Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

ҚР Бюджет кодексi
62-бап. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары және меморандумы



Ст. 62 ҚР Бюджет кодексi 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV



1. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әр үш жыл сайын бесжылдық кезеңге әзірленеді.

2. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары мемлекеттiк орган қызметiнiң стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, нысаналы индикаторларын айқындайды.

3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетін қоспағанда, мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарын мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша мемлекеттік органның басшысы бекiтедi.

Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында білім, ғылым және (немесе) денсаулық сақтау салаларымен байланысты мақсаттар болған кезде мемлекеттік органның стратегиялық жоспары білім, ғылым және (немесе) денсаулық сақтау салаларындағы уәкілетті органдармен келісіледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің стратегиялық жоспары Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен бекітіледі.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі, Қазақстан Республикасы Парламентінің Шаруашылық басқармасы, Қазақстан Рeспубликасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы, Қазақстан Республикасының «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары, мәслихаттардың аппараттары және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар стратегиялық жоспарлар әзірлемейді.

4. Орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарлары немесе стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен толықтырулар республикалық бюджет бекiтiлгеннен кейiн пысықталады, Қазақстан Республикасының Президентi республикалық бюджет туралы заңға қол қойған күннен бастап бiр ай мерзiмде бекiтiледi және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк құпиялардың қорғалуы қамтамасыз етіле отырып, күнтiзбелiк он күн iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.

5. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге:

1) Қазақстан Республикасының жаңа заңдары қабылданған не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

2) жаңа стратегиялық және бағдарламалық құжаттар қабылданған не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

3) мемлекеттік органның функциялары, құрылымы өзгерген;

4) нысаналы индикаторларға қол жеткізуге ықпал ететін республикалық бюджеттің параметрлері өзгерген жағдайларда жол беріледі.

Стратегиялық жоспарларды әзірлеу және бекіту кезіндегі осы Кодекстің белгіленген талаптары мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде сақталады.

Бюджетті, стратегиялық жоспарларды әзірлеу және бекіту кезіндегі осы Кодекстің белгіленген талаптары мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына бюджетті нақтылаумен байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда сақталады.

Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына қаржыландыру көлемінің өзгеруіне байланысты өзгерістер мен толықтырулар жобаларын тиісті бюджет комиссиясы қарайды.

6. Қазақстан Республикасының Президентiне есеп беретін немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын, ағымдағы қаржы жылының 1 қарашасына дейін кезекті қаржы жылына арналған меморандумдар жобаларын әзірлейді.

Меморандум Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын іске асыру үшін әзірленеді және қол жеткізуді (орындауды) мемлекеттік органның бірінші басшысы, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі жоспарлы кезеңде қамтамасыз етуге міндеттенетін түйінді нысаналы индикаторларды қамтиды.

Түйінді нысаналы индикаторлар азаматтардың қанағаттанушылық деңгейін арттыруға бағдарланатын және әлеуметтік-экономикалық дамудағы оң өзгерістерді көрсететін негізгі индикаторларды білдіреді.

Мемлекеттік органның меморандумына – бірінші басшы, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі қол қояды.

Меморандум республикалық бюджет туралы заңға қол қойылған күннен бастап бір ай мерзімде бекітіледі.

Қазақстан Республикасының Президентiне есеп беретін мемлекеттік органдардың меморандумдарын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы бекітеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының меморандумдарын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі бекітеді.

Қазақстан Республикасының Президентiне есеп беретін мемлекеттік органның меморандумын әзірлеу және оны бағалау тәртібін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы айқындайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумын әзірлеу және оны бағалау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Ескерту. 62-бап жаңа редакцияда - ҚР 12.11.2015 № 395-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Статья 1 ...60 61 62 63 64 ...245 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 62-бап ҚР Бюджет кодексi 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV