Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

Терроризмге қарсы iс-қимыл туралы
4-бап. Терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпы мемлекеттік жүйесі



Ст. 4 Терроризмге қарсы iс-қимыл туралы 1999 жылғы 13 шілдедегі N 416-I



1. Мемлекет террористердің қол сұғушылығынан қауіпсіздікті қамтамасыз ету субъектісі болып табылады. 

2. Қазақстан Республикасының Президенті: 

1) терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды; 

2) терроризм актісі қатерінің төнуі туралы халықты уақтылы хабардар ету және мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары жүзеге асыратын, оны жасауға қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметті ұйымдастыру мақсатында ақпарат мониторингінің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі және халықты терроризм актісі қатерінің төнуі туралы хабардар ету қағидаларын бекітеді; 

3) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені бекітеді; 

4) терроризмге қарсы комиссиялар туралы үлгілік ережені бекітеді; 

5) республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтары туралы ережені бекітеді; 

6) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде, ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм актілерінің жолын кесу үшін, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қаруды, жауынгерлік техниканы және арнайы құралдарды қолдану тәртібі туралы нұсқаулықты бекітеді; 

7) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады. 

3. Қазақстан Республикасының Үкiметi: 

1) мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметін қажетті күштермен, құралдармен және ресурстармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады; 

2) терроризмнiң алдын алу, терроризм салдарларын барынша азайту және (немесе) жою жөнiндегi шараларды әзiрлеу мен жүзеге асыруды ұйымдастырады; 

3) Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы iс-қимыл саласындағы қызметтi ұйымдастыру тәртiбiн айқындайды; 

4) террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды айқындайды, олардың тізбесін, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының үлгілік паспортын бекітеді; 

5) арнаулы және түзеу мекемелерінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жасау бойынша ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура органдарының және діни қызмет саласындағы уәкілетті органның өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекітеді; 

6) терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының құқыққа сыйымды әрекеттерімен терроризм актісінің жолын кесу кезінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу қағидаларын бекітеді; 

7) терроризм актісінің салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларын бекітеді; 

8) терроризмге қарсы іс-қимыл саласында өзiне Конституциямен, заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды. 

4. Мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары терроризмге қарсы іс-қимылды өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады. 

5. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады, ол: 

1) мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметін үйлестіреді; 

2) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру және террористік қатерлерді бейтараптандыруға дайын болу жөніндегі шаралар кешенін іске асыруын бақылауды жүзеге асырады; 

3) өз өкілеттігі шегінде терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді; 

4) Қазақстан Республикасының Президентіне терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша қолданылатын шаралар туралы жыл сайынғы баяндаманы ұсынады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентін және Үкіметін террористік қатерлер туралы ағымдағы хабардар етуді жүзеге асырады; 

5) террористік тұрғыдан осал объектілердің басшыларын террористік қатерлердің сипаты мен ерекшелігі туралы хабардар ету, терроризмге қарсы іс-қимыл мен терроризмге қарсы қорғалу жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризмге қарсы практикалық оқу-жаттығуларды өткізу арқылы олардың терроризмге қарсы қорғалуы деңгейінің артуына ықпал етеді; 

6) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады. 

Мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметін үйлестіру осы органдардың өзара іс-қимылына қол жеткізу, өзара ақпарат алмасу және ортақ міндеттер мен мақсаттарды іске асыру үшін олардың іс-әрекеттерінің келісілуі арқылы жүзеге асырылады. 

Мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы шешімдерін іске асыру үшін аталған органдардың нормативтік құқықтық және құқықтық актілері шығарылуы мүмкін.  

Қызметті үйлестіруді: 

терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның жанынан құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының шеңберінде ұлттық қауіпсіздік органдары; 

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының жанынан құрылатын терроризмге қарсы комиссиялар шеңберінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдіктері жүзеге асырады. 

Терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін олардың уәкілетті өкілдері Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының жұмыс органына іссапармен барады немесе жіберіледі. 

Мемлекеттік органдардың уәкілетті өкілдерінің Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының жұмыс органына іссапармен баруының немесе оларды жіберудің тәртібі Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережеде айқындалады. 

Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені және терроризмге қарсы комиссиялар туралы үлгілік ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. 

Терроризмге қарсы комиссиялар туралы үлгілік ереженің негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдері терроризмге қарсы комиссиялар туралы ережелерді бекітеді. 

6. Қажет болған кезде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметке өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар тартылуы мүмкін. 

Жергілікті атқарушы органдар орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының терроризм профилактикасы, сондай-ақ терроризмге қарсы комиссиялар арқылы тиісті аумақта терроризм салдарларын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметін үйлестіреді. 

Олардың шешімдерін іске асыру үшін тиісті комиссиялардың құрамына өкілдері кіретін органдардың құқықтық актілері шығарылуы мүмкін. 

Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.08 № 266-IV Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2010.04.08 № 266-IV, 2013.01.08 N 63-V (алғашқы ресми жариялағанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.11.2014 N 244-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Статья 1 2 3 4 5 6 ...24 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Терроризмге қарсы iс-қимыл туралы 1999 жылғы 13 шілдедегі N 416-I 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 4-бап Терроризмге қарсы iс-қимыл туралы 1999 жылғы 13 шілдедегі N 416-I