Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

ҚР Салық кодексi
448-бап. Жалпы ережелер



Ст. 448 ҚР Салық кодексi N 99-IV от 10.12.2008 жылғы



1. Ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер болып табылатын шаруа немесе фермер қожалықтары және заңды тұлғалар (бұдан әрі – ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер), сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері мынадай салық салу режимдерінің бірін дербес таңдауға құқылы:

1) ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимі (бұдан әрі — арнаулы салық режимі);

2) оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;

3) жалпыға бірдей белгіленген тәртіп.

Осы Кодекстің 450-бабында белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы бапта белгіленген арнаулы салық режимін таңдау кезінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері осы режимді қолдану шарттарына сәйкес болған кезде осы режим кемінде күнтiзбелiк бір жыл мерзіммен қолданылады.

Арнаулы салық режимі, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік табыс салығын немесе жеке табыс салығын, қосылған құн салығын, әлеуметтік салықты, мүлік салығын, көлік құралы салығын есептеудің ерекше тәртібін көздейді.

Арнаулы салық режимі:

1) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің:

жерді пайдалана отырып ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіру, өз өндірісінің көрсетілген өнімін қайта өңдеу және өткізу;

мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы (оның ішінде, асыл тұқымды), ара шаруашылығы, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіру, сондай-ақ өз өндірісінің көрсетілген өнімін қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметіне;

2) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің:

ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіру және өткізу;

өзі өндірген және (немесе) осындай кооператив мүшелері өндірген ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін қайта өңдеу, сондай-ақ осындай қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді өткізу;

өзі өндірген және (немесе) осындай кооперативтің мүшелері өндірген ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін және осы тармақшаның үшінші абзацында көзделген қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді сақтау;

осындай кооперативтің мүшелері үшін ауыл шаруашылығы, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) саласындағы қызметтің қосымша түрлерін орындау;

агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша айқындаған тізбе бойынша жұмыстарды (қызметтерді) осындай кооперативтің мүшелеріне осы тармақшаның екінші, үшінші және төртінші абзацтарында көрсетілген қызмет түрлерін олардың жүзеге асыруы мақсатында орындау (көрсету);

агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша айқындаған тізбе бойынша тауарларды осындай кооперативтің мүшелеріне осы тармақшаның екінші, үшінші, төртінші және бесінші абзацтарында көрсетілген қызмет түрлерін олардың жүзеге асыруы мақсатында өткізу жөніндегі қызметіне қолданылады.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің осы тармақшада көзделген тауарларды өткізуі, сондай-ақ осындай тауарларды пайдалануға, сенімгерлік басқаруға, жалға беруі мемлекеттік кірістер органдарына корпоративтік табыс салығы бойынша декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімдерде ұсынылатын тізбеде көрсетіледі.

1-1. Жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (кейінгі жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде, салық төлеушіге арнаулы салық режимін қолдану құқығы беріледі.

 РҚАО-ның ескертпесі!

1-1-тармақтың екінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

Осы тармақтың талабы омарта шаруашылығының өнімін өндіру, сондай-ақ өз өндірісінің көрсетілген өнімін қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын салық төлеушіге қолданылмайды.

2. Осы тараудың мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жылдық жиынтық табысының кемінде 90 пайызын осы баптың 1-тармағының төртінші бөлігінің 2) тармақшасында аталған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алуға жататын (алынған) табыстар құрайтын ауыл шаруашылығы кооперативтері жатады.

Осы баптың мақсатында қолданылатын жылдық жиынтық табыс:

1) осы Кодекстің 4-бөліміне сәйкес осы Кодекстің 99-бабында көзделген жылдық жиынтық табысты түзету есепке алынбай;

2) осы Кодекстің 148-бабына сәйкес айқындалатын ағымдағы салық кезеңі үшін айқындалады.

Егер осы арнаулы салық режимін қолдану жылының қорытындылары бойынша осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында белгіленген шарттар орындалмаса, салық төлеуші:

1) корпоративтік табыс салығын, қосылған құн салығын, әлеуметтік салықты, мүлiк салығын, көлiк құралдары салығын осы Кодекстің 451-бабында белгіленген ережені қолданбай, жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен есептеуге;

2) корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей, осы Кодекстің 70-бабына сәйкес тиісті салық кезеңдері үшін осы Кодекстің 451-бабында белгіленген ережені қолданбай, жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, көлік құралдары салығы бойынша қосымша салық есептілігін табыс етуге міндетті.

3. Мыналардың:

1) құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғаның;

2) еншілес ұйымдары бар заңды тұлғаның;

3) арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғалардың үлестес тұлғасы болып табылатын заңды тұлғаның;

4) Қазақстан Республикасындағы қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғаның арнаулы салық режимін қолдануға құқығы жоқ.

Осы тармақтың мақсаттары үшін үлестес тұлға болып:

1) шешімдерді тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) басқа заңды тұлға қабылдайтын шешімге, оның ішінде шартқа және (немесе) өзге мәмілеге байланысты, ықпал етуге құқығы бар заңды тұлға;

2) басқа заңды тұлғаға қатысты шешімдерді тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) оның ішінде шартқа және (немесе) өзге мәмілеге байланысты ықпал етуге құқығы бар заңды тұлға танылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларының ережелері ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қолданылмайды.

4. Арнаулы салық режимi салық төлеушiлердiң акцизделетін тауарларды өндiру, қайта өңдеу және өткiзу жөнiндегi қызметiне қолданылмайды.

Салық төлеушілер осы арнаулы салық режімі қолданылмайтын қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде, кірістер мен шығыстарды, мүлікті бөлек есепке алуды жүргізуге және жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен аталған қызмет түрлері бойынша тиісті салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге және төлеуге міндетті.

Ескерту. 448-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.01.21 N 242-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 N 297-IV(2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.21 № 467-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.26 N 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2014 № 257-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 373-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 ...446 447 448 449 450 ...688 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы (Салық кодексi) N 99-IV от 10.12.2008 жылғы 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 448-бап ҚР Салық кодексi N 99-IV от 10.12.2008 жылғы