық кезеңіндегі жылдық жиынтық кірістің он пайызынан аспайтын болса, өзге де кірістер мен кірістердің түрлері. 

Алатау қаласының аумағында Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тауарлар тізбесі бойынша еркін кеден аймағының кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды өткізуге нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығы салынуы мүмкін. 

8. Алатау қаласындағы салық режимі шеңберінде салықтық преференцияларды беру, түзету және олардың күшін жою шарттары Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық бастамалар мен халықаралық шарттардың ережелері ескеріле отырып, Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді. 

Алатау қаласындағы салықтық преференциялар жүйесі Алатау резиденттерінің қызметіне қатысты жиынтығында қолданылатын мынадай басшылық өлшемшарттар негізінде санатталуға тиіс: 

1) Алатау қаласының стратегиялық құжаттарына сәйкестігі; 

2) Алатау қаласының экономика секторының басымдылығы; 

3) экспортқа бағдарлануы мен инновациялығы; 

4) экологиялығы; 

5) инвестициялық жобалардың қаржылық, экономикалық, әлеуметтік және өзге де негізгі көрсеткіштері. 

Бизнес-лицензиялау процесінде әкімшілік өзі айқындайтын тәртіппен салықтық преференцияларды беруге, бақылауға, түзетуге және олардың күшін жоюға тиіс. 

Әкімшіліктің сұрау салуы бойынша жеке және заңды тұлғалар мыналарға: 

1) Алатау қаласындағы көздерден алынған (алынуға тиіс) кірістерге кез келген басқа шетелдік юрисдикцияда қолданылатын салықтарға; 

2) өзара байланысты тұлғалар, талап қоюдың ескіру мерзімі кезеңінде олардың Қазақстан Республикасының аумағындағы салықтық міндеттемелері бойынша функционалдық талдауды қоса алғанда, барлық осындай өзара байланысты тұлғаларға; 

3) Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған өзге де мәселелерге қатысты ақпарат беруге тиіс. 

Алатау қаласында салықтық преференцияларды қолдануға байланысты алынатын салықтар сомасының ұлғаюына алып келетін осындай юрисдикция заңнамасы өзгерген жағдайда, әкімшілік қолданылатын салықтық преференцияларды осындай ұлғаюдың шамасымен салыстырылатын көлемде өзгерту арқылы Алатау қаласының бюджетіне салықтар төлеуді қайта қарауға құқылы. 

9. Алатау резиденті осындай преференция қолданылатын әрбір салықтық кезеңдегі салықтық преференциялар беру шарттарына сәйкес келуге тиіс. Әкімшіліктің актілерінде салықтық преференция беру шарттарының бұзылуын жою мерзімдері және (немесе) ықпал ету шаралары белгіленуге тиіс. 

10. Мынадай қызмет түрлеріне қатысты салықтық преференцияларды қолдануға тыйым салынады: 

1) есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды ғылыми-зерттеу және (немесе) медициналық мақсаттарда тиісінше жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарда, ғылыми ұйымдар мен медициналық ұйымдарда қолдану жағдайларынан басқа, олардың айналымына байланысты қызмет; 

2) акцизделетін өнімді өндіру және (немесе) көтерме саудада өткізу; 

3) лотерея өткізу; 

4) радиоактивті материалдарды ғылыми-зерттеу және медициналық мақсаттарда тиісінше жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарда, ғылыми ұйымдар мен медициналық ұйымдарда қолдану жағдайларынан басқа, олардың айналымына байланысты қызмет; 

5) Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де қызмет түрлері. 

11. Салықтық преференцияларды қолданатын Алатау резиденті Алатау қаласындағы жалпы салық режимі бойынша есепке алынуға тиіс салықтық преференциялар қолданылатын қызмет түрлері бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің бөлек салықтық есебін жүргізеді. Бөлек есепке алу қағидалары Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді. 

12. Алатау қаласында өз қызметін жүзеге асыру шеңберінде мәміле (бұдан әрі – жоспарланатын мәміле) жасауға ниет білдіретін Алатау резиденті жоспарланатын мәмілені алдын ала қарау және Алатау қаласында салық режимі бөлігінде арнаулы құқықтық режим туралы заңнама мен Қазақстан Республикасының салық заңнамасын жоспарланатын мәмілеге қолдануға қатысты әкімшіліктің ресми ұстанымын білдіру үшін әкімшілікке өтінішпен жүгінуге құқылы (бұдан әрі – салық шешімі) және әкімшілік тиісті салық шешімін әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде береді. 

Егер Алатау резиденті салық шешімін беру үшін маңызы бар мәміленің барлық аспектілерін толық және анық түрде ашуды жүзеге асырса және мәміле мәміленің осындай аспектілеріне сәйкес жүзеге асырылса, онда мұндай салық шешімін әкімшілік көрсетілген мәміле жасалған кезеңде немесе одан кейін өзгерте алмайды және ол әкімшіліктің, әкімшілік органдарының және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының, оның ішінде мемлекеттік кіріс органдарының көрсетілген Алатау резидентіне және мәмілеге қатысты қолдануы мен орындауы үшін міндетті болады. 

Салық шешімдері әкімшілік белгілеген төлемақыға беріледі. 

13. Әкімшілік Кеңестің шешімі бойынша осы Конституциялық заңда белгіленген, әкімшілік бюджетіне міндетті төлемдерді белгілеуге немесе алып тастауға қатысты негіз қалаушы қағидаттар мен нормаларға сәйкес келген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделмеген әкімшілік бюджетіне төленетін міндетті төлемдердің жекелеген түрлерін белгілейтін немесе алып тастайтын, олардың мөлшерлемелерін, есептеу және төлеу тәртібін, сондай-ақ мерзімдерін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді, оның ішінде: 

1) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және әкімшіліктің немесе әкімшілік органдарының өзге де көрсететін қызметтері немесе әрекеттері үшін төлемақыны; 

2) инфрақұрылымдық алымды; 

3) кәдеге жарату төлемін; 

4) салықтық шешім үшін төлемақыны; 

5) төлемдердің өзге де түрлерін қабылдауға құқылы. 

14. Егер Қазақстан Республикасының басқа нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тиісті тәртіп Қазақстан Республикасының халықаралық шарты ережелерінің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін жеңілдіктер беруді шектесе, әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде Кеңестің шешімі бойынша осындай халықаралық шарттың салық салу мәселелеріне қатысты ережелерін қолданудың өзгеше тәртібі белгіленуі мүмкін. 

15. Осы Конституциялық заңға сәйкес Алатау қаласының аумағында қызметті жүзеге асыру кезінде әкімшілік пен әкімшілік органдары корпоративтік табыс салығын, мүлік салығын және Алатау қаласының аумағында орналасқан объектілер бойынша жер салығын, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік органдар төлемейтін басқа да салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді төлеуден босатылады. 

Әкімшіліктің немесе әкімшілік органдарының шетелдік жұмыскерлері Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған кезеңге дейін әкімшілікпен немесе әкімшілік органымен тиісті еңбек шарттары бойынша Алатау қаласындағы қызметтен түсетін кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босатылады. 

16. Әкімшіліктің немесе әкімшілік органдарының осы Конституциялық заңға сәйкес қаражатты, оның ішінде Қазақстан Республикасының бюджеттерінен бюджет қаражатын, Алатау резиденттеріне көрсетілген қызметтер үшін төлемақыны және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де төлемдерді алуы қосылған құн салығы салынатын, өткізу жөніндегі айналым болып саналмайды. 

Іске асырылу орны Қазақстан Республикасы болып танылған, бейрезидент өтеулі негізде орындаған жұмыстар, көрсеткен қызметтер, егер осы Конституциялық заңға сәйкес Алатау қаласының аумағында өздерінің қызметін жүзеге асыру кезінде әкімшілік немесе әкімшілік органдары үшін жұмыстар орындалса және қызметтер көрсетілсе, бейрезиденттен жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі айналым болып саналмайды. 

17. Алатау қаласындағы салықтық әкімшілендіру әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Салық кодексіне негізделеді. 

Салықтық әкімшілендіру мақсаттары, сондай-ақ әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген функцияларды орындау үшін мемлекеттік кіріс органдары әкімшілік пен әкімшілік органдарына салық төлеушілер жөніндегі, оның ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді ұсынады. 

Мемлекеттік кіріс органдарының әкімшілікпен, әкімшілік органдарымен және Алатау резиденттерімен Алатау қаласындағы салық салу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауы әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

45-бап. Алатау қаласындағы кедендік режим

1. Кедендік және салықтық реттеу мақсаттары үшін Алатау қаласы осы бап қолданысқа енгізілген күннен бастап елу жыл ішінде арнайы экономикалық аймақ режимінде жұмыс істейді, осыған байланысты: 

1) Алатау қаласының шекаралары мен аумағының алаңы көрсетілген арнайы экономикалық аймақтың шекаралары мен алаңы болып саналады; 

2) Алатаудың резидент заңды тұлғалары бір мезгілде арнайы экономикалық аймақтың резиденттері болып саналады және әкімшілік берген және осы мақсаттар үшін арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шартпен танылатын лицензияның негізінде арнайы экономикалық аймақ резиденттерінің тізіліміне енгізілуге жатады; 

3) кедендік реттеу мақсаты үшін арнайы экономикалық аймақ резиденттерінің тізілімін жүргізуді әкімшілік жүзеге асырады; 

4) әкімшілік Алатау қаласында кеден және салық органдарының функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыруға құқылы; 

5) арнайы экономикалық аймақ резиденттерінің тізіліміне енгізілген Алатаудың резидент заңды тұлғалары туралы мәліметтерді әкімшілік, егер Алатау қаласы заңнамасында өзгеше көзделмесе, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына (бұдан әрі – ЕАЭО-ның кеден заңнамасы), сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Алатаудың резидент заңды тұлғалары туралы мәліметтерді кейіннен беру мақсаттары үшін, тиісті дерекқормен интеграциялау шеңберінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және оларды тарату саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органға береді; 

6) егер Алатау қаласының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Алатау қаласының аумағында еркін кеден аймағы кедендік рәсімі және өзге де кедендік рәсімдер, ЕАЭО-ның кеден заңнамасына және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік операциялар қолданылады; 

7) Алатау қаласының органдары ЕАЭО-ның кеден заңнамасын ескере отырып, Алатау қаласы заңнамасының Алатау қаласының аумағында кедендік рәсімдер мен кедендік операцияларды қолданудың талаптары мен ерекшеліктерін реттейтін тиісті актілерін қабылдауға құқылы; 

8) кедендік рәсімдермен орналастыру мақсатында Алатау қаласының аумағына тауарларды әкелу және Алатау қаласының аумағынан тауарларды әкету әкімшілік айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады. 

2. Әкімшілік берген лицензияға сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында Алатау қаласының аумағында арнайы экономикалық аймақ резиденттері орналастыруға және (немесе) пайдалануға арналған тауарлар еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылады. 

3. Егер Алатау қаласы заңнамасының актілерінде өзгеше көзделмесе, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар, сондай-ақ еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылмаған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары және ЕАЭО-ның кеден заңнамасына және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес өзге де кедендік рәсімдермен орналастырылған шетелдік тауарлар Алатау қаласының аумағында орналастырылуы және пайдаланылуы мүмкін. 

4. Алатау қаласының аумағынан тауарларды әкету кезінде еркін кеден аймағы кедендік рәсімі, егер Алатау қаласы заңнамасының актілерінде өзгеше көзделмесе, тауарларды ЕАЭО-ның кеден заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген кедендік рәсімдермен орналастырумен аяқталады. 

5. Кедендік бақылауды жүргізу тәртібі, қолданылатын технологиялар (нұсқаулықтар), кедендік бақылау нысандары және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар ЕАЭО-ның кеден заңнамасымен реттелмейтін бөлігінде әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады. 

6. Алатау қаласының кедендік бақылау аймақтары аумағының периметрін қоршау және бейнебақылау жүйесімен жарақтандыру, бақылау-өткізу режимін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды қоса алғанда, осындай аумақты жайластыруға қойылатын талаптар, сондай-ақ адамдардың мұндай аумаққа кіру тәртібін белгілеу әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

46-бап. Ақшалай міндеттемелерді орындау, валюталық реттеу мен валюталық бақылау

1. Алатау қаласы бойынша валюталық реттеу мен валюталық бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілетін Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісімен жүзеге асырылады. 

2. Алатау қаласы бойынша валюталық реттеу мен валюталық бақылау Қазақстан Республикасы кепілдік беретін мынадай негізгі қағидаларға сәйкес қолданылуға тиіс: 

1) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының инвесторлар мен Алатау резиденттерінің валюталық операцияларына негізсіз араласуына жол бермеу; 

2) Алатау резиденттерінің уәкілетті банктерде және (немесе) шетелдік банктерде ұлттық валютада және (немесе) шетел валютасында шоттар ашу еркіндігі; 

3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған жағдайларда және тәртіппен Алатаудың резидент заңды тұлғалары арасында, сондай-ақ Алатаудың резидент заңды тұлғалары мен Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында ұлттық валютада және (немесе) шетел валютасында жасалатын валюталық операцияларды жүзеге асыру мүмкіндігі; 

4) Алатаудың резидент заңды тұлғаларының Қазақстан Республикасының резиденттерінен және (немесе) бейрезиденттерінен шетел валютасында қарыздар тарту мүмкіндігі; 

5) шарттар бойынша шетел валютасында есеп айырысу мүмкіндігі; 

6) шетел валютасын уәкілетті банктерде және (немесе) шетелдік банктерде нарықтық бағам бойынша сатып алу және (немесе) сату; 

7) капиталды кез келген шетел валютасында шектеусіз енгізуді, сондай-ақ қаржы құралдарын және (немесе) еркін түрде конвертацияланатын валютаны пайдалануды қоса алғанда, Алатау қаласында қызметті жүзеге асыру және инвестициялық жобаларды іске асыру мақсаттары үшін капитал қозғалысының еркіндігі; 

8) Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында тікелей көзделген шектеулерді қоспағанда, капитал қозғалысы операцияларына байланысты валюталық шарттар бойынша Алатау резиденттерінің төлемдері мен ақша аударымдары бойынша шектеулердің болмауы; 

9) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген төлем және (немесе) аударым сомасы шегінен асқан кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің уәкілетті банктермен бірлесіп Алатау қаласының аумағындағы қызмет бойынша жасалатын Алатау резиденттерінің валюталық операциялары бойынша жүргізілген төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын есепке алуды он жұмыс күні ішінде қамтамасыз етуі; 

10) әкімшілік айқындаған Алатау резиденттері санаттарының валюталық тәуекелдерді хеджирлеу мүмкіндігі; 

11) осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер төленгеннен кейін Алатау қаласындағы қызметтен түскен кірістерді (пайданы) еркін түрде репатриациялау. 

3. Әкімшілікке арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындауға жәрдемдесу және "бірыңғай терезе" қағидатын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Алатау қаласында аумақтық бөлімше құруды және оның қызметін осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде әкімшіліктің функцияларымен интеграциялауды қамтамасыз етеді. 

Көрсетілген бөлімшенің жұмыскерлері – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметшілері. Көрсетілген бөлімшенің қызметін материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық бөлімшесінің әкімшілікпен өзара іс-қимыл жасауының және олардың қызметін интеграциялау тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

47-бап. Цифрлық активтерді реттеу

1. Алатау қаласында цифрлық активтер ұғымы, оларды шығару және олардың айналымы Кеңестің шешімі бойынша және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша қабылданатын әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісімен реттеледі. 

2. Алатау қаласында цифрлық активтердің шығарылуы мен айналымын реттеу қаржылық орнықтылық қағидатын сақтаумен де және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі талаптарды белгілеумен де жүзеге асырылады.

48-бап. Алатау қаласында қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтық режим

1. Әкімшілік арнаулы құқықтық режим мақсатын негізге ала отырып, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, өмір сүру сапасын арттыру және инновациялық экономиканы дамыту, басқару тиімділігін арттыру және әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру үшін Алатау қаласының аумағында және оның қала маңындағы аймағында туындайтын тиісті қатынастарды реттеу ерекшеліктеріне қатысты қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді Кеңестің шешімі бойынша қабылдауға құқылы. 

2. Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптары Алатау қаласы мен оның қала маңындағы аймағының аумағында осы Конституциялық заңға және Алатау қаласының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасының актілеріне қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады. 

3. Әкімшіліктің қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының Экология кодексінің талаптарымен салыстырғанда қоршаған ортаны қорғаудың анағұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге тиіс. 

4. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде Алатау қаласының аумағында және оның қала маңындағы аймағында мынадай экологиялық талаптар айқындалуы мүмкін: 

1) әкімшілік айқындаған өлшемшарттар мен мерзімдерге сәйкес көлік құралдарын және өзге де жылжымалы көздерді пайдалануға қойылатын талаптар, оның ішінде олардың Алатау қаласына немесе оның белгілі бір функционалдық аймақтарына кіруіне тыйым салу, шектеулер не ол үшін әкімшіліктің бюджетіне жеке экологиялық төлемақы алу; 

2) әкімшілік айқындаған өлшемшарттар мен мерзімдерге сәйкес стационарлық көздерді пайдалануға қойылатын талаптар, оның ішінде Алатау қаласында немесе оның белгілі бір функционалдық аймақтарында оларды пайдалануға тыйым салу, шектеулер не ол үшін әкімшіліктің бюджетіне жеке экологиялық төлемақы алу; 

3) полимерлі, шыны, қағаз және (немесе) картон қаптамаларға арналған депозиттік-қайтару жүйесін енгізу жөніндегі талаптар, сондай-ақ өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындауға қойылатын талаптар; 

4) қалдықтардың түзілуін болғызбауды, қайта пайдалануға, қайта өңдеуге және (немесе) кәдеге жаратуға дайындауды ынталандыруға бағытталған оларды басқаруға қойылатын қосымша талаптар; 

5) қалдықтарды көмуге тыйым салуды енгізу; 

6) қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы мөлшерлемелеріне арттыру коэффициенттерін енгізу; 

7) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін айыппұл мөлшерлемелеріне арттыру коэффициенттерін енгізу; 

8) қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзге де талаптар. 

5. Әкімшілік және әкімшіліктің органдары Алатау қаласының аумағында қоршаған ортаны қорғау саласындағы, оның ішінде жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және экологиялық білім беруді дамытуға бағытталған іс-шараларды әзірлеуді және іске асыруды ұйымдастырады. 

6. Алатау қаласында коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау қамтамасыз етіледі. Коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауға, оның ішінде міндетті түрде бөлек жиналуға тиіс қалдықтардың түрлеріне немесе топтарына (түрлерінің жиынтығына) қойылатын талаптар әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 2035 жылғы 1 қаңтардан бастап Алатау қаласының аралас коммуналдық қалдықтарының түзілуіне жол берілмейді. 

Әкімшілік қалдықтарды қайта өңдеу, энергетикалық және өзге де кәдеге жарату жобаларына, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып бастамашылық жасауға және іске асыруға құқылы. 

7. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Алатау қаласында эмиссиялар мен қоршаған орта сапасын үздіксіз мониторингтеу жүйесін пайдалану міндетті болады. 

8. Әкімшілік жыл сайын Алатау қаласының және оның қала маңындағы аймағының бүкіл аумағы үшін шығарындылардың шекті рұқсат етілген жиынтық көлемін белгілейді, ол тиісті рұқсаттар беруге негіз болады. 

9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру әкімшілік бекітетін тарифтер бойынша ақылы негізде жүргізіледі. 

10. Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырғаны үшін төлемдердің, қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақының, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұлдардың және әкімшіліктің шешімдеріне сәйкес Алатау қаласының аумағында жиналатын экологиялық алымдардың сомалары қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын жүзеге асыратын әкімшілік бөлімшелерінің қызметін мониторингтеу, зертханалардың жұмыс істеуін, ғылыми-техникалық және сараптамалық қолдауды жүзеге асыру мақсатында оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге бағытталады.

49-бап. Алатау қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта жер қойнауын пайдалану

Алатау қаласының аумағы мен қала маңындағы аймағында: 

1) қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтардың, зиянды және улы заттардың кез келген түрлерін сақтау немесе көму, сарқынды, өнеркәсіптік және техникалық суларды жер қойнауына ағызу (айдау) үшін жерасты орындарына (құрылысжайларға) орналастыру және (немесе) оларды пайдалану мақсатында жер қойнауы кеңістігін пайдалануға; 

2) жерасты суларының қорын жасанды жолмен толықтыру үшін жер қойнауына суды айдауға, оның ішінде осы мақсаттарға арналған жерасты құрылысжайларын салуға және (немесе) пайдалануға; 

3) пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге тыйым салынады. 

Алатау қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта Алатау қаласының ғимараттарын, құрылысжайларын салу және қала инфрақұрылымын дамыту мақсаты үшін жер қойнауын пайдаланудың жол берілетін тәсілдері Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

50-бап. Алатау қаласының аумағында қаржы саласындағы қызметті жүзеге асыру

1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Алатау қаласының аумағында филиал құрмай және негізгі бизнесті ұйымдастырмай қаржылық қызметтер көрсететін Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдары мен "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары Алатау резиденттері болып танылмайды. 

2. Осы Конституциялық заңға және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес реттелетін операцияларды қоспағанда, банк қызметін, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыру жөніндегі ұйымдардың қызметін, сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін және өзге де қаржылық қызметті қаржы ұйымдары Алатау қаласында тұлғаларға қызмет көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруы мүмкін. 

Аталған ұйымдардың Алатау қаласының аумағындағы филиалдары әкімшілік беретін реттеуші рұқсат негізінде және соның шарттарымен ашылады. 

3. Валюталық операцияларды, цифрлық активтермен жасалатын операцияларды қоса алғанда, әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін қаржылық қызметтер мен операцияларды тек қана Алатаудың резидент заңды тұлғаларының әкімшіліктің тиісті реттеуші лицензиясы не жеке реттеуші рұқсаты бойынша жүзеге асыруына рұқсат беріледі. Әкімшіліктің көрсетілген нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және (немесе) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісілуге тиіс. 

4. Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдары және "Астана" халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтер көрсететін қатысушылары және шетелдік қаржы ұйымдары Алатау қаласының аумағында Алатаудың резиденттері ретінде еншілес қаржы ұйымдарын және өзге де ұйымдарды құруға құқылы. 

Алатау қаласында осындай ұйымдарды құру және иелену шарттары мен тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде: 

1) Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдары мен шетелдік қаржы ұйымдары үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша;  

2) "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитетімен келісу бойынша айқындалады. 

5. Алатау қаласында орналасқан не оның дамуын қамтамасыз ететін жылжымайтын мүлік және инфрақұрылым объектілеріне инвестициялар тарту мақсатында әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде жылжымайтын мүліктің инвестициялық қорларын және ұжымдық инвестициялаудың өзге де нысандарын құру мен олардың қызметінің ерекшеліктері айқындалуы мүмкін.

51-бап. Алатау қаласында цифрлық өзара іс-қимыл жасау және көрсетілетін қызметтерді ұсыну

1. Алатау қаласының аумағында тұру не қызметті жүзеге асыру жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға құқықтарын шектеуге алып келмейді. 

2. Алатау қаласының аумағында орналасқан жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның ішінде Қазақстан Республикасының цифрлық объектілері арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алуға құқылы. 

3. Әкімшілік көрсететін қызметтер және Алатау қаласының аумағында қызметті жүзеге асыруға байланысты рәсімдер, оның ішінде резиденттікті беру, өзгерту және тоқтату, бизнес-лицензиялау, реттеушілік лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері және әкімшіліктің құзыретіне жатқызылған өзге де рәсімдер әкімшіліктің цифрлық объектілері арқылы ұсынылады. Әкімшілік көрсететін қызметтер Қазақстан Республикасының мемлекеттік цифрлық объектілері арқылы да ұсынылуы мүмкін. 

4. Әкімшіліктің цифрлық объектілері деректермен алмасу және электрондық нысанда қызметтер көрсету мақсатында заңмен қорғалатын құпияны қорғау жөніндегі талаптарды және Қазақстан Республикасының киберқауіпсіздік туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік цифрлық объектілерімен интеграциялануға тиіс. 

5. Алатау қаласында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалануға рұқсат етілетін электрондық цифрлық қолтаңбалар танылады. 

6. Алатау резиденттерімен трансшекаралық электрондық өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету мақсатында шет мемлекеттердің аккредиттелген куәландырушы орталықтары берген электрондық цифрлық қолтаңбалар әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен танылуы мүмкін. 

Электрондық цифрлық қолтаңбалары Алатау қаласында пайдалануға рұқсат етілетін шетелдік куәландырушы орталықтардың тізбесі, сондай-ақ оларды тану және осындай қолтаңбаларды пайдалану тәртібі, электрондық сәйкестендіру мен қолтаңбаларды тексерудің тиісті құралдарына қойылатын талаптар әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

52-бап. Алатау қаласының цифрлық объектілері мен цифрлық деректері

1. Әкімшілік Алатау қаласының цифрлық объектілерін құруға, дамытуға және пайдалануға құқылы. 

2. Әкімшіліктің цифрлық объектілері әкімшіліктің қызметін, арнаулы құқықтық режимнің жұмыс істеуін, сондай-ақ деректерді қалыптастыруды, өңдеуді, сақтауды, пайдалануды және олармен алмасуды қамтамасыз етуге арналған. 

3. Алатау қаласының аумағында қызметті жүзеге асыру, әкімшіліктің цифрлық объектілерінің жұмыс істеуі, сондай-ақ Алатау қаласында қалалық инфрақұрылымды пайдалану мен көрсетілетін қызметтерді ұсыну нәтижесінде қалыптастырылатын цифрлық деректерді әкімшілік және өзге де тұлғалар әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен Алатау қаласын басқару, қалалық инфрақұрылымды дамыту, көрсетілетін қызметтерді ұсынудың тиімділігін арттыру, талдау, ғылыми зерттеулер және технологиялық шешімдерді ендіру үшін пайдалана алады. 

4. Деректерді қалыптастыру, пайдалану, беру, олардың иесін көрсетпеу, қорғау және олармен алмасу тәртібі, сондай-ақ әкімшіліктің цифрлық объектілерін қалыптастыру және пайдалану тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

53-бап. Алатау қаласындағы цифрлық жазбалар

1. Цифрлық жазба Алатау қаласында әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес туындайтын, өзгеретін немесе тоқтатылатын құқықтар, міндеттер және өзге де заңды фактілер туралы мәліметтерді куәландырудың заңдық маңызы бар нысаны деп танылады. 

2. Цифрлық жазбалар тиісті мүліктік құқықтардың құқықтық сипатын, олардың пайда болу, ауысу, шектелу және тоқтатылу негіздерін өзгертпейді. Егер осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің актілерінде өзгеше көзделмесе, цифрлық жазбалар құқықтардың, міндеттердің және өзге де заңды фактілердің болуының дәлелі деп танылады. 

3. Алатау қаласында құқықтар, міндеттер және өзге де заңды фактілер туралы мәліметтерді куәландыратын цифрлық жазбаларды пайдалануға мәліметтердің анықтығы, қатысушыларды тиісті сәйкестендіру, әрекеттердің қадағалануы, деректердің қорғалуы және киберқауіпсіздік қамтамасыз етілген кезде жол беріледі. 

4. Алатау қаласында құқықтар, міндеттер және өзге де заңды фактілер туралы мәліметтерді куәландыратын цифрлық жазбаларды жасауға, жүргізуге, пайдалануға, сақтауға, қорғауға және тексеруге қойылатын талаптар, сондай-ақ олардың жұмыс істеу тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

54-бап. Эксперименттік құқықтық режимдер

1. Технологиялық және өзге де инновацияларды әзірлеу, сынақтан өткізу және ендіру мақсатында әкімшілік Алатау қаласының аумағында эксперименттік құқықтық режимдерді белгілеуге құқылы. Эксперименттік құқықтық режимдерді белгілеу кезінде оларды қолдану аймақтары, ұзақтығы және басқа шектеулер айқындалады. 

2. Эксперименттік құқықтық режимдер байланыс, сенсорлық және цифрлық желілер, Заттар интернеті, жасанды интеллект, пилотсыз және инновациялық көлік құралдары, роботтандырылған жүйелер және өзге де технологиялар саласындағы шешімдерді қоса алғанда, инновациялық технологиялар мен технологиялық инфрақұрылымды тестілеуді және қолдануды көздейді. 

3. Эксперименттік құқықтық режимдер әкімшіліктің бастамасы бойынша немесе Алатау резиденттерінің ұсыныстары бойынша белгіленеді. 

4. Эксперименттік құқықтық режимдерді белгілеу және қолдану ерекшеліктері әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады. 

5. Эксперименттік құқықтық режимдер мен сынақтан өткен технологияларды қолдану нәтижелері Қазақстан Республикасының заңнамасын кейіннен жетілдіру мақсатында пайдаланылуы мүмкін.

55-бап. Алатау қаласындағы мемлекеттік емес білім беру ұйымдары қызметінің құқықтық режимі

1. Алатау қаласының аумағында мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының білім беру қызметі тек қана жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдерде қолданылатын стандарттар, білім беру бағдарламалары, сертификаттар және (немесе) аккредиттеулер негізіндегі бизнес-лицензияға және (немесе) реттеуші лицензияға сәйкес жүзеге асырылады. 

2. Осы бапқа сәйкес білім беру қызметі мынадай білім беру деңгейлері бойынша да жүзеге асырылуы мүмкін: 

1) мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді қамтитын бастауыш мектеп; 

2) негізгі мектеп; 

3) жоғары мектеп; 

4) орта білімнен кейінгі білім; 

5) жоғары білім; 

6) жоғары оқу орнынан кейінгі білім. 

3. Егер мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының бизнес-лицензиясында және (немесе) реттеуші лицензиясында өзгеше айқындалмаса, олар өздерінің жарғысына және (немесе) ішкі құжаттарына сәйкес: 

1) білім беру саласында технологиялық инновацияларды әзірлеуде, ендіруде және пайдалануда; 

2) білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен таңдауда, білім беру қызметін, білім беру қызметін жүзеге асыру нысандары мен әдістерін ұйымдастыруда;  

3) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде тыйым салынбаған, оның ішінде есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорларды пайдалана отырып және әзірлеу мақсатында ғылыми зерттеулерді, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүргізу мен жүргізу бағыттарында; 

4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолдануға қатысуда (коммерцияландыруда); 

5) қызметтен тыс іс-шаралардың бағыттары мен тізбесінде; 

6) қаржы-экономикалық және әкімшілік басқару мен шешімдер қабылдауда; 

7) білім беру қызметін, білім беру сапасын басқаруды және білім беру мониторингін, оқуға қабылдауды, оқу үлгерімін ағымдағы бақылауды, білім алушылардың аралық және қорытынды аттестациясын ұйымдастыруда, персоналдың біліктілігін арттыру, оларды аттестаттау және оның өткізілу кезеңділігі қағидаларын әзірлеуде; 

8) білім беру гранттары мен стипендияларды тағайындауда, олардың мөлшерлері мен берілу шарттарын белгілеуде; 

9) білім беру гранттарының құралдары мен стипендияларды басқаруда, оның ішінде оларды беруде, олардан айыруда және қайта бөлуде; 

10) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде тыйым салынбаған қаржыландыру көздері есебінен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыруда және ғылыми зерттеулер жүргізуде; 

11) оларда іске асырылатын білім беру бағдарламалары бойынша білім алуды аяқтаған және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдардың тиісті білім деңгейі және (немесе) біліктілігі туралы құжаттардың нысандарын айқындауда дербес болады. 

4. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының шетелдік жұмыскерлерді басшылық лауазымдарға және жоғары білімді мамандарға тартуы бизнес-лицензиялау кезінде әкімшілік айқындаған сан мен лауазымдар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алуды талап етпейді. 

5. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдары беретін тиісті білім деңгейі және (немесе) біліктілік туралы құжаттар олардың иелеріне мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжаттар иелері үшін көзделген құқықтар береді. 

6. Бизнес-лицензиялау және (немесе) реттеп лицензиялау рәсімдерін және әкімшілік айқындауы мүмкін өзге де рәсімдерді қоспағанда, мемлекеттік емес білім беру ұйымдары мен олардың қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік аттестаттау және білім беру саласындағы өзге де рәсімдер жүргізілмейді.

56-бап. Алатау қаласындағы мемлекеттік емес медициналық ұйымдар қызметінің құқықтық режимі

1. Алатау қаласының аумағындағы медициналық қызмет, медициналық көмек және мемлекеттік емес медициналық ұйымдардың олармен байланысты қызметі тек қана жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдерде қолданылатын стандарттар, бағдарламалар, сертификаттар және (немесе) аккредиттеулер негізіндегі бизнес-лицензияға және (немесе) реттеушілік лицензияға сәйкес жүзеге асырылады. 

2. Егер мемлекеттік емес медициналық ұйымдардың қызметін бизнес-лицензиялау және (немесе) реттеп лицензиялау кезінде өзгеше айқындалмаса, олар өздерінің жарғысына (немесе) ішкі құжаттарына сәйкес: 

1) денсаулық сақтау саласында биологиялық технологиялар мен технологиялық инновацияларды әзірлеуде, ендіруде және пайдалануда; 

2) қаржы-экономикалық және әкімшілік басқару мен шешімдер қабылдауда; 

3) бизнес-лицензиялау және (немесе) реттеп лицензиялау шарттарында денсаулық сақтау саласында білім беру қызметін жүзеге асыруда; 

4) жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдерде сертификатталған және рұқсат етілген инновациялық медициналық технологияларды, әдістерді, тәсілдерді, стандарттарды, хаттамаларды, дәрілік заттарды, дәрілік препараттарды, медициналық бұйымдарды, медициналық техниканы қолдануда;  

5) медициналық көмек көрсету стандарттарын, бірақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген медициналық көмек көрсету стандарттарынан деңгейі төмен емес стандарттарды, сондай-ақ жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдерде қолданылатын медициналық көмек пен қызметтер көрсетуді ұйымдастырудың ұқсас стандарттарын әзірлеу мен қолдануда; 

6) көрсетілетін медициналық қызметтер мен өзге де қосымша көрсетілетін қызметтердің, оның ішінде ерікті медициналық сақтандыру қаражаты, жұмыс берушілердің қаражаты және Алатау қаласының заңнамасында тыйым салынбаған ақылы медициналық көрсетілетін қызметтерді қалыптастырудың өзге де көздері есебінен көрсетілетін қызметтердің тарифтері мен құнын айқындауда дербес болады. 

3. Медициналық қызметпен айналысуға құқық беретін немесе мемлекеттік емес медициналық ұйымда кәсіби медициналық қызметті жүзеге асыруға шақырылған мамандардың шетелде алған біліктілік санатын растайтын құжаты Алатау қаласы аумағында қолданылатын санат берілмей-ақ, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатымен теңестіріледі. 

4. Мемлекеттік емес медициналық ұйымдарға сот-сараптамалық қызметті, оның ішінде сот-медициналық, сот-наркологиялық және сот-психиатриялық сараптамаларды жүзеге асыруға тыйым салынған. 

5. Мемлекеттік емес медициналық ұйымдардың кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыру үшін басшылар мен мамандар лауазымдарына шетелдік жұмыскерлерді тартуы бизнес-лицензиялау және (немесе) реттеп лицензиялау кезінде әкімшілік айқындаған сан мен лауазымдар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алмай жүзеге асырылады. 

6. Мемлекеттік емес медициналық ұйымдардың есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорларды пайдалану мүмкіндігі берілетін бизнес-лицензияда тікелей көзделуге тиіс. 

Көрсетілген пайдалану Қазақстан Республикасының есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымы саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

57-бап. Инновациялық қалалық мобильділік

1. Алатау қаласының көлік жүйесінде басқарылатын және пилотсыз инновациялық ұшу аппараттарын және өзге де аппараттарды пайдалануды ендіру Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен белгіленетін эксперименттік құқықтық режим шеңберінде оларды міндетті сынақтан өткізу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. 

2. Көлік және логистикалық шешімдер үшін әуе кеңістігін пайдалана отырып, қалалық мобильділікті арттыру мақсатында Алатау қаласының шегінде жер немесе су бетінен үш мың метр биіктікке дейін әуе кеңістігінің арнаулы аймағы жұмыс істейді. 

3. Әкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен әуе кеңiстiгiнiң көрсетiлген аймағын және қажеттi инфрақұрылымды пайдалану, оның iшiнде адамдарды, жүктердi тасымалдауға және өзге де мақсаттарға арналған, басқарылатын және пилотсыз инновациялық ұшу аппараттарының әуе мобильділігінің бағыттары мен дәлiздерiн белгiлеу, аэронавигациялық қызмет көрсетумен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету реттеледi.

58-бап. Алатау қаласындағы креативті индустрия

1. Алатау қаласында негізгі бизнес ретінде шығармашылық қызметті жасау, өндіру, қайта өндіру және оның нәтижелерін көпшілікке тарату әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі. 

2. Әкімшілік Алатау қаласында жасалған зияткерлік меншік объектілерінің тізілімін, оның ішінде зияткерлік меншік объектісіне немесе оның ауысуына құқықты блокчейн желісіне жазу үшін блокчейн технологияларын пайдалана отырып жүргізеді.

59-бап. Алатау қаласындағы ойын қызметі

1. Алатау қаласында жүлде қоры бар турнирлер мен жарыстарды, құмар ойындарды және (немесе) бәс тігулерді ұйымдастырумен және өткізумен байланысты қызмет әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес реттеуші лицензия және (немесе) реттеуші рұқсат болған кезде жүзеге асырылады. 

2. Алатау қаласында жүлде қоры бар турнирлер мен жарыстарды, құмар ойындарды және (немесе) бәс тігулерді ұйымдастырумен және өткізумен байланысты қызметке тек қана мастер-жоспарға және даму стратегиясына сәйкес арнайы белгіленген аймақ шегінде рұқсат етіледі. 

3. Жиырма бір жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне, Алатау қаласының қызметшілеріне, Қазақстан Республикасының Құрылтайы мен Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарына, әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлеріне, сондай-ақ сот әрекет ету қабілетін шектеген немесе өз еркімен құмар ойындарға және (немесе) бәс тігулерге қатысуды шектеген адамдарға, құмар ойындарға және (немесе) бәс тігулерге қатысуға тыйым салу Қазақстан Республикасының заңдарында немесе әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де адамдарға Алатау қаласының аумағында құмар ойындарды және (немесе) бәс тігулерді ұйымдастыратын және өткізетін орындарға баруға, сол сияқты оларға кез келген түрде қатысуға тыйым салынады. 

Осы тармақтың бірінші бөлігінің құмар ойындарды және (немесе) бәс тігулерді ұйымдастыратын және өткізетін орындарға баруға тыйым салу бөлігіндегі ережелері аталған адамдардың мемлекеттік бақылау мен қадағалауды және Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жағдайларына қолданылмайды. 

4. Алатау қаласында құмар ойындарды және (немесе) бәс тігулерді ұйымдастыруға және өткізуге байланысты қызметті әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттеу қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі талаптарды сақтау мен ендіру арқылы жүзеге асырылады.

60-бап. Алатау қаласында еңбек қатынастарын және шетелдік жұмыскерлерді тартуды реттеу

1. Алатау қаласында еңбек қатынастарын және еңбекке тікелей байланысты өзге де қатынастарды, оның ішінде әлеуметтік әріптестік мәселелерін, еңбек шарттарын жасасуға қойылатын талаптарды, жұмыскерлер мен жұмыс берушілерге қойылатын өзге де талаптарды реттеу әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады. 

2. Алатау қаласының заңнамасында шетелдік жұмыс күшін тарту ерекшеліктері, оның ішінде: 

1) шетелдік жұмыс күшін квоталау; 

2) ішкі еңбек нарығынан іздестіру; 

3) жергілікті кадрларды қамту туралы шарттар көзделуі мүмкін. 

3. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған Алатау резиденттерінің санаттары бойынша білікті шетелдік жұмыскерлерді тарту шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттар алмастан, әкімшіліктің талаптарына сәйкес кәсіптер тізбесі бойынша жүзеге асырылады. 

4. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде жұмыс беруші үшін өзі тартқан шетелдік жұмыскерлердің Қазақстан Республикасында болу тәртібін бұзғаны үшін құқықтық салдарлар белгіленеді. 

5. Әкімшілік Алатау қаласында тартылған шетелдік жұмыскерлердің есебін жүргізеді. Олар туралы мәліметтер әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.

61-бап. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың көші-қон режимі

1. Алатау қаласында қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар визасыз режимде, сол сияқты визамен де келе алады. 

2. Шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға виза, уақытша тұруға арналған рұқсат беру, олардың күшін жою, қалпына келтіру, қолданылу мерзімін қысқарту Алатау резиденттерінің және (немесе) Алатау қаласы органдарының өтінішхаты негізінде жүзеге асырылады. 

3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген және заңды негізде жүрген адамдарға визалардың, уақытша тұруға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзарту Алатау резиденттерінің өтінішхаты бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасынан тыс жерге шықпай жүзеге асырылуы мүмкін. 

Алатау қаласының органдарына консультациялық қызмет көрсету үшiн Қазақстан Республикасының аумағына көп мәртелiк визамен келетін және заңды негiзде жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар қолда бар визалардың қолданылу мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасында үздiксiз болуға құқылы. 

4. Әкімшілік цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерді, олардың болу тәртібі мен шарттарын бақылауға мүмкіндік беретін, Алатау қаласының аумағына келген шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды қамтамасыз етеді.

62-бап. Алатау қаласындағы стандарттау және техникалық реттеу рәсімдерін реттеу

1. Әкімшілік Алатау қаласының стандарттау жүйесінің тізілімінде есепке алынуға тиіс өнімдерге, процестер мен көрсетілетін қызметтерге, өнімдерді, процестер мен көрсетілетін қызметтерді бақылау әдістеріне Алатау қаласының қолдануға міндетті стандарттарын қабылдауға құқылы. 

2. Инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Алатаудың резидент заңды тұлғаларының әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес сапа инфрақұрылымы жоғары елдерде қолданылатын халықаралық және өңірлік стандарттарды, техникалық реттеудің, стандарттау мен сәйкестікті бағалаудың өзге де шараларын, сондай-ақ олар бойынша берілетін сәйкестік сертификаттарын, сынақ хаттамаларын, сәйкестік белгілерін және сәйкестікті бағалау туралы өзге де құжаттарды (бұдан әрі – рұқсат етілетін шетелдік стандарттар мен құжаттар) тікелей қолдануына жол беріледі. 

Егер әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше белгіленбесе, рұқсат етілетін шетелдік стандарттар мен құжаттар олар ресми түрде қабылданған тілде қолданылады. 

Рұқсат етілетін шетелдік стандарттар мен құжаттар Алатау қаласының стандарттау жүйесінің тізілімінде айқындалуға тиіс. 

3. Әкімшілік Алатау қаласында техникалық реттеудің ерекшеліктерін белгілеуге және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды ескере отырып техникалық регламенттерді қабылдауға құқылы. 

4. Осы бапқа сәйкес әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген техникалық реттеу, стандарттау және сәйкестікті бағалау шаралары Қазақстан Республикасының аумағында арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманы құрмайтын Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген шаралармен тең танылады. 

5. Осы баптың 2-тармағының ережелері Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес келмейтін, айналысқа шығарылатын өнімге қолданылмайды.

63-бап. Алатау қаласындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құқықтық режим

1. Алатау қаласының аумағындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі (жобалауды, құрылысқа арналған іздестіру, сараптама, зерттеу жұмыстарын, құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларды тапсырыстар бойынша дайындауды (өндіруді), сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы инженерлік көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда) осы Конституциялық заңда және (немесе) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. 

Алатау қаласындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттеу әмбебап дизайн тәсілдерін қолдануды ескере отырып, халықтың барлық санаттары үшін инклюзивті, қолайлы және жайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қалалық ортаның қолжетімділігін арттыруға арналған сәулет-қала құрылысы және жобалау шешімдерінің ерекшеліктері белгіленуі мүмкін. 

2. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде Алатау қаласындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы, оның ішінде: 

1) жобалау қызметінің (жобалау) сатылары; 

2) құрылыс жобаларын іске асыру кезеңдері; 

3) бастапқы материалдарды беру тәртібі мен олардың құрамы; 

4) құрылыс жобаларына арналған жоба алдындағы құжаттаманың және (немесе) жобалау құжаттамасының құрамы; 

5) құрылысқа салынатын мемлекеттік инвестициялар есебінен толық немесе ішінара қаржыландырылатын құрылыс жобалары үшін құрылыстың сметалық құнын айқындау; 

6) құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын әзірлеу, келісу, өзгерту және бекіту рәсімі; 

7) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауды жүзеге асыруды ұйымдастыру тәртібі; 

8) құрылыс объектілерін қабылдап алу және пайдалануға беру; 

9) құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алуды жүргізу және есепке алу тәртібі; 

10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттеудің өзге де мәселелері бойынша реттеу ерекшеліктері көзделуі мүмкін. 

3. Алатау қаласының қала құрылысын жоспарлау құжаттарына ұзақ мерзімді жоспар, мастер-жоспар және егжей-тегжейлі даму жоспары жатады. 

4. Әкімшілік егжей-тегжейлі даму жоспарын Алатау қаласының жекелеген аумақтары мен функционалдық аймақтарына арналған мастер-жоспарға сәйкес бекітеді. Егжей-тегжейлі даму жоспарларының құрамы, қолданылу мерзімдері, оларды әзірлеу, өзгерістер енгізу және күші жойылды деп танудың тәртібі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 

5. Алатау резиденттерінің жекелеген санаттары рұқсат етілетін практикалар, сондай-ақ халықаралық жобалық құжаттама негізінде Алатау қаласының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды іске асыруға құқылы. Мұндай халықаралық жобалау құжаттамасы әкімшілік айқындайтын сейсмикалық, өрт қауіпсіздігі және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың негіз қалаушы талаптарына (бұдан әрі осы бапта – негіз қалаушы талаптар) сәйкестігіне тексерілуге тиіс. 

Рұқсат етілетін практикалардың тізбесін қалыптастыру және бекіту тәртібі, халықаралық жобалау құжаттамасының негіз қалаушы талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізу тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады. 

6. Жобалануы, салынуы, ведомстводан тыс кешенді сараптамасы мен пайдалануға берілуі Қазақстан Республикасы нормативтік құжаттарының мемлекеттік жүйелерінің (мемлекеттік нормативтік құжаттарының) негізінде жүзеге асырылатын құрылыс жобаларының тізбесі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі. 

7. Алатау қаласы аумағындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы реттеп лицензиялау және рұқсат беру рәсімдерін қолдану мақсаттары үшін жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдердің уәкілетті органдары және (немесе) ұйымдары берген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында іздестіру қызметін, жобалау қызметін (жобалауды) және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстарын, сараптама жұмыстарын және (немесе) инженерлік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығын беретін лицензиялар және өзге де ұқсас рұқсат беру құжаттары танылады.  

8. Алатау қаласының аумағында: 

1) осы Конституциялық заңға сәйкес жоғары сапалы инфрақұрылымы бар елдерге жатқызылған шет мемлекеттердің уәкілетті органдары және (немесе) ұйымдары берген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы іздестіру қызметін, жобалау қызметін (жобалау) және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстарын, сараптама жұмыстарын және (немесе) инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығын беретін лицензиялар мен өзге де ұқсас рұқсат беру құжаттарын; 

2) Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары мен ұйымдары берген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы іздестіру қызметіне, жобалау қызметіне (жобалауға) және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстарына, сондай-ақ сараптама жұмыстарын және (немесе) инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығын беретін рұқсат беру құжаттарын тану тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

64-бап. Алатау қаласының инфрақұрылым объектілерінің құрылысын реттеу

1. Алатау қаласының инфрақұрылым объектілерінің құрылыс жобаларын қаржыландыру: 

1) мемлекеттік бюджет қаражаты; 

2) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты; 

3) Қазақстан Республикасының қаржы нарығында және (немесе) халықаралық қаржы нарығында қарызға алынған қаражат, Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының және (немесе) халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз қаражаты, гранттары және (немесе) техникалық көмегі; 

4) Алатау резиденттерінің меншікті қаражаты; 

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.  

2. Алатау қаласының инфрақұрылым объектілерінің құрылысы әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделуі мүмкін ерекшеліктер ескеріле отырып, оның ішінде мына тәсілдер арқылы жүзеге асырылады: 

1) өнім берушінің қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылатын "толық бітіріп берілетін" құрылыс салу; 

2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік; 

3) инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында Алатаудың резиденттері тартқан, лицензиясы бар мердігер ұйымдардың құрылыс салуы; 

4) Алатау қаласында тұрғын емес мақсаттағы инфрақұрылым объектілері, ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар сатып алынған жағдайда бір көзден алу тәсілімен сатып алу туралы шартты тікелей жасасу; 

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған, Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалуы мүмкін өзге де тәсілдермен құрылыс салу.  

3. Бір мезгілде Алатау қаласы мен өзге де өңірлердің аумағында орналасқан инфрақұрылым объектілерінің құрылыс жобаларын іске асыру кезінде тиісті өңірлердің жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде қажетті жәрдем көрсетуге тиіс. Осы бапта көзделген жағдайларда тиісті өңірлердің жергілікті атқарушы органдарымен әкімшіліктің өзара іс-қимыл жасау тәртібі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалуы мүмкін.

65-бап. Алатау қаласында тұрғын үй қатынастарын реттеу

1. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде тұрғынжай мен тұрғын емес үй-жайларды жалға алудың және меншіктің құқықтық режиміне қойылатын арнаулы талаптар бекітіледі. 

2. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде мынадай мәселелер бойынша тұрғын үй қатынастарын реттеудің ерекшеліктері: 

1) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқару; 

2) кондоминиум объектісін басқару үшін тартылатын басқарушы компанияларға қойылатын біліктілік талаптары; 

3) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың түрлері, мөлшерлері және есептеу әдістемелері, осындай шығыстарды жабуға арналған жарналардың түрлері және оларды төлеу тәртібі; 

4) тұрғын үй қатынастарын реттеудің, оның ішінде Алатау қаласында көппәтерлі тұрғын үйлердегі кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқарудың өзге де мәселелері көзделуі мүмкін.

66-бап. Алатау қаласында жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алу тәртібін реттеу

1. Алатау қаласының аумағындағы тұрғын және тұрғын емес жылжымайтын мүлік объектілерін жеке және заңды тұлғалар меншікке сатып ала алады. 

Шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың аталған объектілерге меншік құқығын иелену және жүзеге асыру ерекшеліктері Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді. 

2. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде мынадай мәселелер бойынша реттеу ерекшеліктері айқындалуы мүмкін: 

1) тұрғын, коммерциялық және өзге де тұрғын емес жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алу тәртібі; 

2) тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мен ұйымдастыру; 

3) нысанасы жылжымайтын мүлік болып саналатын шарттарды жасасу және орындау тәртібі, тараптардың осындай шарттар бойынша құқықтары мен міндеттері; 

4) кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын жылжымайтын мүлікті жалға алу тәртібі; 

5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде бақыланбайтын көші-қон процестеріне жол бермеу мақсатында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алуы мен иеленуін реттеу жүйесін ұйымдастыру; 

6) Алатау қаласында жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алуға байланысты өзге де мәселелер. 

3. Цифрлық басымдылық қағидатын іске асыру мақсатында әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде жылжымайтын мүлікке және заңдық маңызы бар цифрлық жазбалар енгізу арқылы Алатау қаласы объектілерінің құқықтық кадастрында есепке алынуға тиіс өзге де объектілерге құқықтардың (құқық ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін және тоқтатылуын есепке алу, тану және растау үшін, таратылған тізілім (блокчейн) технологиясы негізінде осындай кадастрды жүргізу көзделуі мүмкін.

67-бап. Алатау қаласында жер қатынастары

1. Алатау қаласында жер қатынастары осы Конституциялық заңның ережелері ескеріле отырып, әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі. 

2. Алатау қаласында арнаулы құқықтық режим міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға және (немесе) меншікке берілмеген жер учаскелерінен тұратын Алатау қаласының жер қоры қалыптастырылады. 

3. Осы Конституциялық заңда көзделген функцияларын іске асыру мақсатында әкімшілік өз құзыреті шегінде, жерді иелену, пайдалану және билік ету құқықтарын қоса алғанда, Алатау қаласының жер қорын басқаруды жүзеге асырады. 

4. Алатау қаласындағы мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелері Алатаудың резиденттеріне жер пайдалануға Алатау қаласының жер қорынан өтеулі негізде берілуі мүмкін. 

Алатау қаласының жер қорын қалыптастыру мақсатында жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару немесе мәжбүрлеп алып қою нәтижесінде Алатаудың резиденттеріне жер пайдалануға берілген жер учаскелері бойынша Алатаудың резиденттері әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен бұрынғы меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға құнын өтеу немесе тиісінше төлемдер төлеу бойынша шығыстарды мемлекетке өтейді. 

5. Алатау қаласындағы жер учаскелері жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттарда айқындалатын олардың нысаналы мақсатына, қызметті жүзеге асыруға арналған бизнес-лицензияға және мастер-жоспар мен аумақтың тиісті бөлігінің егжей-тегжейлі даму жоспарларында көзделген Алатау қаласының аумағын аймақтарға бөлуге сәйкес пайдаланылуға тиіс. 

6. Алатау қаласындағы жер учаскелері мемлекеттік жер пайдаланушыларға жер пайдалануға және (немесе) квазимемлекеттік сектор ұйымдарына уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға алуға) берілуі мүмкін. 

7. Алатау қаласында жер учаскелерін жер пайдалануға беру тәртібі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады. 

8. Алатау қаласы мен қала маңындағы аймақта шаруа немесе фермер қожалығын, жеке қосалқы шаруашылықты, бағбандық, бау-бақша шаруашылығын, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысын жүргізу үшін жер учаскелерін беруге тыйым салынады. 

9. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын ерекше жағдайларда жер учаскелері Алатаудың резидент заңды тұлғаларына инвестициялық жоба бойынша өздерінің негізгі міндеттемелерін, оның ішінде:  

1) инвестиция сомасын; 

2) инвестиция мерзімін; 

3) тиісті бизнес-лицензияда айқындалған елеулі өзге де шарттарды орындаған жағдайда, кейіннен меншікке сатып алу құқығымен жер пайдалануға берілуі мүмкін. 

10. Әкімшіліктің Алатау қаласындағы жер қатынастарын реттейтін нормативтік құқықтық актілерінде мынадай мәселелер бойынша жер қатынастарын реттеу ерекшеліктері: 

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жер қатынастарын реттеудің құқықтық режимінен алып қоюлардың, оның ішінде жер пайдалану құқығын беру шарттарының айқындалуы көзделуі мүмкін. 

Алатау қаласының жер қорының жер учаскелері азаматтық-құқықтық мәміле негізінде және Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген басқа жағдайларда жеке меншікке ұсынылады не беріледі; 

2) жер пайдалану құқығын беру кезінде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының оларды алу үшін сұратылған мақсатқа қарай айқындалуы; 

3) уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалға алудың) үлгілік шартының әзірленуі және бекітілуі; 

4) жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттардың және жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарының түрі, мазмұны және нысаны; 

5) Алатау қаласы аумағының аймақтарға бөлінуі; 

6) Алатау қаласының тиісті түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жер қатынастарын реттеудің өзге де мәселелері көзделуі мүмкін. 

11. Алатаудың резиденттеріне жер пайдалануға және (немесе) меншікке берілген жер учаскелерінің нысаналы мақсатқа сай пайдаланылуына және олардың қорғалуына мониторингті және мемлекеттік бақылауды әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен әкімшілік жүзеге асырады. 

12. Алатаудың резидент заңды тұлғасына берілген жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы Алатаудың резидент заңды тұлғасы тиісті бизнес-лицензиядан айырылған немесе тиісті жоба бойынша әкімшілікпен шарт мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап тоқтатылады. 

13. Кеңес Алатау қаласын дамыту мақсатында жер учаскелері: 

1) Алатау қаласының инфрақұрылымын дамыту және жер қорын қалыптастыру мақсатында қала құрылысын жоспарлаудың көрсетілген құжаттарын (бұдан әрі – бірінші кезекте мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын аумақтар) іске асыру мақсатында қабылданған ұзақ мерзімді жоспарда, мастер-жоспарда және (немесе) әкімшіліктің шешімдерінде көзделген мерзімдерде мемлекет мұқтажы үшін бірінші кезекте мәжбүрлеп иеліктен шығарылуға тиіс; 

2) қала құрылысын жоспарлау (бұдан әрі – перспективалық игеру аумағы) құжаттарына сәйкес игерілуге тиіс Алатау қаласының аумақтарын айқындайды. 

14. Перспективалық игеру аумақтарында орналасқан жер учаскелеріне қатысты инвестицияларды жүзеге асыруды бастау мақсатында әкімшілік меншік иесін және (немесе) мемлекеттік емес жер пайдаланушыны әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен тиісті түрде хабардар еткен күннен бастап есептелетін екі жылдық мерзім белгіленеді. Меншік иесі және (немесе) мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін үшінші тұлғаларға берген жағдайда осы екі жылдық мерзімнің өтуі тоқтатыла тұрмайды. 

Осы Конституциялық заңның 70-бабына сәйкес мәжбүрлеп алып қою рәсімі шеңберінде Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар жіберілген перспективалық игеру аумақтарында орналасқан жер учаскелеріне қатысты осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген хабарлама осындай нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін жіберілуі мүмкін. 

Меншік иесі және (немесе) мемлекеттік емес жер пайдаланушы тиісті түрде хабардар етілген күннен бастап тиісті жер учаскесіне жер салығының жыл сайын еселеп арттырылатын мөлшерлемелері немесе тиісінше жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемдер қолданылады, олардың мөлшері мен төлеу тәртібін нысаналы мақсатына, санатына және өзге де сипаттамаларына қарамастан Кеңестің шешімі бойынша әкімшілік айқындайды. 

Жер учаскелерін инвестицияларды жүзеге асыру мақсаттары үшін берілген екі жылдық мерзім өткеннен кейін игермеу әкімшіліктің жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсіміне бастама жасауына негіз болады. 

15. Осы баптың 16-тармағында көзделген жағдайларда перспективалық игеру аумақтарында орналасқан жер учаскелеріне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары қала құрылысын жоспарлау құжаттарында белгіленген аймақтарға бөлу және (немесе) жер санаты ескеріле отырып қайта ресімделуге жатады. Перспективалық игеру аумақтарында орналасқан жер учаскелеріне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын қайта ресімдеу тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады. 

16. Перспективалық игеру аумақтарында инвестицияларды жүзеге асыру мақсаттары үшін берілген жер учаскелерін игеру мынадай кез келген тәсілдермен: 

1) осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен бизнес-лицензия алу; 

2) Алатау резиденттерінің инвестицияларды жүзеге асыруы мақсатында меншік иелерінің және (немесе) мемлекеттік емес жер пайдаланушылардың жер учаскесіне құқықты (оның ішінде сату арқылы) беруі; 

3) жер учаскелері меншік иелерінің, мемлекеттік емес жер пайдаланушылардың, әкімшіліктің (әкімшілік органдарының), Алатау резиденттерінің және (немесе) өзге де тұлғалардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындар құру арқылы не бірлескен қызмет туралы шарт негізінде инвестицияларды жүзеге асыру тәсілдерімен; 

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдермен жүргізілуі мүмкін.

68-бап. Алатау қаласының жер қорын қалыптастыру

1. Алатау қаласының жер қорын қалыптастыруды әкімшілік осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіпке сәйкес жүзеге асырады. 

2. Алатау қаласының жер қоры: 

1) мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға және (немесе) меншікке берілмеген жер учаскелерінен; 

2) мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару нәтижесінде алынған жер учаскелерінен; 

3) меншік иелерінен және (немесе) жер пайдаланушылардан мәжбүрлеп алып қою нәтижесінде алынған, мақсатына сай пайдаланылмаған, игерілмеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерінен;  

4) мемлекеттік жер пайдаланушылардан мемлекет мұқтажы үшін алып қою нәтижесінде алынған жер учаскелерінен; 

5) меншік иесінің немесе жер пайдаланушының жер учаскесіне меншік құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан мемлекет пайдасына ерікті түрде бас тартуы нәтижесінде алынған жер учаскелерінен; 

6) егер заң бойынша да, өсиет бойынша да мұрагерлері жоқ не бiрде бiр мұрагер мұраны қабылдамаған, не өсиет қалдырушы барлық мұрагерлерді мұрадан айырған, не мұрагер мемлекет пайдасына мұрадан бас тартқан немесе мұрадан кімнің пайдасына бас тартатынын көрсетпей мұрадан бас тартқан жағдайда алынған жер учаскелері; 

7) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де негіздерде берілетін жер учаскелерінен құралады.

69-бап. Алатау қаласының жер қорын қалыптастыру мақсатында мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару

1. Осы бапқа сәйкес мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару – меншік иелерінің немесе жер пайдаланушылардың мүлкін иеліктен шығарудың айрықша жағдайы, ол Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамыту мақсатында Алатау қаласының ұзақ мерзімді жоспары мен мастер-жоспарын іске асыру және сақтау, жер қорын қалыптастыру және арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындау жөніндегі мемлекеттік мүддені қанағаттандыруға бағытталған. 

2. Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесінің және осындай жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құны "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізілетін бағалау негізінде айқындалады.  

3. Бірінші кезектегі мәжбүрлеп иеліктен шығару аумақтары бойынша 2025 жылғы 26 қыркүйектен бастап бес жыл ішінде мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын айқындау көрсетілген кезеңдегі нарықтық құнның өзгеруін есепке алмай және Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен белгіленетін және қолданылатын индекстеуге сәйкес жүзеге асырылады. 

4. Алатау қаласының жер қорын қалыптастыру мақсатында мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін немесе иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен әкімшілік жүзеге асырады. 

Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін немесе иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару меншік иесінің немесе жер пайдаланушының келісімімен не сот шешімі бойынша мүліктің тең құны өтелген кезде жүзеге асырылады. 

5. Меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаны алған кезден бастап: 

1) мемлекеттің оны басымдықпен сатып алуға құқығы бар; 

2) меншік иесінің немесе жер пайдаланушының иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі құрылыс объектілерін жаңадан салуға, кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, реконструкциялауға, қалпына келтіруге және (немесе) күрделі жөндеуге байланысты шығындары мен шеккен залалдары өтелуге жатпайды. 

6. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін немесе иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде тең құнын өтеу: 

1) меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен Алатау қаласынан тыс жерде өзге жер учаскесін беруді; 

2) иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын өтеуді көздеуі мүмкін.  

7. Алатау қаласынан тыс жерде өзге жер учаскесін беру кезінде өтеудің тең құны иеліктен шығарылатын және оның орнына берілетін жер учаскелерінің сипаттамаларын, оның ішінде орналасқан жерін, нысаналы мақсатын, алаңын, топырақтың сапалық жай-күйін, сумен қамтамасыз етілуін және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін кешенді бағалауға сүйене отырып айқындалады. 

8. Құны тең жер учаскелері Алатау қаласынан тыс жерден, сауда-саттық (аукциондар) рәсімі қолданылмай, оның ішінде Алатау қаласындағы мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің сипаттамаларына ұқсас немесе олармен салыстырғанда анағұрлым жақсартылған сипаттамаларымен берілуі мүмкін. 

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары Алатау қаласындағы мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің орнына Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын жер учаскесінің сипаттамаларын кешенді бағалаудың әдістемесі негізінде құны тең жер учаскелерін беруді қамтамасыз етеді. 

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары өздерінің мемлекеттік меншігіндегі жерлердегі жер учаскелерін құны тең жер учаскелері ретінде беру үшін резервке қояды. 

9. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарының құны тең жер учаскелерін резервке қою және беру тәртібі мен мерзімі осы Конституциялық заңның 27-бабында көзделген жәрдемдесу тәртібімен нормативтік құқықтық актілерде айқындалады. 

10. Осы бапқа сәйкес мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару мақсатында және осы Конституциялық заңның 84-бабының 4-тармағында көзделген комиссияның құзыретіне жатқызылған өзге де мақсаттарда жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажет рұқсаттарды алмай мемлекетке тиесілі жер учаскелері болып қалыптастырылмаған жерге салынған, жеке тұрғын үйлермен байланысты құрылыстар мен құрылысжайлар Алатау қаласының аумағында заңды түрде салынған деп танылады. Аталған жылжымайтын мүлік объектілері 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғызылған және мақсатына сай пайдаланылған кезде мәжбүрлеп иеліктен шығару мақсаттары және осы Конституциялық Заңның 84-бабының 4-тармағында көзделген комиссияның құзыретіне жатқызылған өзге де мақсаттар үшін заңды түрде салынған мүлік (бұдан әрі – танылатын мүлік) деп танылады. Жылжымайтын мүлік объектілерін танылатын мүлік ретінде тану туралы шешімді осы Конституциялық Заңның 84-бабына сәйкес құрылған комиссия қабылдайды. 

11. Меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін немесе иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты келтірілген залал жіберіп алған пайданы қамтымайды және бюджет қаражатынан өтелуге жатады.

70-бап. Алатау қаласының жер қорын қалыптастыру мақсатында ауыл шаруашылығында пайдаланылатын (ауыл шаруашылығы мақсатындағы) жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою

1. Нысаналы мақсаты перспективалық игеру аумақтарында орналасқан және мақсатына қарай пайдаланылмайтын, игерілмейтін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын, ғимараттар және (немесе) құрылыстар салуды көздемейтін ауыл шаруашылығында пайдаланылатын (ауыл шаруашылығы мақсатындағы) жер учаскесіне (осы бапта бұдан әрі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері) қатысты әкімшілік оны мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару не мәжбүрлеп алып қою қажеттігін айқындайды. 

2. Әкімшілік мақсатына қарай пайдаланылмайтын, игерілмеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару қажеттігі туралы шешім қабылдаған жағдайда мұндай жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару осы Конституциялық заңның 69-бабына сәйкес жүзеге асырылады. 

3. Әкімшілік мақсатына қарай пайдаланылмайтын, игерілмеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою қажеттігі туралы шешім қабылдаған жағдайда жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою осы бапқа сәйкес жүзеге асырылады. 

4. Қазақстан Республикасы жер заңнамасының жер учаскесіне қатысты талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген күннен бастап: 

1) осы жер учаскесі бойынша меншік иелері немесе жер пайдаланушылар жасайтын құқықтардың ауысуы жөніндегі мәмілелерді мемлекеттік тіркеу тоқтатыла тұрады; 

2) нысаналы мақсатына, санатына және өзге де сипаттамаларына қарамастан, жер салығының немесе тиісінше жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының еселеніп арттырылған мөлшерлемелері қолданылады. 

5. Жер учаскелері мақсатына қарай елеулі пайдаланылмаған, игерілмеген және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жағдайда, олар мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Жер учаскесін пайдаланбау фактісін, жер учаскесін пайдаланбау уақыты кезеңіне енгізілмейтін жағдайларды және жер учаскесін пайдаланбаудың елеулі болу сипаттамаларын айқындау тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.  

6. Жер учаскесі жер учаскесінің меншік иесінен немесе мемлекеттен жер учаскесіне уақытша өтеулi жер пайдалану (жалға алу) құқығын сатып алған жер пайдаланушыдан осы бапта көрсетілген негіздер бойынша сот шешімімен мәжбүрлеп алып қойылған жағдайда, жер учаскесіне меншік құқығы немесе жер учаскесіне мемлекеттен сатып алынған уақытша өтеулi жер пайдалану (жалға алу) құқығына қатысты жер пайдалану құқығы әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен сауда-саттық (аукциондар) өткізілмей Алатау қаласының жер қорына беріледі. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде бұрынғы меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға мәжбүрлеп алып қойылатын жер учаскесін сатып алуға жұмсаған шығыстарына төленетін төлемдер, сондай-ақ орындалуы жер учаскесі немесе уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша талаптар мөлшерінде кепіл ұстаушыға төленетін төлем мөлшерін айқындау тәртібі белгіленеді. 

7. Өтеусіз негізде берілген жер учаскесі осы бапта көрсетілген негіздер бойынша сот шешімімен меншік иесінен мәжбүрлеп алып қойылған жағдайда, осы жер учаскесі жер учаскесінің меншік иесіне құнын өтеместен одан әрі қайта бөлу үшін сауда-саттық (аукциондар) өткізілмей Алатау қаласының жер қорына алынады. 

8. Меншік иесі немесе жер пайдаланушы Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткенге дейін жер учаскесін мақсатына қарай пайдалану жөнінде тиісті шаралар қабылдаған немесе Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзуды жойған жағдайда әкімшілік жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою рәсімін тоқтатады. Бұл жағдайда меншік иесінің немесе жер пайдаланушының құқықтары мен міндеттері осы Конституциялық заңның 67-бабының 13 – 16-тармақтарына сәйкес айқындалады. 

9. Мақсатына қарай пайдаланылмайтын, игерілмеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы осы баптың ережелері бірінші кезекте мәжбүрлеп иеліктен шығару аумақтарында орналасқан жер учаскелеріне қолданылмайды.

71-бап. Алатау қаласындағы әкімшілік-деликт құқық бұзушылықтардың арнаулы құқықтық режимі

1. Алатау қаласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың (әкімшілік деликт) арнаулы құқықтық режимі белгіленеді. 

2. Алатау қаласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың арнаулы құқықтық режимі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне және осы бапқа сәйкес Кеңестің шешімі бойынша қабылданатын әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісіне негізделеді. 

3. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың арнаулы құқықтық режимінің мақсаттары үшін Алатау қаласында жасалған әкімшілік құқық бұзушылық деп Алатау қаласында немесе одан тыс жерде Қазақстан Республикасының өзге аумағында басталған немесе жалғасқан не аяқталған қоғамдық тәртіпті, мемлекеттік немесе жеке мүдделерді бұзатын, жеке немесе заңды тұлғаның кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасалған), қоғамға қауіпті, құқыққа қарсы әрекеті не әрекетсіздігі танылады. 

Алатау қаласының мемлекеттік және өзге де органдарының, сондай-ақ Кеңестің шешімі бойынша Алатау қаласының әкімшілігі мен өзге де әкімшілік органдарының жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функциялары берілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының бизнес-лицензияларын, реттеу лицензиялары мен реттеуші рұқсаттарын, аккредиттеулерін, талаптары мен нұсқамаларын сақтамау әкімшілік құқық бұзушылық болып саналмайды. Көрсетілген әкімшілік актілердің орындалуын қамтамасыз етудің түрлері мен шаралары Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі. 

4. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде Алатау қаласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың мынадай ерекшеліктері көзделеді: 

1) әкімшілік айыппұлдардың жекелеген мөлшерлері; 

2) Алатау қаласындағы әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеп-белгілеу тәсілдері; 

3) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін қоғамдық қатынастар саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтың жекелеген құрамдары; 

4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің ведомстволық тиесілі болуы; 

5) Алатау қаласы әкімшілік органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының Алатау қаласындағы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істерді қарау және әкімшілік жаза қолдану жөніндегі құзырет.  

5. Алатау қаласы әкімшілігінің нормативтік құқықтық актісінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде көзделген бірдей іс-әрекет үшін әкімшілік жауаптылық белгіленген жағдайда әкімшілік айыппұл мөлшері көрсетілген Кодексте көзделген әкімшілік айыппұлдың мөлшерінен төмен болмауға тиіс.

72-бап. Алатау қаласында реттеу режимін бұзғаны үшін жауаптылық

1. Жеке және заңды тұлғалар Алатау қаласының аумағында болған кезде, сондай-ақ реттелетін қоғамдық қатынастарды қозғайтын әрекет (әрекетсіздік) жасаған кезде резиденттігінің болуына қарамастан, осы Конституциялық заңның және Алатау қаласының өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.  

2. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде резиденттігі жоқ және Алатау резиденті шарт бойынша тартқан адам Алатау қаласы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін, егер Алатау резиденті өз кінәсінің жоқтығын және бұзушылықтың алдын алу бойынша ақылға қонымды шаралар қабылдағанын дәлелдемесе, жауапты болатын жағдайлар көзделуі мүмкін. 

3. Алатау қаласы заңнамасының және әкімшіліктің әкімшілік актілерінің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік пен әкімшілік органдары ақшалай өндіріп алуды, бизнес-лицензияларды, реттеуші лицензиялар мен реттеуші рұқсаттарды, берілген салықтық преференциялар мен өзге де жеңілдіктерді тоқтата тұруды немесе одан айыруды қоса алғанда, әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жауаптылық шараларын және осындай талаптардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын, жекелеген құқықтарға және (немесе) арнаулы құқықтық режимді қолдануға байланысты игіліктерге рұқсат беруді шектеу шараларын қолдануға құқылы. 

4. Әкімшілік пен әкімшілік органдарының жауаптылық шараларын және (немесе) орындауды қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы шешімдері орындауға міндетті болады және Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде және (немесе) Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мәжбүрлеп орындатуға жатады. 

5. Әкімшілік пен әкімшілік органдарының осы бапта көзделген шешімдеріне сотқа шағым жасалуы мүмкін.

73-бап. Алатау қаласындағы инвестициялардың құқықтық режимінің негізгі қағидаттары

1. Қазақстан Республикасы Алатау қаласының аумағында инвестицияларды жүзеге асыру және қорғау мақсатында инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасауды ынталандырады және оған жәрдемдеседі. 

2. Алатау қаласындағы инвесторларға және олардың инвестицияларына Қазақстан Республикасының инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы екіжақты келісімдеріне сәйкес инвестицияларды басқаруға, оларға қызмет көрсетуге, оларды пайдалануға, пайдаға жаратуға немесе оларға кез келген басқа нысанда билік етуге қатысты Қазақстан Республикасындағы шетелдік инвесторларға ұсынылатыннан кем емес қолайлы режим ұсынылады. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде осы Конституциялық заңда көзделген кепілдіктер көлемін азайтпайтын инвестицияларды қорғаудың қосымша кепілдіктері белгіленуі мүмкін. 

3. Осы Конституциялық заңға сәйкес инвесторлар жүзеге асырған инвестициялар әділ және тең құқылы режимді, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында толық қорғалу жағдайын және қауіпсіздікті пайдаланады. 

Қазақстан Республикасының атынан әкімшілік, әкімшілік және өзге де мемлекеттік органдар инвестор мен инвестицияларға қатысты адал және ақылға қонымды әрекет етуге және Алатау қаласының аумағында инвестицияларды басқаруға, пайдалануға, пайдаға жаратуға, оларға иелік етуге, оларды иеліктен шығаруға немесе оларға кез келген басқа нысанда билік етуге кедергі келтіруі мүмкін қандай да бір еркін, негізсіз немесе кемсітуші шараларға жол бермеуге міндетті, сондай-ақ:  

Алатау қаласында заңнамалық және реттеуші орта, әкімшіліктің, әкімшілік және (немесе) өзге де мемлекеттік органдардың растаулары мен міндеттемелері және солардың негізінде инвестордың инвестициялар туралы шешім қабылдауы негізінде туындаған инвестордың негізді үмітін қорғауды;  

инвестицияларға қолданылатын арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың ашықтығы мен болжамды болуын; 

инвестор мен инвестицияларға қатысы бар сот талқылауы немесе әкімшілік талқылау барысында сот төрелігіне қол жеткізуді, тыңдату құқығын және тиісті құқықтық процесті;  

инвестордың мемлекеттік органдар және (немесе) лауазымды адамдар тарапынан болатын негізсіз араласудан немесе қысымнан қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.

74-бап. Инвестициялық дауларды шешу

1. Инвестициялық даулар мүмкіндігінше тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі. 

2. Егер инвестициялық дауларды дау тараптарының кез келгені екінші тарапқа жазбаша түрде жүгінген күннен бастап үш ай ішінде келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмаса және дауласушы тараптар өзгеше туралы уағдаласпаса, онда дау инвестордың таңдауы бойынша: 

1) Қазақстан Республикасының соттарына; 

2) мына төреліктердің біріне: 

"Астана" халықаралық қаржы орталығының Халықаралық төрелік орталығына; 

егер инвестор мемлекеті Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі конвенцияға (бұдан әрі – ИКСИД конвенциясы) қатысушы болса, осы Конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (бұдан әрі – Орталық); 

егер инвестор мемлекеті ИКСИД конвенциясына қатысушы болмаса, Орталықтың қосымша (Қосымша органның қағидалары бойынша жұмыс істейтін) органына; 

Халықаралық сауда палатасы жанындағы Халықаралық төрелік сотқа; 

Лондон халықаралық төрелік сотына; 

Стокгольмдегі Сауда палатасының Төрелік институтына; 

Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелік регламентіне сәйкес нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған халықаралық төрелікке шешу үшін беріледі. 

3. Егер дауды шешу рәсімінің бастамашысы әкімшілік немесе әкімшілік орган болса, ал инвестор дауларды қараудың қандай да бір рәсімін таңдаудан жалтарса, әкімшілік немесе әкімшілік орган дауды келіссөздер арқылы реттеу мақсатында инвесторға алғашқы жазбаша түрде жүгінген күннен бастап үш ай өткен соң дауды Қазақстан Республикасының соттарына қарауға беруге құқылы. 

Инвестор осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген инвестициялық дауды шешудің өзге рәсімін таңдау туралы жазбаша өтініш ұсынған жағдайда, мұндай өтінішті инвестор инвестициялық даудың мәні бойынша өзінің алғашқы өтінішінің ұсынылуынан кешіктірмей берген кезде Қазақстан Республикасының инвестициялық дауды қарайтын соты оны жүргізуді тоқтатады. 

4. Егер наразылық мәлімдеген тарап өзінің құқықтарының болжамды түрде бұзылғаны туралы алғаш рет білген немесе алғаш рет білуге тиіс болған күннен бастап бес жылдан астам уақыт өтсе, наразылық осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес реттеу үшін берілмейді. 

5. Егер дауласушы тараптар өзгеше келіспесе, төрелік құрамы 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қабылданған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенцияның (бұдан әрі – Нью-Йорк конвенциясы) тарапы болатын мемлекеттің аумағында болуы тиіс екенін көздей отырып, қолданылатын төрелік қағидаларға сәйкес төрелік орнын айқындайды. 

6. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қабылданған шешім түпкілікті және инвестициялық дау тараптары үшін міндетті болады және тиісті төреліктің шешімдерін орындауға қолданылатын тетікке сәйкес танылуға және орындалуға тиіс.  

Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген төрелікке берілген инвестициялық дау Нью-Йорк конвенциясының 1-бабының мақсаты үшін коммерциялық қатынастардан туындайтын дау ретінде қаралуға тиіс. 

7. Осы баптың ережелері инвестициялық дауларды осы баптың 2-тармағына сәйкес қарауға Қазақстан Республикасының келісім беруі деп танылады. 

Әкімшіліктің және (немесе) өзге де әкімшілік органның осы баптың мақсаттары үшін қажет болуы мүмкін қосымша келісімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі қамтамасыз етеді. 

Инвестордың келісімі кез келген уақытта әкімшіліктің атына жазбаша өтініш беру арқылы немесе төрелікке жүгінген кезде беріледі. 

8. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, Англия және Уэльс құқығына немесе өзге де шетелдік құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мүлкіне, оның ішінде оның сенімгерлік басқаруындағы мүлікке берілетін иммунитеттерден бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс. 

9. Дауды төрелікке беру қамтамасыз ету шаралары үшін инвестордың Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуіне кедергі болмайды. Қазақстан Республикасының соттары мұндай өтініштерді инвестициялық даудың мәні бойынша қарамай қарастырады.

75-бап. Алатау қаласындағы шарттардың құқықтық режимі

1. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде Алатау резиденттерінің шарттарын реттеу ерекшеліктері, оның ішінде шарттардың халықаралық тұрғыдан танылған нысандары пайдаланыла отырып, сондай-ақ банктік қолайлылық қағидаттары және өзге де халықаралық тұрғыдан танылған қағидаттар ескеріліп көзделеді. Көрсетілген ерекшеліктер тараптардың құқықтары мен міндеттерін, тәуекелдерді бөлуді, міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді, есеп айырысу тәртібін, тараптардың жауапкершілігін, сондай-ақ өзге де талаптарды қоса алғанда, осындай шарттардың талаптарына қатысты көзделеді. 

2. Алатау резиденті тарапы болатын немесе Алатау қаласында инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты шартқа қатысты қолданылуға тиіс құқықты айқындаудың ерекшеліктері, шетелдік элементтің болуына қарамастан, осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді. 

Мұндай шарттың тараптары оны жасасқан кезде немесе кейіннен өзара келісім бойынша осы шарт бойынша олардың құқықтары мен міндеттеріне қолданылуға тиіс құқықты таңдауға құқылы.  

3. Осы баптың 2-тармағының ережелері, императивті нормалардың өзінде көрсетілгендіктен немесе олардың ерекше маңызына қарай, оның ішінде азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қамтамасыз ету үшін қолданылуға тиіс құқыққа қарамастан, тиісті қатынастарды реттейтін Алатау қаласы заңнамасының императивті нормаларының әрекеттерін қозғамайды. 

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР



76-бап. Арнаулы ереже

Осы Конституциялық заңда белгіленген арнаулы құқықтық режимнің жалпы ережелері мен қағидаттары, инвестициялардың құқықтық режимінің қағидаттары және инвестициялық дауларды шешу туралы ережелер өзгермейді. 

Осы бапта көрсетілген ережелер осы Конституциялық заңның күші жойылды деп танылған жағдайда ғана өз қолданысын тоқтатуы мүмкін.

77-бап. Жалпы өтпелі ереже

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері және оларды іске асыру үшін қабылданған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер Алатау қаласының аумағындағы қатынастарға Алатау қаласының заңнамасымен реттелмеген бөлігінде қолданылады деп белгіленсін.

78-бап. Алатау қаласында негізгі бизнесті жүзеге асыратын заңды тұлғалар туралы өтпелі ережелер

1. Осы Конституциялық заңның 39 және 40-баптары қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жатпайтын мемлекеттік емес заңды тұлғалар Алатаудың резидент заңды тұлғалары болмайды. 

Егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, Конституциялық заңның көрсетілген ережелері қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл өткен соң (осы бапта бұдан әрі – өтпелі кезең) Алатау қаласының аумағындағы негізгі бизнесті тікелей Алатаудың резидент заңды тұлғалары ғана жүзеге асыра алады. 

2. Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті жүзеге асыру мақсатында осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік емес заңды тұлғалар Алатаудың резидент заңды тұлғасын құруға және оған осындай негізгі бизнесті жүзеге асыру үшін қажетті мүлікті, мүліктік құқықтар мен тиісті міндеттемелерді беруге құқылы. 

Көрсетілген мүлікті, мүліктік құқықтар мен міндеттемелерді беру: 

1) осы Конституциялық заңның күшімен жүзеге асырылады; 

2) кредиторлардың келісімін қажет етпейді; 

3) шарттарды өзгерту немесе бұзу үшін негіз болмайды; 

4) осындай шарттар мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттердің тоқтатылуына алып келмейді; 

5) салық салу мақсаттары үшін қабылдаушы және (немесе) беруші тараптың кірісі және (немесе) айналымы болып танылмайды. 

3. Өтпелі кезең өткеннен кейін Алатаудың резидент заңды тұлғалары болмайтын заңды тұлғалар Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті жүзеге асыруға және: 

1) реттеуші лицензияларды, реттеуші рұқсаттарды және әкімшіліктің өзге де көрсетілетін қызметтерін алуға; 

2) Алатау резиденттері өткізетін сатып алуларға қатысуға; 

3) Алатау қаласының эксперименталды құқықтық режимдеріне қатысуға құқылы емес. 

4. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары негізгі бизнеске жататын және Алатау қаласының заңнамасымен реттелетін қызмет түрлерін жүзеге асыруға берілген лицензиялар, рұқсаттар және рұқсат беру сипатындағы өзге де құжаттар өтпелі кезең өткеннен кейін Алатау қаласының аумағында қолданылмайды.

79-бап. Алатау қаласында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың филиалдары туралы өтпелі ережелер

Осы Конституциялық заңның 39 және 40-баптары қолданысқа енгізілгенге дейін Алатау қаласында тіркелген және (немесе) қызметін жүзеге асыратын, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жатпайтын мемлекеттік емес заңды тұлғалардың филиалдары көрсетілген ережелер (осы бапта бұдан әрі – өтпелі кезең) қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жыл ішінде есептік тіркеуден шығарылуға тиіс не оларды есептік тіркеу орны Алатау қаласының шегінен тыс жерге көшірілуге тиіс. 

Өтпелі кезең өткеннен кейін есептік тіркеуден шығарылмаған немесе есептік тіркеу орны Алатау қаласының шегінен тыс жерге көшірілмеген аталған филиалдардың қызметі сот шешімі бойынша осы баптың негізінде мәжбүрлеп тоқтатылуға жатады.

80-бап. "Alatau" арнайы экономикалық аймағы жөніндегі өтпелі ережелер

1. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап "Alatau" арнайы экономикалық аймағында (бұдан әрі – Алатау АЭА) мыналарға:  

1) Алатау АЭА қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттар, сондай-ақ инвестициялық жобаның немесе оның елеулі талаптарының өзгеруіне алып келетін осындай шарттарды өзгертуге; 

2) бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарттар; 

3) қосалқы қызметті жүзеге асыру туралы шарттар жасасуға тыйым салынады. 

2. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылғы 1 шілдеге дейінгі кезеңде қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын Алатау АЭА қатысушылары және Алатау қаласының аумағында және Алатау қаласының белгіленетін қала маңындағы аймақта Алатау АЭА-да бейінді емес немесе қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар осы Конституциялық заңның 78-бабында көзделген тәртіппен Алатау қаласының аумағында тиісті қызметті жүзеге асыруға байланысты шарттар бойынша мүлікті, құқықтар мен міндеттемелерді беруді қоса алғанда, өз жобаларын негізгі бизнес ретінде іске асыруды өздері құратын Алатаудың резидент заңды тұлғаларына ауыстыруға құқылы. 

Алатаудың көрсетілген резидент заңды тұлғаларына берілетін бизнес-лицензиялардың шарттары қызметтің басым түрлерін жүзеге асырған Алатау АЭА-ның қатысушылары және Алатау қаласының аумағында Алатау АЭА-да бейінді емес немесе қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар үшін тиісінше қолданыста болған шарттармен салыстырғанда нашар болмауы тиіс. 

3. 2027 жылғы 1 шілдеден бастап 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының Үкіметі Алатау АЭА-ның атауын өзгертуді және оның аумағынан Алатау қаласының аумағын және Алатау қаласының белгіленетін қала маңындағы аймағын алып тастауды қамтамасыз етеді.  

Көрсетілген алып тастау Алатау қаласының аумағында және Алатау қаласының белгіленетін қала маңындағы аймағында Алатау АЭА-ның жұмыс істеуін тоқтату болып есептеледі. 

Көрсетілген тоқтату күнінен бастап үш ай ішінде Алатау АЭА-ның басқарушы компаниясының жарғылық капиталына қатысу үлестерін иелену және пайдалану құқықтары Алматы облысының жергілікті атқарушы органына берілуге тиіс.  

4. Алатау АЭА-ның қатысушыларының және Алатау қаласының аумағында Алатау АЭА-да бейінді емес немесе қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың жер учаскелеріне жер пайдалану құқықтары осы баптың 2-тармағына сәйкес өз жобаларының іске асырылуын ауыстыруды жүзеге асырмаған жағдайда ұзартуға жатпайды. Егер осы Конституциялық заңның 67-бабының ережесінен өзгеше туындамаса, көрсетілген жер учаскелері бойынша оларды сатып алу құқығын беруге тыйым салынады.

81-бап. Инвестициялық шарттар жөніндегі өтпелі ережелер

1. Осы тармақ қолданысқа енгізілген күннен бастап Алатау қаласының аумағында жүзеге асырылатын қызмет пен іске асырылатын жобалар бойынша: 

1) жеңілдетілген инвестициялық келісімшарттар; 

2) инвестициялық міндеттемелер туралы келісімдер; 

3) инвестициялар туралы келісімдер; 

4) Қазақстан Республикасының орталық немесе жергілікті мемлекеттік органдарымен Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнамаға жатпайтын, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалатын және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін немесе реттелетін төлемдерге, бағалар мен тарифтерге қатысты кез келген нысанда салықтық және өзге де жеңілдіктер, преференциялар мен артықшылықтар беруді көздейтін өзге де шарттар жасасуға жол берілмейді. 

Осы тыйым салу көрсетілген салықтық және өзге де жеңілдіктер, преференциялар мен артықшылықтар беруді көздейтін Қазақстан Республикасының орталық немесе жергілікті мемлекеттік органдарының рұқсаттарына, лицензияларына, келісімдеріне және өзге де әкімшілік актілеріне қолданылады. 

2. Осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнге дейін жасалған және Алатау қаласының аумағында инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейтін инвестициялық келісімшарттар, арнаулы инвестициялық келісімшарттар, инвестициялық міндеттемелер туралы келісімдер, инвестициялар туралы келісімдер және осы баптың 1-тармағында көрсетілген өзге де шарттар (осы бапта бұдан әрі – инвестициялық шарттар) өз күшін сақтайды. 

3. Инвестициялық шарттар бойынша инвестициялық жобаларды іске асыратын тұлғалар арнаулы құқықтық режимге жатпайтын инвестициялық шарттардың талаптарына және оларға қолданылатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Алатау қаласының аумағында өз қызметін және инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыруға құқылы. 

4. Алатау қаласының аумағындағы инвестициялық шарттар бойынша инвестициялық жобаларды әкімшілік осы Конституциялық заңның 78-бабын қолдану мақсатында негізгі бизнес деп тануға құқылы. 

Алатау қаласының аумағында көрсетілген негізгі бизнесті жүзеге асыру мақсатында инвестициялық шарттардың тараптары тиісті инвестициялық жобаларды іске асыруды өздері құрған Алатаудың резидент заңды тұлғаларына ауыстыруға және оларға инвестициялық шарттар бойынша тиісті инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты жер учаскелерін, мүлікті, мүліктік құқықтар мен тиісті міндеттемелерді беруге құқылы. 

5. Осы баптың 4-тармағында көзделген беру: 

1) осы Конституциялық заңның күшімен жүзеге асырылады; 

2) кредиторлардың келісімін қажет етпейді; 

3) шарттарды өзгерту немесе бұзу үшін негіз болмайды және осындай шарттар мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттерді тоқтатуға алып келмейді; 

4) салық салу мақсаттары үшін қабылдаушы және (немесе) беруші тараптың кірісі және (немесе) айналымы деп танылмайды. 

6. Осы баптың 4-тармағына сәйкес құрылатын Алатаудың резидент заңды тұлғасына берілетін бизнес-лицензияның шарттары тиісті инвестициялық шарттарда көзделген сондай салықтық преференцияларды қамтуға тиіс. 

7. Инвестициялық шарттар жер учаскелерін, мүлікті, мүліктік құқықтар мен осы инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты міндеттемелерді беруді қоса алғанда, осындай Алатаудың резидент заңды тұлғасына инвестициялық жобалар бойынша негізгі бизнесті ауыстырған жағдайда, осы баптың 4-тармағына сәйкес құрылған Алатаудың резидент заңды тұлғасына бизнес-лицензия берілген күннен бастап өз қолданысын тоқтатады.

82-бап. Инвестициялық жобалар және олар бойынша берілген жер учаскелері туралы өтпелі ережелер

1. Инвестициялық жобалар ретінде айқындалған және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 282-бабының 8-1-тармағына сәйкес Алатау қаласының аумағында мемлекеттік меншіктен берілген жер учаскелерінде (меншікке немесе жер пайдалануға) іске асырылатын жобалар осы Конституциялық заңның 78-бабын қолдану мақсатында заңды тұлғалардың негізгі бизнесі болып танылады. 

2. Осы Конституциялық заңның 78-бабының талаптарын сақтау мақсатында жер учаскелерінің меншік иелері немесе жер пайдаланушылары Алатаудың құрылатын резидент заңды тұлғаларына осы баптың 1-тармағында көзделген тиісті инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты көрсетілген жер учаскелерін, мүлікті, мүліктік құқықтарды және тиісті міндеттемелерді беруге құқылы. 

3. Инвестициялық жобаның барлық коммерциялық, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де көрсеткіштері мен сипаттамалары, сондай-ақ бизнес-жоспарларда және жұмыс бағдарламаларда мәлімделген, олар бойынша оң қорытындылар қабылданған және (немесе) тиісті жер учаскелері берілген көрсетілген жобаны іске асыру мақсаттары – аталған жер учаскелері бойынша меншік иелерінің немесе жер пайдаланушыларының міндеттемелері, өйткені Қазақстан Республикасының заңнамасынан, жер пайдалану шарттарынан өзгеше туындамайды не жобаларды инвестициялық ретінде келісу мен айқындаудың және тиісті жер учаскелерін кейіннен берудің шарттары мен негіздеріне қайшы келмейді.  

Көрсетілген міндеттемелер осы Конституциялық заңның 78-бабына сәйкес заңды тұлғаларды құрған кезде берілетін бизнес-лицензияларға енгізілуге жатады. 

4. Жер учаскелерінің меншік иелері немесе жер пайдаланушылары осы баптың 3-тармағында көзделген тиісті міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда, әкімшілік барлық анықталған нақты мән-жайларды ескере отырып, біржақты тәртіппен жер пайдалану шарттарын орындаудан бас тартуға, сондай-ақ көрсетілген жер учаскелерінің беру мақсаттарын бұза отырып пайдаланғаны үшін осы Конституциялық заңда көзделген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюды жүзеге асыруға құқылы.

83-бап. Алатау қаласындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы өтпелі ережелер

1. Кеңестің шешімімен Алатау қаласының аумағында адамдардың жекелеген санаттарына қатысты ұзақ мерзімді жоспар бекітілгенге дейін қолданылатын және мынадай шараларды көздейтін реттеудің және қала құрылысын регламенттеудің ерекше режимі (осы бапта бұдан әрі – ерекше режим) енгізілуі мүмкін: 

1) Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарының құрылыс объектілерін жобалау және салу және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту үшін рұқсат беру құжаттарын беруді тоқтата тұру; 

2) ерекше режим қолданысқа енгізілген күнге дейін жобалау және салу үшін рұқсат беру құжаттары алынған және (немесе) құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өткен құрылыс объектілерінің салынуын тоқтата тұру (осы бапта бұдан әрі – рұқсат беру құжаттары); 

3) Кеңестің шешімінде көзделген өзге де шаралар енгізілуі мүмкін. 

2. Ерекше режим енгізілген перспективалық игеру аумағында орналасқан жер учаскелеріне қатысты рұқсат беру құжаттары валидациялау рәсіміне жатады. 

Валидациялау меншік иелері және (немесе) жер пайдаланушылар рұқсат беру құжаттарының ұзақ мерзімді жоспарға және (немесе) мастер-жоспарға сәйкестігін растау үшін осы Конституциялық заңның 67-бабының 14-тармағында көзделген хабарламаны алғаннан кейін жүргізіледі. Валидациялау әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен жүргізіледі. 

3. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілгенге дейін әзірленген қала құрылысы жобалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Конституциялық заңға сай әзірленген Алатау қаласының қала құрылысын жоспарлау құжаттары қабылданғанға дейін қолданылады. 

4. Меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларына ерекше режимнің қолданысқа енгізілуіне байланысты келтірілген залалдар жіберіп алынған пайданы қамтымайды және бюджет қаражатынан өтелуге жатады. Бұл ретте валидациялау рәсімінен өтпеген және ерекше режим енгізілгеннен кейін жаңа құрылысты, бұрыннан бар құрылыс объектісін кеңейтуді, жаңғыртуды, техникалық қайта жарақтандыруды, реконструкциялауды, реставрациялауды және (немесе) күрделі жөндеуді жүзеге асырған меншік иесі және жер пайдаланушы осындай құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жаратуға (сүруге) арналған шығыстарды көтереді.

84-бап. Жер қатынастары мәселелері жөніндегі өтпелі ережелер

1. Осы Конституциялық заңның жер қатынастарын реттейтін ережелері қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған Алатау қаласындағы жер учаскелерін уақытша өтеусіз жер пайдалану шарттары мен уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарттары ұзартылмайды және өздерінің қолданылу мерзімі өткенге немесе уақытша өтеусіз жер пайдалану немесе өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы осы Конституциялық заңда көзделген негіздер бойынша тоқтатылғанға дейін қолданыста болады. 

Осындай жер пайдаланушылармен жаңа мерзімге шарттар жасасуды әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде, сондай-ақ осы баптың 4-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда әкімшілік жүзеге асыруы мүмкін. 

2. Алатау қаласында жер қатынастарын реттеу бөлігінде мынадай шаралар көзделеді: 

1) осы баптың 4-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Алатау қаласында жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуді тоқтата тұру; 

2) осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәселелерді шешу үшін Алатау қаласы әкімдігінің жанынан Алатау қаласы әкімдігінің және әкімшіліктің өкілдерінен тұратын, өкілеттік мерзімі 2029 жылғы 30 маусымға дейін болатын уақытша комиссия (бұдан әрі осы бапта – комиссия) құру; 

3) Алатау қаласында жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету шеңберінде 2026 жылғы 1 шілдеге дейін берілген құжаттар комиссия осы баптың 4 – 9-тармақтарына сәйкес осындай құжаттар бойынша шешім қабылдағанға дейін қолданылады; 

4) Кеңестің шешімінде көзделген өзге де шаралар. 

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген құжаттары бар жеке және заңды тұлғалар комиссияға жүгінеді және комиссияның шешімімен айқындалған тәртіппен және тізбе бойынша құжаттарды ұсынады. 

3. Комиссия Кеңестің шешімімен осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген оның өкілеттік мерзімі өткенге дейін таратылуы мүмкін. 

4. Комиссия мынадай мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды: 

1) осы Конституциялық заңның 69-бабының 10-тармағына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілерін танылатын мүлік ретінде айқындау; 

2) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың Алатау қаласында жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған өтініштерін қарау; 

3) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жекелеген санаттарына Алатау қаласында жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді қайта бастау; 

4) Алатау қаласындағы жер учаскелерін уақытша өтеусіз жер пайдалану шарттарын және уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарттарын жасасу; 

5) Алатау қаласында жер қатынастарын реттеуге байланысты, комиссияның өкілеттіктеріне жатқызылған өзге де мәселелер. 

5. Осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген ережелер Алатау қаласының әкімдігі және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де уәкілетті мемлекеттік органдары іске асыратын құрылыс жобаларына қолданылмайды. 

6. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде мыналар айқындалады: 

1) комиссия туралы ереже; 

2) осы Конституциялық заңның 69-бабының 10-тармағында көзделген жағдайларда жылжымайтын мүлік объектісін танылатын мүлік ретінде, сондай-ақ танылатын мүліктің меншік иелері деп танылатын адамдарды айқындау тәртібі мен мерзімдері; 

3) осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәселелерді қарау және шешу мақсатындағы жер қатынастарын реттеу тәртібі; 

4) Кеңестің шешімімен комиссияның өкілеттігіне жатқызылған өзге де мәселелер. 

7. Комиссияның өз өкілеттіктеріне жатқызылған мәселелер бойынша қабылданған шешімдерін осы баптың 9-тармағында көзделген жағдайларда Алатау қаласының әкімдігі, әкімшілік, әкімшіліктің органдары, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары мен ұйымдар, сондай-ақ өзге де әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары орындауға міндетті. 

Алатау қаласы әкімінің, әкімшіліктің, әкімшілік органдарының, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының және ұйымдардың, сондай-ақ өзге де әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарының актілері комиссия шешімінің негізінде қабылданады. 

8. Комиссия осы Конституциялық заңның 69-бабының 10-тармағында көзделген жағдайларда жылжымайтын мүлік объектілерін танылатын мүліктің құрамына енгізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, мұндай мүліктің нарықтық құны және оны өтеу тәртібі осы Конституциялық заңның 69-бабына сәйкес айқындалады. 

9. Комиссия Алатау қаласынан тыс жерде жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылдаған жағдайда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары осы Конституциялық заңның 27-бабында көзделген жәрдемдесу тәртібімен жер учаскесіне осындай құқық береді. 

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайда жер учаскесіне құқық беру үшін мемлекет меншігіндегі жерлердегі жер учаскелерін резервке қояды. 

10. Алатау қаласындағы жеке тұрғын үй құрылысы үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының жер учаскелерін алуға бұрын қалыптастырылған кезегі тоқтатылуға (таратылуға) жатады. 

2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін облыстардың жергілікті атқарушы органдары осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнге дейін Алатау қаласының шегінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін меншігіне тегін алуға кезекте тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарына тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін меншігіне тегін алуға арналған кезекте (бастапқы өтінімнің уақыты мен күнін, елді мекеннің санатын ескере отырып) теңдес орындар берілуін қамтамасыз етеді.  

Мұндай жағдайларда арнайы есепке қою және кезекте теңдес орынды беру тәртібі жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның осы Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

85-бап. Алатау қаласында негізгі бизнесті жүзеге асыратын жеке тұлғалар туралы өтпелі ережелер

1. Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті жүзеге асыратын жеке тұлғалар осы Конституциялық заңның 39-бабы қолданысқа енгізілгенге дейін Алатау қаласының аумағында аталған негізгі бизнесті көрсетілген бап қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде жүзеге асыруға құқылы. 

Көрсетілген өтпелі кезең өткен соң жеке тұлғалардың Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті жүзеге асыруына бизнес-лицензиясы болған жағдайда ғана жол беріледі. 

2. Жеке тұлғалардың Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті бизнес-лицензиясыз жүзеге асыруы жауаптылық шараларын және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген, осы Конституциялық заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шараларды қабылдауға алып келеді.

86-бап. Алатау қаласында және оның қала маңындағы аймағында кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіру туралы өтпелі ережелер

1. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнге дейін жасалған, Алатау қаласында және оның қала маңындағы аймағында уақытша жер пайдалануға берілген жер учаскелері шегінде орналасқан жер қойнауы учаскелерінде кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуді көздейтін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар мен лицензиялар өз қолданысын сақтайды. 

Көрсетілген келісімшарттар мен лицензиялардың қолданылу мерзімі ұзартылуға жатпайды. 

2. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнге дейін жер учаскелеріне жер пайдалану құқығы берілмеген (ресімделмеген) жер қойнауын пайдалану құқықтары осы Конституциялық заңның 49-бабының ережелеріне сәйкес келмеуіне орай тоқтатылды деп есептеледі. 

3. Осы баптың 1-тармағында көзделген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар мен лицензиялар бойынша жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы сомаларына мынадай арттыру коэффициенттері белгіленеді: 

1) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 20; 

2) 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 40; 

3) 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60. 

4. Әкімшілік Кеңестің шешімі бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар мен лицензиялар бойынша жер учаскелерін пайдаланғаны үшін өзге де төлемақы мөлшерлемелерін белгілеуге құқылы. 

5. Осы баптың 1-тармағында көзделген лицензиялар мен келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқықтары тоқтатылған кезде олардың иелері мастер-жоспарға сәйкес, ал ол болмаған жағдайда – Алатау қаласының бас жоспарына сәйкес бүлінген жерлерді одан әрі нысаналы пайдалану үшін қалпына келтіруге бағытталған бүлінген жерлерді рекультивациялау жұмыстарын қамтамасыз етуге міндетті. 

Көрсетілген рекультивациялау, өзге жұмыстардан басқа, жер жұмыстарын, топырақтағы арнаулы жұмыстарды орындауды, жергілікті жер бедеріне (ландшафтқа) сәйкес келтіруді қамтуға тиіс. Рекультивациялау нәтижелерін және оның тиісінше жүргізілуін тексеруді Кеңес айқындайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы жүзеге асырады.

87-бап. Әкімшіліктің жекелеген функцияларын уақытша беру

1. Әкімшіліктің жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын әкімшілік Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарына уақытша беруі мүмкін. 

Әкімшілік жекелеген іске асыру функцияларын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне уақытша беруге де құқылы. 

2. Әкімшіліктің жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын уақытша беру Кеңес шешімінің негізінде әкімшіліктің актісімен жүзеге асырылады, онда тиісті квазимемлекеттік сектор субъектілері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, берілетін функциялардың көлемі, оларды жүзеге асыру тәртібі мен шарттары, сондай-ақ осындай берудің мерзімі айқындалады. 

3. Уақытша беру мерзімі үш жылдан аспауға тиіс.  

4. Егер осы бапта көзделген әкімшіліктің жекелеген функцияларын уақытша беруді іске асыру үшін Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін қабылдау талап етілсе, мұндай актілер осы Конституциялық заңның 27-бабында көзделген жәрдемдесу тәртібімен қабылдануы мүмкін. 

5. Квазимемлекеттік сектор субъектілері және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздеріне уақытша берілген функцияларды әкімшіліктің атынан жүзеге асырады және берілген функциялар шегінде олар қабылдаған шешімдер әкімшіліктің шешімдері болып есептеледі. 

Уақытша берілген функцияларды жүзеге асыру кезінде аталған субъектілер мен мемлекеттік органдар осы Конституциялық заңның және оны іске асыру үшін қабылданған әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінің ережелерін қолданады. 

6. Уақытша берілген функцияларды жүзеге асыратын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды әкімшілік қарайды. 

7. Жекелеген функцияларды уақытша беру әкімшіліктің уақытша беру туралы актісінде айқындалған күні не әкімшілік тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісіне және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына осындай беруді тоқтату туралы хабарлама жіберген күннен бастап мерзімінен бұрын тоқтатылады. 

8. Әкімшіліктің жекелеген функцияларды уақытша беру туралы актілері, сондай-ақ осындай беруді тоқтату туралы хабарламалар әкімшіліктің интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.

88-бап. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарымен келісілетін әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері туралы өтпелі ережелер

1. Осы Конституциялық заңға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен келісілетін әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына нормативтік құқықтық актінің жобасы келісуге жіберілген күннен бастап он екі ай ішінде қабылдануға тиіс. 

2. Осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімдер өткен және Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органымен келісудің болмауына байланысты әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісі қабылданбаған жағдайларда, әкімшілік Кеңестің шешімі бойынша қоғамдық қатынастардың тиісті саласын реттейтін уақытша нормативтік құқықтық актіні дербес қабылдауға құқылы. 

Көрсетілген нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап жиырма төрт айдан аспайтын мерзімде қолданылуы мүмкін. 

3. Егер әкімшіліктің уақытша нормативтік құқықтық актісін қолдану практикасын талдау нәтижелері бойынша ол енгізген реттеу Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі не өзге де жария мүдделері үшін елеулі теріс салдарға алып келгені анықталса, Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органы әкімшіліктің уақытша нормативтік құқықтық актісінің қолданысын тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық акт шығаруға құқылы. 

4. Әкімшіліктің уақытша нормативтік құқықтық актісінің қолданысы тоқтатыла тұрған жағдайда, әкімшілік және Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органы тиісті нормативтік құқықтық актінің жобасын келісу рәсімін жалғастырады, ол осындай тоқтата тұру күнінен бастап он екі айдан аспайтын мерзімде аяқталуға тиіс. 

Егер көрсетілген мерзім өткен соң келісуге қол жеткізілмесе, Кеңес Алатау қаласында қатынастардың тиісті саласын одан әрі реттеу туралы шешім қабылдайды.

89-бап. Әкімшіліктің қызметін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жекелеген өтпелі ережелер

1. 2026 жылғы 15 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі: 

1) әкімшіліктің қызметін 2026 жылы, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві есебінен Кеңестің шешімімен айқындалған көлемде қаржыландыруды; 

2) әкімшіліктің қызметін қаржыландыру үшін түсімдер мен шығыстардың бюджеттік сыныптамасының кодтарын беруді; 

3) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ретінде әкімшіліктің бюджеті бойынша операцияларды жүргізу үшін қолма-қол ақшаның жеке қазынашылық шотын ашуды қамтамасыз етеді. 

2. Алматы облысының әкімдігі Алатау қаласының білім беру шығыстарын қаржыландыруды қаражат аудару арқылы, оның ішінде Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған берілетін функциялар мен мерзімдерге сәйкес Алатау қаласының жергілікті бюджетіне жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде қаржыландыруды қамтамасыз етеді. 

3. Осы Конституциялық заңның 34-бабында көзделген әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісі қолданысқа енгізілгенге дейін әкімшілік әкімшіліктің бас атқарушы директорының бұйрығымен бекітілген рәсімдерге сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады. 

4. Кеңес әкімшілік туралы ережені бекіткен күннен бастап әкімшілік арнаулы басқару ұйымының ұйымдық-құқықтық нысанында қайта құрылады. 

Көрсетілген қайта құру: 

1) осы Конституциялық заңға орай жүзеге асырылады; 

2) әкімшілік кредиторларының келісімін талап етпейді; 

3) әкімшілікпен жасалған шарттарды өзгерту немесе бұзу үшін негіз болмайды және осындай шарттар мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттерді тоқтатуға алып келмейді. 

Әкімшілік қайта құрылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде көрсетілген мәліметтерді Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізу үшін әділет органдарына өзінің қайта құрылғаны туралы құжаттар мен мәліметтерді ұсынады. 

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі көрсетілген мәліметтерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне олардың енгізілуін қамтамасыз етеді.

90-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі

Осы Конституциялық заң: 

1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он жұмыс күні өткен соң қолданысқа енгізілетін 81-баптың 1-тармағын және 86-баптың 2-тармағын; 

2) 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1, 2, 3, 4, 5, 6 және 7-баптарды, 8-баптың 1-тармағының 2), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларын және 2-тармағын, 10, 13, 14, 15, 16, 17 және 18-баптарды, 19-бапты (4-тармақты қоспағанда), 20, 21 және 22-баптарды, 24-бапты (7-тармақтың 4) тармақшасын қоспағанда), 26, 27 және 28-баптарды, 29-баптың 1, 2, 3, 4 және 5-тармақтарын, 6-тармағының бірінші және екінші бөліктерін, 7, 8, 9, 10, 11 және 12-тармақтарын, 30-бапты, 34-бапты (әкімшілік пен оның органдарына қатысты бөлігінде), 35 және 36-баптарды, 37-баптың 1-тармағын, 49-бапты, 51-баптың 1 және 2-тармақтарын, 54 және 57-баптарды, 61-баптың 3-тармағының екінші бөлігін, 67-баптың 8, 13 және 14-тармақтарын, 69, 72, 77, 78, 79 және 80-баптарды, 81-бапты (1-тармақты қоспағанда), 82, 83, 84 және 85-баптарды, 86-бапты (2-тармақты қоспағанда), 87, 88 және 89-баптарды; 

3) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 23 және 25-баптарды, 29-баптың 6-тармағының үшінші бөлігін, 33, 38, 39, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48, 50, 55 және 60-баптарды, 61-баптың 1 және 2-тармақтарын, 3-тармағының бірінші бөлігін және 4-тармағын, 62, 63 және 64-баптарды, 67-баптың 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 9, 10, 11, 12, 15 және 16-тармақтарын, 68, 70, 73, 74, 75 және 76-баптарды қоспағанда, 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. 

Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ