Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус
< ҚР Су Кодексi

ҚР Су Кодексi
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар



Ст. 1 ҚР Су Кодексi 2003 жылғы 9 шілдедегі N 481



Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар: 

1) ағын су - ойпаңды жер бетінде ылдиға құлай аққан судың қозғалысымен сипатталатын су объектісі;  

2) акватория - табиғи, жасанды немесе шартты шекаралармен шектелген су кеңістігі; 

2-1) ауызсу – сапасы бойынша белгіленген ұлттық стандарттарға және гигиеналық нормативтерге сай келетін, халықтың ауызсу және шаруашылық-ауызсу мұқтаждарына арналған табиғи күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі су; 

3) ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері - су тұтынушылар үшін ауыз сумен жабдықтаудың олардың ауыстырылуы мүмкін емес және мақсатқа сай келмейтін бірден-бір көздері; 

3-1) ауызсумен және (немесе) шаруашылық-ауызсумен жабдықтау (бұдан әрі – ауызсумен жабдықтау) – ауызсуды алуды, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды және су тұтынушыларға беруді қамтамасыз ететін технологиялық процесс; 

3-2) баланстық тиесілікті бөлу шекарасы – сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін иеленушілер арасында меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару белгісі бойынша бөлу орны, бұл схемаларда көрсетіледі; 

4) басқарудың бассейндік принципі - өзендердің, көлдердің және басқа да су объектілерінің бассейндері шегінде су ресурстарын әкімшілік-аумақтық бірліктер арасында бөлу кезінде іске асырылатын су қорын гидрографиялық белгілер бойынша басқару; 

4-1) бөгет – судың деңгейін көтеру және (немесе) су қоймасын жасау үшін ағын судағы тежеуiш гидротехникалық құрылыс; 

4-2) бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына ұйымдарды аттестаттау – заңды тұлғаның бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды орындауға құқықтылығын уәкілетті органның ресми тануы; 

4-3) бөгеттің қауіпсіздігі – бөгеттің апаттық бұзылудан қорғалу жай-күйі; 

5) гидромелиорациялық жүйе - жерді суаруға, суландыруға және құрғатуға арналған технологиялық жағынан өзара байланысты гидротехникалық құрылыстар, құрылғылар мен жабдықтар кешені;  

6) гидромелиорациялық кондоминиумге қатысушылар - ортақ үлестік меншік құқығындағы гидромелиорациялық кондоминиумнің құрамына кіретін бір гидромелиорациялық жүйемен немесе оның элементтерімен суарылатын жеке меншік немесе уақытша өтеулі пайдалану құқығында жер учаскесі бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар; 

6-1) гидромелиорациялық іс-шаралар – гидромелиорациялық жүйелер, сондай-ақ жеке орналасқан гидротехникалық құрылыстар көмегімен топырақтың су режимін реттеу; 

7) гидротехникалық құрылыстар - су ресурстарын басқару, су пайдаланушыларға су беру, сумен жабдықтау және су бұру, судың зиянды әсерінің алдын алу үшін пайдаланылатын инженерлік құрылыстар; 

7-1) елді мекендердің ауызсумен жабдықтау жүйесі – су тұтынушыларды ауызсумен қамтамасыз етуге арналған су тарту құрылыстарын, су құбырын тазартқыш құрылыстарды, таза су резервуарларын, су құбырының сорғы стансалары мен желілерін біріктіретін, өзара байланысты су объектілері мен гидротехникалық құрылыстар кешені; 

8) жағалау белдеуі - экологиялық талаптарды сақтай отырып, навигациялық белгілер мен жабдықтарды орнатуға арналған су объектілері жағалауының бойындағы жағалау жиегінен ені жиырма метр құрлық белдеуі;  

9) жағалау жиегі - су объектісі жағалауының судың барынша көтерілуі (лық толуы) нәтижесінде пайда болатын жиегі;  

10) жер асты суларының бассейні - жер қойнауында орналасқан су тұтқыш жиектер жиынтығы;  

11) жер асты суларының көздері мен учаскелері - шегінде жер асты суларын шығару мен алу үшін қолайлы жағдайлары бар су тұтқыш жиектердің бөліктері;  

12) жер асты шаруашылық-ауыз сулары - өзінің табиғи жай-күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі сапасы бойынша нормативтік талаптарға сай келетін және адамның ауыз суға және шаруашылық қажетіне, не ауыз су өнімдерін өндіруге арналған жерасты сулары; 

13) жер үсті су объектілері - шекарасы, көлемі мен су режимі бар, құрлық бетінде оның бедері нысанында сулардың тұрақты немесе уақытша жинақталуы; 

13-1) зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануы – су бұру жүйесіне ағызылатын, су тұтынушының сарқынды суларында болатын зиянды заттардың жол берілетін шамасы; 

13-2) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган – елді мекендер шегінде сумен жабдықтау және су бұру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 

14) қайтарымды сулар - суармалы аумақтардан ағатын жер асты және жер үсті сулары немесе өнеркәсіп орындары, тұрмыстық сумен жабдықтау құрылғылары және коммуналдық кәсіпорындар ағызатын сулар;  

15) құбырлы сүзгіш құдық - су тұтқыш тау-кен жынысына оларды сорғыту мақсатымен бекітілетін бірқатар тесіктері бар құбыр кесіндісі;  

16) мелиорацияланған жерлер - мелиорациялық (агроорман-мелиорациялық, агротехникалық, гидромелиорациялық, химиялық) іс-шаралар жүргізілген жерлер;  

17) минералды жерасты сулары - өзінің құрамы және (немесе) кейбір ерекше компоненттерінің мөлшері бойынша оң бальнеологиялық әсер ететін жерасты сулары;  

18) өзендерге теңестірілген каналдар - суды бір бассейннен екіншісіне, сондай-ақ бір өзен жүйесінен екіншісіне ауыстыруға арналған жасанды құрылыстар;  

19) өндірістік-техникалық жерасты сулары - өзінің сапасы мен физикалық қасиеттері бойынша өндірістік-техникалық сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты сулары; 

19-1) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы – тараптардың келісімімен белгіленетін, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін міндеттер (оларды пайдаланғаны үшін жауапкершілік) белгісі бойынша бөлу орны. Мұндай келісім болмаған кезде, пайдалану жауапкершілігінің шекарасы баланстық тиесілікті бөлу шекарасы бойынша белгіленеді; 

20) санитарлық қорғау аймағы - су сапасы нашарлауының алдын алу үшін сумен жабдықтау көзін (ашық және жер асты), су құбыры құрылыстарын және оларды қоршаған аумақты қорғау мақсатында белгіленген режим сақталуға тиіс сумен жабдықтау көзі мен су құбыры құрылыстарының төңірегінде арнайы бөлінетін аумақ;  

21) сарқынды сулар - адамның шаруашылық қызметі нәтижесінде пайда болатын немесе табиғи немесе жасанды су объектілеріне немесе жер бедеріне ағызып жіберілетін ластанған аумақтағы сулар; 

21-1) сарқынды суларды тазартқыш құрылыстар кешендері – сарқынды суларды табиғи биологиялық тазартуға арналған жасанды су объектілерін қоса алғанда, химиялық реагенттерді қолданып немесе қолданбай, елді мекендердің сарқынды суларын механикалық және биологиялық тазарту құрылыстары; 

21-2) сарқынды суларды табиғи биологиялық тазартуға арналған жасанды су объектілері – жинағыш тоғандар, буландырғыш тоғандар, биологиялық тоғандар, сүзгі алқаптары, суару алқаптары; 

22) суару каналы - суару көздерінен суаруды қажет ететін учаскелерге су тасымалдауға арналған жасанды құрылыс;  

23) су бұру - сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне және (немесе) жер бедеріне бұруды қамтамасыз ететін іс-шаралардың жиынтығы; 

23-1) су бұрудың оқшау тазартқыш құрылыстары – су тұтынушының өзінің сарқынды суларын тазартуға арналған құрылыстары мен құрылғыларының жиынтығы; 

24) су бұру жүйесі - сарқынды суларды жинауға, тасымалдауға, тазартуға және бұруға бағытталған инженерлік желілер мен құрылыстардың кешені;  

25) су бөлу орны - су пайдаланушы су көзінен су алатын орын, сондай-ақ, су пайдаланушы су тұтынушыға су ресурстарын беретін орындағы гидробекет; 

25-1) суды есепке алу аспабы – нормаланған метрологиялық сипаттамалары бар, белгілі бір уақыт аралығы ішінде физикалық шама бірлігін жаңғыртатын және сақтайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен суды коммерциялық есепке алу үшін қолдануға рұқсат етілген, судың (ауызсу, техникалық, сарқынды және сулардың басқа да түрлерінің) көлемін өлшеуге арналған техникалық құрал; 

25-2) суды коммерциялық есепке алу – сумен жабдықтауға және (немесе) су бұруға арналған шарт бойынша тараптар арасында өзара есеп айырысу үшін қажетті су көлемін есепке алу; 

26) су жинау алаңы - шекарасы шегінде су объектісінің су ресурстары қалыптастырылатын аумақ;  

27) су жіберу - ағын судың төменгі учаскесіндегі су шығынын немесе деңгейін немесе су қоймасының өзіндегі судың деңгейін реттеу үшін су қоймасынан суды кезең-кезеңмен немесе мезгіл деп беру;  

28) су қорғау аймағы – судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшін шаруашылық қызметтің арнайы режимі белгіленетін су объектілеріне іргелес аумақ; 

29) су қорғау белдеуі - шектеулі шаруашылық қызметі режимі белгіленетін, су объектісіне іргелес жатқан су қорғау аймағы шегіндегі ені кемінде отыз бес метр аумақ;  

30) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - елді мекендер шегінен тыс жерлерде су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;  

31) су қорының жерлері:  

су объектілері (өзендер және соларға теңестірілген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар, мұздықтар, батпақтар) және су көздеріндегі ағысты реттеуге арналған су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жерлер;  

су объектілерінің су қорғау белдеулеріне бөлініп берілген жерлер;  

ауыз сумен жабдықтаудың су тарту жүйелерінің санитарлық қорғау аймақтарына бөлініп берілген жерлер; 

31-1) су құбырын енгізу – қосылу нүктесіндегі бекіту арматурасы бар құдықты қоса алғанда, сумен жабдықтаудың тарату желісінен ғимараттағы бірінші ысырмаға дейінгі құбыржол; 

32) сулар - су объектілерінде жинақталған барлық сулардың жиынтығы;  

33) сулардың зиянды әсері - су тасу, су басу, топан су басу мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына немесе олардың пайда болуы қатеріне негіз болған сулардың өзге де теріс әсер етуі;  

34) сулы-батпақты алқап - батпақты, фенді, шымтезекті пайдаланатын жерлер ауданы немесе тереңдігі судың қайтуы кезінде алты метрден аспайтын теңіз акваторияларын қоса алғанда, табиғи немесе жасанды, тұрақты немесе уақытша, ағынсыз немесе ағынды, тұщы, тұздылау немесе тұзды су қоймалары;  

35) сумен жабдықтау - суды жинауды, сақтауды, дайындауды, беруді және сумен жабдықтау жүйесі арқылы су тұтынушыларға таратуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;  

36) сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелері - басымдылығы мен әлеуметтік маңыздылығы бар және уәкілетті орган сумен жабдықтаудың ерекше маңызды жүйелерінің санаттарына жатқызған ауыз сумен жабдықтаудың топтық және оқшау жүйелері; 

36-1) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйым – елді мекендердегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалануды жүзеге асыратын су шаруашылығы ұйымы; 

37) сумен жабдықтау жүйесі - суды жинауға, сақтауға, дайындауға, беруге және оны тұтыну орындарына таратуға арналған инженерлік желілер мен құрылыстар кешені;  

38) су объектілерін қорғау - су объектілерін сақтауға, қалпына келтіруге және ұдайы молайтуға, сондай-ақ судың зиянды әсеріне жол бермеуге бағытталған қызмет;  

39) су объектілерін пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың материалдық немесе өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін су объектілерінің пайдалы табиғи қасиеттерін алу;  

40) су объектісінің бассейні - гидравликалық жағынан байланысты су айдындары мен ағын сулардың су жинау алаңдарын қамтитын аумақ;  

41) су пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану;  

42) су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;  

43) су режимі - су объектілері мен топырақ қабатындағы су деңгейінің, шығыстары мен көлемінің уақытқа қарай өзгеруі; 

43-1) су сапасының стандарттары – жерүсті су объектілері жай-күйінің нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін сақталуға тиіс судың шекті гидрохимиялық, микробиологиялық, физикалық сипаттамаларының сандық көрсеткіштері; 

44) су сервитуты - су объектісін шектеулі пайдалану құқығы;  

45) су тарту құрылысы - су объектілерінен су алуға арналған құрылыстар мен құрылғылар кешені;  

46) су торабы - бір тұстамада орналасқан әртүрлі мақсаттағы технологиялық байланысқан гидротехникалық құрылыстар тобы; 

46-1) су тұтынудың немесе су бұрудың үлестік нормасы – жеке және заңды тұлғалардың су пайдалануы кезінде өндірілетін өнімнің бір бірлігіне (орындалатын жұмыстың белгілі бір көлеміне) тұтынылатын немесе бөлінетін сарқынды судың белгіленген мөлшері; 

46-2) су тұтынудың немесе су бұрудың ірілендірілген нормасы – экономика салалары үшін су тұтынудың немесе су бұрудың үлестік нормасы; 

47) су тұтынушы - су объектілерінен су тұтынушы немесе су шаруашылығы ұйымдарының қызметтерін пайдаланушы және сумен жабдықтау жүйелерінен су алушы жеке немесе заңды тұлға;  

48) су үнемдеу - су ресурстарының ұтымды және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ететін шаралар жүйесі;  

49) су шаруашылығы - су объектілерін пайдалануға, қорғауға және ұдайы молайтуға байланысты экономика саласы;  

50) су шаруашылығы жүйесі - өзара байланысты су объектілері мен гидротехникалық құрылыстар кешені;  

51) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігі - су шаруашылығы жүйелері, құрылыстары элементтерінің адамдардың өмірін, денсаулығын және заңды мүдделерін, қоршаған табиғи орта мен шаруашылық объектілерін қорғауды қамтамасыз ететін өзіндік ерекшеліктері;  

52) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету - су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары авариялары туындауының алдын алу жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;  

53) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары қауіпсіздігінің өлшемдері - су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары аварияларының туындау қатерінің жол берілетін деңгейіне сәйкес келетін су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары жай-күйінің техникалық көрсеткіштерінің және оларды пайдалану шарттарының шекті мәні;  

54) су шаруашылығы құрылыстары - су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу, сумен жабдықтау, су бұру және судың зиянды әсерін жою мақсатында жасанды түрде құрылған гидротехникалық құрылыстар мен қондырғылар;  

55) су шаруашылығы ұйымдары - қызметі суларды реттеумен, жеткізумен, ұдайы молайтумен, сумен жабдықтаумен, су бұрумен және су объектілерін пайдаланумен байланысты заңды тұлғалар;  

56) тау-кен жыныстарының су тұтқыш аймақтары, жиектері мен кешендері - тау-кен жыныстарының жарықтары мен кеуек қуыстарында жинақталған және гидравликалық байланыстағы сулар;  

57) трансшекаралық әсер - табиғи көзі шектес мемлекеттің немесе көршілес мемлекеттердің аумағында толық немесе ішінара орналасқан трансшекаралық сулардың адамның қызметінен туындайтын сандық немесе сапалық жағынан өзгеруі нәтижесінде пайда болатын зиянды зардаптар; 

57-1) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту жөніндегі ұйым – қызметі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға және дамытуға бағытталған, мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам; 

58) тұстама - су торабының құрылыстары орналасқан өзен учаскесі;  

59) шахта құдығы - сумен жабдықтау, тау-кен жыныстарын құрғату және жер бетінен атмосфералық және жер үсті суларын бұру мақсатында жерасты суларын алу үшін құрылған тереңдігі көлденең кесігінен үлкенірек тік тау-кен қазындысы;  

60) шегендеу құрылысы - табиғи жолмен шығып жатқан жерасты суларының ашылуын және пайдалану мақсатында олардың жер бетіне шығарылуын қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрылыс.  

Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.12 № 132-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - 2009.07.10. № 180-IV, 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.04.2014 № 189-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 15.06.2015 № 322-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


Статья 1 2 3 ...146 

Перейти к статье






Добавить комментарий к 1-бап ҚР Су Кодексi 2003 жылғы 9 шілдедегі N 481