Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< ҚР Бюджет кодексi

ҚР Бюджет кодексi
3-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар



Ст. 3 ҚР Бюджет кодексi 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV



1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 

1) аваль - вексельдік кепілдік, оны жасаған тұлға вексель бойынша міндетті тұлға үшін вексель бойынша төлемді жүзеге асыру жөнінде (толық немесе ішінара) өзіне міндеттеме қабылдайды; 

2) байланыссыз гранттар - Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донордан одан әрі қарыз алуын немесе республикалық және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыру көзделмейтін гранттар; 

3) байланысты гранттар - Қазақстан Республикасы Үкіметінің грант берген донордан одан әрі қарыз алуын немесе байланысты грантты іске асыруға бағытталған тиісті бюджеттік бағдарламаның шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыруды көздейтін гранттар; 

4) байланысты грант туралы келісім - Қазақстан Республикасына өтеусіз қаржылық немесе техникалық көмек ұсыну көзделген мемлекеттік орган және донор арасындағы шарт; 

5) алып тасталды - ҚР 12.11.2015 № 393-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

6) банк кепiлдiгi – қарыз алушы мемлекеттiк кепiлдiк беру туралы келiсiмде белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қарыз шарты бойынша соманы төлемеген жағдайда, банктiң бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкілетті орган алдындағы мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша берешектi өтеу жөнiндегі мiндеттемесi; 

7) бекітілген бюджет - Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті мәслихат бекіткен бюджет; 

8) борышқа қызмет көрсету - белгілі бір уақыт кезеңіндегі сыйақының, комиссиялық төлемдердің, айыппұлдардың және қарыз алу шарттарынан туындайтын өзге де төлемдердің жиынтық төлемі; 

9) борыш мониторингі - мемлекеттің өзі уәкілеттік берген органдар арқылы борышты есепке алу, талдау және қалыптастыру, өзгерту және қызмет көрсету процесін бақылау жөніндегі қызметі; 

10) борышты өтеу - қарыз алушының алған қарыз сомасын қарыз шартында белгіленген тәртіппен қайтаруы, қарыз шартынан туындайтын басқа да міндеттемелерді орындауы; 

11) алып тасталды - ҚР 12.11.2015 № 393-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

11-1) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

12) бюджет - мемлекеттің өз міндеттері мен функцияларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз етуге арналған орталықтандырылған ақша қоры; 

12-1) бюджет жүйесi – бюджеттердiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, сондай-ақ бюджеттiк процестер мен қатынастардың жиынтығы; 

12-2) бюджет қаражаты – мемлекеттiк меншiкке түсуі және жұмсалуы бюджетте ақшалай нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiң ақшасы мен өзге де активтерi; 

12-3) бюджет қаражатын алушылар – бюджет қаражатын бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi арқылы алатын және оны бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру шеңберiнде пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар; 

12-4) бюджет процесi – Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен регламенттелген, мемлекеттiк органдардың бюджеттi жоспарлау, қарау, бекiту, атқару, нақтылау және түзету, бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілікті, бюджеттік есеп пен бюджеттік есептілікті, мемлекеттiк аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу, бюджеттiк мониторинг және нәтижелердi бағалау жөнiндегi қызметi; 

12-5) бюджет қаражатының игерілмеуі – бюджеттік қаражаттың үнемделуін, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінің бөлінбеген қалдығын, шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша толық пайдалануға рұқсат етілген, өткен қаржы жылы бөлінген нысаналы даму трансферттерінің қайтарылған сомасын қоспағанда, бюджеттік бағдарлама бойынша төленген міндеттемелердің төлемдері бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарының есепті кезеңнің қорытындылары бойынша қалыптасқан асып түсу сомасы; 

13) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган - жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, бюджетті атқару, жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша бухгалтерлік есепке алуды, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептілікті жүргізу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын атқарушы орган; 

14) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган – бюджетті атқару, республикалық бюджеттiң және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң есебi негiзiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының атқарылуы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 

14-1) алып тасталды - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

14-2) бюджеттік бағдарламаларды тиімсіз атқару – бюджеттік жүйенің мынадай: нәтижелілік, негізділік, тиімділік, жауапкершілік, бюджет қаражатының атаулылығы мен нысаналы сипаты қағидаттарына сәйкес келмейтін бюджет қаражаттарының жұмсалуы; 

15) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

15-1) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган – бюджеттік жоспарлау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 

16) бюджеттік инвестициялар – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдауға бағытталған активтерді қоспағанда, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы мемлекет активтерін құруға және (немесе) дамытуға, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыруға және (немесе) ұлғайтуға бағытталған республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландыру; 

17) бюджеттік инвестициялық жоба – жаңа объектілерді құруға (салуға) не қолда барларын реконструкциялауға, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді құруға, енгізуге және дамытуға бағытталған, белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бюджет қаражаты есебінен бюджеттік бағдарлама әкімшісі тікелей іске асыратын және аяқталған сипаттағы іс-шаралар жиынтығы; 

17-1) бюджеттiк инвестициялық жоба бойынша экономикалық қорытынды – бюджеттiк инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесiне экономикалық сараптаманың қорытындысы негiзiнде дайындалған, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi органның бюджеттiк инвестициялық жобаны iске асырудың экономикалық орындылығы, оның ел экономикасына ықпалы мен стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкес келуі тұрғысынан қорытындысы; 

17-2) бюджеттiк инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негiздемесiне экономикалық сараптама – техникалық-экономикалық негiздемеде ұсынылған ақпаратты салалық сараптаманың қорытындысы және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес талап етiлетiн басқа да сараптамалардың қорытындылары негiзiнде жүргiзiлетiн, жобаның жүзеге асырылуын және тиiмдiлiгiн айқындау тұрғысынан кешендi бағалау; 

18) бюджеттік қамтамасыз етілу - тиісті бюджеттер қаражаты есебінен ұсынылатын, осы көрсетілетін қызметтерді алушылардың бірлігіне есептегендегі мемлекеттік қызметтер құны; 

19) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

20) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

21) бюджеттік қатынастар - бюджет процесінде туындайтын қатынастар; 

22) бюджеттік операциялар - бюджетті атқару процесінде жүзеге асырылатын операциялар; 

23) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

24) грант - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына беретін өтеусіз қаржылық немесе техникалық көмегі; 

25) донорлар - шет мемлекеттер, олардың үкіметтері мен агенттіктері, халықаралық және шетелдік мемлекеттік ұйымдар, қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтін шетелдердің үкіметтік емес қоғамдық ұйымдары және қорлары; 

26) есепті қаржы жылы - жоспарлы кезеңнің ағымдағы қаржы жылының алдындағы жыл; 

26-1) жергiлiктi атқарушы орган борышының лимитi – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары үшiн белгiлейтін, жергiлiктi атқарушы органның тиiстi қаржы жылына алынған және өтелмеген қарыздарының тiркелген сомасы, одан жергiлiктi атқарушы органның белгiленген күнге (тиiстi қаржы жылының соңына) нақты борышы аспауға тиiс; 

27) жергілікті атқарушы органның борышы - жергілікті атқарушы органның белгілі бір күнге алынған және өтелмеген қарыздарының сомасы; 

28) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

29) жоспарлы кезең - ағымдағы қаржы жылынан кейінгі үш қаржы жылы; 

29-1) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялар бойынша экономикалық қорытынды – заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесінің экономикалық сараптама қорытындылары негізінде әзірленген, бюджеттік инвестицияларды жүзеге асырудың экономикалық орындылығы, олардың ел экономикасына әсері мен стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның қорытындысы; 

29-2) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесінің экономикалық сараптамасы – іс-шаралардың салалық сараптамасының қорытындысы және Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес талап етілетін басқа да сараптамалардың қорытындылары негізінде жүргізілетін негізділік және нәтижелілік критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан қаржылық-экономикалық негіздемеде ұсынылған ақпаратты кешенді бағалау; 

29-3) заңды тұлғаның жарғылық капиталын қалыптастыру және (немесе) ұлғайту арқылы бюджеттік инвестициялар – заңды тұлғаның жарғылық капиталын республикалық немесе жергілікті бюджеттен қалыптастыру және (немесе) ұлғайту арқылы оны дамытуға бағытталған іс-шараларды іске асыру; 

30) инвестициялық ұсыныс – бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері әзірлейтін тиісті іс-шаралар жиынтығын қоса алғанда, мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік, үкіметтік бағдарламаларды және аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру шеңберінде мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асырудың орындылығын негіздейтін, мақсатқа қол жеткізу жолдары мен ықтимал қаржыландыру тәсілдерін көрсететін тұжырымдамалық ұсыныс; 

30-1) инвестициялық ұсыныстың экономикалық қорытындысы – салалық сараптаманың қорытындысы және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес талап етілетін сараптамалардың басқа да қорытындылары негiзінде жүргiзiлетiн, пайдалар мен шығындар талдауын пайдалана отырып, инвестициялық ұсыныста берілген ақпаратты кешенді бағалау; 

31) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар; 

32) кезекті қаржы жылы - ағымдағы қаржы жылынан кейінгі жыл; 

33) келісімшарт жасасушы агент - бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен жасалатын үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәміленің тарабы; 

33-1) концессиялық жоба – Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шектеулі уақыт кезеңі ішінде іске асырылатын және аяқталған сипаттағы концессияны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жиынтығы; 

34) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

35) кірістерді бөлу нормативі - әртүрлі деңгейлердегі бюджеттер арасында кіріс түрлерін бөлудің пайыздық арақатынасы; 

36) Қазақстан Республикасының резиденттері - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында және (немесе) оның шегінен тысқары жерлерде орналасқан филиалдары мен өкілдіктері; 

37) қаржы агенттігі - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экономиканың белгілі бір салаларында мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруға уәкілеттік берілген ұлттық басқарушы холдинг және акцияларының жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет жүз пайыз қатысатын банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын және осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының қаржы нарығынан және (немесе) халықаралық қаржы нарығынан қарыз алуды жүзеге асыратын ұйым; 

38) қаржы жылы - бюджеттің атқарылуы жүзеге асырылатын, күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталып 31 желтоқсанында аяқталатын уақыт кезеңі; 

39) қаржыландыру - бюджет ақшасын оларды алушыларға бөлу; 

40) қаржылық есептілік – егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, нысаны мен көлемін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын, мемлекеттiк аудит және қаржылық бақылау объектілерінің қаржылық жағдайы, қызметінің қаржылық нәтижелері және қаржылық жағдайындағы өзгерістер туралы ақпарат; 

41) қарыз алу - тараптардың міндеттемелерді орындауын есепке алу, бақылау және талдау рәсімдерін қоса алғанда, қарыз қаражаттарын тарту қажеттілігі туралы шешім қабылдау, қарызды тарту, пайдалану, өтеу және қызмет көрсету тәртібі мен шарттарын айқындау рәсімдері, келіссөздер, міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету және кепілдіктері, қарыз бойынша тиісті құжаттарды ресімдеу және қол қою, қарыз шартын ратификациялау (мемлекеттік сыртқы қарыз алу кезінде), қарыз қаражатын алу, пайдалану рәсімдері кіретін процесс; 

42) қарыз беруші - мемлекеттік немесе мемлекеттік емес қарыздарды мемлекеттік кепілдікпен немесе мемлекет кепілгерлігімен берген тұлға немесе инфрақұрылымдық облигацияларды ұстаушылардың өкілі; 

42-1) қарызға қызмет көрсету – бюджеттi атқару жөнiндегi орталық немесе жергілікті уәкiлеттi органның немесе банктiң қарыз алушының шоттарындағы қарыз қаражатының пайдаланылуын және қарыз алушының сыйақы төлемдерiн, комиссиялық төлемдерді және қарыз талаптарына сәйкес басқа да төлемдердi жүзеге асыруын есепке алу жөнiндегi қызметi; 

42-2) қарызды қайта құрылымдау – тараптардың қарыз шарты бойынша мiндеттемелерді орындауының мерзiмдерiн, қаржылық және өзге де талаптарын олардың келiсiмi бойынша өзгерту; 

43) қарыз шарты - қарыз алушы қарыз қаражатын соған байланысты алатын және қарыз берушінің алдында оны қайтару және сыйақыны, сондай-ақ қарызға байланысты басқа да төлемдерді төлеу жөнінде міндеттемені мойнына алатын келісім; 

44) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

45) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

46) мемлекет активтері - өткен операциялар немесе оқиғалар нәтижесінде мемлекеттік меншікке алынған, құндық бағасы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен құқықтар; 

47) мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз - инфрақұрылымдық облигациялар шығару арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік емес қарыз; 

48) мемлекет кепілгерліктері бойынша борыш - мемлекет кепілгерлігімен тартылған, белгілі бір күнге алынған және өтелмеген мемлекеттік емес қарыз сомаларының сомасы; 

49) мемлекет кепілгерліктерін беру лимиті - тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін тіркелген сома, соның шегінде мемлекет кепілгерліктері берілуі мүмкін; 

50) мемлекет кепілдік берген борыш - мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген, белгілі бір күнге алынған және өтелмеген мемлекеттік емес қарыздар сомасы; 

51) мемлекет кепілдік берген қарыз - мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыз; 

52) мемлекеттік борышты қайта қаржыландыру - мемлекеттік борышты жаңадан алынған қарыз қаражаттары есебінен өтеу; 

53) мемлекеттік емес қарыз - Қазақстан Республикасының Үкіметін, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін және жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының резиденті қарыз алушы болатын қарыз қатынастары; 

53-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер – жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша мемлекеттік әріптес қабылдаған және орындамаған қаржылық міндеттемелердің белгілі бір күніне мемлекеттік бюджеттен бөлінетін сомасы бойынша мемлекеттік әріптестің құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы; 

53-2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы – Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және "Мемлекеттік жекешелік-әріптестік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шектеулі уақыт кезеңі ішінде іске асырылатын және аяқталған сипатқа ие, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру жөніндегі реттілікпен болатын іс-шаралар жиынтығы; 

54) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган - тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау саласында функцияларды жүзеге асыратын, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган; 

55) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган – стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласындағы, сондай-ақ өңірлік даму саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 

56) мемлекеттік кепілдіктерді беру лимиті - тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен бекітіліп, тіркелген сома, соның шегінде мемлекеттік кепілдіктер берілуі мүмкін; 

56-1) мемлекеттік концессиялық мiндеттемелер – жасалған концессия шарттары бойынша концедент белгілі бір күнге қабылдаған және орындамаған қаржылық мiндеттемелердiң сомасы бойынша концеденттің құқықтары мен мiндеттерiнiң жиынтығы; 

56-2) алып тасталды - ҚР 12.11.2015 № 393-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

57) мемлекеттік қарыз – Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе жергілікті атқарушы органдар қарыз алушы болатын қарыз қатынастары. Осы Кодекстің мақсаттары үшін мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы шығаратын мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару және орналастыру арқылы исламдық қаржыландыруды тарту мемлекеттік қарыз ретінде қаралады және осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, сондай-ақ мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, жүзеге асырылады; 

57-1) мемлекеттік инвестициялық жоба – бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын, оның ішінде концессиялық жобаларды іске асыру арқылы мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар кешені; 

58) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз – Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және жергілікті атқарушы органдар қарыз алушы болатын қарызға қатысты оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын немесе жалдау шарты негізінде активтерді пайдаланудан табыстар алуға оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз; 

59) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру - Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарын бірінші иеленушілерге азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау арқылы иеліктен шығаруы; 

60) нақтыланған бюджет - атқарылуы барысында Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті мәслихат қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып, бекітілген бюджет; 

61) нәтижелердің көрсеткіштері – мемлекеттік органның стратегиялық жоспарды, аумақты дамыту бағдарламасын және (немесе) бюджеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі қызметін сипаттайтын нысаналы индикаторлардың, тікелей және түпкілікті нәтижелердің жиынтығы; 

62) негізгі борыш сомасы - қарыз берушіден алынған және оған қайтарылмаған қарызды, сол бойынша сыйақының, тұрақсыздық төлемінің (айыппұлдың, өсімпұлдың) есептелген сомасын есепке алмастан, өтелуге жататын сома; 

62-1) нысаналы индикатор – стратегиялық жоспардың немесе аумақты дамыту бағдарламасының мақсатына қол жеткізуді санмен өлшейтін көрсеткіш; 

62-2) өзара өтелетін операциялар – мемлекеттік бюджетті және облыстың бюджетін, сондай-ақ олардың атқарылуы туралы есептерді қалыптастыру кезінде жүзеге асырылатын, қосарланған шотты болдырмау мақсатында бюджеттің бір деңгейінен басқа деңгейіне берілетін трансферттер, бюджеттік кредиттер және басқа да ақша сомаларын алып тастауға байланысты операциялар; 

62-3) өңірдің салықтық әлеуеті – үш жылдық кезеңге жалпы сипаттағы трансферттердің мөлшерлерін белгілеу кезінде өңірдің кіріс көлемдерін айқындау үшін есептелетін, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімдерінің ең жоғары ықтимал сомасы; 

63) өтеусіз қаржылық көмек - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына тауарлар беруді, жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетуді қаржыландыру үшін ақша беруі; 

64) өтеусіз техникалық көмек - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарына тауарлар беруді, жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетуді жүзеге асыруы немесе ұйымдастыруы; 

65) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

66) сақтандыру шарты - сақтандыру ұйымының бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган алдындағы мемлекет кепілгерлігі немесе мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға республикалық бюджеттен қаражат бөлу нәтижесінде туындаған залалды өтеу жөніндегі міндеттемесін көздейтін шарт; 

67) сыйақының тіркелмеген (құбылмалы) мөлшерлемесі - нарық конъюнктурасына байланысты өзгерістерге ұшыраған кредиттер, қарыздар жөніндегі сыйақы мөлшерлемесі немесе бағалы қағаздар бойынша сыйақымен қоса табыс; 

68) сыртқы қарыз - қарыз беруші Қазақстан Республикасының резиденті емес, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының резиденті болатын қарыз қатынастары; 

68-1) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту жөніндегі ұйым – қызметі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға және дамытуға бағытталған, мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам; 

69) тікелей нәтиже - қол жеткізілуі осы функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыратын немесе қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметіне толық байланысты болатын, көзделген бюджет қаражаты шегінде атқарылатын мемлекеттік функциялар, өкілеттіктер және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көлемінің сандық сипаттамасы; 

70) түпкілікті нәтиже – мемлекеттік орган қызметінің тікелей нәтижелерге қол жеткізуіне негізделген стратегиялық жоспардың, аумақты дамыту бағдарламасының және (немесе) бюджеттік бағдарламаның мақсатына қол жеткізуді санмен өлшейтін бюджеттік бағдарлама көрсеткіші; 

71) үкіметтік борыш - Қазақстан Республикасының Үкіметі алған және өтемеген мемлекеттік қарыздарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышына жатқызылған белгілі бір күнге борыштық міндеттемелердің сомасы; 

72) үкіметтік борыш лимиті - тиісті қаржы жылына алынған және өтелмеген үкіметтік қарыздардың республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін тіркелген сомасы, белгіленген күнге (тиісті қаржы жылының аяғына) қарай Қазақстан Республикасы Үкіметінің нақты борышы одан аспауға тиіс; 

73) үкіметтік қарыздарды хеджирлеу - бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті орган мен келісімшарт жасасушы агент арасындағы үкіметтік қарыз алудың тәуекелдерін (валюталық, пайыздық және өзге де) басқару мақсатында қаржы құралдарымен мәмілелер жасау; 

74) ішкі қарыз - қарыз беруші Қазақстан Республикасының резиденті, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі жергілікті атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасының резиденті болатын қарыз қатынастары. 

2. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының осы бапта аталмаған басқа да ұғымдары осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мәндерімен пайдаланылады. 

Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалары салаларының ұғымдары, Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалары салаларында пайдаланылатын мәндерімен қолданылады. 

Бюджеттік қатынастарға қатысты Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы ұғымдарының айқындамалары Қазақстан Республикасының басқа да заңнамасы салалары ұғымдарының айқындамаларымен сәйкес келмеген кезде Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының ұғымдары пайдаланылады. 

Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.19 N 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.22 N 475-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 150-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 N 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.11.2014 № 257-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 15.06.2015 № 322-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 380-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 393-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 395-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 07.04.2016 № 487-V (қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 2 3 4 5 ...245 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 3-бап ҚР Бюджет кодексi 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV