Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



Ст. 1 Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы 2015 жылғы 31 қазандағы № 379-V ҚРЗ



Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) әлеуетті жекеше әріптес – жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысуға үміткер жекеше әріптес;

2) жекеше әріптес – осы Заңға сәйкес мемлекеттік әріптестер ретінде әрекет ететін тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан дара кәсіпкер, жай серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға;

3) конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы – осы Заңда белгіленген құзыретіне сәйкес конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы орталық мемлекеттік орган не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары болғанда мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну және (немесе) мемлекеттік бюджеттен төлемдерді жүзеге асыру көзделетін жағдайларды қоспағанда, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын мемлекеттік әріптес;

4) қолжетімділік үшін төлемақы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің пайдаланылу және сапалық сипаттамаларын, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің жеке-дара техникалық-экономикалық өлшемдерін негізге ала отырып, көрсетілген объектінің тұтынушыларға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын ақшалай төлем;

5) мемлекеттік әріптес – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан Қазақстан Республикасы, оның атынан әрекет ететін Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органы, сондай-ақ олар уәкілеттік берген өзге де мемлекеттік органдар мен дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тікелей немесе жанама түрде тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілері;

6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік – мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы осы Заңда айқындалған белгілерге сәйкес келетін ынтымақтастық нысаны;

7) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын консультациялық қолдау – Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары айқындайтын заңды тұлғалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қолдау бойынша көрсететiн, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын әзiрлеудi, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері арасындағы келiссөз процесінде консультациялық қызметтер көрсетудi қамтитын көрсетілетін қызметтер;

8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы – осы Заңға және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес шектеулі уақыт кезеңі iшiнде iске асырылатын және аяқталған сипатқа ие, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру жөнiндегi реттілікпен болатын iс-шаралар жиынтығы;

9) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес инвестициялық шығындардың белгілі бір көлемін өтеуге бағытталған, бюджет қаражаты есебінен төленетін ақшалай төлемдер;

10) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша операциялық шығындардың өтемақысы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалануға байланысты жекеше әріптестің шығыстарын өтеуге бағытталған, бюджет қаражаты есебінен төленетін ақшалай төлемдер;

11) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы қызметінің мақсаттарын, міндеттерін, негізгі бағыттарын, шығындарды өтеу және кірістер алу көздерін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудан пайда алушыларды, мемлекеттік қолдау шараларын сипаттау, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін сипаттау көзделетін құжат;

12) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы – айрықша мақсаты мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру болып табылатын, мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес бірлесіп құрған заңды тұлға не бірден бір қатысушылары мемлекеттік әріптес және (немесе) жекеше әріптес болып табылатын жұмыс істеп тұрған заңды тұлға;

13) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері – жобалануы, салынуы, құрылуы, реконструкциялануы, жаңғыртылуы және пайдаланылуы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын мүлік, мүліктік кешендер. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілеріне мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру барысында ендірілуге жататын жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) мен инновациялар да жатады;

14) мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері – мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес, сондай-ақ осы Заңда көзделген мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға қатысатын өзге де тұлғалар;

15) Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

16) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының құқықтары, мiндеттерi және жауапкершiлiгi, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының өзге де талаптары айқындалатын жазбаша келiсiм;

17) оператор – қажет болған кезде мемлекеттік әріптеспен келісу бойынша жекеше әріптес айқындаған, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тарапы болып табылмайтын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындаумен байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

18) өмірлік цикл келісімшарты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының бүкіл қолданылу мерзімі ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жобалау, салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту және пайдалану (жөндеу мен күтіп-ұстауды қоса алғанда), өндірілген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі жұмыстардың толық циклі, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің белгіленген техникалық-пайдалану көрсеткіштеріне сәйкестігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер көзделетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты;

19) сала операторы – жүйелі оператор, жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компания, Ұлттық инфрақұрылым операторы, Ұлттық теміржол компаниясы, Ұлттық жүк тасымалдаушы, Ұлттық жолаушылар тасымалдаушы, Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес экономиканың белгілі бір саласында (аясында) ұлттық оператордың не оператордың функцияларын орындайтын өзге де заңды тұлғалар;

20) сервистік келісімшарт – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне қызмет көрсету жөнінде қызметтер көрсету көзделетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты;

21) тікелей келісім – ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін мемлекеттік әріптес, жекеше әріптес пен жекеше әріптестің кредиторы арасында жасалатын жазбаша келісім.

Статья 1 2 3 ...59 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 1-бап Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы 2015 жылғы 31 қазандағы № 379-V ҚРЗ