Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< Мәдениет туралы

Мәдениет туралы
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



Ст. 1 Мәдениет туралы 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207



Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) басылымның міндетті тегін данасы — басып шығарушылардың Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтау мақсатында ұлттық кітапханаларға беруіне жататын, редакциялық-баспа өңдеуінен өткен, шығарылым деректері бар басылымның (мәтіндік, ноталық, электрондық, картографиялық, бейнелеу басылымының) данасы;

1-1) кинематографиялық ұйым — қызметінің негізгі түрлері фильм және (немесе) киношежіре шығару, фильмді прокаттау, фильмді көрсету, фильмді қалпына келтіру, кинозалға техникалық қызмет көрсету, киноматериалдарды дайындау, фильм шығару жөніндегі жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, кинематография саласындағы білім беру, ғылыми-зерттеу, баспа, жарнамалық-насихаттау қызметі, фильмді, фильмнің және (немесе) киношежіренің бастапқы материалдарын сақтау болып табылатын заңды тұлға;

1-2) киношежіре — уақытын, орынның, мән-жайдың өзіндік (көбінесе өткен шақтағы) ерекшеліктерін сипаттайтын және келешекте фильм шығаруға арналған деректі сюжеттердің түсірілімдері;

1-3) көркем құндылықтар — шығармашылық қызмет нәтижесінде жасалған мәдениет, әдебиет және өнер туындылары;

2) көтермелеудің салалық жүйесі - саланы дамытуға қосқан үлесі үшін мәдениет, әдебиет және өнер қызметкерлерін моральдық ынталандыру нысаны;

2-1) Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұрасы – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін және материалдық емес мәдени құндылық болып табылатын салттар, түсiнiктер мен пайымдардың нысандары, бiлiм мен дағдылар, сондай-ақ олармен байланысты құралдар, заттар;

3) Қазақстан Республикасы халқының мәдени мұрасы - мемлекеттік маңызы бар және өзге мемлекеттерге беру құқығынсыз Қазақстан Республикасына ерекше тиесілі мәдени құндылықтар жиынтығы;

3-1) қоғамдық маңызы бар әдебиет – қоғамның рухани-білім және зияткерлік-мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған өзекті шығармалар;

3-2) материалдық емес мәдени мұраны қорғау – материалдық емес мәдени мұраның сәйкестендірілуін, құжаттандырылуын, зерттелуін, сақталуын, қорғалуын, кеңінен танылуын, рөлiнің артуын, сондай-ақ жаңғыртылуын қоса алғанда, оның өміршеңдігін қамтамасыз ету мақсатында шара қолдану;

3-3) Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесі – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасының мәдени құндылықтарының тізбесі;

4) мәдениет - адамзат жасаған әрі жасайтын және жеке адамның жарасымды дамуына, Қазақстан Республикасы азаматтарының отаншылдығын тәрбиелеуге және эстетикалық қажеттері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы;

5) мәдениет қызметкері - кәсіби қызметі мәдени құндылықтарды сақтаумен, дамытумен, таратумен, пайдаланумен және оларға азаматтарды баулумен байланысты болатын жеке адам;

6) мәдениет саласындағы әлеуметтiк маңызы бар iс-шаралар – халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлерде есте тұту және мерейтой күндерiн, мәдениет күндерiн, фестивальдар, байқаулар, конкурстар, көрмелер өткiзу және көрнектi мемлекет қайраткерлерiн мәңгi есте қалдыру жөнiндегi iс-шаралар;

7) мәдениет саласындағы қызмет – мемлекеттік органдардың, заңды тұлғалардың және азаматтардың қызметі, оның ішінде қайырымдылық саласындағы, мәдени құндылықтарды жасау, қайта түлету, сақтау, дамыту, тарату және пайдалану, сондай-ақ оларға азаматтарды тарту жөніндегі қызметі;

8) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат - мәдени және рухани құндылықтарды жасауға, қайта түлетуге, сақтауға, дамытуға, таратуға және пайдалануға арналған, мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар кешені;

9) мәдениет саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – мәдениет саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

10) мәдениет ұйымдары - қызметінің негізгі нысанасы мәдениет саласындағы қызметті жүзеге асыру болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар;

11) мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерін аттестаттау - мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің біліктілік деңгейінің біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындау мақсатында өткізілетін рәсім;

12) мәдени құндылықтар – тарихи, көркем, ғылыми немесе өзге де мәдени мәні бар, зайырлы және діни сипаттағы материалдық және материалдық емес құндылықтар;

13) мәдени қызмет субъектілері – мәдениет саласындағы қызметке қатысатын мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, жеке және заңды тұлғалар;

13-1) музей қоры – мемлекеттік музейлер, музей-қорықтар мен басқа да мемлекеттік ұйымдар қорындағы және Қазақстан Республикасына тиесілі мәдени құндылықтардың жиынтығы;

13-2) ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар – халыққа музыкалық-эстетикалық тәрбие беруге, оның рухани және эстетикалық сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған орындарда өткізілетін, осы іс-шараларда екі жүз және одан көп көрерменнің бір мезгілде болуы көзделетін іс-шаралар;

13-3) ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған орындар – ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге ыңғайластырылған объектілер мен құрылыстар, сондай-ақ осы мақсаттар үшін арнайы жасалмаған өзге де орындар (стадиондар, спорт сарайлары, ипподромдар, демалыс аймақтары, саябақтар, гүлзарлар, алаңдар, көшелер);

13-4) ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін уақыт – ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарға алғашқы көрермен кірген (келген) кезден бастап іс-шаралар аяқталғанға және осы орындардан соңғы көрермен шыққанға (кеткенге) дейінгі уақыт;

13-5) ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараны ұйымдастырушы – бастамасы бойынша ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шара өткізілетін жеке немесе заңды тұлға;

14) ұлттық мәдени игілік – ел тарихы мен мәдениеті үшін ерекше мәні бар және Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген материалдық мәдени құндылықтар;

15) ұлттық мәдени игілік объектілерінің айрықша режимі - тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, ұстау, қалпына келтіру, қорғау және пайдалану жөнінде мемлекет қабылдайтын шаралар;

16) Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - Мемлекеттік тізілім) - ел тарихы мен мәдениеті үшін айрықша мәні бар ұлттық - мәдени игіліктің тізбесі;

16-1) Фильм — шығармашылық ниеттің негізінде кез келген нысанда және әртүрлі жанрда жасалған, кинотаспаға, магниттік таспаға немесе жеткізгіштердің өзге де түрлеріне жазылған және өзара реттілікпен байланысқан кадрларды біртұтас тақырыпқа біріктірген бейнеден, дыбыстық сүйемелдеуден тұратын және тиісті техникалық құралдардың көмегімен естіп-көруге арналған дыбыстау-бейнелеу туындысы;

16-2) 16-2) фильмге дубляж жасау – қатысушы адамдардың буындық артикуляциясына сай келетін аударма жолымен фильмнің дыбыстық қатарының тілдік бөлігін синхронды түрде қайта жасаудан тұратын шығармашылық және өндірістік қызмет;

16-3) Фильмдердiң мемлекеттiк қоры — Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, ұлттық фильмдердi, бiрлесiп түсiрiлген фильмдердi, сондай-ақ олардың бастапқы материалдарын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

16-4) Фильмдердiң мемлекеттiк тiзiлiмi — прокатталуы және көпшiлiкке көрсетiлуi (демонстрациялануы) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын фильмдердiң тiзбесi;

16-5) фильмдi прокаттау — көпшiлiкке көрсету (демонстрациялау), телеарналарда (шетелдік телеарналарды қоспағанда) тарату, жалға беру, сондай-ақ өткiзу мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған тәсiлмен фильмдi тарату;

16-6) фильмнiң таралымын көбейту — тарату мақсатында жеткiзгiштiң кез келген түрiнде және түпнұсқа форматында фильмнiң бiр немесе одан көп көшiрмесiн (таралымын) дайындау;

16-7) фильм шығару — нәтижесiнде дыбыс-бейне туындысы жасалатын автордың шығармашылық ниетiн iске асыру процесі;

17) шығармашыл қызметкер - кәсіби немесе әуесқой шығармашылық қызметі көркем құндылықтар жасауға, әдебиет пен өнер туындыларын орындауға немесе түрлендіруге (тәржімалауға) бағытталған жеке адам;

18) шығармашылық қызмет - кез келген нысанда және кез келген тәсілмен көркем құндылықтар жасауға немесе әдебиет пен өнер шығармаларын түрлендіруге (тәржімалауға) бағытталған қызмет;

19) шығармашылық одақ - мәдениеттің бір немесе бірнеше жанры кәсіби шығармашыл қызметкерлерінің өздерінің жеке мүшелігі негізінде құрылатын қоғамдық бірлестігі.

 Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.05.27 N 280-IV (2010.12.03 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.18 N 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 403-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.01.2016 № 446-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 2 3 ...40 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 1-бап Мәдениет туралы 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207