Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Халықтың көшi-қоны туралы
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



Ст. 1 Халықтың көшi-қоны туралы от 22 июля 2011 года № 477-IV



Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) бұрынғы отандас – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және шетелде тұрақты тұратын адам;

2) бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету – оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру мақсатында көрсетілетін (ақпараттық, заңдық, әлеуметтік, медициналық және білім беру) қызметтер кешені;

3) келуге және кетуге берілетін рұқсат (бұдан әрі – виза) – осыған уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының көшіп-қонушының паспортындағы немесе оны ауыстыратын құжатындағы белгісі, ол визада белгіленген уақытқа, мақсаттарда және шарттармен Қазақстан Республикасының аумағына келуге, оның аумағы арқылы жүріп-тұруға, онда болуға және Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге құқық береді;

4) еңбек көші-қоны – еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жеке тұлғалардың басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасынан, сондай-ақ мемлекет ішінде уақытша қоныс аударуы;

4-1) еңбекші көшіп келушіге рұқсат – жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) үшін ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге беретін, белгіленген нысандағы құжат;

5) заңсыз көшіп келу – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың келу және болу тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитті жол жүруді бұза отырып, Қазақстан Республикасына келуі және Қазақстан Республикасында болуы;

6) заңсыз көшіп келуші – Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасында болатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

6-1) корпоративішілік ауыстыру – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдің аумағында құрылған, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде орналасқан және сонда жұмыс істейтін заңды тұлғада басшы, менеджер немесе маман лауазымында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды осы заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған филиалдарына, еншілес ұйымдарына, өкілдіктеріне еңбек шартында айқындалған, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, бір жылға ұзарту құқығымен уақытша ауыстыру;

7) көшіп келу – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келуі;

8) көшіп келуші – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

9) көші-қон – жеке тұлғалардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде тұрақты немесе уақытша, ерікті түрде немесе мәжбүрлі түрде қоныс аударуы;

10) көшіп-қонушы – себебі мен ұзақтығына қарамастан, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасынан кеткен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адам;

10-1) қабылдаушы тұлға – көшіп келушілерді Қазақстан Республикасына уақытша тұру үшін шақыру туралы өтінішхат беретін және (немесе) олардың тұруына орын беретін Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік пен азаматтығы жоқ адам немесе Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлға;

11) Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері – Қазақстан Республикасының шет елде орналасқан дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, сондай-ақ консулдық мекемелері;

12) қоныс аударушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушы;

12-1) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қоныс аударушылар отбасыларының шекті саны;

13) оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары;

13-1) оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын және оралмандарға, олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және интеграциялау қызметтерін көрсетуге және уақытша тұруға арналған заңды тұлға;

13-2) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін оралмандар отбасыларының шекті саны;

13-3) оралмандар, этникалық қазақтар туралы ақпараттық дерекқор – этникалық қазақтар, оралмандар және олардың отбасы мүшелері, олардың Қазақстан Республикасының аумағы бойынша орналасуы, сондай-ақ оларға көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары туралы деректер жиынтығы;

 РҚАО-ның ескертпесі!

1-бапты 13-4) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

14) алып тасталды - ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

15) алып тасталды - ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

16) алып тасталды - ҚР 10.12.2013 № 153-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

17) тұрақты тұруға арналған рұқсат – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және оларға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығын беретін құжат;

18) уақытша орналастыру орталығы – этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруына арналған тұрғын жай;

19) уақытша тұруға арналған рұқсат (тіркеу) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және болу мақсатына қарай оларға Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге тұру құқығын беретін құжат;

19-1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

20) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – көші-қон процестерін реттеуді және халықтың көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді өз құзыреті шегінде жүзеге асырушы мемлекеттік орган;

20-1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

21) шақырушы адам – Қазақстан Республикасында тұратын және осы Заңға сәйкес отбасын біріктіру мақсатында өз отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына келуіне жәрдемдесетін адам;

22) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушіге тартуға рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің рұқсат етілетін шекті саны;

23) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат – Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушіге жергілікті атқарушы орган беретін белгіленген нысандағы құжат;

 РҚАО-ның ескертпесі!

24) тармақшаны алып тастау көзделген - ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

24) шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға берілетін рұқсат – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын адамдардың тізбесіне кіретін шетелдік қызметкерге Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу үшін халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде жергілікті атқарушы орган беретін белгіленген нысандағы құжат;

25) ішкі көші-қон – жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының ішінде тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударуы;

26) ішкі көшіп-қонушы – тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында Қазақстан Республикасының ішінде өз бетінше қоныс аударушы адам;

27) алып тасталды - ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

28) этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.

 Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2013 № 153-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.06.2014 № 209-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 365-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 06.04.2016 № 483-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 2 3 ...63 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Халықтың көшi-қоны туралы от 22 июля 2011 года № 477-IV 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 1-бап Халықтың көшi-қоны туралы от 22 июля 2011 года № 477-IV