Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Ақпаратқа қол жеткізу туралы

Ақпаратқа қол жеткізу туралы
16-бап. Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру



Ст. 16 Ақпаратқа қол жеткізу туралы 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ




1. Ақпарат иеленушілер интернет-ресурстар құрады.

2. Осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат иеленушілер интернет-ресурстарды мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында орналастырады.

3. Ақпарат иеленушілер өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарда:

1) ақпарат иеленушінің қызметі туралы жалпы ақпаратты:

ақпарат иеленушілердің ұйымдық құрылымын, олардың басшылары туралы мәліметтерді;

ақпарат иеленушілердің қызметі туралы ресми жаңалықтарды (баспасөз релиздерін);

ақпарат иеленушілердің қызметінде болатын алдағы оқиғалардың ресми күнтізбелерін;

ақпарат иеленушілердің басшылары мен олардың орынбасарларының ресми сөйлеген сөздерінің және ресми мәлімдемелерінің мәтіндерін;

мемлекеттік және салалық бағдарламалар, тұжырымдамалар, доктриналар, аумақтарды дамыту бағдарламалары мен жоспарлары, стратегиялық жоспарлар, тиісті саланы дамытудың стратегиялары мен жоспарлары, нысаналы бағдарламалардың және тұжырымдамалардың жобалары туралы мәліметтерді;

ақпарат иеленуші жұмыс органы болып табылатын консультативтік-кеңесші органдардың (кеңестердің, комиссиялардың) қызметі туралы ақпаратты;

республикалық және жергілікті бюджеттер, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражаттарының пайдаланылуы туралы ақпаратты;

ақпарат иеленушінің нысаналы және өзге де бағдарламаларға, халықаралық ынтымақтастыққа қатысуы туралы ақпараттық хабарларды;

мемлекеттік орган, оның аумақтық органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органы, ведомстволық бағынысты ұйымдар өз құзыреті шегінде жүргізген тексерулер нәтижелері туралы, сондай-ақ мемлекеттік органда, оның аумақтық органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органында, ведомстволық бағынысты ұйымдарда жүргізілген тексерулер нәтижелері туралы ақпараттық хабарларды;

атқарылған жұмыс туралы есептер мен баяндамаларды;

орталық және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметінің тиімділігін бағалау қорытындыларын;

мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын қоғамдық бағалау нәтижелерін;

2) ақпарат иеленушінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары құрылымдық бөлімшелерінің тізбесін, олардың міндеттері мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтерді;

3) ақпарат иеленушінің аумақтық органдарының тізбесін (олар болған жағдайда), олардың міндеттері мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтерді;

4) ақпарат иеленушінің құзыретін, өкілеттіктерін, міндеттері мен функцияларын регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді;

5) ақпарат иеленушінің норма шығармашылық қызметі туралы ақпаратты:

ақпарат иеленуші қабылдаған нормативтік құқықтық актілер тізбесін;

ақпарат иеленуші қабылдаған және қол қойылған телнұсқаларға толық сәйкестікте қолданысқа енгізілген нормативтік құқықтық актілерді;

ақпарат иеленуші әзірлейтін нормативтік құқықтық актілер жобаларының мәтіндерін, сондай-ақ түсіндірме жазбаларды, салыстырма кестелерді, ғылыми сараптамалардың қорытындыларын және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің сараптама қорытындыларын;

ақпарат иеленуші әзірлейтін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының жобаларын, сондай-ақ олардың жария талқылануы аяқталғаны туралы есептерді;

6) ақпараттық ресурстар мен көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты:

ақпарат иеленуші құрған бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәліметтерді (болған жағдайда);

ақпарат иеленушінің қарамағындағы дерекқорды, тізілімдерді, тіркелімдерді, кадастрларды;

көпшілікке қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар мен жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін электрондық қызметтер тізбелерін;

Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізілетін мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді;

7) статистикалық ақпаратты:

ведомстволық статистикалық дерекқорды;

ақпарат иеленушінің құзыретіне жататын бөліктегі саланың (аяның) жай-күйін және даму серпінін сипаттайтын ақпаратты;

8) ақпарат иеленушінің қызметі туралы талдамалық баяндамаларды және ақпараттық сипаттағы шолуларды;

9) халықаралық ұйымдардың ақпарат иеленушілердің қызметі мәселелері бойынша қорытындыларын, сараптамалық бағаларын, ұсынымдарын және басқа да талдамалық материалдарын;

10) ақпарат иеленушінің жұмыс тәртібі туралы ақпаратты:

ақпарат иеленушінің рұқсат беру әрекеттерін (лицензиялау, аккредиттеу, тіркеу және басқалар) (мұндай өкілеттіктері болған жағдайда) жүзеге асыру тәртібін;

Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес ақпарат иеленуші қарау үшін қабылдайтын өтініштер мен сұрау салулардың үлгілерін;

11) конкурстар, тендерлер өткізу туралы ақпаратты:

ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер), сараптамалар мен басқа да іс-шаралар туралы мәліметтерді және оларды өткізу шарттарын;

бұларға жеке және заңды тұлғалардың қатысу шарттарын;

өткізілген ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер) хаттамаларын;

12) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібін;

13) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін;

14) алқалы органдардың ашық отырыстарының стенограммаларын және (немесе) хаттамаларын;

15) халыққа жүргізілген сауалнамалар туралы деректерді, ақпарат алуға арналған сұрау салуларды жинақтап қорытуды және талдауды;

16) «Сұрақ-жауап» сервисінің болуын;

17) азаматтарға жүргізілген интерактивті сауалнамаларды;

18) жаңалықтар легін;

19) ақпарат иеленушілердің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының пошталық мекенжайын, электрондық поштасының мекенжайын, анықтама қызметтерінің телефондарын;

20) ақпарат пайдаланушылар бірнеше рет (кезегімен келетін күнтізбелік үш ай ішінде екі және одан да көп рет) сұрататын ақпаратты;

21) Қазақстан Республикасының заңнамасында орналастырылуы міндетті деп белгіленген өзге де ақпаратты немесе ақпарат иеленуші орналастырылуы қажет деп санайтын ақпаратты орналастыруға міндетті.

4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарында:

1) бюджет қаражаты саласындағы ақпаратты:

республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын;

бюджеттік есептілікті;

шоғырландырылған қаржылық есептілікті;

мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін;

2) әкімшілік мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға жарияланған конкурстар туралы ақпаратты;

3) кадрлық және қаржылық мәселелерді, ведомствоішілік жұмысты ұйымдастыру мәселелерін реттейтін құқықтық актілерді қоспағанда, құқықтық актілерді;

4) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттерін;

5) шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым және (немесе) қор ұсынған, алынған және пайдаланылған гранттар туралы ақпаратты да орналастыруға тиіс.

5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар Архивтерді және құжаттаманы басқару жөніндегі орталық мемлекеттік орган өзінің интернет-ресурсында Ұлттық архив қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны туралы деректер жиынтығын (каталогін) орналастырады.

6. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар Қазақстан Республикасы соттарының интернет-ресурстарында:

1) ашық қол жеткізуде орналастыруға жатпайтындарды қоспағанда, сот актілері;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулер ескеріле отырып, сот актілерін қарау кестелері де орналастырылуға тиіс.

7. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстарында:

1) кадрлық және қаржылық мәселелерді реттейтін құқықтық актілерді қоспағанда, құқықтық актілер;

2) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттері;

3) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларының есептері;

4) шет мемлекет, халықаралық немесе шетелдік ұйым және (немесе) қор ұсынған, алынған және пайдаланылған гранттар туралы ақпарат;

5) әкімшілік мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға жарияланған конкурстар туралы ақпарат та орналастырылуға тиіс.

8. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарында:

1) жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері және жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздері туралы есеп;

2) жергілікті қоғамдастық жиынын, жергілікті қоғамдастық жиналысын шақыру уақыты, орны және талқыланатын мәселелер;

3) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамалары, сондай-ақ оларда қабылданған шешімдер де орналастырылуға тиіс.

9. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің интернет-ресурстарында:

1) жарияланған бос лауазымдар туралы мәліметтер;

2) бос лауазымдарға орналасуға кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары;

3) бос лауазымдар туралы ақпарат алуға арналған телефон нөмірлері де орналастырылуға тиіс.

10. Бюджет қаражатын алушылардың интернет-ресурстарында мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты пайдалануға қатысты және қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылмаған ақпарат орналастырылады.

11. Үстем жағдайға немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің интернет-ресурстарында үстем жағдайға немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу мәселелерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ олар өндіретін (өткізетін) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағалары орналастырылады.

12. Өзінің интернет-ресурсында ақпарат орналастыруға техникалық мүмкіндігі жоқ ақпарат иеленуші оны жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырады.

13. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында жаңалықтар легін жаңарту күн сайын жүзеге асырылуға тиіс, өзге бөлімдерді жаңарту ақпарат алынған немесе құрылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

14. Интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсының басқа тілдердегі нұсқалары да болуы мүмкін.

15. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында қол жеткізу шектелген ақпарат орналастырылуға жатпайды.

16. Интернет арқылы нормативтік құқықтық актілерге тегін қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы да қамтамасыз етіледі.


Статья 1 ...14 15 16 17 18 ...21 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 16-бап Ақпаратқа қол жеткізу туралы 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ