Ваш гид в законодательстве Казахстана


Печать

Ст. 1 Ақпараттандыру туралы Заңы 2015 жылғы 24 қарашадағы № 418-V ҚРЗ


Действующий с изменениями и дополнениями. Проверено 05.12.2024

Ақпараттандыру туралы
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 

1) автоматтандыру – ақпаратты жасауды, іздестіруді, жинауды, жинақтауды, сақтауды, өңдеуді, алуды, пайдалануды, өзгертуді, көрсетуді, таратуды және беруді оңтайландыру үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын пайдалану процесі; 

2) ақпараттандыру – ақпараттандыру субъектілерінің қызметін автоматтандыруға бағытталған ұйымдастырушылық, әлеуметтiк-экономикалық және ғылыми-техникалық процесс; 

3) ақпараттандырудың сервистік моделі – ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алу арқылы мемлекеттік функцияларды автоматтандыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету; 

3-1) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

3-2) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

4) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым; 

5) ақпараттандыру объектілерінің иеленушісі – ақпараттандыру объектілерінің меншік иесі заңда немесе келісімде айқындалған шектерде және тәртіппен ақпараттандыру объектілерін иелену және пайдалану құқықтарын берген субъект; 

5-1) ақпараттандыру объектілерінің интеграциясы – деректерді берудің Қазақстан Республикасында пайдаланылатын стандарттық хаттамалары негізінде ақпараттандыру объектілері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар; 

6) ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышы (бұдан әрі – сыныптауыш) – ақпараттандыру объектілерін сәйкестендіруге және сипаттауға бағытталған санаттардың жүйеленген тізбесі; 

6-1) ақпараттандыру объектісін дамыту – ақпараттандыру объектісінің өмірлік циклінің кезеңі, осы кезең ішінде ақпараттандыру объектісінің жұмыс істеуін оңтайландыру және (немесе) функционалын кеңейту мақсатында өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген оның қосымша функционалдық талаптарын іске асыру, сондай-ақ оны жаңғырту жөніндегі іс-шаралар кешені жүзеге асырылады; 

6-2) ақпараттандыру объектісін ендіру – автоматтандыру объектісі мен персоналды дайындауды, іске қосуды реттеу жұмыстарын, алдын ала және қабылдап алу сынақтарын жүргізуді қамтитын ақпараттандыру объектісін қолданысқа енгізу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуге бағытталған ақпараттандыру объектісін құру немесе дамыту кезеңі; 

6-3) ақпараттандыру объектісін қолдап отыру – өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген ақпараттандыру объектісін оған жаңғырту жүргізбестен және қосымша функционалдық талаптарды іске асырмастан және оның тұтастығы сақталған жағдайда, бағдарламалық қамтылымға түзету, түрлендіру жүргізу және оның ақауларын жою жөніндегі іс-шараларды қамтитын, мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ету; 

6-4) ақпараттандыру объектісін құру – ақпараттандыру объектісінің өмірлік циклінің кезеңі, осы кезең ішінде ақпараттандыру объектісін әзірлеуге, тәжірибелік пайдалануға, ендіруге, сондай-ақ оның жұмыс істеуі үшін қажетті техникалық құралдар кешенін және бағдарламалық қамтылымды иеленуге және (немесе) мүліктік жалдауға (жалға беруге) бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешенін іске асыру жүзеге асырылады; 

6-5) ақпараттандыру объектісін өнеркәсіптік пайдалану – ақпараттандыру объектісінің өмірлік циклінің кезеңі, осы кезең ішінде ақпараттандыру объектісін техникалық құжаттамада және нормативтік-техникалық құжаттамада жазылған мақсаттарға, міндеттер мен талаптарға сәйкес штаттық режимде пайдалану жүзеге асырылады; 

6-6) ақпараттандыру объектісін тәжірибелік пайдалану – ақпараттандыру объектісін пилоттық аймақта пайдалану, бұл оның жұмыс істеуіндегі кемшіліктерді анықтау мен жою және техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкестігін айқындау мақсатында жүргізіледі; 

6-7) ақпараттандыру объектісінің өмірлік циклі – ақпараттандыру объектісін құру, өнеркәсіптік пайдалану, дамыту және оның өнеркәсіптік пайдаланылуын тоқтату кезеңдерінің жиынтығы; 

7) ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (бұдан әрі – ақпараттық қауіпсіздік) – электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қатерлерден қорғалуының жай-күйі; 

8) алып тасталды - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

9) ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңес (бұдан әрі – сарапшылық кеңес) – арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттандыру жөніндегі мәселелерді қарайтын, уәкілетті орган жанындағы ведомствоаралық комиссия; 

10) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ақпараттандыру және "электрондық үкiмет" саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 

11) ақпараттандыру субъектілері – ақпараттандыру саласында қызметті жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға түсетін мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар; 

12) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы; 

13) алып тасталды - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

14) алып тасталды - ҚР 28.12.2017 № 128-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

15) алып тасталды - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

16) алып тасталды - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

17) алып тасталды - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

18) ақпараттық жүйенің аудиті – ақпараттық жүйені пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында оны тәуелсіз зерттеп-қарау; 

19) алып тасталды - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

20) алып тасталды - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

21) алып тасталды - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

22) алып тасталды - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

23) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым – электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және оларға қол жеткізуді ұсыну мақсатында технологиялық ортаның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің жиынтығы; 

24) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері - жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтауы қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді және заңмен қорғалатын құпияны қамтитын өзге де мәліметтерді заңсыз жинауға және өңдеуге, әлеуметтік және (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайға немесе қорғаныс, қауіпсіздік, халықаралық қатынастар, экономика, шаруашылықтың жекелеген салалары үшін немесе тиісті аумақта тұратын халықтың тыныс-тіршілігі, оның ішінде: жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, байланыс, банк саласы, көлік, гидротехникалық құрылыстар, құқық қорғау қызметі, "электрондық үкімет" инфрақұрылымы үшін елеулі теріс салдарларға алып келетін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілері; 

25) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілері – ақпараттық жүйелер, технологиялық платформалар, аппараттық-бағдарламалық кешендер, серверлік үй-жайлар (деректерді өңдеу орталықтары), телекоммуникациялар желілері, сондай-ақ техникалық құралдардың ақпараттық қауіпсіздігін және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүйелері; 

26) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызмет – осы көрсетілетін қызметтердің жұмыс істеуі өзі арқылы қамтамасыз етілетін байланыс қызметтерін қоса алғанда, есептеу ресурстарын мүліктік жалдау (жалға беру, уақытша пайдалану) және (немесе) орналастыру, бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық өнімдерді, техникалық құралдарды пайдалануға беру жөніндегі көрсетілетін қызмет немесе көрсетілетін қызметтердің жиынтығы; 

26-1) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

27) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

28) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу әдістерінің және аппараттық-бағдарламалық кешен мен телекоммуникациялар желілерін қолдана отырып жүзеге асырылатын ақпараттық өзара іс-қимыл әдістерінің жиынтығы; 

29) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы – экономиканың бағдарламалық қамтылымды, техникалық құралдарды, тұрмыстық электрониканы және оның құрамдастарын жобалаумен, жасаумен және өткізумен, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді ұсынумен байланысты саласы; 

29-1) ақпараттық қауіпсіздік қатері – ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларының пайда болу алғышарттарын жасайтын жағдайлар мен факторлар жиынтығы; 

29-2) ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын мониторингілеу – ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын анықтау және сәйкестендіру мақсатында ақпараттандыру объектісін тұрақты байқау; 

30) ақпараттық қауіпсіздік оқиғасы – ақпараттандыру объектілерінің қазіргі бар қауіпсіздік саясатын ықтимал бұзу туралы не ақпараттандыру объектілерінің қауіпсіздігіне қатысы болуы мүмкін, бұрын белгісіз болған жағдай туралы куәландыратын жай-күйі; 

30-1) ақпараттық қауіпсіздікті зерттеуші – ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс-қимыл жасау бағдарламасында тіркелген, ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс-қимыл жасау бағдарламасына қосылған ақпараттандыру объектілерін осалдықтарын анықтау үшін зерттейтін, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және (немесе) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы маман; 

30-2) ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс-қимыл жасау бағдарламасы (бұдан әрі – өзара іс-қимыл жасау бағдарламасы) – ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілерді тіркеуге, анықталған осалдықтарды тіркеуге, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілердің ақпараттандыру объектілерімен өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге арналған ақпараттандыру объектісі; 

30-3) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мониторингінің жүйесі – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауіпсіз пайдалану мониторингін жүргізуге бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар; 

30-4) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 

30-5) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық даму институты – ақпараттық қауіпсіздік және электрондық өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға; 

30-6) ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы – электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді, телекоммуникация желілері мен ақпараттандырудың басқа да объектілерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі; 

30-7) ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметі – осы Заңда белгіленген құзыретіне сәйкес қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі; 

31) ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасы – ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның немесе оның жекелеген объектілерінің жұмысында жекелей немесе сериялы түрде туындайтын, олардың тиiсiнше жұмыс iстеуiне қатер төндiретiн және (немесе) электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз алу, көшiрмесін түсіріп алу, тарату, түрлендiру, жою немесе бұғаттау үшiн жағдай жасайтын іркілістер; 

31-1) ақпараттық қауіпсіздіктің салалық орталығы – ведомстволық бағынысты ұйымдарға және (немесе) реттелетін басқару саласына қатысты ақпаратты санкцияланбаған қол жеткізуден немесе ықпал етуден қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды және үйлестіруді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе орталық атқарушы органның, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі; 

32) ақпаратты қорғау құралы – ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуге арналған және сол үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылым, техникалық және өзге де құралдар; 

32-1) аппараттық-бағдарламалық кешен – белгілі бір типтегі міндеттерді шешу үшін бірлесіп қолданылатын бағдарламалық қамтылым мен техникалық құралдар жиынтығы; 

33) арнайы сарапшылық кеңесі – Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметін ақпараттандыру мәселелерін қарайтын Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының комиссиясы; 

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

33-1) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 21.05.2024 № 86-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-1) "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы инновациялық қызметтi iске асыру үшiн қолайлы жағдайлар жасалатын бiрыңғай материалдық-техникалық кешенге меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде иелiк ететiн заңды тұлға; 

33-2) "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркіне қатысушыларды акселерациялау - "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркіне қатысушыларды ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өздерінің инновациялық жобаларын іске асыруға дайындау мен оқыту процесі; 

34) алып тасталды - ҚР 18.03.2019 № 237-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

35) ашық деректер – машинада оқылатын түрде ұсынылған және өзгермеген түрде одан әрі пайдалануға, қайта жариялауға арналған деректер; 

36) ашық деректердің интернет-порталы – ашық деректер бойынша сипаттаушы және сілтемелік ақпараттың орталықтандырылып сақталуын қамтамасыз ететін ақпараттандыру объектісі; 

37) бағдарламалық қамтылым – бағдарламалардың, бағдарламалық кодтардың, сондай-ақ оларды пайдалану үшін қажетті техникалық құжаттамасы бар бағдарламалық өнімдердің жиынтығы; 

38) бағдарламалық өнім – әзірлеушілеріне қарамастан, техникалық құжаттамада белгіленген жүйелік талаптарға сәйкес көзделген мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін, тауар болып табылатын дербес бағдарлама немесе бағдарламалық қамтылымның бір бөлігі; 

38-1) биометриялық сәйкестендіру – жеке басты физиологиялық және биологиялық өзгермейтін белгілері негізінде сәйкестендіретін шаралар кешені; 

38-2) блокчейн - өзара байланысты деректер блоктарының, тұтастығын растаудың берілген алгоритмдері мен шифрлау құралдарының тізбектері базасында деректердің таратылған платформасындағы ақпараттың өзгермеуін қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық технология; 

39) бір реттік пароль – электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъектілерді сәйкестендірудің бір сеансы үшін ғана жарамды пароль; 

39-1) деректердің таратылған платформасы - құрамбөліктері берілген алгоритмдермен байланысқан, желінің түрлі тораптарында орналастырылған, бір немесе одан көп иеленушісі болуы мүмкін, сондай-ақ деректер ұқсастығының түрлі деңгейіне ие болуы мүмкін технологиялық платформа; 

39-2) деректерді талдау - шешім қабылдау үшін ақпарат пен тұжырымдар алу мақсатында деректерді өңдеу процесі; 

40) домендiк ат – Интернетті адрестеу қағидаларына сәйкес қалыптастырылған, белгiлi бiр желiлiк адреске сәйкес келетiн және Интернеттің объектiсiне атауландырып өтініш жасауға арналған символдық (әрiптiк-цифрлық) белгiлеме; 

41) еркін бағдарламалық қамтылым – құқық иеленуші пайдаланушыға бағдарламалық қамтылымға қатысты шектеусіз орнату, іске қосу және көшірмесін түсіріп алу, сондай-ақ еркін пайдалану, зерделеу, дамыту және тарату құқығын беретін, ашық бастапқы коды бар бағдарламалық қамтылым; 

42) жергілікті желі – телекоммуникациялардың басқа желілеріне қосылу нүктесіне дейін тұйық инфрақұрылымы бар және ақпарат беруді және объектінің аумақтық шектелген кеңістігіндегі (үй-жай, ғимарат, құрылыс және оның кешені) желілік құрылғыларға бірлесіп қол жеткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз ететін телекоммуникациялар желісінің бір бөлігі; 

43) жүйелік-техникалық қызмет көрсету – аппараттық-бағдарламалық кешен мен телекоммуникациялар желілерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар; 

43-1) зияткерлік робот - қабылданған және танылған сыртқы ортаны ескере отырып, белгілі бір әрекет жасайтын немесе әрекет жасамайтын автоматтандырылған құрылғы; 

44) Интернет – электрондық ақпараттық ресурстарды жіберуге арналған телекоммуникациялардың біріктірілген желілерінің және есептеу ресурстарының дүниежүзілік жүйесі; 

45) Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі – Интернетке және (немесе) Интернетке шыға алатын байланыс желілеріне қол жеткізу кезінде ақпараттандыру объектілерін қорғауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен; 

46) интернет-ресурс – бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылған (мәтіндік, графикалық, аудиокөрінімді немесе өзге де түрдегі) ақпарат; 

46-1) интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігі - Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан аппараттық-бағдарламалық кешендерде орналастырылатын интернет-ресурстар жиынтығы; 

46-2) көпфакторлы аутентификациялау – әртүрлі параметрлер комбинациясының, оның ішінде парольдерді немесе аутентификациялық белгілерді (цифрлық сертификаттарды, токендерді, смарт-карталарды, бірреттік парольдердің генераторларын және биометриялық сәйкестендіру құралдарын) генерациялаудың және енгізудің көмегімен пайдаланушының шынайылығын тексеру тәсілі; 

47) Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзі – мемлекеттердің ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарының мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған ақпараттық жүйе; 

47-1) қорғау бейіні – ақпараттандыру объектілерінің құрамдастары болып табылатын бағдарламалық және техникалық құралдардың қауіпсіздігіне қойылатын ең төмен талаптардың тізбесі; 

47-2) алып тасталды – ҚР 10.07.2023 № 19-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

48) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы – мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын орналастыруға арналған технологиялық платформа; 

49) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

50) мемлекеттік техникалық қызмет - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған акционерлік қоғам; 

51) нормативтік-техникалық құжаттама – ақпараттандыру объектілерін құруға және пайдалануға (іске қосуға), сондай-ақ олардың ақпараттандыру саласындағы белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылауға қойылатын жалпы міндеттерді, қағидаттар мен талаптарды айқындайтын құжаттар жиынтығы; 

51-1) алып тасталды – ҚР 10.07.2023 № 19-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

51-2) алып тасталды – ҚР 10.07.2023 № 19-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

51-3) осалдық – пайдаланылуы ақпараттандыру объектісі тұтастығының және (немесе) құпиялылығының және (немесе) қолжетімділігінің бұзылуына алып келуі мүмкін ақпараттандыру объектісінің кемшілігі; 

52) пайдаланушы – нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін ақпараттандыру объектілерін пайдаланатын ақпараттандыру субъектісі; 

52-1) сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізілімі – ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің елдің қорғанысын және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттары үшін құрылған тізбесі; 

53) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

53-1) техникалық қолдау – лицензиялық бағдарламалық қамтылымның және техникалық құралдардың жұмыс істеу қабілеттілігін қолдау жөнінде консультациялық, ақпараттық-технологиялық және өзге де қызметтерді көрсету; 

53-2) техникалық құжаттама – ақпараттандыру объектісін құру мен дамыту, сондай-ақ оны тәжірибелік және өнеркәсіптік пайдалану өзінің негізінде жүзеге асырылатын ақпараттандыру объектісіне арналған құжаттамалар жиынтығы; 

54) ұлттық жасанды интеллект платформасы – деректер жиынтығын жинауға, өңдеуге, сақтау мен таратуға және жасанды интеллект саласында көрсетілетін қызметтер ұсынуға арналған технологиялық платформа; 

55) ұлттық жасанды интеллект платформасының операторы – өзіне бекітілген Ұлттық жасанды интеллект платформасының дамуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға; 

55-1) алып тасталды – ҚР 06.02.2023 № 194-VII (01.04.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

55-2) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР 21.05.2024 № 86-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

55-2) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі. 

Мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар пайдаланатын және оларға ұсынылатын цифрлық құжаттар сервисіндегі құжаттардың қағаз жеткізгіштегі құжаттармен мәні бірдей; 

55-3) алып тасталды – ҚР 06.02.2023 № 194-VII (01.04.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

55-4) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР 21.05.2024 № 86-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

56) цифрлық сауаттылық – адамның ақпараттық-коммуникациялық технологияларды білуі және оларды күнделікті әрі кәсіптік қызметінде пайдалана білуі; 

56-1) алып тасталды – ҚР 06.02.2023 № 194-VII (01.04.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

57) электрондық ақпараттық ресурстар - электрондық жеткізгіште және ақпараттандыру объектілерінде қамтылған электрондық-цифрлық нысандағы деректер; 

57-1) электрондық ақпараттық ресурстарда қамтылған, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату процестерінің қорғалуын қамтамасыз етуді зерттеп-қарау – электрондық ақпараттық ресурстарда қамтылған қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді өңдеуді, сақтауды, таратуды және қорғауды жүзеге асырған кезде қолданылатын қауіпсіздік шаралары мен қорғау әрекеттерін бағалау; 

58) "электрондық әкiмдiк" – жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға және оңтайландыруға негізделген, сондай-ақ және электрондық нысанда қызметтер көрсетуге арналған, "электрондық үкіметтің" бір бөлігі болып табылатын мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен ақпараттық өзара іс-қимыл жүйесі; 

59) алып тасталды – ҚР 14.07.2022 № 141-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

60) электрондық жеткізгіш – ақпаратты электрондық нысанда сақтауға, сондай-ақ оны техникалық құралдар көмегімен жазуға немесе тыңдатып-көрсетуге арналған материалдық жеткізгіш; 

61) электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъект – мемлекеттік немесе өзге де көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда алуға өтініш білдірген жеке немесе заңды тұлға; 

62) электрондық нысанда қызметтер көрсету субъектісі – мемлекеттік немесе өзге де қызметтерді электрондық нысанда көрсететін жеке немесе заңды тұлға; 

62-1) электрондық өнеркәсіп - тұтынушыларға арналған компьютерлер, компьютерлік перифериялық жабдық, коммуникациялық жабдық, электрондық аспаптар, ғарышқа арналған өлшеу, тестілеу және авиациялық, иррадиациялық-төзімді құрамдастар, электромедициналық және электротерапиялық жабдық, оптикалық аспаптар мен жабдық, магниттік және оптикалық ортаны зерттеуге арналған жабдық сияқты құрылғыларды әзірлеуді, құрастыруды, сынауды және өндіруді, сондай-ақ электрондық өнеркәсіп өнімдеріне арналған тораптар, құрауыштар (интегралды микросхемалар, "активті" және "пассивті" электрондық компоненттер) мен қосалқы бөлшектер өндірісін қамтитын өнеркәсіп саласы; 

62-2) электрондық өнеркәсіп өнімі - электрондық құрамдастар және олардан жасалған түрлі мақсаттағы бұйымдар; 

62-3) электрондық өнеркәсіп саласындағы уәкілетті орган - электрондық өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган; 

63) "электрондық үкімет" – мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға және оңтайландыруға негізделген, сондай-ақ электрондық нысанда қызметтер көрсетуге арналған өздерінің арасындағы және жеке және заңды тұлғалармен ақпараттық өзара іс-қимыл жүйесі; 

64) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері – мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар, мемлекеттік органдардың бағдарламалық қамтылымы, мемлекеттік органның интернет-ресурсы, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілері, оның ішінде өзге де тұлғалардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған ақпараттандыру объектілері; 

65) алып тасталды - ҚР 25.06.2020 № 347-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

66) "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы – "электрондық үкіметтің" жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым; 

67) "электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – өзіне бекітіп берілген "электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға; 

68) "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасы – мемлекеттік органның қызметін автоматтандыруға, оның ішінде мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуге, сондай-ақ мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды орталықтандырылған жинауға, өңдеуге, сақтауға арналған технологиялық платформа; 

69) "электрондық үкіметтің" архитектурасы – тиісті салалар (аялар) бөлінісінде мемлекеттік басқарудың міндеттерін, функцияларын қоса алғанда, "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің цифрлық нысандағы сипаттамасы; 

69-1) "электрондық үкіметтің" бірыңғай репозиторийі – "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің бастапқы кодтары мен олардан құрастырылған орындалатын кодтарды сақтау орны; 

70) "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы пайдаланушы кабинеті – "электрондық үкімет" веб-порталының электрондық нысанда қызметтер көрсету мәселелері, өтініштерді қарайтын субъектілерге жеке және заңды тұлғалардың өтініш жасау, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша көрсетілген тұлғалардың мемлекеттік органдармен ресми ақпараттық өзара іс-қимылына арналған құрамдасы; 

71) "электрондық үкiметтiң" сервистік интеграторы – "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамытуды әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын заңды тұлға; 

71-1) "электрондық үкіметтің" сыртқы шлюзі – мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасында тұрған ақпараттық жүйелердің мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасынан тыс тұрған ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған "электрондық үкімет" шлюзінің кіші жүйесі; 

72) "электрондық үкіметтің" электрондық поштасының бірыңғай шлюзі – ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес "электрондық үкіметтің" электрондық поштасының қорғалуын қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық кешен. 

Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2017 № 128-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 174-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.03.2019 № 237-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2021 № 96-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.05.2022 № 118-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.02.2023 № 194-VII (01.04.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.07.2023 № 19-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.12.2023 № 44-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Статья 1 2 3 ...67

Перейти к статье
Новые комментарии на сайте

Здравствуйте хотели аренду взять перед магазином свободный участок под стоянку по какому закону ссылаться ?


Саламатсыздарма сот орындаушы сотка откен ис бойынша толемеген кредит ушин букил айлыгымды устап калды каншалыкты занды 261. От 02.04.2010 ст 35 деп корсетип жане п2,ст 55 корсетилген мен соны тусинбедим


Здравствуйте,сына вынудили написать заявление по собственному желанию и не оплатили за не использованный отпуск,прав ли работодатель? Сын проработал 7 месяцев,положена ли ему компенсация?


Здравствуйте можно отказаться от производственным необходимостью. Они меня пугают если откажусь. Я уже целый год меня отработала уже на другой работе. Которые каждый раз уходит больнисный отпуск и


Последние комментарии






Вы юрист? Нужны новые клиенты?
Разместите информацию о себе

- Это бесплатно

- Информация о 5 лучших юристах на всех страницах сайта

- Эту рекламу видят более 10 000 посетителей в день

- Для поднятия рейтинга надо отвечать на вопросы пользователей

Зарегистрироваться