Ваш гид в законодательстве Казахстана

Каз Рус

ҚР Салық кодексi
197-бап. Қазақстан Республикасындағы мүлікті және Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалануға байланысты акцияларды, қатысу үлестерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін табыстардан салықты есептеу, ұстау және аудару



Ст. 197 ҚР Салық кодексi N 99-IV от 10.12.2008 жылғы



Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2009.11.16 N 200-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

1. Осы бап мыналарды: 

1) Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікке құқық немесе мүлікпен жасалатын мәмілелер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік тіркелуге жататын мүлікті; 

2) Қазақстан Республикасының аумағындағы, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік тіркелуге жататын мүлікті; 

3) резидент шығарған акцияларды және жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент заңды тұлғаның жарғылық капиталына немесе қатысушысы (қатысушылары) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар) болып табылатын консорциумның жарғылық капиталына қатысу үлестерін; 

4) осы Кодекстің 193-бабы 5-тармағының 7) тармақшасында немесе 200-1-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген кезде, резидент заңды тұлға шығарған акцияларды және резидент заңды тұлғаның немесе консорциумның жарғылық капиталына қатысу үлестерiн; 

5) осы Кодекстің 193-бабы 5-тармағының 7) тармақшасында немесе 200-1-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген кезде, бейрезидент заңды тұлға шығарған акцияларды және бейрезидент заңды тұлғаның немесе консорциумның жарғылық капиталына қатысу үлестерiн өткiзу кезiнде бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы көздерден құн өсiмiнен түсетiн табыстарына қолданылады. 

Бұл ретте құн өсiмi мынадай тәртіппен: 

1) осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген мүлікті өткiзу кезінде - мүлікті өткiзу құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма ретiнде; 

2) акцияларды және қатысу үлестерiн өткiзу кезінде - осы Кодекстiң 87-бабына сәйкес айқындалады. 

Жерасты суларын өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы осы тармақшаның мақсатында жер қойнауын пайдаланушы болып танылмайды. 

1-1. Осы Кодекстің осы бабының және 133, 156, 193 және 200-1-баптарының мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушының (жер қойнауын пайдаланушылардың) заңды тұлға активтерінің құнындағы мүлкінің үлесі акцияларды (қатысу үлестерін) өткізу немесе дивидендтерді төлеу күніне оның (олардың) акцияларын немесе ондағы (олардағы) қатысу үлестерін дивидендтер төлейтін немесе оның (ондағы) акциялары (қатысу үлестері) өткізілетін заңды тұлға иеленетін, жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар) мүлкі құнының (құндарының) осындай заңды тұлға активтерінің жалпы құнына арақатынасы ретінде айқындалады. 

Осы Кодекстің осы бабының және 133, 156, 193 және 200-1-баптарының мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушының (жер қойнауын пайдаланушылардың) консорциумға қатысушылар активтерінің жалпы құнындағы мүлкінің үлесі қатысу үлестерін өткізу күніне оның (олардың) акцияларын немесе ондағы (олардағы) қатысу үлестерін қатысу үлестері өткізілетін консорциумға қатысушылар иеленетін жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар) мүлкінің құны сомасының осындай қатысушылар активтерінің жалпы құны сомасына арақатынасы ретінде айқындалады. 

Жер қойнауын пайдаланушы (оның ұйымдық-құқықтық нысанына қарай) мүлкінің құны: 

1) дивидендтер төлейтін немесе оның (ондағы) акциялары (қатысу үлестері) өткізілетін заңды тұлға иеленетін, осындай жер қойнауын пайдаланушыдағы қатысу үлесінің; 

2) дивидендтер төлейтін немесе оның (ондағы) акциялары (қатысу үлестері) өткізілетін заңды тұлға иеленетін, осындай жер қойнауын пайдаланушы шығарған акциялардың баланстық құны болып танылады. 

Дивидендтер төлейтін немесе оның (ондағы) акциялары (қатысу үлестері) өткізілетін заңды тұлғаның барлық активтері баланстық құнының сомасы осындай заңды тұлға активтерінің жалпы құны болып танылады.  

Активтердің баланстық құны дивидендтер төлейтін немесе оның (ондағы) акциялары (қатысу үлестері) өткізілетін заңды тұлғаның немесе ондағы қатысу үлестері өткізілетін консорциум қатысушыларының осындай заңды тұлға немесе осындай консорциум құрылған мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған және бекітілген:  

1) дивидендтер төлеген немесе акциялардың (қатысу үлестерінің) меншік құқығы сатып алушыға берілген күнгі жеке қаржы есептілігінің; 

2) дивидендтер төленген немесе акциялардың (қатысу үлестерінің) меншік құқығы сатып алушыға берілген күні жеке қаржы есептілігі болмаған кезде – дивидендтер төлеу немесе акциялардың (қатысу үлестерінің) меншік құқығын сатып алушыға беру күнінің алдындағы соңғы есепті күнгі жеке қаржы есептілігінің деректері негізінде айқындалады. 

2. Осы Кодекстің 193-бабының 5-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген табыстарды қоспағанда, бейрезиденттің осы баптың 1-тармағында көрсетілген табыстары осы Кодекстің 194-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша төлем көзінен табыс салығын салуға жатады. 

2-1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыреті шегінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мыналарды: 

1) сәйкестендіру нөмірін және (немесе) резиденттік еліндегі оның аналогын және көрсетілген акцияларды (қатысу үлестерін) өткізуші және сатып алушы заңды тұлғаның атауын және (немесе) жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда); 

2) көрсетілген акцияларды (қатысу үлестерін) сатып алу бағаларын; 

3) жасалған мәміле бойынша табыс төлеу күнін; 

4) мәміле жасасқан жылдың алдындағы соңғы үш жылда ол өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, сатып алушының бұрынғы қызметі туралы мәліметтерді; 

5) басқа тұлғалармен мүлікті өткізуші тұлғаның үлестестігі туралы мәліметтерді (тікелей немесе жанама қатысу мөлшерін) көрсете отырып, осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алу-сату жөніндегі мәміле туралы мәліметтерді уәкілетті органға табыс етеді. 

2-2. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы құзырет шегінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан мәліметтер алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды өзіне сатылы тұрғыда тікелей бағынысты салық органына бір мезгілде хабарлай отырып, осы Кодекстің 197-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленетін заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органына жібереді. 

3. Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органы осы баптың 2-1-тармағында көрсетілген мәліметтерді алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осындай заңды тұлғаға акцияларды (қатысу үлестерін) сатып алушы туралы, сондай-ақ мұндай акцияларды (қатысу үлестерін) сатып алу бағасы туралы мәліметтерді жіберуге міндетті. 

4. Акцияларды, қатысу үлестерін, жылжымайтын мүлікті өткізуші тұлға сатып алушыға - салық агентіне сатып алу (салым) құнын растайтын құжаттың көшірмесін табыс етуге міндетті.  

Салық агентіне сатып алу (салым) құнын растайтын құжаттың көшірмесін табыс етпеген жағдайда, өткізу құны төлем көзінен табыс салығын салуға жатады.  

5. Табыс салығын төлем көзінен есептеу, ұстау және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік табысты төлейтін салық агентіне жүктеледі.  

Бұл ретте бейрезидент заңды тұлға, Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесінің, сондай-ақ қызметі осы Кодекстің немесе халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтін филиалының, өкілдігінің болуына немесе болмауына қарамастан, салық агенті болып танылады. 

5-1. Салық агенті болып табылмайтын тұлғадан осы баптың 1-тармағында көрсетілген құн өсімі түрінде табыс алатын бейрезидент осындай табыс сомасына осы Кодекстің 194-бабында белгіленген мөлшерлемені қолдану жолымен табыс салығын есептеуді дербес жүргізеді. 

6. Салық агенті болып табылатын бейрезидент осы Кодекстің 562-бабында белгілеген тәртіппен салық органында салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады.  

7. Төлем көзінен табыс салығын салық агенті табыс төлеуді жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, бейрезидентке табысты төлеу кезінде ұстайды.  

8. Салық агентi табыс салығының сомасын бюджетке аударуды осы Кодекстiң 195-бабында белгiленген мерзiмде жүргiзедi. 

Осы баптың 5-1-тармағына сәйкес есептелген табыс салығын бюджетке аудару салық есептілігін тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.  

Бейрезиденттердің табыстарынан төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық есептілігін салық агенті осы Кодекстің 196 және 203-баптарында белгіленген мерзімде өзінің Қазақстан Республикасындағы тіркелу есебінің орны бойынша салық органына табыс етеді.  

Табыс салығын осы баптың 5-1-тармағына сәйкес есептейтін бейрезиденттер табыс салығы бойынша декларацияны осы Кодекстің 196-1 және 205-баптарында белгіленген мерзімде табыс етеді. 

9. Жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент заңды тұлға табыс салығын салық агентiнiң (салық төлеушінің) қаражаты есебiнен төлеуi мүмкiн. Бұл ретте осындай резидент заңды тұлға табыс салығын салық агентінен (салық төлеушіден) табыс салығының сомасы алынған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмейтін мерзімде бюджетке аударуға тиіс. Бейрезиденттiң табыстарынан төлем көзiнен ұсталатын табыс салығы бойынша салық есептілігін осындай резидент заңды тұлға салық агентінен табыс салығының сомасы алынған тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей, резидент заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында орналасқан жері бойынша салық органына табыс етеді. 

Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент заңды тұлғаға салық агентi (салық төлеуші) аударған табыс салығының сомасы осындай резидент заңды тұлғаның табысы болып танылмайды. 

10. Салық агентi (салық төлеуші) осы баптың 8 және 9-тармақтарының ережелерін қолданбаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент заңды тұлғаның осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтер алынған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмейтін мерзімде бейрезидент үшiн құн өсiмiнен түсетін табыстардан табыс салығын төлеудi өз қаражаты есебiнен дербес жүргiзуге құқығы бар. 

Осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген резидент заңды тұлға осы тармаққа сәйкес табыс салығын төлеу кезінде осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтер алынған тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бейрезиденттің табыстарынан төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық есептілігін табыс етуге міндетті. 

Бұл ретте бейрезидент үшiн төленген салық сомасы жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғаның салық салынатын табысын айқындау кезiнде шегерiмге жатқызылмайды. 

11. Салық агентi (салық төлеуші), осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген, жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент заңды тұлға осы баптың 7, 8, 9 және 10-тармақтарының ережелерін қолданбаған жағдайда, мұндай міндеттемені орындау осы Кодекстің 85 және 86-тарауларында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент заңды тұлғаға жүктеледі. 

12. Алып тасталды - ҚР 2011.07.21 № 467-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

Ескерту. 197-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.11.16 N 200-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 N 297-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.21 № 467-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.26 N 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-тарау. Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғалардың табыстарына салық салу тәртібі


Статья 1 ...196 196-1 197 198 199 ...688 

Перейти к статье
Скачать бесплатно Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы (Салық кодексi) N 99-IV от 10.12.2008 жылғы 

Задать вопрос на юридическом форуме



Добавить комментарий к 197-бап ҚР Салық кодексi N 99-IV от 10.12.2008 жылғы